Жеке тұлғаның ең маңызды белгiлерi – оның саналылығы, жауапкершiлiгi, бостандығы, қадiр-қасиетi, даралығы. Жеке тұлғаның маңыздылығы оның қасиеттерi мен іс-әрекеттерiнде қоғамдық прогрестiң тенденцияларының, әлеуметтiк белгiлер мен қасиеттердiң айқын және өзіне тән ерекшелігінің көрiнiс табуы, оның іс-әрекетiндегi шығармашылық қасиетiнiң деңгейi арқылы анықталады. Бұл орайда “адам”, “жеке тұлға” деген ұғымдардың қатары “даралық” деген ұғыммен толықтырылуы қажет.
Даралық бiр адамның басқа бiр адамнан, бiр тұлғаның басқа бiр тұлғадан айырмашылығын, оның ешкiмге ұқсамайтынын, өзiне тән ерекшелiгi бар екенiн сипаттайды. Даралық, әдетте, адамның мiнезi мен темпераментiнiң ерекше белгiлерi (мысалы, салмақты-жiгерлi және мақсатты адам), шығармашылық қызмет-әрекетi мен қабiлеттiлiгiнiң өзгешелiгi арқылы ерекшеленедi. Осылайша, мұғалiмнiң даралығы оның терең бiлiмдарлығы, педагогикалық көзқарастарының ауқымдылығы, балаларға деген ерекше қатынасы, жұмыстағы шығармашылық ниетi, т.б. арқылы көрiнедi. “Даралық” ұғымы бiр адамды басқа бiр адамнан, бiр тұлғаны басқа бiр тұлғадан ажыратып, оған өзiне тән сұлулық пен қайталанбас қасиет беретiн ерекшеліктерден тұрады.
Адам қасиетiн түсiндiретiн тағы бiр ұғым – “индивид”. Бұл сөз латын тiлiнен алынған және оның қазақша баламасы – “жекелiк”. Ұғым ретiнде бұл сөз адамзат тұқымының еш қасиеттерi ескерiлмеген бiр өкiлiн бiлдiредi. Бұл орайда әрбiр адам индивид болып табылады. “Жеке тұлға” ұғымы мен онымен байланысты бiр тектес ғылыми категориялардың мәнi осында.
Достарыңызбен бөлісу: |