Әдебиет: Мәдени-философиялық энциклопедия. – Алматы: Раритет, 2007; Қазақ халқының философиялық мұрасы. Т. 1. – Астана: Аударма, 2006.
ЗАТ ПЕН ӨРІС – материяның қатынастылы алғандағы дербес физи- калық түрлері. Классикалық физикада олар бір-біріне мүлдем қарама-қарсы қойылып қарастырылатын, өйткені, З. құрылымы бойынша үздікті (дискрет- ті), ал Ө. үздіксіз (континуалды) деп саналатын. Кванттық физиканың дамуы, әмбебап корпускуларлық-толқындық дуализмнің ашылуы З. пен Ө-тің өзара байланыстылығын, оларды қарама-қарсы қоюдың қатынастылығын көрсетті: З. элементарлық бөлшектерден тұрады, ал элементарлық бөлшектер өз ретінде физикалық Ө-тердің кванттары болып табылады екен. Классикалық ғылым мен философияда З. пен материя ұғымдары өзара теңгеріліп келсе, физикалық Ө-тердің (электромагниттік өріс, гравитациялық өріс және т. б.) ашылуы материя ұғымының философиялық мағынасының баюына, оның құрылымы туралы түсініктердің тереңдеуіне әкеліп соқты. Қазіргі физикада материяның өзара әсерінің фундаменталды төрт түрі бар екендігі (әлсіз, күшті, электромагниттік және гравитациялық) ашылып, мәселе осылардың өзара бірлігін дәлелдейтін, оларды біріктіретін бірегей Ө. теориясын құру күн тәртібіне қойылуда. Бұдан З. ұғымы және соған сай микробөлшек ұғымы жоқ болады деген түсінік тумауы тиіс: З. және Ө. ұғымдарының өзара байланысы туралы түсінік жаңа деңгейге көтеріледі деп тосылуда.
ЗАТТАНДЫРУ ЖӘНЕ ЗАТСЫЗДАНДЫРУ – тарихи-философиялық дәстүрде неміс трансцендентальды-сыни философияда және марксизмде қабылданған ұғым. З. ж. з. алғаш рет Гегель философиясында объективті және субъективті рухтың диалектикасы, қалыптасу идеясын дамытуды қарастыру үшін қолданылған. Нақты категориалды және терминологиялық статусқа маркстік философияда ие болды. З. – адамның қабілеттері затқа айналып, сол арқылы іске асатын процесс, соның арқасында зат әлеуметтік- мәдени, яғни, «адамдық затқа» айналады. З. іс-әрекеті, әлемді өзгерте отырып, адамның өзін де өзгертеді. Затcыздандыру – заттың қасиеттері, мәні және
«логикасы» адамның, оның қабілеттерінің игілігіне айналу процесі, соның арқасында адам дамиды. Адам танымдық және рухани-құндылықтық тұр- ғыдан қабылдауының арқасында бұрынғы мәдениеттің формаларын зат- сыздандырады, оларды өзінің қоғамдық әлеміне қосады.
ЗАУЫҚ – әуестік, әуесқойлық негізінде пайда болатын, оған түрткі болатын жай-күй. Психологияда З-тың бірнеше түсіндірмесі болса да, арнайы әдебиеттер терминнің әлі де болса жете зерттелмегенін көрсетеді. З-тың негізгі сипаттамалары: 1) кең көлемді сұраныстар, қажеттіні ойлау- дан туындайтын, әсерленудің түрі; 2) заттық, нәрселік З.; 3) З. саналы ұғынылған, ой-елегінен өткізілген де болады. Осыдан Фрейд тек әуестік қана емес, бейсаналы З-тың да болатынын көрсетеді. Ол қашан да болса, саналы түрде ой елегінен өткізілген, бірақ өзіне «тиым салынғанынан» бейсаналық аймағына ығыстырылған. Мұндай З. көрген түстерде, мінез- құлықтың еріктен тыс өзгерістерінде, түсіндірмелерде өзі туралы белгілер береді. Қанағаттандырылуы мүмкін емес З-тан фрустрация (сұранысты қанағаттандырудың мүмкін еместігі, мақсатқа жету жолындағы ақиқат және жорамал бөгеттердің болуынан туындайтын сәтсіздіктен әсерлену, үрей, көңіл қалу, ашу шақыруда көрініс табатын психологиялық стресс түрі) жағдайы пайда болады.
ЗӘБІР – бұл адамды жәбірлеу – сықақ ету, ақымақ қылу, күлкі ету, мазақ қылу; кімге болса да қорлық көрсету – қалжыңдау, кемсіту, жанын қинау; кімді болса да қорлау – жұрттың сыйлы адамының адамгершілігіне нұқсан келтіру, ұрысу, ұялту, аласарту т. б. З. көбінесе әлеуметтік қоғамда моральдық қатынастардың үйлесімділігі орнамаған жағдайында көбірек орын алады. Құқықтық мемлекет азаматтарды кез келген З-ден қорғауы тиіс.
ЗЕЙІН – адам өмірінде, таным үдерісінде, білім алу ісінде алатын маңызы үлкен, психикалық әрекеттің белгілі бір нәрсеге бағытты шоғырлануы. Оқушының тапсырманы түсіне қоймауы, есінде дұрыс сақтай алмауы, қате жіберуі, оған дұрыс З. қоймаудың салдарынан болады. З. қою көбінесе, адамның жеке басы ерекшеліктеріне, айналысып жатқан іс- әрекетінің сипаты мен маңыздылығына, оның мүддесіне, талап-тілегіне, мақсат-мұратына, ерік-жігер сапаларына, темпераментіне, мінез бітіміне байланысты. З-нің физиологиялық негізі акад. А.А. Ухтомскийдің (1875– 1942) доминанта теориясы бойынша түсіндіріледі. Бұл теория бойынша, сыртқы дүниенің көптеген тітіркендіргіштерінің ішінде біреуі миға күшті әсер етеді де, оның бір бөлігін айтарлықтай қоздырады. Мидың осы қозған бөлігі қалған бөліктердегі әлсіз қозуды өзіне тартады. Осыдан мидағы қозу үдерісі күшейе түседі. Мұндай жағдайда, адам З-і бір нәрсеге шоғырланады. Адам З-і ырықты, ырықсыз және үйреншікті болып бөлінеді. Адам өмірінде ырықты және ырықсыз З-дер саналы түрде белгілі ерік күшін жұмсауды талап етіп, елеулі орын алады. Үйреншікті З. адамның әдетіне айналып кеткен, ол арнайы күш жұмсауды қажет етпейді. Жеке адам З-нің негізгі ерекшеліктеріне: тұрақтылық, оның бір нысаннан екінші нысанға оңай ауысуы, бөлінуі, нысанды қамту көлемі, алаң болмаушылығы т. б. жатады.
Достарыңызбен бөлісу: |