БОРАН БАТЫР МЕН ЖАНТАЙ ДАУЫ
Боран жас кезінде жарлы болып, Жантай деген байға жалданады. Жантай тынышсыз адам болып, ұрыс шығарып, Боранның Жантайға қолы тиеді. Жантай Боранның маған қолы тиді деп билерге Боранның үстінен шағым береді. Алқа-қотан отырған билер Боранға сөз береді. Сонда Боран былай дейді:
— Жалға жүрдім Жағалбайлы Жантайға,
Бір тай алмақ болып алты айға.
Жарымадым асына,
Тұман түсті басыма.
Шайтан болып ұрысып,
Қолым тиді басына.
Уа, билер, жақсылар,
Бірің қайың, бірің тал,
Бірің шекер, бірің бал,
Айтып-айтпай немене,
Бәріңе мәлім біздің хал.
Бірің балға, бірің төс,
Бірің айт та, бірің кес,
Алдарыңа салынды іс,
Арамға бермей әділ шеш!
Отырғандар Боранның ісін мақұлдап, Жантайдан тайын әперіпті. Боран содан кейін сөзге қатысып шешен атаныпты.
Достарыңызбен бөлісу: |