Рөлдік ойындарды дайындау және өткізу сатылары
Рөлдік ойынның сценарийін жасауда суденттер саны, курстың жалпы құрылымындағы осы ойын түрінің орны ескеріледі.
Ойынға қатысушылардың рөлін сипаттау. Қысқа да қарапайым рөлдерді ауызша беруге болғанымен, күрделі рөлдерді бөлуге үлкен дайындық қажет. Мұндайда ойыншылар үшін арнайы нұсқау карточкалары даярланады. Онда кейіпкердің білімі, дағдылары, мотивтері, көзқарастары сипатталып, оның жасайтын әрекеттері көрсетіледі. Нұсқауда әдетте кейіпкердің жалпы әрекеті ұсынылады. Оның нақты әрекеттері мен ішкі сезімдері сипатталмайды, оның сол жағдаятта қандай болуы тиіс екендігін ойыншы өз тарапынан орындайтын әрекеттері арқылы анықтайды. Соған қарап ойыншының деңгейі бағаланады.
Рөлдік ойын жағдаятына кіру. Қатысушының нұсқауды ала салып бірден ойынға араласып кетуі үнемі өз жемісін бере бермейтінін тәжірибе өзі дәлелдеп келеді. Ойын алдында топтық пікірталас өткізу (алдымен жағдаятты талдап, сосын оның қалай болатынын көрсеу ұсынылады) немесе бой жазу жаттығуларын орындау тиімді.
Қатысушыларды іріктеу, рөлдерді бөлу. Рөлдерді не қатысушылардың өз қалауларына қарай үлестіруге, не алдыңғы орындаушыларға өзінен кейінгі орындаушыны таңдатуға, не педагогтің араласуы арқылы бөлуге болады.
Нұсқау беру. Педагогтің ойынды қалай жүзеге асыру жөніндегі нұсқауы айқын, көрнекі, ықшам болуы керек. Бұл кезеңде қатысушылармен ақылдасудың қажеті шамалы. Ондай пікірлесулерді қорытынды шығарар кезде қолдаған ұтымды.
Рөлдік ойынның жүзеге асырылуы. Егер қатысушылардың санынан рөлдің саны аз болса, онда ойынды «аквариумдық» (сюжетті бірнеше судент қана орындайды да, қалғандары оны сырттай бақылап тұрады) түрде өткізуге болады немес сол сюжетті бірнеше шағын топтың қатары орындауында көрсетіледі. Ойын барысында педагог бір немесе бірнеше қызмет атқарады:
Ойын ережелерінің сақталуын қадағалайды және оның уақытқа сәйкес болуын бақылайды;
Түсініксіз болған нұсқауларды қайта пысықтайды;
Ойын соңындағы кері байланысты қамтамасыз ету мақсатында қатысушылардың әрекетеріне бақылау жасайды;
Қажет болған жағдайда әрі қарай не жасау керектігі жөнінде нұсқау беріледі;
Міндетті түрде көрсетілуі керек, бірақ студенттер ескермеген әрекеттер болса, онда оны оқытушының өзі орындауы қажет (ескеретін бір жайт-мұндай шараны үнемі қайталауға болмайды, себебі, біріншіден, бұл студенттердің белсенділігіне және өздігінен шығармашылықпен жаңа әрекеттерге баруын шектеуі мүмкін, екіншіден, оқытушының өзінің де басқа қызметтерін толық атқаруына кедергі жасайды).
Ойынды талқылау. Бұл кезеңде қатысушылар рөлден шығып, ойын барысын тиянақты талқылап, талдап, өздері ортақ тұжырым жасауы тиіс. Бұл өте маңызды кезең деп саналады, сол себепті оған ойынға берілген уақыттан екі-үш есе артық мөлшерде уақыт бөлінгені тиімді. Талқылауды мынадай сатыларға бөліп жүргізген ұтымды:
фактілерді анықтау (ойында өзіндік орны бар әрекеттерді тізбелеп алу қажет);
сол әрекеттердің себебін талдау;
әрекеттерді жоспарлау (ойында меңгерілетін тәжірибені өмірде қалай қолдануға болатыны түсіндіріледі).
Жалпы алғанда, ойынның негізіне студенттің жасы мен өміріне қатысты кез келген тұлғааралық қатынасқа арналған өмір жағдаятын алуға болады, тек олар сабақтың тақырыбына, мазмұнына және уақытына лайықталып, іріктелуі керек.
Ойын әдістерін пайдалануда жіберілетін типтік қателердің қатарына мыналарды жатқызуға болады:
ойында меңгерілетін тәжірибенің көп жағдайда шынайы өмірмен байланысының жеткіліксіз болуы, ойын әрекетін тар мақсатқа ғана қолдану;
ойында меңгерілген тәжірибенің мәніне жете көңіл аудармау, оны талдауға кететін уақытты шектеу;
басқа әдістер жеткіліксіз болған жағдайда ойын элементтерін сабақтың қызықтылық сипатын арттыру үшін ғана қолдану;
қатысушылардың эмоциялық толқынысын жоққа шығару (тым әлсіз немес тым күшті эмоциялар жұмысқа бөгет жасайды деп түсіну);
сенімсіздікке жол беру, жалаң ойынға әуестік.
Достарыңызбен бөлісу: |