Күйеуаяқ. Күйеуаяқ (ғұрып). Жігіт қалыңдығын алғаннан кейін әдеп бойынша енесін қошаметпен өз үйіне апарып салады. Ата енесі күйеу баласына ірі мал атайды. Мұны «күйеуаяқ» дейді.
Бата аяқ. «Бата аяқ» (салт). Құда болған кісі екі жақтың келісімінен кейін жігіт әкесі қыз аулына келіп «бата аяқ» өткізеді. Кейде мұны
«сырға тағар» деп те атайды. Осы жолы екі жақ тойды өткізу мерзімі, кәде-жора, қалың мал жөнінде келіседі. Мұны бата, келісуді «баталасу» дейді. Батаның екі түрі бар:
Кесімді бата жасау, мал мөлшері, той уақыты, шығын мөлшері: алыс-беріс, келу-кету.
Кесімсіз бата – мал саны, мүлік мөлшері кесілмейді. Жағдайға, уақытқа қарай кейін белгіленеді.
Әмеңгерлік. Әмеңгерлік (салт). Халқымыздың бұрынғы салты
бойынша күйеу қайтыс болғанда оның жесірі «ерден кетсе де, елден кетпек жоқ», «аға өлсе, іні мұра» деген қағидамен әмеңгерлік жолмен күйеуінің аға не інісінің біреуіне өзінің таңдауы бойынша тұрмысқа шығады. Бұл дін жолымен де негізделген. Жесірді басқа жаққа жібермеудің бірнеше әлеуметтік маңызы бар. Біріншіден, әйел де, оның балалары да туған-туысынан бөлінбейді, ру, ел қауымдастығында бірге тәрбие алады. Өмірде, тұрмыста қағажу, қиындық көрмейді. Екіншіден, жесірдің кетуі сол елге үлкен мін саналған.
Арыздасу. Арыздасу (ғұрып). Бұл өмірден өтіп бара жатқан адам соңғы сағатында туған-туысқандарымен, бала-шағасымен соңғы рет тілдесіп, олармен қоштасады. Қатесі болса, кешу сұрайды. Өсиетін, арманын айтады. Бүкіл ел-жұртымен, туған елімен қоштасады. Арыздасу – тірі адамның соңғы тілеуі, ақырғы сөзі. Мұны өлім сәті таянғанын сезген әр адам есі, тілі барында айтып қалуға тырысады. Мұнда ауру жанында отырған адамдар «бақұл бол», «қияметте кездесейік» деп көзіне жас алады.
Түйемұрындық. Түйемұрындық (ғұрып). Ұзатылып жатқан келіншек көшінің жолында отырған ауылдың адамдары (жастары, әйелдері) керуен атының ноқтасынан, не түйесінің бұйдасынан ұстап тұрып сұрайтын кәдесі. Қыз анасы оларға кәдесін жасайды, кәде алған риза болып, бақыт тілеп батасын беріп, жол болсын айтады.
Достарыңызбен бөлісу: |