1.2 Мағжан ақынның дүниетаным әлемі
Жиырмасыншы ғасырдың басы — қазақ философиясының даму тарихы тұрғысынан әлі күнге дейін толық және терең зерттелмеген кезең. Бұл кезеңде әйгілі ақындар мен жазушылардан, ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінен құралған демократиялық бағыттағы қазақ зиялыларының ерекше шоқжұлдызы: Шәкәрім Құдайбердіұлы, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мұстафа Шоқай, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезов сынды алыптар өмір сүрді. Олардың бізге жеткен шығармашылық мұрасын қайта жүйелі зерделеу кезінде бұл ойшылдардың сол заманда-ақ көтерген мәселелерінің мәні өте терең екенін және айтқан ойларының мағынасын енді ғана толық түсіне бастағанымызды байқаймыз. Шын мәнінде олар өз заманынан озық туған тұлғалар еді.
Жалпы, Шығыстың бай философиялық және әлеуметтік ойы, оның ішінде қазақ халқының философиялық ойы Батыстағыдай қалыптасқан философиялық жүйелерде емес, поэзияда, фольклорда, музыкада, ауыз әдебиетінде, мифологияда, мақал-мәтелдерде, қанатты сөздерде жатыр. Әлемді, адамды, оның өзін-өзі тануын, тұлғаның өмірдегі орны мен рөлін философиялық және этикалық тұрғыдан жан-жақты зерделеуге айрықша мән беру қазақ философиясының ерекше сипаты болып табылады. Бұл тұрғыдан келгенде қазақ философиясы — шығыстық философиядағы, ең алдымен, толық, рухани жағынан жетілген адам болу рухын қастерлеу мен зерделеу дәстүрін жалғастыра отырып, оны өзіндік мазмұнмен байытқан философия.
“Қазіргінің талай елін қайран қалдырған осынау байтақ кеңістікті кернеген поэзиялық әлем, — деп атап көрсетті Президент Н.Ә.Назарбаев өзінің “Тарих толқынында” атты кітабында, — тек қана сұлулық пен сезімнің шеңберінде шектелмеген. Ол жаңашылдықтың жалынын лаулата да білген. Содан да болар, қазақтың поэзиялық шығармашылығында мейлінше терең танымдық қасиеттер бар. Сондықтан да қазақтың дәстүрлі поэзиясы ұдайы философиямен шендесіп жатады”.
Қазақ халқының философиялық және әлеуметтік ойын зерттеуші ғалымдар осындай ерекшеліктерді ескеріп, ұлттық әдебиетті ұлттық философияның өмір сүру формасы ретінде түсінгені, көркем әдебиет туындыларын салыстырмалы талдау әдісін қолдана отырып зерделегені, жеке тұлғалардың поэтикалық мұрасындағы философиялық мазмұнды ашып көрсету үшін оны герменевтикалық тәсілдің көмегімен қайта саралағаны дұрыс болар еді.
Жиырмасыншы ғасырдың басындағы қазақ ойшылдарының көзқарастары терең демократиялық және гуманистік сипатта болды. Олардың шығармаларында жалпыадамзаттық маңызға ие философиялық мәселелер — адамның болмысы мен еркіндігі, өмірдің мәні, дін мен еркіндіктің арақатынасы, т.б. мәселелердің де көтерілгенін атап айтуымыз керек. Қазақ ойшылдары адам бойындағы даралық қасиетке ерекше мән берді, кез келген кісіге қайталанбас жаратылыс жұмбағы ретінде қарады, адам мен ұлттың тарихтағы рөлін дұрыс бағалай білді. Философиялық мәселелерді ізгілік пен қараулық аясында қарастырып, дүниетанымдық ойларын этикалық бояумен астастыра бейнеледі.
Дәл осы кезеңде ғұмыр кешкен ең көрнекті қазақ ақындарының бірі Мағжан Жұмабаев поэзия аспанын өзінің құдай берген жарқын талантымен ерекше шұғылаға бөледі. “Өлеңнің тілге жеңіл, құлаққа жылы тиюін Абай да іздеген, — деп жазады Жүсіпбек Аймауытов өзінің 1923 жылғы “Мағжанның ақындығы туралы” деген мақаласында, — Абай да сөздің ішін мәнерлеп, тонын сұлу қылуға тырысқан, бірақ дыбыспен сурет жасауда, сөздің сыртқы түрін әдемілеуде Мағжанға жеткен қазақ ақыны жоқ... Олай болса, ақындық жүзінде Абайдан соңғы әдебиетке жаңа түр кіргізіп, соңына шәкірт ерткен, мектеп ашқан күшті ақын Мағжан екенінде дау жоқ”.
Ал қазақ халқының тағы бір кемеңгер перзенті Мұхтар Әуезов 1927 жылы “Еңбекші қазақ” (қазіргі “Егемен Қазақстан”) газетінің сауалдарына қайтарған жауабында “Мағжан — культурасы зор ақын... заманнан басып озып, ілгерілеп кеткен ақын болады... Сондықтан бүгінгі күннің бар жазушыларының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз Мағжан сөзі. Одан басқамыздікі күмәнді, өте сенімсіз деп білемін” деп жазады.
Бұдан біз көзі тірісінде-ақ Мағжан Жұмабаев жырларының қазақ халқы, тек қазақ халқы ғана емес-ау, бүкіл түркі әлемі зиялы қауымының санасы мен сезімін жаулап алып, аймақтық, тіпті, әлемдік мәдениеттегі ерекше құбылысқа айналғанын байқаймыз. Шынымен-ақ, Мағжан шығармаларында айтылатын қағидалар мен ойлар, ақын жүрегін мазалаған толғаныстар бүгінгі таңда, бір ғасырға жуық уақыт өтсе де, өз мәнін жойған жоқ. Керісінше, уақыт озған сайын ұлттық, ұлыстық, жалпыадамзаттық философиялық-әлеуметтік проблемалар қатарында алдымыздан қайта шығып отыр.
Иә, Жүсіпбек Аймауытов сөзімен айтсақ, “Мағжан сыршылдығымен, суретшілігімен, сөзге еркіндігімен, тапқыштығымен күшті, маржандай тізілген, торғындай үлбіреген нәзік үнді күйімен, шерлі, мұңды зарымен күшті”. Оның өлеңдері “әлде өкіндіреді, әлде мұңайтады, әлде жылатады, әлде аятқызады, әлде есіркетеді, әлде жігер береді”.
Біздің бұған қосарымыз, ақын жырларындағы әлгі “нәзік үнді күйдің” де, “шерлі, мұңды зардың” да астарында қорғасындай ой жатыр, тұлғаның таңды таңға ұрған толғаныстары жатыр. Ол қандай ой, қандай толғаныстар?!
Ақынды алғашқы өлеңдерінен бастап, соңғы демі үзілгенше туған халқының, бүкіл түркі жұртының, Шығыс мәдениетінің, жалпыадамзаттың тағдыры толғандырады. Ес білгеннен көкжиекке дейін керілген кең байтақ даланы тамашалап, еркін өскен, елінің өткен даңқты тарихы мен ертегі-аңыздарын құлағына құйып ер жеткен Мағжан бойында, әуелгіде, өршіл ұлттық рух кемерінен асып төгіледі:
“Шынында менің өзім де — от,
Қысылған қара көзім де — от.
Мен оттанмын, от — менен
Жалынмын мен жанамын
Оттан туған баламын”.
Ақынның “от” деп отырғаны — халықтың ұлттық рухы. Ұлттың тарихи және философиялық зердесін оятып, рухын көтеру арқылы ғана бодандықтан құтылуға, ел тәуелсіздігіне қол жеткізуге, тіпті, әлем халқына өз өркениетіңді танытуға болады деп есептейді.
“Қайғыланба, соқыр сорлы, шекпе зар,
Мен — Күн ұлы, көзімде күн нұры бар.
Мен келемін, мен келемін, мен келем,
Күннен туған, ғұннан туған пайғамбар”.
Жоқ, бұл — кезінде Еуразия құрлығын ат тұяғымен дүбірлеткен, алыс-жақын ұлыстарға мәдениет пен шаруашылықтың жаңа тәсілдерін үйреткен, бірақ кейін тағдырдың жазуымен әлемдік өркениет көшінен кенжелеп қалған өлке перзентінің аспандағы айды алам деп секірген тарпаңдығы емес. Бұл — өз халқының бойындағы биік рухқа сенген, сол рух қайта бір дүр сілкінсе, армандаған азаттыққа жеткізеді, әлемдік өркениет көшінің алдыңғы легіне қайта қосылуға болады деп үміттенген азаматтың парасатты да мақсатты әрекеті. Жалпы, біз — марксшілдердің “сананы тұрмыс билейді” деген қағидасын Құран аятындай жаттап өскен ғалымдар күні кешеге дейін философиядағы “рух” категориясын, оның әлеуметті топтастырып, рухани және экономиялық табыстарға бастар ықпалын зерттемей келдік. Тұлға немесе тұтас халық бойындағы рухтың осындай қуатты әлеуметтік күшке айналу ықтималдығын мойындау “идеализм” деген бәлеге апарып соқтырады деп қорықтық. Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бастап, Шығыс философиясын, оның ішінде қазақ-түрік философиясының өзіне тән ұлттық ұғымдары мен категорияларын жүйелеуге бет бұрсақ та, әлі бұл бағытта істелер ғылыми жұмыс ұшан-теңіз.
Ал Мағжан ақын болса, халықтың тарихи зердесін оятып, ұлттық намысы мен ұлттық рухын сілкіндірудің қажеттігін, ортақ мүдде жолында топтасқан ұлттың ғана азаттық алып, әлемдік өркениеттік қауымдастық қатарына бәсекеге қабілетті болып қосыла алатынын осыдан бір ғасырға жуық уақыт бұрын-ақ түйсініп, өршіл жырға айналдырып, айта алған. Және туған халқының сол замандағы қиын халін, кенжелеп қалған тұрмыс-тіршілігін көре отырып, осылай жасаған:
“Ұйқы басқан қабағын,
Бастыра киген тымағын,
Жалқаулықты жар көрген.
Жүрген ескі заңымен,
Алдындағы малымен,
Бірге жусап, бірге өрген.
Алаш деген елім бар,
Неге екенін білмеймін —
Сол елімді сүйемін!”, —
деп суреттейді ақын сол замандағы ұлтының болмысы мен тұрмыс-тіршілігі туралы. Ақын әлемде не болып жатқанымен шаруасы жоқ, “алдындағы малымен”, “ескі заңымен” қоңырқай тіршілік кешіп жатқан халқын сүйіп қана қоймайды, оның ертеңгі болашағының жарқын болатынына сенеді. Оның сол жарқын болашаққа тезірек жетуі үшін жанын да, қанын да аямайтынын паш етеді.
Шынында да, Түркістан екі дүниенің — Шығыс пен Батыстың рухани есігі ғой. Бұл тек қана ақынның жеке тұжырымы емес, барша түркі баласының санасына мықтап орныққан түсінігі. Себебі, дәл осы қалада жеке үлгі-өнегесімен барша түркі жұртын ислам біліміне, сопылық іліміне ұйытқан, бұдан кейінгі танымы мен түсінігін қалыптастырған, алпыс үш жасында өз еркімен қылуетке түсіп, Хақ дидарын көруді, яғни дүниенің ақиқатына жетуді мұрат тұтқан ұлы піріміз Қожа Ахмет Ясауи тұрған. Себебі, дәл осы қалада ақтық аманаттары орындалған аруақты ата-бабаларымыз жерленген. Мұнда ақыл-парасатымен болашақты болжаған даналарымыз, қаһарымен алыс-жақын көршілерін қалтыратқан әміршілеріміз, кең байтақ еліне көз алартқан дұшпандардан қаһармандығымен қорғап қалған атақты батырларымыз бақилық орнын тапқан. Түркістанның пәни жалғаннан бақи дүниені жалғар қасиетті рухани қақпа аталатыны, міне, осыдан.
Ұлт тағдыры, ұлыс бірлігі туралы “он ойланып, жүз толғанған” қазақ ақыны бірте-бірте әлемдік ойшылдар қатарына көтеріліп, жалпыадамзаттық проблемаларға өзінше үн қатады. Адамдардың жаппай пайда қууы, өнер-білімнің өзін пайда табудың, біреуге зорлық жасаудың құралына айналдыру — адамзатты апатқа соқтыратын жол екенін Мағжан сол кезде-ақ сезінген. Пайдакүнемдік рационалдық ойлауға негізделген Батыс өркениеті ақынды қатты шошындырады. Шығыс философиясындағы сезімдік таным әдісі, пайдалылыққа емес, руханилыққа басымдық беру дәстүрі Мағжанды қатты қызықтырған. Әлемді апаттан құтқаратын Шығыстағы дәл осы руханилық нұры деп есептейді ақын.
“Таспен атқанды, аспен ат” деп, қатігез адамның өзін мейірім шуағымен қайта тәрбиелеп алуға болатынына сенетін қазақ халқының ұлы гуманистік рухын бойына сіңіріп өскен Мағжан әлемді меңдеген “өзімшілдік” дертін де мейіріммен, руханилық нұрымен ғана жеңу қажет дейді.
Біз қазір төрткүл дүниенің Батысы мен Шығысы, Солтүстігі мен Оңтүстігі арасындағы тайталастың тым өршіп кеткенінің куәсі болып отырмыз. Не жасаса да пайдалылық принципін ғана ұстанған АҚШ пен Батыс әлем байлығының басым бөлігін бауырына басып қана қоймай, ғылым мен техниканың барша жетістіктерімен мұздай жарақтанып алып, енді жұмыр жер бетіндегі адамзатты бірегейлендіруді көздеген жаһандану процесін бастап кетті.
Әрине, жер бетіндегі адамзат қауымы біртұтас. Бірақ олардың ұстанатын діни сенімі де, ділі де, дүниетанымы да, ойлау машығы да сан алуан. Әрбір ұлт пен ұлыс жаһанданудың аранында жұтылып кетпей, өзіндік ерекшелігін сақтап қалғысы келеді. Оған ықпалды да өзімшіл АҚШ пен Батыс бой берер емес. Бүкіл әлемге әлеуметтік құрылым туралы өз түсінігін, өзіндік ойлау машығын таңғысы келеді. Мұндай тегеурінге қарсы тұрар қауқары жоқ Шығыс не істей алады? Біреулер күрестің тым ұшқары түрі — жанкештілік (шаһиттік) пен лаңкестікті (терроршылдық) таңдап алуда. Бұған біздер қарсымыз. Ал қазақ ақыны Мағжан Жұмабаев осыдан бір ғасыр бұрын-ақ бұл тайталастың басты қаруы — Батысты Шығыстың “мейіріміне, руханилық нұрына” бөлеу деп айтып кеткен. Мағжан ақынның бүгінгі тәуелсіз Отаны — Қазақстан дәл осы бағыттың, Батыс пен Шығыс арасында өркениеттік сұхбат арқылы рухани келісім мен татулық орнату ісінің бірден-бір орталығына айналып келеді.
Ұлт — ұлыс — жалпы адамзат қауымындағы саяси-әлеуметтік мәселелер туралы тереңнен ой толғаған Мағжан ақын әлемдегі барлық дау-жанжал мен қайшылықтардың түп тамыры жеке адамда, оның бойындағы ізгілік пен зұлымдықтықтың арақатынасында жатыр деген тұжырымға келеді.
Мағжан қазақ халқының шынайы өкілі ретінде әлемді, тарихты, кеңістікті “адам мен адам”, “адам мен қоғам” және “адам мен табиғат” арасындағы үйлесім арқылы бейнелейді. Ұлы ойшыл адамның жандүниесіне керекті бірден-бір қасиет — қиялдың қалыптасуына жағдай тудыратын оның қоршаған ортасы деп санаған. Адам халықтың мүддесі тұрғысынан шынайы қиялдай білуге тәрбиеленуі керек, сонда ғана арман мен қиял адамды жақсылыққа, ізгілікке жетелейді.
Мағжанның көзқарасы бойынша, адамның әдемі пішіндерді, табиғаттың сұлулығын көру қабілеті, терең ойлау мен қиялдың ұшқырлығы күрделі таным процесі арқылы жүреді. Ақын жалпы “таным” деген ұғымды әртүрлі әдемі түстерден рақат алу, табиғат құбылыстарының жаратылысы, ондағы дыбыстардың сан алуандылығынан ерекше әсер алу деп ұғады. Сұлулықты сезіну адамның өмірге деген қызығушылығын арттырады. Ол эстетикалық талғамы бар адамның барлық уақытта жамандықтан жиреніп, ізгіліктің, жақсылықтың қажеттілігін сезіне білетіндігін баса айтады: “Сұлулық сезімдері адамның дұрыс, сұлу, ләззат іздеуіне, сұлу нәрсені сүюіне, көріксіз нәрседен жиренуіне, хатта жақсылыққа ұмтылып, жауыздықтан тыйылуына көп көмек көрсетеді”.
Ақын табиғат жайлы былай толғанады: “Үлбіреген гүл, күңіренген орман, сылдыраған су, былдыраған бұлақ, шексіз-шетсіз қара-көк теңіз... Міне, осылар сықылды жаратылыстың сұлу заттары, яки искусствоның тылсымды жанды билеп алып кететін ән, күй, сиқырлы сөз... адамның көру сезімін сиқырлап барып, жанда сұлулық толқындарын туғызады”.
Шынайы поэзия туындысының қадір-қасиеті уақыт өткен сайын бедерлене түсетіні белгілі. Тарихи тұлға Мағжанның туған халқы мен адамзат өркениеті алдында сіңірген еңбегі де солай — ғасырдан ғасыр озған сайын өркештене түседі. Ал, тағдырдың ең бір қиын бұралаңдарында халқының бойына қуат берген, жігерін жанумен болған Мағжан поэзиясы келер ғасырлардағы толқын-толқын талай ұрпаққа ата-бабаларының мұңы мен шерін, арманы мен рухын ұмыттырмай, үнемі құлағына құюмен болары анық. Жер бетінде Қазақ елі мәңгі тұрғанда, осынау мәңгілік сарын да ешуақытта үзілмейді және сөнбейді. Оған ешкімнің ешқандай күмәні болмас. Сонымен қатар, оның рухани мұрасында өз халқының жарқын болашағына мол сенімі, жалпы сенім құндылық ретінде тереңірек қарастырылған.
Мағжан поэзиясындағы адам құқы мен бостандығы ұлттық пен жалпыадамзаттық құндылықтар, поэзия мен философияның арақатынасы, ой еркіндігі, адам болмысы мен имандылығы, әлеуметтік таным мәселелері, Мағжанның ойлау мәдениеті және дүниетанымы қазіргі күні жаһандану тұрғысынан жүйелі және тереңірек философиялық-дүниетанымдық зерттеуді қажет етіп отыр.
ІІ бөлім
Достарыңызбен бөлісу: |