Досболдың Әйекеге айтқаны
Қыпшақ Досбол қартайып, сөзден, биліктен қалады. Қыпшақтың жас болыс, билері келіп, оның көңілін сұрап, қолын алмайды. Шиелі жеріндегі арғын Әйеке болыс қыпшақ елінің бір қанатын билеп тұрады екен. Әйеке қартайған Досболға тоғыз қара тарту, үстіне киіс, астына мініс әкеліп:
Батаңызды алуға келдім. Бізге бір-екі ауыз өсиет айтыңыз, депті.
Сонда Досбол:
Жақсы екен туысқаннан туыспаған,
Не пайда туысқаннан жуыспаған.
Алпыс күн ақбас атан болғанынша,
Алты күн бура болып күркіреп өт.
Ешкімнің атасы жоқ ту ұстаған,
депті.
Әйекеге еріп келген билер үйден шыға жөнеліпті.
Достарыңызбен бөлісу: |