Дөңгелек үстел семинары – семинардың бұл түрінде маман-ғалымдар, өнер қайраткерлері, қоғамдық ұйым өкілдері, мемлекеттік ұйым мүшелері, және т.б. шақырылады. Ұжымдық жұмыс процесінде семинар жетекшісімен, оқытушымен бірге студенттер шақырылған мамандармен ақпарат алмасады, олармен пікір таластыруға, өз сөзін дәлелдеуге, айтылған ойларға талдау жасауға үйренеді. Мұндай семинарларға демократиялылық, мәселені белсенді талқылау сипаты, дербес шығармашылық ойлауға түрткі жасау, талқыланатын мәселелердің өмір тәжірибесімен байланыстыру тән.
«Шағын полемикалық топтардың» семинары бұл – семинар-диспут. Мұндай сабақтардың өн бойында студенттердің алған білімдері мен қалыптасқан көзқарастарының негізінде ақиқатты іздеу, күрмеуі қиын мәселелердің шешімін таба білу қабілеттері тексеріледі, күрделі тақырыптарда ой таластыру дағдыларына төселеді. Ереже бойынша талқылауға екі-үш сұрақ қойылады.Олардың бірі мәселенің мәнін ашып, өз ұсыныстарын білдіреді, ал екіншісі оларға қарсы дәйектер келтіріп, оппонент ретінде өз пікірлерін білдіреді, қалыптасқан жағдаяттан шығудың жолдарын ұсынады.
Жоғарыда қарастырылған семинар сабақтардың түрлерінің тиімді жақтарымен қатар осал тұстарының да болуы заңды. Сондықтан олардың түрін таңдағанда, әрине, олардың сол сабақтың тақырыбына, алдына қойған мақсатына сәйкес келуі, неғұрлым жоғары нәтижеге жетуге қолайлы болуы ескерілгені жөн. Оқытушы тек семинар түрін ғана емес, оны жүргізу әдістемесін де өзі таңдауға құқылы.
Дәстүрлі және интерактивті оқыту әдістері
«Өзін-өзі тану» курсында дәстүрлі әдістердің мүмкіндіктерін кең қолдану қажет болғанмен, бірінші кезекте белсенді және интерактивті әдістерді пайдалануға басымдылық берілуі керек. Өйткені бұл әдістерді әдебиеттің, өнердің, арт-терапияның элементтерімен жан-жақты ұштастыруға болады.
Мұнда студенттердің қалыптасуының сапалық деңгейін, әрекет мотивтерін, қажеттіліктерін, қызығушылықтарын, құнды бағдарларын анықтауға мүмкіндік беретін диагностикалық әдістердің (түрлі сипаттағы тестілер, портфолио әдісі) маңызы үлкен.
Белсенді оқыту әдістері ешкімді де танымдық әрекеттен тыс қалдырмайтындай оқу процесін ұйымдастыруға жол ашады. Студенттерді оқыту процесіне тартуға белсенді оқыту технологиясының мынандай келесі ерекшеліктері себеп болады:
студентті белсенді ойлау және әрекетке тартуға оңтайлылығы;
студенттердің эмоциялық күйін арттыруға және сабаққа шығармашылық сипат дарытуға ыңғайлылығы;
студенттердің өзара бір-бірімен, сондай-ақ оқытушымен тікелей өзара бірлескен әрекетін жүзеге асыруға бағытталатындығы;
ұжымдық күш-қуатты қалыптастыруға бейімділігі, оқыту үдерісінің интенсивтендірілуі.
Оқытудың белсенді әдістері қолданылатын сабақтарды ұйымдастырудың шарттары:
1) проблемалылық;
2) ынтымақтастық және ұжымдық өзара әрекет;
3)студенттердің дара-психологиялық ерекшеліктерінің дамуын басшылыққа алу;
4) студенттерді ұдайы белсендіріп отыру: оларды жауап беруге, талдау жасауға, бағалауға, топтастыруға және т.б. әрекеттерге тартып отыру;
5) оқытушының моделін өзгерту: ұйымдастырушы, серіктес, кеңесші, бағыттаушы және т.б. рөлдерді атқаруы.
Достарыңызбен бөлісу: |