АЗАМАТТЫҚ – адамның әлеуметтік болмысын, қоғамдағы орнын, тұлғалық бітімін анықтайтын ұғым. А. құқық ғылымы тұрғысынан да қарас- тырылады. Бұл тұрғыда А. – адамның нақты бір мемлекетке саяси және құқықтық қатысы. Мемлекеттің және оның билігіне бағынатын адамның арасындағы өзара қарым-қатынасты білдіреді: мемлекет өз азаматының заң- ды құқылары мен мүдделерін қамтамасыз етуге, қорғауға әрі оған шетелде қамқорлық жасауға кепілдік береді; ал азамат мемлекеттің заңдарын және т. б. өкімдерін бұлжытпай сақтауға әрі оның белгілеген міндеттерін орын- дауға міндетті. Мұндай құқылар мен міндеттердің жиынтығы азаматтың саяси-құқықтық дәрежесін айқындап, оны шетел азаматтары мен азамат- тығы жоқ адамдардан ерекшелейді. ҚР-ның Коституциясында адамның азаматтығы бекітілген.
А. ұғымы моральдық философия тұрғысынан алғанда адамның әдептік сапасын білдіреді. Ол әдетте, А. парыз ұғымы тіркесінде қолданылады. А. парыз – адам мен қоғам үйлесімділігін білдіретін әлеуметтік-этикалық ұғым, жеке тұлғаның туған жер, ата-мекен, Отан, халық алдындағы парызы мазмұнын білдіреді. Қазыбек би «Алтын ұяң – Отан қымбат, туып өскен елің қымбат, кіндік кесіп, кір жуған жерің қымбат» деген. Адамзат пен Отанды сүю тек А. парыз ғана емес, сонымен бірге, ар-намыспен де байланысты. «Ерді намыс өлтіреді, қоянды қамыс өлтіреді» деген осыған меңзейді. Азамат үшін тіршіліктің ең қиыны, күрделісі – нағыз адам болу. Адамға өз ісін жетік білу де А. парыз. Пайғамбар хадистерінде «үйренуге қорланбадым, әркімнен үйрендім, әркімге үйреттім» деген тәлімдік сөздер бар. А. парыз адам құқықтарын қастерлеумен тығыз байланысты. Азамат өз құқығын пайдаланып қана қоймай, сонымен бірге, қоғам, заң және басқа тұлғалар алдындағы жауапкершілігін сезінуі қажет. А. парыз азаматтық қоғам, құқықтық мемлекет және халықтың шынайы билігі бар жағдайларда толық жүзеге аса алады.