Нургалиева Н.Р.
Астана/Қазақстан
КӨШБАСШЫНЫҢ ТІЛДІК ТҰЛҒАСЫ
ХХ ғасырдың екінші жартысында антропоцентрлік парадигма аясында тілді зерттеуді адам арқылы, оның әлемі арқылы зерделеу мақсатын көздеген ғылыми зерттеулер пайда болды. Онда тіл жүйесі мен құрылымы ғана емес, айтушының/тыңдаушының тілдік қабілеті, тілдік компетенциясы, білім қоры, тілдік сана, тілдік тұлға т.б. тың мәселелер көтерілді. «Адамның өз ана тілімен қарым-қатынасы теориясының құрылуы» антропоцентрлік тіл білімінде теориялық-әдістемелік бағдар ретінде көрініс берді.
«Тілдік тұлға» терминін ең алғашқы рет Ю. Н. Караулов ғылыми айналымға енгізеді. «Тілдік тұлға» дегеніміз лексикалық жүйеде орныққан берілген тіл таратушысының негізгі ұлттық-мәдени прототипі (түп тұлғасы), сөздіктен табуға болатын дүниені танымдық бағдарлар, бағалау басымдылықтары мен жүріс-тұрыстық реакциялар негізінде құрылатын өзіндік «семантикалық фоторобот», сөздік, этносемантикалық тұлға.
Тілдік тұлғаның құрылымында тілдің төрт парадигмалық бөліктері болады; мұнда тарихи (ұлттық ерекшелікпен бірдей) құрылымдық-жүйелік, әлеуметтік, психикалық тілдік басымдылықтармен жабдықталған негіз. Тілдік тұлғаны негізінен нақты жеке құраушы бөліктеріне дейін «құрастыру» кезінде негізге алынатын статистикалық әр түрлі компоненттер үш деңгейге сәйкес келеді.
«Тілдік тұлға» белгілі бір лингвомәдени әлеуметтік ортаның біріккен этномәдениеттік тасымалдаушысының ділін көрсетеді.
Саяси-қоғамдық дамудың ең бір күрделі жылдарында өмір сүрген алашорда мүшелерінің бүкіл шығармашылық еңбегін қазақ халқының азаттық жолындағы ұлттық мүдделерімен байланыстыра білгені қазақтың діліне сай келеді. Осы тұрғыдан келгенде Мұстафа Шоқай, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатов сияқты артына тарихи-лингвистикалық мәтін қалдырған тілдік тұлғалар жеке бір ұлттың мақсат-мұратын жеткізуші ұлттық тұлға деңгейіне көтеріледі. Қазақ халқының тағдырына өшпес із қалдырып, қазақ ұлты ұғымын биікке көтерген тілдік тұлғалардың деңгейінің тұғырын жоғары ұстап, өзіндік зор үлес қосқан елбасы болып табылады. Қазіргі жаһандану дәуірінде жер бетіндегі елдермен бірлікте болумен қатар, жеке ұлт, ел болу, жеке даралығымызды сақтап қалу негізгі мәселеге айналып отыр. Жеке мемлекеттің басты өкілі елбасы болып табылады. Ал мемлекеттің мақсат-мұраттары, армандары, қол жеткізген жетістіктері мен елдің жалпы болмысы көшбасшының тілі арқылы беріледі. Көшбасшы тілдік тұлға ұғымына толық сәйкес болғанымен қатар, жеке бір, халық, этностың айнасы болып табылады. Елбасының дүниетанымы, өмірден жинаған тәжірибесі, кемелдене түскен білімі тілде көрініс береді. Ол тілдік тұлға сатыларының ең жоғарғы деңгейінде болып, жеке бір мемлдекеттің ділін, тілін, «жанын» көрсетеді. Жеке мемлекетті жеке күрделі құбылыс, жеке «әлем» ретінде қабылдауда көшбасшының тілдік тұлғасы үлкен мәнге ие.
Достарыңызбен бөлісу: |