Әдебиет: Мырзалы Серік. Философия. – Алматы: Бастау, 2008.
АДАМНЫҢ ӨЛІМІ МЕН ӨЛМЕСТІГІ. Қайсыбір өмірдің өліммен аяқталатынын әрбір адам біледі. Біз ырқымыздан тыс бұл дүниеге келгеннен кейін, уақыты келгенде еріксіз кетуіміз керек. Ол бізге тәуелді емес – табиғи заңдылық. Адамзаттың мыңдаған жылға созылған өмір тәжірибесі бірде- бір өлген Адамның тіріліп өмірге қайта келгенін көрсеткен жоқ. Әсіресе, жақын Адамдардың бұл дүниеден кетуі біздің жан-дүниемізде ауыр жаралар қалдырады. Енді біз оларды ешқашан да көре алмай, іштегі сырымызды айтып, бірге қуанып, сонымен бірге қайғы-қасіретімізді бөлісе алмаймыз. Бәрі де өткен шақтың қойнауына кетті. Сол сәтте біз өзімізді де сондай тағдыр күтіп тұрғанын үрейлене аңғарамыз. Сонымен қатар, біз ақыл-ой таразысына «мәңгілік өмір сүру» мәселесін салсақ, онда оны Адамға берілген ең ауыр жаза екенін байқауға болар еді. Өйткені, егер Адам шексіз өмір сүре берсе, онда оның еш мән-мағынасы болмай қалады. Шексіз өмір жөніндегі ой өрісі бүгінгі күннің ашынған өзекті мәселелеріне немқұрайлы қарауды тудырып, қоғам өмірі мелшиіп бір орнында тұрып қалар еді. Мәселеге терең қарағанда, өмірдің мән-мағынасы болуының өзі оның өліммен бітетінінде болса керек. Расында да, біле-білген Адамға өмірдің шектелгені әрбір күн мен жылды, минут пен сағатты бағалауға, тиімді жұмсауға итермелейді. Өйткені, өмірді ешқандай байлыққа сатып алуға болмайды, бірақ, оның бір ғана өлшемі бар – ол «Ұлы мәртебелі Табиғаттың» (діни сенімдегі адам үшін
– Құдайдың) әр адамға берген өмір жасы, яғни, уақыты. Бұл дүниеде бір де бір жасалған ұлы нәрсені істеген Адамдар, әрине, өз өмірінің шектелгенін біліп, сондықтан, асығып, «соны үлгірсем екен» деген ой-үмітпен оларды аяқтады емес пе?! Егер ол мәңгілік өмір сүрсе, сол ұлы істерді бастамас та еді ғой. Антик дәуіріндегі стоиктер «Өлімді есіңнен шығарма!» деген болатын. Оның терең мәні – өз өміріңде әр іс-қимылды, басқа адамдарға деген қатынастарды, айтайын деген сөзіңді, әрбір сәтті – өмірдің соңындағы сияқты сезінуде. Мұндай өмірлік бағытты ұстау – Адам өміріндегі қайсыбір уақиғаны терең сезініп-тебіренуге, мейлінше мазмұнды өмір сүруге әкеледі. Жайшылықты өмірде байқалмайтын кішігірім нәрселерге көңіл бөлініп, Дүниенің ғажаптығы айқындалып сезіледі. Бұл Дүниеде қайсыбір тіршілік
21
формасы – соның ішінде адам да – бір ұрпақты екінші ұрпақпен ауыстырып өз өмірін жалғайды. Табиғаттың «даналығы» осында. Соның арқасында алға өрлеу – даму бар.
Әр Адам өлімді. Адамның жүрегі мен тынысы тоқтап, санасының өшуімен теңейді. Дегенмен де, адамның кейбір жақтары әлі де болса талай күндер тіршілік жасайды. Мысалы, Адамның сақал-мұрты, шашы, тырнақтары дене толығынан шіріп біткенінше өсе береді. Уақытында ұлы Платон «философия ғылымы бізді абыроймен өлуге үйретеді» деген болатын. Бұл пікірге толығынан қосылуға болатын сияқты. Кейбіреулер өмірінің жартысын «гүлге қонған көбелек» сияқты өткізіп, қырыққа келіп, ақылы тоқталған кезінде өз алдына өмірлік мақсаттар қойып, оны асыға істей бастағанымен аяқтауға уақыты жетпейді. Ондай Адамға өлер алдында «Әттең-ай!» деген өкініш келіп, сол аянышты сезіммен өмірден кетеді. Екіншілерге өлім үрейін аттап өтуге діни сенім көмектеседі. Олар тәні болмағанмен, «жан-дүнием мәңгі өмір сүреді» деген үмітпен өмірмен қоштасады. Үшіншілер «бұл күйбең өмірде ішіп-жеу, ойын-сауық құру, әр сәттен ләззәт алудан басқа еш нәрсе жоқ» деген өмірлік бағыт ұстайды. Бірақ, оқтын-оқтын мешітке барып, «кім біледі, мүмкін Алла тағала бар шығар» деген ой кейбір кезде оның жүрегін сыздатады, садақа беріп, намаз оқытады. Бірақ, бәрібір ол болашақ өлімнің мұздаған лебінен құтыла алмай, жаны түршігеді. Философиялық дайындығы бар адамға келсек, ол өз өмірін бүкіл Табиғаттың, Ғарыштың өмірімен байланыстырып, өзін телегей- теңіздегі бір ғана тамшы ретінде сезінеді. Ол оны үлкен тебіреніске әкеліп, өлім өмірдің соңында келетін заңды табиғи үрдіс екеніне көзі жетеді. Ондай Адамды өлім үрейлендіре алмайды.
Бесінші Адамдар – өз тағдырының шеңберінде тырысып бағып, өмірдің шаттығын да, зардабын да толығынан басынан өткізіп, бұл өмірде өзіне тән із қалдыру жолында бар күш-қуатын аямай жұмсап, өлім алдына өмірден қанағаттану, тәубаға келу сияқты сезіммен келеді. Ол өз өмірінде үлкен өкініш жоқ. Орындалмаған армандар болғанның өзінде, ол оны табиғи заңдылық ретінде түсінеді. Ол – нағыз Адам. Ондай Адам көп жұрттың есін- де мәңгілік қалады. Соңғы жылдары Батыс университеттері мінбелерінде
«аутоназия» (auto – өзім, nazіa – өлім) мәселесі қызу талқылануда. Орыс әдебиетінде бұл терминді өз тілдеріне жақындатып «эвтаназия» дейді. Бұл
– Адамның өз еркімен, қоғамның көмегі арқылы бұл дүниеден кетуі. Яғни, оның «суицидтен» – өзін-өзі өлтіруден айырмашылығы – ол қоғамның рұқ- саты және көмегімен өз қалауы бойынша дүниемен қоштасады. Тәндік- сезімдік ләззәт алу өмір бағытын ұстаған Батыс Адамы өмірінің соңында да еш зардап шекпей бұл өмірден тәтті ұйқыға шомылып кете барғысы келеді. Адам қатерлі ісікпен (рак) ауырып, қатты зардап шегуде, я болмаса, қартайып, қолынан күш кетіп ешкімге керек болмай қалған т. с. с. жағдайда қоғам ондай
22
Адамдарға өз еркімен дүниеден кетуге көмектесуге болады деп түсіндіреді. Бұл мәселені Батыс цивилизациясының гуманистік даму жолындағы үлкен жетістіктерінің бірі ретінде көрсеткісі келеді. Бірақ, мұндай көзқарас бүкіл дүниежүзілік діндердегі өмір мен өлім жөніндегі терең сенімге қайшы келеді. Бұл Дүниеге келген әр адам тағдырға мойынсынуы керек. Соңғы өмір зардаптарынан өту – Адам рухын шексіз күшейтіп, оның ішкі жан-дүниесін тазартып, Адамның абыроймен бұл дүниемен қоштасуына мүмкіндік жасайды. Мәселеге философиялық тұрғыдан келсек, бұл Дүниеде Адамнан асқан құндылық жоқ, сондықтан, ешкімнің де Адам өмірін (және Адамның өзі өз өмірін) қиюға құқы жоқ.
Адамдардың өлместігі – өз өмір шеңберіндегі басқа Адамдарға жасаған жақсылығымен байланысты болса керек. Өйткені, ол олардың есінде қалады. Ол дене ретінде көз алдымызда жоқ болса да, рух ретінде – бізбен бірге өмір сүріп қала береді. Ұлы Кун фу цзы айтқандай, жақсы Адам халықтың сый-сияпатына ие болса, жаман Адам ит сияқты бір шұңқырда ұмыт болып қалады.
Десек те, әрине, қазіргі Адам мұндай көзқараспен келіскісі келмейді, ол тәндік өлместікті армандап, барлық үмітін ғылымға артады. Әсіресе, тез қарқынмен дамып келе жатқан гендік инженерия саласы болашақта Адам өмірін бегілі бір уақытқа ұзарта беруге болатынын айтады. Алайда, ол – адамды тығырыққа тірейтін жол. Әрине, гендік инженерияның жетіс- тіктеріне сүйене отырып тұқым қуатын аурулармен күрескен жақсы. Ал Адамның өмірін гендік жолмен ұзартуға бағытталған зерттеулер қандай салдарларға әкелуі мүмкін – оны ешкім бүгінгі таңда білмейді. Кейбір ғалымдардың айтуына қарағанда, оның теріс салдары – ядролық бомбаны ойлап шығарғаннан да жаман болуы мүмкін. Екінші жағынан, Адам дүние- дегі ең теңдесі жоқ биік құндылық болғаннан кейін оның өмірі мен денесі- не жасанды тәжірибелер жасау – қылмыс болар еді.
Мәселенің моральдық жағына келер болсақ, бірде-бір жер бетінде өзі тудырған қауып-қатерден сақтану мәселесін адамзат әлі шешкен жоқ. Жеке Адамның өмірін ұзартпақ түгіл, бүкіл адамзаттың құрып кету мүмкіндігі (ядролық соғыс, я болмаса экологиялық апат) осы уақытқа дейін күн тәртібінен шығарылған жоқ. Егер ол «күнбе-күн соғыс-қақтығыстарда бір- бірін осы уақытқа дейін өлтіріп жатса, ол адамға тәндік өлместіктің керегі қанша?» деген заңды сұрақ дереу ойға келеді.
Қорыта келе, тәндік өлместік бүкіл миллиардтаған жылдар бойы қалыптасқан іргетасты табиғат заңдылықтарына қайшы келеді. Бізге беріл- ген теңдесі жоқ сый – өмірді – бақытты мүмкіндіктерді іске асыруға, өз өмір шеңберінде үлкен маңызды істерді жасап өз ізіңді қалдыруда болса керек. Оларды өлім жоя алмайды.
Достарыңызбен бөлісу: |