Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі міндетін атқарушысының 2017 жылғы «25 » қазандағы № 545 бұйрығына
2-қосымша
Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
2013 жылғы 3 сәуірдегі
№ 115 бұйрығына
192-қосымша
Негізгі орта білім беру деңгейінің 5-9-сыныптарына арналған
«Қазақ тілі» пәнінен жаңартылған мазмұндағы үлгілік оқу бағдарламасы
(оқыту қазақ тілінде)
1-тарау. Жалпы ережелер
Оқу бағдарламасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 23 тамыздағы № 1080 қаулысымен бекітілген Орта білім берудің (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру) мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сәйкес әзірленген.
Қазақ тілі пәнін оқыту мақсаты – ана тілін қадірлейтін, қоғамдық мәнін түсінетін тұлға қалыптастыру, қазақ әдеби тілі нормаларын сақтап, дұрыс қолдана білуге, еркін сөйлесуге және сауатты жазуға үйрету.
«Қазақ тілі» оқу пәнін оқытудың негізгі міндеттері:
қазақ тілін ана тілі ретінде тани отырып, өмірлік қажеттіліктеріне коммуникативтік әрекеттер түрінде (тыңдалым, оқылым, айтылым, жазылым) сауаттылықпен қолдану;
тіл сауаттылығы мен сөйлеу сауаттылығын, сөз байлығын, басқалармен еркін қарым-қатынасқа түсу;
аудиовизуалды материалды тыңдау барысында өз көзқарастарын білдіру;