Мемлекеттік құрылымы. АҚШ – елу штаттан және Колумбия округінен тұратын федерациялық республика. Федералдық Колумбия округінде ел астанасы – Вашингтон қаласы орналасқан. Негізгі аумағы 48 штатқа бөлінеді. Ал Аляска және Гавайи штаттары негізгі аумақтан қашығырақ орналасқан. Үкімет және мемлекет басшысы – президент. Ол және вице-президент 4 жылда бір сайланады. Заң шығарушы органы сенат және палата өкілдерінен тұратын қос палаталы конгресс (парламент). Ал елдің атқарушы өкіметтегі билігі президент басқаруында. Ел конституциясы 1787 жылы қабылданды, сонымен қатар әрбір штаттың өз конституциясы, заң шығаратын және атқаратын билік органдары бар. Оларды сайлау арқылы губернаторлар басқарады. Елде қоспартиялы жүйе қалыптасқан: демократиялық (1828 жылдан) және республикалық (1854 жылы құрылған).