Этникалық құрамы. Орналасқан аумағына қарай халықтарды топтастыру географиялық жіктеу деп аталады. Халықтарды осылайша топтастыру адамдардың жер бетінің жеке аудандарын қоныстану процестерін де талдап білуге көмектеседі. Әрбір халықтың өзінің тарихи-этникалық жер аумақтары болады. Этникалық бірлестіктің ең жоғары түрі – ұлт болып табылады. Ұлттың қалыптасуына ортақ экономикалық бірлестік және бірыңғай жер аумағымен қатар әдеби тілдің дамуы да үлкен әсер етеді. Этникалық бірігудің екі түрі бар: бірі – консолидация, ал екіншісі – ассимиляция. Консолидация – бір-біріне жақын, туыстас болып келетін этникалық топтардың пайда болуы. Ассимиляция – дамыған үлкен этникалық топтың екінші аз санды топты өзіне қосып алуы.