Атбайлар. Атбайлар (салт). Мұның да екі түрі бар.
Жас отаудың шаңырағы көтерілген соң ағайын туыстар оған шашу шашып, «керегесі кең болсын», «босағасы берік болсын» деген тілек айтады. Байғазы береді. Ет жақыны босағаға жылқы байлайды. Мұның аты «атбайлар».
«Атбайлардың» екінші түрі кәде. Құда құдағилар келгенде немесе күйеу қалыңдығын алуға келгенде олардың жеңгелері алдынан шығып түсіріп алып, атын байлайды. Бұл «атбайлар» деп аталатын той салты. Оған арнайы кәде беріледі. Ол кәдеден тағы бір әйел тәбәрік сұрайды.
Аушадияр. Аушадияр (дәстүр). Үйлену тойы кезінде айтылатын дәстүрлі өлең, жыр. Және жәй өлең емес, өзіндік айтылар әні, ерекше ұлттық тәрбиелік маңызы бар, көркем шығармашылықпен айтылатын той көркі, салтанат сән, өнегелі өнер. Мұны іздеп тауып, өмірге әкелген көп жазушы Уахап Қыдырханов екен. Аушадияр жырының үлгілерін шетелдегі қазақтар сақтап, бізге жеткізген. Шынын айту керек бұл қазіргі Қазақстан елінде айтылмайды, халық жадынан мүлде шығып кетіп ұмыт қалған.
Аушадияр үйлену тойы үстінде айтылады. Аушадияр бір болар,
Жаманның көңілі кір болар. Ата анасын сыйлаған,
Ақ шалмалы би болар. Аушадияр екі дер, Ержеткеннің еркі дер,
Омырауы толған он түйме, Қыз баланың көркі дер...
Аушадияр төрт болар,
Қыздың қойны өрт болар. Екі жақсы қосылса,
Өле-өлгенше серт болар.
Жыр жаңа қосылған жастарға арналады. Мұнда ақыл, үлгі, өнеге, тәлім тәрбие туралы толғауды санамалап айтудың халықтық таза бай дәстүрі бар. Ұлтымыздың ұлағатты әдет салтының бұл түрін өмірге енгізетін болсақ мәдени қазынамыз да, өнеріміз де өсе түсер еді.
Есік ашар. Есік ашар (дәстүр). Күйеу жігіт келіншегін алып, үйлену тойы өткен соң келісілген уақытта өзі қатарлас жас жігіттермен ата- енесінің үйіне келеді. Мұны халық әдебиетінде күйеудің алғаш яғни есік аша келуі дейді. Демек бұл жауапкершілігі мол, бұрын ел жұрт
көрмеген күйеуді сынайтын келіс. Күйеу бұл жолы да кәде жорасымен, әдет салтымен келеді. Әзілқой жеңгелердің сын-мініне де шыдайды. Ретін тауып жауап та бере алады.
Ойын-тойсыз, әзіл-қалжыңсыз отырмайтын қазақ ауылы үшін күйеудің есік аша келуі де көңілді мерекеден кем болмайды. Мұнда да үлкен кіші бір жасап қалады.
Жасау. Жасау (салт). «Көрсін деп жиылған жұрт тамашасын, жасауын таудай қылып үйгізді енді»! (Наурызбай Қаншайым). Ұзатылған қызға берілетін дүние мүлік «жасау» деп аталады. Халық қыздың жасауына аса зор көңіл бөліп, «жасауды алты жастан жинасаң асады, жеті жастан жинасаң жетеді!» деген. Небір жақсы бұйым, сәукеле, кілем, текемет, ыдыс-аяқ, төсек-орын, киім кешек, әсем әшекейлі тағымдар қыздарға берілетін болған. Ауқатты адамдар ақ отау тігіп ұзатқан. Жасауды қыздың еншісі десе де болады.