Павлодар 2020 Жоспары I.КІРІСПЕ II.НЕГІЗГІ БӨЛІМ 1.Жүннің морфологиялық құрамы
2.Жүн талшықтарының түрлері және оның морфологиялық сипаттамасы
3.Түйе жүні және түйе жүнінің өнімділігі
III.ҚОРЫТЫНДЫ VI.ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
Кіріспе Жүн– қой, ешкі, түйе және т.б. жануарлардың түгі, жеңіл өнеркәсіптің құнды шикізаты. Жүн талшықтары жылуды аз өткізеді, ылғал тартқыш және берік болады. Ол жіп иіру, мата тоқу, киіз басу, әр түрлі тоқыма бұйымдар жасау үшін пайдаланылады. Қой, ешкі және түйе Жүні құнды шикізат болып есептеледі. Дүние жүзінде қой Жүні көп өндіріледі. Қой Жүні талшықтарының жуан-жіңішкелігіне, құрылымына қарай бөлінеді. Жүн құрамындағы қылшықтардың ара қатынасы қой тұқымына байланысты әр түрлі болады. Сондықтан қой Жүні биязы, биязылау, ұяң және қылшық Жүн деп бөлінеді. Биязы Жүн талшығының жіңішкелігі 14,2 – 25 мкм, ұзындығы мен ирегі біркелкі болады. Түсі ақ, шайыры мол. Бұл Жүнінен жоғары сапалы мата тоқылады. Биязылау Жүн біркелкі ірілеу Жүн мен аралық қылшықтан тұрады. Талшығының жіңішкелігі 25,1 – 35 мкм. Мұндай Жүннен трикотаж, жоғары сапалы шұға тоқылады. Ұяң Жүн құрамында Жүннен басқа аралық және майда қылшықтар болады. Ұяң Жүннен кілем тоқылады. Қылшық Жүннің құрамында қылшық, әсіресе, өлі қылшық көп болады. Мұндай Жүн киіз, киіз аяқ киім, т.б. жасауға пайдаланылады. Жүннің барлық түрінің сапасы малдың тұқымына, оны дұрыс азықтандыруға, бағып-күтуге байланысты. Ешкі Жүні қылшықты, түбіт аралас болады. Ангор, т .б. ешкі тұқымының Жүні биязылау келеді. Түйе Жүні берік, сапасы жақсы болады. Одан жүн мата, сырт киім, әр түрлі бұйымдар жасалады. Сиыр, жылқы Жүндерінен киіз, қоян Жүнінен жеңіл киім жасайды. Ит Жүні емдік мақсатта қолданылады. Жүн өңдеу – жүнді май мен шайырдан, шаң-тозаңнан тазартып жуу, жүн дайындау стандартына сәйкес сұрыптау (сорттау), бояп өңдеу, иіріп жіп алу немесе одан әр түрлі бұйымдар дайындау.
Төрт түлік малдың жүні қазақ халқының өмір тіршілігінде үлкен рөл атқарған және оны ұқсатуды халық бұдан мыңдаған жылдар бұрын білген. Жүннен бау-шу, арқан-жіп, киім-кешек, қазақ үйдің киізін, әр түрлі төсеніштер мен қап, шекпен сияқты ең қажетті мүліктер жасалған. Қазақ халқының дәстүрлі шаруашылығында мал жүнінің ең асылы және бұйымдар жасауға ең көп қолданатыны түйе және қой жүндері, ешкі түбіті, оның қылы, содан кейінгісі жылқының жал-құйрығы, түйенің шудасы. Жүк артып, күш көлік ретінде пайдаланылған түйенің жүні ұйысып, киіздей болып қалады. Оны “жабағы” дейді. Әлгі жабағының астынан “боздақ” деп аталатын үлпілдек жүн өседі де, жабағы өзінен-өзі көтеріледі. Түйе жабағысынан әр түрлі жеңіл де жылы күпі тігіледі. Жабағы жүнді түтіп көрпеге де салады, әр түрлі жіптер иіреді.Түйе жүнінен неше түрлі өрмек жіптерін иіріп, шекпен, қап, белбеу, құр, кілем, қоржын сияқтыларды тоқиды. Сол сияқты түйе жүні айыл-құйысқан, өмілдірік, ноқта жасауға және көген, бау-шу есуге өте қолайлы. Түйе жүні көрпеге салуға, шапанға тартуға өте жақсы, жеңіл, әрі жылы болады, қылшық шықпайды. “Шуда” деп түйенің мойнындағы, тізесіндегі, екі өркештің үстіндегі салалы қылшық жүндерін айтады. Шудадан жамау-жасқауылдық жіп иіріледі. Бұрын қазақтың тон-шалбары, сабасы мен торсығы, көн ыдыстары осы шуда жіппен тігілген. Түйе шудасы кейбір арнаулы бау-шуларға да қосылып есіледі. Шуда жіп шертер, т.б. ән-күй аспаптарына ішек есебінде де тағылған.
Қойдың жүнін “жабағы”, “күзем жүні”, “қозы жүні”, “өлі жүн” және “шет-пұшпақ” деп бес түрге бөліп айтады. Қойдың жабағы жүнінен шидем шапан, күпі күседі, ішпек, терлік жасайды, тыстап күпсек (бөстек), көпшік, жеңіл байпақ тігеді. Қойдың жабағы жүнін түтіп, одан кейін матаның сыртына шықпас үшін қылшықтарын бүрілтіп қайнатады. Бұл жұмыс жүнді шайырынан арылтып тазарту үшін де жасалады. Жабағы жүнді киімнің, көрпенің арасына салады, неше түрлі иіру ісіне, бізбен, сыммен тоқу жұмысына қолданады. Түтілген жабағы жүннен шүйке жасалып, бау-шу есіледі, өрмек жіптері, неше түрлі жиектер ширатылады. Ал күзем жүнінен, қозы жүнінен киіз басылады, текемет, қалпақ, кебенек, киіз етік, пима сияқты киім-кешектер жасалады. Күзем жүні мен қозы жүні иіруге келмейді, ол киімнің, көрпенің тысының арасына салуға да жарамсыз. Бірнеше рет тоғытылып, кірінен, шайырынан тазартылып қырқылған қойдың күзем жүнінен киіз басылады. Киіз басылатын жүнді шаң-тозаңнан, шөп-шөгірден тазартып, жүннің білтеленіп, ұйысқанын жазу үшін сабаумен сабайды. Жүн сабау ісіне әйелдермен бірге еркектер де қатысады. Жүн сабау маусымды және көпке ортақ жұмыс болып саналады. Жүн сабау жұмысы қазақ ғұрпында ойын-сауықпен көңілді өтетін-ді. Жүн сабалып болған соң “тулақ шашу” деген ырым бойынша жастар жиналып тамақ ішеді, ойын кешін өткізеді. Жүн сабау жұмысына керекті заттар – сабау мен тулақ. Сабауды бұтақсыз түзу талдан, қара мойылдан, майысқақ теректен, жыңғылдан маусым-шілде айларында дайындап, қабығын алып кептіреді. Ұзындығы 1 м 20 см-дей етіп, екі ұшын тегістеп, тұжырады. Оның диаметрі 2 см-дей, бас аяғы бірдей. Сабау жүн сабаушылардың санына қарай әр кісіде екі-екіден болады. Жүнді екі сабаумен қос қолдап сабайды. Сабайтын жүннің астына тулақ төселеді. Ал тулақ деп әдетте өгіздің, сиырдың керіп кептірген шикі терісін айтады. Жүн сабау алдында тулақты аздап сүт бүркіп, шөптесінге төсеп жібітеді. Олай істемесе, кеуіп тұрған тулақ сабауға шыдамай сынып кетуі мүмкін. Киізді осы сабалған дайын жүннен басады (қ. Киіз басу). Малдың терісінен жұлынып немесе жидітіп алынған жұлма жүнді, қойдың бауырында, пұшпақтарында байланып жүретін білтеленген жүндерді “өлі жүн” деп атайды. Қотанның ортасында түсіп қалған, бұтаның басынан жиналған, бау-шу ескеннен қалған үзік жүндерді “шет-пұшпақ жүн” деп атайды. Мұндай жүндер, көбінесе, арқан-жіп есуге жұмсалады. Ешкі жүнін түбіт, қылшық деп екіге бөледі. Түбіт иіруге, шарф, шұлық, қолғап, шәлі сияқты жеңіл әрі жылы киімдерді тоқуға тиімді. Оны ешкі түлеген кезде қылшық жүнмен бірге қырқып алып, түтіп қылшығынан бөледі. Ешкінің қылшығы арқан-жіп есуге жұмсалады. Қазақ талғамында ешкі түбіті түйе жүнінен де қымбат, жібекпен теңдес саналған. Жылқының жал-құйрығын “қыл” деп атайды. Жал-құйрық, көбінесе, арқан-жіп есуге, сүзгі тоқуға, тұзақ есуге жұмсалады. Жылқы қылын терімен қаптап көпшік, жастық, бөстек жасауға, қобызға тағуға пайдаланған. Қазақ шеберлері мал жүнінен басқа қоянның жүнін, құстың мамығын да іске жаратқан. Қоянның жүнінен жылы шарф, қолғап, шұлық, бөкебай тоқыған. Құстың мамығынан құс жастық, құс төсек жасаған, қауырсындарынан қарқара қадаған, жебенің желбезегіне желімдеген, ондай оқты төменде тұрып жоғарыдағы нысананы дәлдеп атуға қолайлы және ұшқан жолында ауытқымай дәл барады деп есептеген. Тымақтың маңдайына, найзаның ұшына, салт атты адамның иығына тағып алған құс қауырсыны “өте асығыс” деген белгіні білдірген. Осыдан келіп ел мен ел арасында тығыз хабар жөнелтілгенде хаттың сыртына бір тал қауырсын бекітілетін, оны “үкілі пошта” деп атаған. Үкінің жүні қазақтың ескі салты бойынша әсемдіктің белгісі деп саналған. Сонымен бірге үкіні қасиетті деп те білген. Мыс., хан тұқымдары, атақты батыр, ақын, салдар үкі тағып жүрген. Ұзатылар қызға, қайнына баратын күйеуге, алғаш отау болғанда шымылдыққа үкі қадау ғұрпының жоралғысы осыдан қалса керек. Осыдан келіп жүнделетін бір үкі бір аттың құнымен бағаланған. Үкі жүнін ұлпа және қара қасқа үкі деп екі түрге ажыратады. Үкінің балақ жүнін – ұлпа, ал бауыр жүнін – қара қасқа үкі деген. Қара қасқа үкіні, көбінесе, ерлер қадаған. Сәукеле, тақия, бөрік сияқты қыз-келіншектер киіміне, көбінесе, ұлпа (балақ жүн) үкісі қадалған. Ақ үкінің жүнін түрлі түсті етіп бояп та пайдаланған. Мұндайда бояуға қазының майын қосқан. Үкіні аулап ұстап, балақ жүні мен бауыр төсінің жүнін алып, өзін жемге тойғызып қоя беретін. Мұны “үкі жүндеу” деп атайды. Үкі жүндеген ауылдан олжа алу салты да болған.
Қазіргі кезде Ж. ө. жұмыстары өндірістік кәсіпорындарда атқарылады. Мұндай жұмыстар жүн жуу, жүн сорттау, жүн иіру, т.б. болып бөлінеді. Жүн жуу жүнді май мен шайырдан, шаң-тозаңнан, т.б. тазартатын арнаулы аппараттарда орындалады. Олардың құрылысы күрделі, көлемі үлкен (ұз. 70 м-ге дейін), сондықтан жүнді алғашқы өңдеуден өткізетін ірі кәсіпорындарда қолданылады. Қазақстанда мұндай кәсіпорындар Тараз, Семей, Ақтөбе қ-ларында салынған. Қазір бұл кәсіпорындарды қайта іске қосу қолға алынып отыр. Жүнде майлы заттар көп болады. Мыс., арқар-меринос қойдың жүнінде 30%-ға дейін май мен шайыр бар. Осылардан арылту үшін жүн жуғыш машинаның арнаулы ыдысына су құйылып, оған көмір қышқыл сода, калийлі сабын және аммиак қосылып, әбден араластырылады. Бұл құрамның салмағы жуылатын жүн салмағының 6%-ына жетуге, ал судың темп-расы 55С-тан аспауы тиіс. Мұнан жоғары болса, жүннің реңі кетуі мүмкін. Жүннің иісін кетіру үшін көмір қышқыл газбен өңделеді. Ж. ө. кәсіпорындарында, сондай-ақ, экстракциялық әдіспен жұмыс істейтін жаңа машиналар қолданылады. Бұл әдістің ерекшелігі – жүн жабық бөлме ішінде хлорлы көмір қышқыл газбен өңделеді. Осы процесс нәтижесінде жүндегі май мен шайырдың 70%-ы кетеді, жүн ажарланып, биязылығы артады. Жүннен алынған май техника мен медицинада кеңінен қолданылады. Жүн сорттау кезінде жүннің дайындау стандартына сәйкес сапасы бағаланады. Мыс., қой жүні одан алынатын таза жүннің мөлшерімен бағаланады. Жүннің әр түріне (биязы жүн, биязылау жүн, ұяң жүн, қылшық жүн, т.б.) Қазақстан Республикасының Стандарттау және метрология комитеті дайындау стандартын бекіткен. Жүн сорттау процесі жүнді алғашқы өңдеу кәсіпорындарында атқарылады. Дайындау стандарты бойынша жүн қалыпты, шөпті, тікенек шөпті және ақаулы болып бөлінеді. Егер жүндегі шөп қалдықтары мен ақау жүннің мөлшері жалпы жүннің 10%-нан аспаса қалыпты жүн, егер бұл мөлшерден артса шөпті не тікенекті жүн деп атайды. Кейбір жүн ажарсыз, түсі оңған, талшығы осал болады. Мұндай кемістік 10%-дан артса, онда ақау жүн болып есептеледі. Осы төрт түрдің әрқайсысы түсіне қарай бірнеше сортқа және сапасына қарай бірнеше класқа бөлінеді. Биязы және ұяң жүнді қойдың тұтас жүні ақ және әр түсті болып екі сортқа бөлінеді. Ақ түске таза ақ жүн, әр түстіге қылшық араласқан өзге түстер жатады. Меринос қой жүнін сорттағанда талшығының ұзындығы, жуан-жіңішкелігі, тазалығы, бұйралығы ескеріледі. Биязы және ұяң жүнді сорттағанда тұтас жүннен басқа да мынадай сорттары болады: құйрық жүн (бөлек қырқылады және бұған балақ жүн, желіннің айналасынан қырқылған жүн де жатады); жұлма жүн – тұтас жүннен үзіліп түскен жүн.Пұшпақ жүн – ірі қылшықты ұйпаланған жүн. Жүннен немесе жүн араластырылған басқа да талшықтарды иіру арқылы жіп алынады. Мұны жүн иіру деп атайды. Оның тарақтап иіретін және аппаратпен иіретін екі жүйесі кең тараған. Тарақтап иіру тәсілі арқылы жіңішке әрі тегіс, биязы әрі беріктігі жоғары жіп алынады. Осындай жіптерден жоғары сапалы мата тоқылады. Аппаратпен иіруде шикізат ретінде таза жүн, басқа талшықтармен араласқан жүн, тарақтап иіру қалдықтары мен қылшық, әр түрлі хим. талшықтар, мақта т.б. қолданылады. Мұндай жіптен шұға, драп, тех. мата, т.б. тоқылады