Пікірталас - оқу процесінің тиімділігін арттыратын, қойылған мәселенің шешімін бірлесе іздеудегі студенттердің белсенділігін күшейтетін әдіс. Ол студенттен даралықты, өзіндік ізденісті талап етеді, сонымен қатар, олардың әрқайсысының да өзіндік ой-пікірін айтуға деген мүдделілігін туғызады. Пікірталасқа қатысушылар белгіленген мәселе төңірегінде өз пікірлерін қорғауға ұмтылады, соның нәтижесінде студенттер бір – біріне логикалық тұжырымдары, өзіндік көзқарастары арқылы әсер етеді, жаңа пікірлер қалыптасады, ой–өрістері кеңейеді. Пікірталас барысында студенттің өмір шындығын тереңдей тануына, оның өзіне беймәлім сырларын түсінуіне жол ашатын психологиялық ахуалды, эмоциялық көңіл–күйді басынан өткеруі нәтижесінде алған білімдерін өзінің жүрегінен, ақыл сүзгісінен өткізіп, өзіндік ой–пікірін өзгелермен ашық та еркін бөлісуіне қажетті алғышарттар жасалады.Мұнда студенттердің белсенділігі артады, олар танымдық әрекеттің субъектісіне айналады.
Семинар кезінде пікірталасқа қатысуға тілек білдірушілердің саны сабақтың мүмкіндігінен асып түсетін жәйттер де орын алуы мүмкін. Мұндайда кімге сөз беру керектігін оқытушының өзі анықтауына тура келеді. Оқытушы дұрыс шешім жасау үшін студенттердің білімі мен дайындық деңгейін, белсенділігі мен психологиялық ерекшеліктерін жақсы білуі қажет.
Семинарды тиімді жүргізу оның барынша ұтымды түрін таңдаумен де байланысты болмақ. Соңғы жылдардағы оқыту тәжірибелерінде семинар сабақтардың көптеген жаңа түрлері кеңінен қолданылуда.
Кеңейтілген семинар - әңгімеде алдын - ала мұқият ойластырылған нақты сұрақтарды айқындау арқылы өмірлік маңызды мәселелерді талқылауды ұйымдастыруға көп студенттерді тарта отырып, олардың пікірін, идеяларын жинақтап, жүйелеуге, әр түрлі пікірлерді өзара салыстыру нәтижесінде жастардың өзіндік көзқарастарын еркін білдіруіне мүмкіндік беріледі. Семинардың аталмыш түрі студенттердің бойында коммуникативті дағдылардың қалыптасуына септігін тигізеді. Семинар барысында оқытушының тапсырмасымен арнайы дайындалған жаңа кітаптар мен ғылыми мақалалардың түсініктемелерін тыңдатуға да болады.