Қорытынды
Төрт түлік малдың жүні қазақ халқының өмір тіршілігінде үлкен рөл атқарған және оны ұқсатуды халық бұдан мыңдаған жылдар бұрын білген. Жүннен бау-шу, арқан-жіп, киім-кешек, қазақ үйдің киізін, әр түрлі төсеніштер мен қап, шекпен сияқты ең қажетті мүліктер жасалған. Қазақ халқының дәстүрлі шаруашылығында мал жүнінің ең асылы және бұйымдар жасауға ең көп қолданатыны түйе және қой жүндері, ешкі түбіті, оның қылы, содан кейінгісі жылқының жал-құйрығы, түйенің шудасы. Жүк артып, күш көлік ретінде пайдаланылған түйенің жүні ұйысып, киіздей болып қалады. Оны “жабағы” дейді. Әлгі жабағының астынан “боздақ” деп аталатын үлпілдек жүн өседі де, жабағы өзінен-өзі көтеріледі. Түйе жабағысынан әр түрлі жеңіл де жылы күпі тігіледі. Жабағы жүнді түтіп көрпеге де салады, әр түрлі жіптер иіреді.Түйе жүнінен неше түрлі өрмек жіптерін иіріп, шекпен, қап, белбеу, құр, кілем, қоржын сияқтыларды тоқиды. Сол сияқты түйе жүні айыл-құйысқан, өмілдірік, ноқта жасауға және көген, бау-шу есуге өте қолайлы. Түйе жүні көрпеге салуға, шапанға тартуға өте жақсы, жеңіл, әрі жылы болады, қылшық шықпайды. “Шуда” деп түйенің мойнындағы, тізесіндегі, екі өркештің үстіндегі салалы қылшық жүндерін айтады. Шудадан жамау-жасқауылдық жіп иіріледі. Бұрын қазақтың тон-шалбары, сабасы мен торсығы, көн ыдыстары осы шуда жіппен тігілген. Түйе шудасы кейбір арнаулы бау-шуларға да қосылып есіледі. Шуда жіп шертер, т.б. ән-күй аспаптарына ішек есебінде де тағылған.
Достарыңызбен бөлісу: |