«Информатика» пәнін оқытуда қойылатын басты талаптар Ақпараттық қоғамдағы оқушылардың дайындық деңгейін анықтау үшін информатикадан жалпыға бірдей міндетті /7-11 сыныптар үшін/ стандарт әзірленді, оған сәйкес информатика пәні 7-сыныптан бастап оқытыла бастады. 2002 жылы Қазақстан Республикасында жасалған орта мектеп пәндері бойынша Мемлекеттік білім беру стандартында информатикадан жалпы білім беру стандарты төмендегідей талаптарды: — мектептердің базалық оқу жоспарындағы информатика курсын; — білім беру аймағы мазмұнының міндетті минимумы ретінде информатиканың базалық курсы мазмұнын;
— білімділік, біліктілік, дағды және ғылыми ұғымдары түрінде оқушылардың дайындық деңгейін; — жалпы білім беру стандартты талаптарының талаптарына сай оқушылардың білімін бағалау және тексеру құралдары мен технологиясын анықтайтын нормативті құжат болып табылады.
“Информатика” оқу пәнi бойынша оқу процесiн ұйымдастыру және оны жүзеге асыру жағдайларына қойылатын талаптар мына бағыттарда қарастырылған: оқыту үрдісін мамандармен қамтамасыз ету; оқыту үрдісiн оқу-әдiстемелiк жағынан қамтамасыз ету; материалдық-техникамен базамен қамтамасыз ету.
Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасында «Қазақстан жағдайында орта білім берудің неғұрлым оңтайлы, ыңғайлы және экономикалық жағынан тиімді құрылымы 4+6+2 болып табыла (ды. Он екі жылдық орта білім беру үш сатыда іске асырылатын болады.
І-саты – бастауыш білім беру, 1-4-сыныптар. Оқудың ұзақтығы – 4 жыл. Оқу 6 жастан басталады. Білім мазмұны шетел тілі мен информатика негіздерін ерте үйрету арқылы байытылатын болады.
ІІ-саты – негізгі білім беру, 5-10-сыныптар. Оқудың ұзақтығы – 6 жыл.
ІІІ-cаты – орта білім беру. Бейіндік оқыту, 11-12 сыныптар. Оқудың ұзақтығы – 2 жыл ...» деп атап көрсетілген.
12-жылдық білім беруде «Информатика» пәні «Информатика және ақпараттық-коммуникациялық технология» деп аталады. Мектеп информатика курсы 3 кезеңмен оқытылады:
- бастапқы курс (2-4 сыныптар) немесе (1-4 сыныптар);
- негізгі курс (5-9 сыныптар);
- кәсіпке баулу курсы (10-12 сыныптар).
Бұл құрылымдағы ең ұзақтығы – информатиканың негізгі курсы, сондықтан оның екі бөлімі бөлініп алынады: кіріспе бөлім (5-6 сыныптар) және негізгі (7-9 сыныптар). «Қазақстан Республикасында 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы» және «Қазақстан Республикасында 2005-2010 жж. Білім беруді дамытудың Мемлекеттік бағдарламасы» талаптарына сәйкес Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі 12 жылдық білім беру проблемалары республикалық ғылыми практикалық орталығында А.Е.Әбілқасымованың басшылығымен «12 жылдық мектептің негізгі орта буынының білім мазмұны» жасалды.
Информатика және АКТ-ны оқыту тұжырымдамасы ақпараттық-коммуникациялық технология негізінде әлемдік ақпараттық жүйелік бейнесінің қалыптасуын қамтамасыз етуге бейімдеген.Пәннің үлес салмағы кеңейтілген – Информатика және АКТ-ны бастауыш мектептің 2-сыныбынан бастап міндетті оқыту енгізілді.
Қазақстан Республикасының 12 жылдық оқыту мерзімімен мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартын әзірлеудің негізінде мынандай түбегейлі жаңа тұжырымдамалық негіздер жатыр:
мектеп бітірушілердің тұлғалық сапалары ретінде құзіреттіліктер түріндегі күтілетін нәтижелерді анықтау арқылы білім беру жүйесінің «шығуын» реттеу;
мектептік білім берудің түрлі сатыларындағы тұлғаның даму дәйектілігін сипаттайтын оқытудан күтілетін нәтижелердің көпдеңгейлі жүйесін құру;
оқудың ролін «дайын білімдерді алушы» баяу оқушыдан танымдық процестің белсенді субъектісі бола алатын оқушыға ауысуын көздейтін білім берудің негізгі процесі ретінде күшейту;
негізгі құзіреттіліктерді, білімдерді, біліктер мен дағдыларды меңгеру жөніндегі оқушылардың оқу жетістіктерінің деңгейлерін анықтау негізінде білім беру жүйесі мен мектептің, оқушылардың даму динамикасын бақылауға бағдарланған оқушылардың оқу жетістіктерін бағалаудың жаңа жүйесін енгізу;
жоғары мектепте бейіндік оқытуды енгізуге негізделген білім беру мазмұнының тұлғалық бағдары мен вариативтілігі;
педагогикалық саралау мен бейіндендіру негізінде оқушылардың оқыту процесіндегі жеке білім алу траекториялары бойынша табысты әлеуметтенуін қамтамасыз ету;
жалпы орта білім берудің құрылымы мен мазмұнының білім берудің әрбір сатысындағы психологиялық-физиологиялық және жас ерекшеліктеріне, мүмкіндіктері мен қабілеттеріне сәйкестігі.