Елді бекем билейді, бекемді шешен билейді
Бекболат бидің бәйбішеден тоғыз ұлы, тоқалдан Тіленші дейтін бір ұлы және бір қызы болыпты. Бекболат қартайғанда ағайынның жақсылары жиналып келіп:
Жасыңыз болса жетті, орныңызды ұстап, кісі қылыуға балаларыңыздың қайсысын ұйғарып жүрсіз? Сіздің көзіңіздің тірісінде құрметтеп, бата берейік деп едік, дейді. Бекболат біраз үндемей, көзін жұмып толғанып, ыңыранып отырады. Тіленшіні айтайын десе бәйбішесінің көңіліне қарайды. Әкесінің қиналып отырғанын қызы байқап:
Қаракесектен шыққан он екі ата елді Бекем билеуші еді, Бекемді шешем билеуші еді. Бекем шешемнен қаймықпаса, тоқалдан туды демесе, Тіленші жанның ел ұстамайтын несі бар? дейді. Сонда Бекболат көзін ашып:
Баланың сөзі рас, сол немеден үмітім бар. Бірақ ел жұмысынан ойлаған ойы жоқ секілді. Қойшы-қолаңшымен ойнай беруші еді, дейді. Сонда бәйбіше:
Сол немеден менің де үмітім бар еді... Тіленші қайда? дейді. «Жылқы суара кетіп еді» дейді қыз. Отырған жақсылар:
Оған өзіміз барып жолығып қайтайық, деседі. Бұлдар іздеп келсе, Тіленші су жағасында қойшылармен алысып ойнап жүр екен. Кісілерді көрген соң, Тіленші сәлем береді. Келген жақсылар:
Мынау қойшы-қолаңшымен алысып жатқаның не? дейді. Тіленші сөзді тыңдап болып былай дейді:
Әкем Бекболат он екі ата елді билеп еді, елдің жуаны келсе қабағын ашып, жадырай сөйлеуші еді. Нашар, жіңішке атаның балаларын елемей, мұңын жүре тыңдайтын еді. Олар арыз-мұңын айта алмай кеткендей көрінетін. Сонда мен: «Егер билікке қолым жетсе, нашарлар жасқанбай арманын айтатын кісі болсам» деп, ойлаушы едім, сол үшін бұларға осы бастан бойымды үйретіп жүрмін. Мұны естіген ел жақсылары:
Балам, біздің ойлағанымыз бұл емес еді, сенікі мақұл екен. Тусаң ту, бәрекелді! деп баталарын беріпті.
Достарыңызбен бөлісу: |