Некені тоқтатудың құқықтық салдары. Жоғарыда айтылғандай, некені бұзу нәтижесінде ерлі зайыптылардың некеде тұрған кездегі жеке және мүліктік қатынастары тоқтатылады. Мысалы, бірге тұруы, ортақ бірлескен меншік, өзара қамқорлық және асырау. Соның өзінде кейбір құқықтық қатынастар бірден тоқтатылады да, енді біреулерінің сақталуы мүмкін. Некеге тұрған кезінде бірлесіп жиған мүліктері бөлінген жағдайда, әдетте, некенің тоқтатылуымен байланысты ерлі – зайыптылардың ортақ бірлескен меншік тәртібі де тоқтайды, бірақ мүлік бөлінбеген жағдайдағы ажырасу өзінен - өзі жұбайлардың ортақ бірлескен меншігін үлестік меншікке айналдыра алмайды. Некенің бұзылуымен бірге жұбайы қайтыс болғаннан кейін мұрагерлік құқығы, бұрынғы жұбайы – ажырасушысының өліміне байланысты келтірілген зиянның орнын толтыру және т.б. құқығы да жойылады.
Некенің тоқтатылуы жаңадан некеге тұру құқығын туғызады.
Ажырасу жолымен некенің бұзылуы ата – аналарының балаларына қатысты құқықтары мен міндеттерін тоқтата алмайды.
Сонымен, отбасы дегеніміз – бұл некеден, туыстықтан, бала асырап алудан немесе балаларды тәрбиелеуге алудың өзге де нысандарынан туындайтын және отбасылық қатынастарды нығайту мен дамытуға септігін тигізетін, мүліктік және мүлікке қатысты емес жекебастың құқықтарымен байланысқан адамдар тобы.
Отбасының заңдық белгілеріне мыналар жатады:
адамдардың неке немесе туыстық негізде бірігуі;
өзара имандылық және материалдық қолдау;
бала туу және оларды тәрбиелеу;
өзара жекебасындық және мүліктік құқықтар.
Бір негізден немесе ортақ атадан тарайтын адамдардың қандастық- кіндіктестік байланысы, туыстық деп түсініледі. Туыстықтың екі тармағы бар: тікелей және жанама.
Ерлі-зайыптылардың арасындағы мүліктік және мүліктік емес жеке қатынастарды туындататын, отбасын құру мақсатымен заңда
белгіленген тәртіп бойынша тараптардың ерікті және толық келісімі жағдайында жасаған ері мен әйелдің арасындағы тең құқықтық одақты неке деп түсінуіміз керек. Қазақстанда тек мемлекеттік АХАТ органдарында жасалған адамдардың одағы ғана неке деп танылады. Болашақ ерлі-зайыптылардың өзара келісімі және олардың неке жасы 18- ге толуы неке қиюдың басты шарты болып табылады.
Отбасы– өмірге адам әкелу, оның қажеттілігін өтеу, өмірге жан- жақты даярлау, яғни әлеуметтендіру, сол сияқты тәрбиенің барлық түріне бағыт берумен айналысатын әлеуметтік институт. Отбасын
«дербес мектеп, әлеуметтік институт» деп қарастыратын болсақ, әке- шеше - сол орданың ұстаздары, ал ата-әже - профессорлар іспеттес. Белгілі оқу орнында оқып диплом алған педагог мамандардың да ұрпақ тәрбиесі үшін ізденіс үстінде болатындығы, әдістемелік көмек күтетіндігі қажеттілік болса, ата-ананың да баласының алдында міндеттерін түсінуі, оның болашағы үшін өз білімін көтеруі, арнайы мамандардың кеңестеріне құлақ түруі де қажеттілік және уақыт талабы деп түсінеміз. Себебі, еліміз егемендік алғаннан бергі уақыт ішінде қоғамда қаншама өзгеріс болды. Сол өзгерістер туғызған соңғы жаңалықтар бала өміріне тікелей әсерін тигізіп жатқаны белгілі. Бала тәрбиесінің өзекті проблемаларын шешуге тәрбиенің уақыты өткен әдістерін ауыстыратын тәрбиенің жаңа технологияларын қолданудың қажеттігі, ел ертеңі, ұлт болашағы үшін этнопедагогика ғылымының жетістігін әр отбасының тәрбие құралына айналдыру – бүгінгі күннің сұранысы. Алайда, соңғы уақытта еліміздегі нарықтық экономиканың қарқынына ілесу қиыншылығынан, көптеген отбасыларында бала тәрбиесі әлсіреп, тіпті еріксіз қолдан шығып, орны толмас олқылықтар пайда болды. Ата-ана өз міндетін орындау барысында жіберілген кемшілігін қоғамға, білім беру мекемелеріне арта бастады. Оған қоса, шартты түрде дамыған білім беру жүйесі мен бұқаралық ақпарат құралдарының дамуы «мәдени орын» деген атаудың астарына тығылған керекті, керексіз сауық үйлерінің ашылуы отбасының тәрбие беру және әлеуметтендіру қызметін әлсіреткенін жасыра алмаймыз.