Дана халқымыздың бала тәрбиесі оның анасының бойына бітуімен басталады деген көрегендігі бар. Көреген аналарымыз бала бойына біткеннен бастап, олардың мінез-құлқының ерекшеліктерін, болашағын болжай білген көрінеді. Мысалы, Анай шешей Қыпшақтың зайыбы болған екен. Ал Қыпшақтың Бұлт, Торы, Ұзын, Көлденең, Қарабалақ, Қоңыр деген алты ұл баласы болыпты. Олар жөнінде анасының:
Бұлтың бітті бойыма, адалдық кірді ойыма, Торың бітті бойыма, билік кірді ойыма, Ұзын бітті бойыма, зорлық кірді ойыма,
Көлденең бітті бойыма, кербездік кірді ойыма, Қарабалағың бітті бойыма, тоқтық кірді ойыма,
Қоңырың бітті бойыма, момындық кірді ойыма, – деген толғауы соған дәлел болды.
Бұдан Анай ана ұлдарының мінез-құлқын алдын ала болжағаны, олардың қандай адамгершілік қасиеттерге ие болатындығын психологиялық сипаттама бергенінен көрініп-ақ тұр.
Екі жастың бас қосып, отау тіккеннен кейінгі тілейтіні – балалы- шағалы болу, артына ұрпақ қалдыру. Жанған отын сөндірмей, түтінін түтететін артында тұяқ қалмауы кімге де болса үлкен қайғы қасірет. Сондықтан да «Балалы үй – базар, баласыз үй–қу мазар» делінген қанатты сөз пайда болған.
Қазақ халқында «Күзді күннің көзіне қызыңды қой, көктемнің күніне келінінді қой» деген бір сөз бар. Бұл ұлағатты сөздің мәні – күзді күннің сәулесі бойжеткеннің бетіне қан жүгіртіп, ажарландыра түседі, ал көктемгі күннің сиқырлы нұры келіннің сезімін тербеп, күйеуіне
деген ерекше ықылас-назарын оятып, тезірек екі қабат болуына әсер етеді.
Қамқор ана келін түскен кезде-ақ немересі ұл болу үшін ырымдап алғаш сойылған малдың ұлтабарын жегізеді. Ал жүкті әйел болса, біреудің үйіне өз дастарқанынан апарған дәмді «қыз тауып қоям» деп жемейді.
Ауылдың тәжірибелі әйелдері келін бойындағы сәл өзгерістен-ақ оның жүкті болғанын сезе қояды. Олар «келіннің құрсағы ақ айранға тойыпты, ақ алғысты болыпты» деп, енесіне тұспалдап жеткізеді. Осы емеуріннен-ақ енесі келіннің бойына бала біткенін түсініп, қуанышты хабарды жеткізген әйелге ризашылығын білдіреді. «Келінді атамыздың аруағы біліп, қолдап жүрсін» деп, ауылдағы үлкен үйдің оң керегесіне ақ орамал таңады. «Керегеге орамал таңу» ырымынан кейін келіннің жүкті екенін бүкіл ауыл біледі.
Егер жас келіншектің асқа тәбеті шаппай, жиі-жиі лоқсып, құсып жүргенін байқаса, оны қазақтар «жерік болу» деп атайды. Осы кезде оның бір асқа ықыласы, тәбеті ерекше ауады да тұрады. Енесі ауыл әйелдерін шақырып, қонақ етеді. Осы кішігірім той «құрсақ шашу» делінеді. Бұл томалаққа жиналған тәжірибелі аналар өз үйлерінен бір- бір дәм пісіріп әкеледі. Оның себебі – келіннің жерік болып жүрген асын тауып беру. Егер көңілі қалаған асы таптырмаса, яки «жерігі қанбаса», босанғанша ішкен тамағын құса береді, тамағы бойына сіңбейді. Мұны халық «ит жерік болу» дейді. Ит жерік болып дүниеге келген сәбидің ес жиғанша аузынан сілекейі аққыш болады. Жолбарыстың жүрегіне, аюдың етіне, бүркіттің миына жерік болған әйелдерден болашақ алып батырлар, ерен ойшылдар туатындығы туралы көптеген аңыздар сақталған.
Мысалы, XVI ғасырдың белгілі батырлары Орақ пен Мамайдың анасы Қараүлек әже былайша толғайды:
«... Мамайжан бойға біткенде, Арыстан, бөрі етін жеп,
Қанып еді жерігім
Сондай-ақ, болашақ ұлы ғалым Шоқан туарда анасының қыран бүркіттің миына, ал ұлы ақын Мағжанның анасы қасқырдың жүрегіне жерік болғандығы туралы аңыз-әңгімелер әлі күнге дейін ел ішінде айтылады.
Енесі аяғы ауырлаған әйелдің мезгілімен тамақтануына баса көңіл бөледі, оған көбінесе ақтан жасалған тамақ береді. Жаздың күні келіннің тәбетін ашу үшін жуа әкеліп жегізеді. Далада өсетін жабайы жуаның, көбінесе ит жуасы тандалады. «Іштегі бала шымыр болсын» деген тілекпен кездесетін құм сағыз, жер сағыз, қарағай сағыздардың ішінен құм сағыз ғана тандалып алынады. Мүмкіндіктері болса, тауда
өсетін рауғаш, қымыздық теріп әкеліп береді. Рауғашты жесе, сәбидің көзі көреген, құлағы естігіш болады, ал қымыздық баланың тәбетін ашады деп есептелген.
Сәби еңбектей бастаған кезде жар жағалап, бор жалап, топырақ жейтіні белгілі. Бұл сәби организіміне белгілі бір мөлшерде минералдардың жетіспеуінен болатындығы бүгінгі таңда да ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Мұны аңғарған халқымыз сәби құрсақта жатқанда-ақ алдын ала қам жасаған. Сондықтан, судың бұрын иірім болған орнын тауып, осы жерден саздың исі шығатын қайырым топырағын үйге әкеліп қояды да «балаңның сүйегінің қалыптасуына керек, кейін бөпең бор іздемейді» деп мөлшерлеп жегізіп отырады. Құрсақты әйелге көбіне жас сорпа ішкізіп, қызыл ірімшік жегізеді. Халық түсінігі бойынша – «ақ ірімшік жеген әйелдің баласының сүйегі бос, ал қызыл ірімшік жеген ананың сәбиінің сүйегі берік болады».
Келіннің тазалығына да айрыкша көңіл бөлінеді: жиі шомылдырады, жұпар иісі көкемарал (марал оты) шөбін пайдаланады, оның иісі іштегі баланың тыныс мүшелерінің жақсы жетілуіне ықпал етеді. Шомылдырар алдында арша әкеліп түтетеді. Жүкті әйелдің беті жарылып, дақ түспес үшін бие сүтінің көбігін бетіне жағады. Ана тісінің таза болуын әсте есінен шығармайды. Түрлі тамақ қалдықтарынан бөлінетін жағымсыз дәм мен иістер іштегі балаға әсер етіп, оның жүрегін айнытпас үшін күніне екі рет, таңертең және жатар алдында қара жусанның қайнатылған суымен, болмаса қара тікен тұзбен аузын шайғызады.
Ақылды және парасатты ене келінінің әрқашан көтеріңкі көңіл күйде жүруін қадағалайды, әзіл әңгімелермен күлдіріп отырады. Арагүдік
«келін көңілі» деп аталатын жастардың қызықты бас қосуын ұйымдастырып, келініне жиі-жиі ән-күй тыңдатқызады. Халықта
«екіқабат келін жыласа, оның баласы жасық болып туады» деген түсінік бар. Шошынбас үшін қайғылы хабар болса, қашан аман-есен босанғанша, естіртпеуге тырысады. Мезгілімен ұйықтатып, таза ауада мейлінше жиі болып, сергек жүруін қадағалайды.
Әйелдің жүкті кезінде ескерілетін халықтық түсінікке негізделген мынадай ырымдар бар: итке «кет» деуге болмайды, бұл толғақты ауырлатуы мүмкін; арқан есуге болмайды, әйел босанар үстінде бала кіндігіне оралып қалуы мүмкін; тең буып, қаптың аузын жабуға рұқсат етілмейді, керісінше жабулы заттарды ашуға, буулы нәрселерді шешуге болады; түйе етін жеуге болмайды, бұлай етсе жүкті келіншек баласын
9 ай емес, 12 ай көтеруі мүмкін. Бұл ырымдардың түп-төркіні көне наным – түсінікке сенген дәуірге барып тіреледі.
Тәжірибелі енелер алдын ала түсікті болдырмас үшін келіннің етегін бүріп қояды, шошынбас үшін далаға түнде ешқашан жалғыз
шығармайды. Келіннің мезгілі жақындаған кезде мейірбан анасы оған қара жерді басқызып, «кеудесі түкті Жер-Ана, күш бер, қуат бер» деп жалаң аяқ жүргізеді. Осы ырым келінінің күш-қайратын шыңдайды.
Сәбилі болуына үш ай қалғанда, «ұзын толғақ» басталады. Бұл кезде көргені көп аналар «бөпең айдай сұлу болсын» деп, айлы түнде келінін көлге шомылдырады. Ай сұлу болғанымен қызуы жоқ, сондықтан шомылған көлдің жағасынан шөп жұлып әкеліп, үйіндегі жанған ошаққа тастайды. Тіліміздегі «Айдай сұлу, оттай жылы болсын!» деген тілеу осы ырымға байланысты қалыптасса керек.
Босануына екі ай қалғанда «орта толғақ» басталады. «Босануы уақыты мезгілінен бұрын болып қалмасын» деп келіннің қолына кескіш, тескіш, құралдарды (пышақ, біз, ара т.б.) ұстатпайды.
Екі қабат әйелдің босануына бір ай қалғанда оның «ай толғағы» басталады. Бұл кезде «іштегі баланың еті қызылданып кетеді» деп келініне жас ет ұстатпайды; «кіндігіне оралып қалмасын» деп, келініне ине-жіппен іс тіккізбейді, «түсік тастайды» деп, жүресінен отырғыз- байды.
Ата-анасы жас келінді жетелеп апарып, жеті бұлақтың көзін аштыру, бұлаққа май құйып, теңге тастау, бастаудың басындағы әулие ағашқа ақ шүберек байлату секілді сенімдер бар. Қариялар осындай іс-әрекеттер арқылы «сенің ата-бабаң осы жерден су ішкен, толғатқан кезіңде сені демеп, жебеп отырады» деп келіннің күпті көңілін орнына түсіреді. Әрбір ескі қазақ ауылында екіқабат әйелдерді босандыруды машық қылған қолы жеңіл кемпірлер болған. Оларды ел ішінде «аққол ана» деп атайды. Аққол аналар кез-келген келіншектің қай күні босанатынын тап басып біліп отырған.
Босануға бір ай қалғанда, оның алғашқы күнін «аспанда ай көрінбейтін үш күн киелі күн» деп атайды да, бұл күндері екі жастың ақ төсекте кездесулеріне тиым салынады. Бұл халық есепшілерінің болжауына сүйенген дәстүр. Ал аққол аналардың өзіндік есебі бойынша аяғы ауырлаған әйелдердің әрбір айы 27 күннен тұрады. Әрбір айдың, яғни осы әр 27 күннің басы оның етеккірі келген күнінен басталады. Бұл алғашқы айдың өзі үш тоғызға бөлінеді: бірінші тоғызы – «етеккір тоғызы», екінші тоғызы – «арылу тоғызы», үшінші тоғызы – «кездесу тоғызы». Халыктық тәртіп бойынша, «бірінші және екінші кезеңде кедессеңдер, екеуің де ауруға ұшырайсыңдар» деп, олардың кездесулеріне тиым салынады. Халықтық түсінік бойынша үшінші тоғыздың әр тақ күні неке төсекте тән қосылса, олардан ұл туады, ал жұп күндері қыз туады.
Екі қабат болған ана тал бойына біткен баласын тоғыз ай, тоғыз күн көтереді. Жоғарыда атап көрсеткеніміздей, әрқайсысы 27 күннен болатын тоғыз айда 243 күн бар. Аққол аналар бұған үшінші «кездесу
тоғызын» қосып есептейді. Осыдан келіп тіліміздегі «тоғыз ай, тоғыз күн» тіркесі орныққан. Тәжірибелі ана жаңылмас үшін сол сәтті күннен бастап дорбаға 243 құмалақ салып алады да, осы құмалақтың күніне біреуін лақтырып отырады, осылайша жүкті әйелдің күні жақындаған сайын құмалақ саны да азая береді.
Әйел босануға үш ай қалғанда «ұзын толғағы» басталды деп, келінінің аман-есен босануына дайындық жүргізіледі. Толғақ үстінде құйымшақ сүйегі ашылмай қалмауы үшін күнде кешқұрым келінінің құйымшағынан бастап жауырына дейін бес саусақты батырып, құйрық маймен сылап сипайды.
Тәжірибелі аналар «орта толғақта бала жарық дүниеге шығуға дайындала бастайды» деп есептейді. Анасының құрсағының сыртқы порымына қарап, оның ұл не қыз бала екенін де болжай алады: егер ұл болса, іші кішкене, шошақ, үшкір болып келеді, ал қыз бала домалақ, дөңес болып бітеді, сондай-ақ ұл жоғары, ал қыз бала төмен орналасады. Әдетте қимылдағанда қыз бала сол жақтан, ал ұл бала оң жағынан қозғалады. Ай толғақ мерзімі болғанда іштегі бала жиі қимылдап, анасының екі бүйіріне көп салмақ түсіреді.
Толғақ қысқанда әйелдің бір мүшесін ерекше ауырта келеді. Мәселен, оның тісі ауруы мүмкін. Тіліміздегі «Әрбір бала анасының бір тісін алады» деген мақал осыдан туған. Бұл – «тіс толғақ» деп аталады. Осылайша анасының тізесі ауырып белгі берсе, «тізе толғақ», желкесі ауырса, «желке толғақ» т.с.с.
Екі қабат әйелдің ай-күні толып, ай толғақ аяқталар тұста оған арнайы жеке үй дайындалады. От жағылып, су жылытады. Егер күн суық болса, киіз үйдің ішіне құрғақ қи төселіп, үстіне қалың текемет жайылады. Үйдің іші-сырты, дүние-мүлкі мұнтаздай тазаланады. Осы істердің басы-қасында аққол анамен қоса-қабат кіндік шеше ұйтқы болып жүреді. Оларға көмекке көрші-қолаң, абысын-ажындар келеді. Бір кереге мен екінші керегенің арасына әйел толғатқан көзде асылып тұратын арқан керіледі, босағасына қамшы, қылыш, қанжар әкеліп қойылады. «Бұлар толғаққа кедергі келтіретін албасты, марту, жын- перілерді үйге кіргізбей тұрады» деген сенім болған. Немесе қоңыр аю, жолбарыс, қасқыр терісін әкеп қойған. Бұл дәстүр «киеміз» қолдап, қостасын деген наным-сенімнен туған.
Куанышы қойнына сыймай жүрген көңілі күпті енесі дереу ала қыстай сақтаған жылы-жұмсағын қазанға салып, «Жарыс қазан» асу қамына кіріседі. Самаурын қойылып, табаққа сүт пісіріледі, үй ішіндегі әбдірелер ашылып, теңдер шешіледі, әдейі арнап түйрелген қарыннан май, қаптан құрт алынады. Ұзын арқанды өткермелеп байлап шығады да, екінші ұшынан оп-оңай тарқатып жібереді. Арша тұтатылып, толғатқан әйелдің басынан айналдырып аластайды, етек жағынан күкірт
түтетіледі. Мұның бәрі толғағы оп-оңай – «әбдіре ашылғандай, тең шешілгендей, түйін тарқатылғандай, шай қайнатымда, сүт пісірімде, ет піскенше, жарыс қазанмен бірге жарыса тез босансын» деген ниеттен туған ырым дейді профессор Х.-Арғынбаев.
Сонымен, қазақ халқы балаға деген қамқорлықты өте ерте ол ана құрсағында жатқанда бастаған, оның аман сау өсуіне тілектестік және іс-әрекеттер ерекше болған екендігін көреміз. Оған дәлел құрсақ тәрбиесі: әйел екі қабат болысымен оған ерекше қамқорлық жасау (оның сүйген «жерік асын» қайдан болса да тауып беру, аяғы ауыр әйелге ауыр жүк көтертпеу, оның көңіл-күйін жоғары ұстау, түрлі тұрмыстық әдет-ғұрыптарды жасау т.б.). Осылайша қамқорлық жасағаннан бала құрсақта өте жақсы өсетіні, уақтысымен дүниеге келетінін халықтық медицинамыз жақсы білген. Құрсақта жақсы тәрбие алған бала кейін ақылды, сұлу, сымбатты жақсы ер азамат болып өскен.
«Бір отбасында дүниеге келген балалардың ақыл-ойы, мінез-құлқы, кескін-келбеті, қабілет-икемі неге әр түрлі болады?» – деген сұрақты егер ата-аналарға қойсақ, олар «кейбір балалар нағашыларына, кейбір балалар өздерімізге тартқан», – деп жауап қайырады. Оның шын сыры балалар құрсақта жатқанда әр түрлі тәрбие алғанынан екенін халқымыз жақсы білген: егер құрсақта жақсы тәрбие берілсе, ол бала келешекте ақылды, келбетті, сымбатты, қабілетті болады, керісінше құрсақта жақсы тәрбие берілмесе басқаша болып өседі. Сондықтан, қыздар – келешек аналар, құрсақ тәрбиесіне ерекше мән берулері керек. Дүниеге сәби келу- отбасының зор бақыты, Сондықтан да қай халық болмасын әйел адамның екі қабат болуынан бастап, бала туғанға дейінгі толып жатқан ежелден келе жатқан әдет-ғұрыптары, салт санасы,жөн- жоралғы, наным-сенімдері бар. Сонымен бірге екі жастың бас қосып,отбасын құрғаннан кейінгі жұбайлық өмірінің жарасып кетуі,ең алдымен баланың туулуына байланысты. Қазақ халқында бала алғаш пайда болғанан туу, өсу, азамат болып ержеткенге дейінгі кезеңді қамтитын, сан жылдар бойы қалыптастырған салт-дәстүрлер бар. Азия халықтарының бала туу жане тәрбиелеуге байланысты әдет-ғұрып, салт- дәстүлерінің мазмұны ұқсас болып келеді. Дегенмен де қазақ халқының дәстүрлі мәдениетінің қаймағы бұзылмай сақталғаны да, бөгде ұлт өкілдері мәдениетінің ықпалымен енген ерекшеліктері де жеткілікті.
Қазақ халқы жаңа шаңырақ көтерген екі жастың бала көріп, ұрпақ жалғастыруына көп мән берген. Сондықтанда да бір-бірімен құдаласарада ең алдымен сол құда болатын жақтың әлеуметтік жағдайына, яғни олардың жан-жақты тума-туысқандарының көптігіне қарай көңіл аударатын болған. Жас түскен келіннің алдына бала отырғызып, ертерек бала көтерсін деп ырымдаған немесе ұл бала тусын деп алғаш сойылған малдың ұлтабарын жегізетін болған.