Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі



бет56/82
Дата05.11.2022
өлшемі2,07 Mb.
#156697
1   ...   52   53   54   55   56   57   58   59   ...   82
Байланысты:
аза стан Республикасы ылым ж не жо ары білім министрлігі

Әдебиеттер:
1.Философия тарихы. Т.Х.Рысқалиев. Оқулық. Алматы: ҚР Жоғары оқу орындарының қауымдастығы, 2015.
2.Әл-Руайхеб Х. Ислам философиясы: Оксфорд оқулығы / Ауд.: А.Ғ.Тасболат, Нұр-Сұлтан. 2020
3.Мейір Ж. Философия. Астана. 2014.

Дәріс 29.30. «Мәңгілік Ел» және «Рухани жаңғыру» – жаңа Қазақстан философиясы
Негізгі мақсаты: Ел дамуындағы «Мәңгілік Eл» жалпыұлттық идеясы мен қоғамдық сананы модернизациялаудағы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мәні мен маңызын пайымдау.
Негізгі түсініктер: Ұлттық код, ұлттық сана, ұлт сүйгіштік, ұлтжандылық, менталитет, тіл, жаһандану, мұрат, мақсат, тұлға, жаңғыру, рух.


  1. Кеңістік-уақыттық континиумдағы «Мәңгілік Ел» және «Ұлы Дала» категориялары.

2. Қоғамдық сананы жаңартудың негізгі бағыттары. Рухани жаңғыру. XXI ғасырда ұлттық сананы қалыптастыру.
3. Еуразияшылдық және Қазақстан дамуы. Еуразияшылдықтың әлеуметтік-мәдени, идеологиялық, геосаяси негіздері. Жаһандық әлемдегі Қазақстанның өркениеттік идентификациясы.
4. «Мәңгілік ел» идеясы. «Рухани жаңғыру» жобасы – ХХІ ғ Қазақстан дамуы болашағын айқындайтын маңызды құжат.

1. Мәңгілік Ел — жалпы қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық ұғымы. Бабаларымыздың арманы. ҚР тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен Елорда да асқақ рухымыз бен мәңгілік мұраттарымызды жария етіп тұрған «Мәңгілік Ел» салтанат қақпасының салынуы «Мәңгілік Ел» идеясының мемлекеттік идеологияға айналғандығының бір дәлелі. «Мәңгілік Ел» сөзінің терең тарихи тамыры және үлкен мағыналы мәні бар. Түрік шежіресінде «мәңгі» сөзі «Тәңір», «Құдай», «Алла» сөздерімен мағыналас қолданылды. Осыдан кейін, «Мәңгілік Ел» «Алла Тағаланың елі, халқы» дегенді білдіреді және мемлекет пен ұлттың уақытпен шектелмеген тұмары болады деуге толық негіз бар. Мәңгілік Ел ұлттық ұғым дегеніміз — өткенімізден сабақ ала отырып, болашағымызды баянды ету жолындағы хақ мұраттарымыз. Мәңгілік Ел ұлттық ұғымның негізгі мәні - мәңгілік мақсат-мұраттарымыз бен мәдени-рухани құндылықтарымызға негізделген, мемлекет құрушы қазақ халқы мен өзге де ұлттардың ұлттық ұғымдарын бір арнаға тоғыстыратын идеология арқылы қалыптастырылатын қазақтың ұлттық мемлекеті. Философиядағы рухтың абсалюттілігі, шексіздігі сол рухты сақтап қалатын сананың идеялогиясындағы жоғары деңгейді ұғындыратын қасиет екеніне ешкімнің де таласы болмас еді. «Мәңгілік ел» бағытының иделогиясы осы құндылықтың кепілі болса керек. Ұлт өз бойындағы құндылықтарды сақтап қалу үшін қызмет етеді, ал қоғам өз толқынына ғана қызмет жасайды. Заманның талабына сәйкес адамдардың танылған қажеттілігінен қалыптасқан еркіндік ұлт үшін емес сол қоғамның сұранысы үшін қызмет ететін қауіптілік бар, ендеше адамның санасын тәрбиелеуді мақсат еткен бұл идеология ұлт үшін де, билік үшін де тиімді. Философия өз құндылықтарын уақыт өте келе қозғаушы күштің ырқына байланысты өзгертуі мүмкін И.Г.Гегельдің «Философия ойда ұсталған дәуір»- деп қарастырған ой механизмінің сұранысына не белсенді қызмет етсе (дін, өнер, ғылым) соған байланысты адамның ой жүйесінің іске қосатын қоғамдағы механизмі де қалыптасуы қажет. Жаңашыл идея қоғамға қозғалыс береді.


Ал тарихи жаңарған идея қоғамдағы қозғалыстың күшіне құндылық әкеледі. Уақыт өте келе халықтың дүниетанымы атадан балаға берілген ақпаратты әр кезеңнің өз талабымен құндылығына жақындастыра қабылдап, өз жадысындағы көне ақпаратты меңгерген жаңа ұғым, өзіндегі жаңашыл бір оймен қоржынын байыта түспесіне кім кепіл. Егер адам тәрбиесі отбасынан бастау алса азаматтық қоғам оны әрі қарай жалғастырады. Себебі қоғам өмірі адамның әрі қарай дамуына, оның шын мәніндегі адамдық қасиетінің қайнар көзін ашуға мүмкіндік туғызады. Өйткені, мемлекет- әрі обьективті, әрі қажетті, әрі әділдікті көздейтін мекеме.
Мемлекет шын мәнісінде адамгершілікпен парасатқа сүйенген ұжым болуға тиіс. Бұл идеяда мораль мен адамгершіліктің арақатынасын айқындайтын диалектика өмір сүреді. Жетпіс жыл бойы кеңес қоғамындағы адамдардың көбі тек социалистік және коммунистік моральдің, қағидалардың негізінде тәрбиеленгенін айқын көріп отырмыз. Ал енді зерделі парасаттық қасиеттердің ұзақ жылдар бойы адамдарымыздың, әсіресе, жастарымыздың бойларына дарымағаны өкінішті-ақ.
Сондықтан болар олардың арасында өз ұлтының тарихын, салт-санасын, ана-тілі мен әдебиетін, мәдениетін білмейтіндер көптеп кездеседі. Бір сөзбен айтқанда, парасаттылықпен адамгершіліктің, имандылықпен ізгіліктің біздің жастарымызға тәлім-тәрбие беруге өзек бола алмағаны, олардың арасында мәңгүрттіктің өріс алғаны белгі беруде. И.Г.Гегель диалектикасында парасат зерде арқылы бұл мәселені дұрыс шеше алатынын және адамның рухани дүниесін өзгертіп, жаңарта алатынын дәлелдеп береді. Халық жадысында өткеннен бүгінге дейін өмір сүрген, сақталған бұл идея сана мен ойдың тұтастығын ұстанады. Сондықтан да қоғам үшін, сол қоғамдағы адам үшін, өз бойындағы құндылығын жоғалтпаған ақпарат замана талабына сай қызмет етуге өміршең келетінін елбасының білікті саясатынан байқауға болады. Халық даналығын ұстап тұрған идея қазақ халқының өмір сүру философиясындағы өзегі деп айтуға болады. «Мәңгілік ел» бағытының ішкі мазмұнында үнемі дамып, өзгеріп, жаңарып, қайта жаңғырып отыратын құндылықтар өмір сүреді.
Адамның танымы өзі өмір сүріп отырған қоғамының жемісі, Бүгінгі жастардың мәңгүрттігі өз ортасының айқын көрінісі Ел басы жолдауында мемлекеттің болашағын тұғырлы ету, жастардың танымын рухани тәуелсіз, еркін, өміршең абсолютті негізде қалыптастырып, жауапкершілікті адамның өз танымынан бастағысы келіп отырғанын байқауға болады. «Мәңгілік Ел»- ұлттық дүниетанымның басты бағыты және қайнар көзі. Әлемнің заңдылығы ішкі мәніне байланысты құбылмалы болады, сондықтан да оның ескіруі, дамуы, өзгеруі не қайта жаңаруы өз мазмұнына байланысты болады. Бүгінгі дүниетанымның орналасу картинасы антропогенездің үдерісі көп жағдайда абстракциялы ойда қалыптасқан, атақты француз философы Пьер Тейяр де Шарден былай тұжырым жасайды: «адам эволюцияның өзегі мен шыңы болып табылады, адамның кілтін табу, демек әлемнің қалай құрылғанын және қалайша ары қарай құрылуы тиіс екенін білуге ұмтылу деген сөз». «Мәңгілік ел» бағытының бүгінгі қоғам арқылы өткен мен болашақты талдауы, ұлт санасына сіңіскен менталды ұғымдардың қайта бір, жаңа қырынан жаңғыруы деп айтар едім. Бұл идеологияда ұлттың өмір сүру тәжірибесінің әлеуметтік мәдени коды кісіліктің кілтінде ендеше орта қалыптастырған құндылықтар маңызды болып. Дәл осылай қалыптасқан идеядағы азаматтық қоғам, кез-келген қоғамнан рухы мықты азаматттарды тәрбиелеп, өсіруге қауқарлы екенін мемлекет басшысы дәлелдеп отыр. Философиялық танымда рациональды идеяға сүйенген дүниетаным болмақ. Ұлттық құндылық санадағы ұлттық болмыстың жиынтығы, дүниеге көзқарастың, тіл, дін, салт- дәстүрдің, тәрбиенің өзектілігінің халық жадысында мықты сақталғаны және сақтап қалатын мықты имунитеттің күшінде. Ендеше тарихи ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін ақпараттың бойында сақталған, өмір сүретін құндылықтың бар болуы.
Адам мәнінің құндылықтарындағы ұғымның бірі иррационалист философ А.Шопенгауэр тұжырымында қарастырылғандай «өз ырқының қызметшісі» соған айналуы тиіс деп көрсетіпті. Адам кез келген қоғамның талабына тәуелділікті емес өз ырқымен келген ынталану мен сүйіспеншілікті сезінуі керек. «Мәңгілік ел» бағыты қоғамды өз талабына сай өз ырқынан қалыптасқан ортаға бейімделуіне танымы жағдай жасайды. Ұлттық құндылықтарды жаңғырту бағытында әрекет еткен сана тек өзіндегі эго үшін емес, халық игілігіне ортақтастырылған мүддеге қызмет ететін сананы қалыптастырады. Бұндай сананың қызметі қоғамның дамуына бірден бір себепші болады. Ұлттың мүддесін ойлаған сана құндылықтарында, ел мәңгі өмір сүретін өміршеңдікке ие болады, бұл уақыт әрі кеңістік категориясынан ұтымды деп ойлаймын. Ұлттық иделогияның құндылығын, мәнін, маңыздылығын сақтап қалады. Егер мемлекет өз еркіндігін, тәуелсіздігін жігерлі болуын қамтамасыз еткісі келсе, халық ұғымындағы сананы қалыптастыру керек және қоғамда демократшыл еркін ой өмір сүруі қажет екенін ескерген дұрыс. Ұлт құндылығын ойлаған сана арқылы, сауатты әрі салауатты қоғам қалыптасады. Бұл Елбасының сауатты саясаты екеніне ешкімнің күмәні болмаса керек. Ел ішіндегі ішкі тұрақтылықты қамтамасыз ету халықтың татулығы мен ынтымақтастығынан келіп шығады. Кез келген қоғамның толқынына еріп кетпей тойтарыс бере алатын халық жадысындағы фильтрацияның жоғары болуы, іштей тазарудың бар екеніндігін, құндылық әрекетімен сақталған құндылық бар және ол өзек болып сақтала беретінін мойындаған ақылды сананың саясаты. Адам философиясының өмір сүру бағытында индивидтің жеке дамуы қоғамдық қатынастардың бүкіл жиынтығын өз бойында жинақтауына, игеруіне және оны жүзеге асыруына байланысты қалыптасады.
Әлеуметтенген қоғам адамдардың өңделген образындағы қоғам. Әлуеметтенген орта адамды тәрбиелеймін деп ойлайды, бірақ адам өзіндегі құндылықты сол әлеуметтенген ортаға ұсынады. Ендеше адамның өз танымындағы құндылық, сол адамның өз игілігі үшін қызмет етеді. Рухани сілкініс арқылы ұлт өз құндылығын басқа ұлт арасында жоғары қоя алады. Сондықтан да ұлттық тілде сөйлеу, ұлттқа тән дәстүрді ұстану, ділдік құндылықтарды сақтап қана қоймай, әлеуметтенген қоғамда ұлт құндылығын бойға сіңістіре отырып өмір сүру қажет.
Ғылымсыз пендені сөзінің ой үнінен, дыбысынан яғни жүрек, ақыл, қайратын шамалауға болады. Үнде шындық болмаса, сөзде жан болмайды. Жансыз сөз ақылға айналмайды. Шындық ұят, қазақтың әр сөзінде қызыл қуат ұяттың үні жасырылған. Шындық жер анамен таңба арқылы жалғанып, қуаты жүректің соғысын қалыптастырады. Сөздің үнінен ұят жоғалса, жүректен жылу, сүйспеншілік, махаббат азайып жоғалады. Қан қарайып жынды әсершіл, шайтандық азғындыққа құштар болады. Қандайда адамзаттың меңгерген білімінің философиялық «софия» мақсаты, түсінігі болу керек. Еуроцентристік көзқарас бойыншатүркі тілдес халықтардың ынтымақтастығына деген сын айтушылар көп. Түркі интеграциясын Т.Рысқұлов пен М.К. Ататүрік бастаса, кейін нақты практикалық шараларды қолға алған ҚР тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың шешуші саясаты өз жемісін берді. Н.Ә. Назарбаевтың түрік халықтарының бірлігін нығайтудағы тарихи рөлінің қаншалықты маңызды болғанын аңғаруға болады. Қазақстан Халықаралық «Түрксой» ұйымына қолдау көрсетіп, түрік дүниясының барын бағалап, жоғын түгендеуге жол сілтеді. Бұл жерде Тоныкөк негізін салған «Мәңгілік ел» идеясын қалпына келтіруші, жандандырушы Ұлт Көшбасшысы Н.Ә. Назарбаевтың қазақ халқына славяндық кириллица емес, түркі тектес бауырларымыз қолданатын латын қарпіне көшудің қажеттілігін айтты. «Тарих толқынында» атты еңбегінде: «Түркі халықтары жұмылған жұдырықтай болып біріккен кезде геосаяси өмірге тең құқықты субъект ретінде ықпал ете алады, мәдени әлемдегі өзара қарым-қатынастарда қайдағы бір енжар, ынжық элемент ретінде емес, өзгелермен терезесі тең тұлға ретінде бой көрсете алады. Бұл бағыттағы алғашқы игі қадам ортаазиялық одақтың құрылуы болды. Оның шеңберінде біздің бәрімізге ортақ мәдени ұқсастығымызды жете сезіну арқылы деңгейіміздің көтеріле түсетіні сөзсіз» — деп түрік бірлігінің болашағына зор үмітпен қарады
Мәңгілік ел дегеніміз — мемлекеттің ғасырлар тоғысында, ірі державалар арасында бәсекеге төтеп беріп, өзіндік қорғаныс саясатын ұстану деп түсінуге болады. Орхон өзенінің бойында Түрік қағанатының Ордабалық деген астанасы болған. Қағанаттың хан ордасы мемлекеттің ішкі ядросы. Оны қорғайтын арнайы полиция(тұрғақ деп аталған) және оған қоса тұрақты әскер (шерік деп аталған) пайдаланылды. Ішкі қорғаныс деп атаған екінші шеңбер белдеуін түрлі тайпалар қорғап тұрды. Үшінші шеңберде он-оқ Түркештер тұрды. Қырғыздар, Кидандар, Татабилер, Таңғыттар, Басмылдар да үшінші шеңбердің қорғаушысы болды.
Осы үш шеңбер тұтас империяны қорғап тұрды. Түріктер осы 3 шеңберді орнатып болған соң, «Мәңгілік ел» идеясын нық бекемдейді. «Мәңгілік ел» идеясының бастауы тым тереңде жатыр. Осыдан 13ғасыр бұрын Тоныкөк абыз «Түркі жұртының мұраты- Мәңгілік Ел» деп өсиет қалдырған. Көне тарихтан бастау алған бұл ұғым түркі ұлтына ортақ идеямен ұштаса отырып барынша бүтін бір танымның бастауы болып танылмақ.
Елдің армандағаны азаттыққа қол жеткізіп, тәуелсіз мемлекеттілікті сақтау болса, осы жолда қаншама алаш зиялылары тәуелсіздік үшін күрес жолын жалғастырды. Жетпіс жыл тарихы бар кеңестік кезең өзіндік тарихи ғасыры бар қазақ елін жоққа шығаруға бағытталған әрекеттерге тойтарыс беріліп, «қазақ жері» деген ұғымның сақталып қалу жолында ерен еңбектері атқарылды. Қазақ халқының тарихында ғұндардан бастау алатын «Мәңгілік ел» идеясын тасқа қашалған Орхон-Енесей жазбаларынан бастап қайда барса көрге кезіккен Қорқыт ата мен өмір бойы жерұйықты іздеп өткен Асан қайғы бабамыздан кездестіруге болады. Осы ойшылдардың философиялық дүниетанымында да мәңгілік ел болуға ұмтылған, мәңгілік ел орнатуды арман мен мақсат тұтқан құштарлық жатқанын байқауға болады. Сол дәуірдегі ұлттың арман, тілектеріне айналған ұғым болғанын мойындайды. Ғұлама ойшыл, сазгер, қобыз жасаушы Қорқыт бабамыздың өлімге қарсы тұрып, мәңгі өмірге ұмтылуы, тек Қорқыттың ғана емес, сол замандағы билеушілердің елдің мәңгі өмір сүруін қалағандығын білдіреді.
М. Әуезов Қорқыттың мәңгілік өмір туралы толғаныстарының негізгі философиялық түйінін аша келіп, оның болашақ ұрпақ үшін дүниетанымдық маңызы зор, мәңгілік мұра екенін атап өткен. Қазақ халқы арасында тараған аңыздардан Қорқытты бірде айтулы күй атасы ретінде көрсек, енді біразында ол өлім атаулыға қарсы шара іздеген қамқоршы ретінде көрінеді. Қорқыт философиясы тағдыр деген фатальды сенімге негізделген ұғымды түсіндіреді. Өлімнен қашу, одан қорқыныш үрейін тудыру бұл адамның неғұрлым өмірді ұғынудың талаптарын тануға шақырады. Адам өз өмірінің мәнін тану үшін өлімді дұрыс қабылдау керек. Адамдар неге өлімнен қашады себебі онда белсенділігінен айырылған категория өмір сүреді, ол енжар ұғым. Өлім, ауру адамды барынша өмірден бездіріп, бейтарап әрекетке алады, яғни адамда шарасыздық пайда болады. Қорқыт өлімді талдау арқылы адамдарға өмірдің мәңгілігін түсіндіреді. Өмірдің мәні- оны сүре білетін әдісінде болса, өлім де өмірдің бір қыры, жалғасы деп таныған ой дұрыс болып табылмақ.
Өмір мәнді де, мазмұнды болу үшін, кез-келген үдерісті тану,түсіну, қабылдау қажет. Ал өлім сол өмірдің бір жалғасын тапқан белесі.
Қорқыттың мәңгі өмірді іздегені, өз тағдырынан құндылық іздеп адамдар мәңгілік өмірді тани алатынын дәлелдеу деп түсіну керек. Өлімді де ақтап алу керек, яғни адамның жай ғана тағдырына төтеп бере алмайтын әлсіздігінен туған өлім бұл қорқыныштан, үрейден пайда болған өлімнің болмысы. Шын мәнінде өлім деген ұғымның өмір сүрмейтінін адамдар түсіну қажет. Рухани әлемнің мәңгі өмір сүретінін шығармашылық, өнер арқылы көз жеткізуге болады. Өмірдің мәні рухтанған дүниенің құндылығында ұғынылады. Мәңгілік Ел бағытындағы адам өмірінің мәні неғұрлым тарихи мазмұнға бай ұғымдардан пайда болады. Ол дұрыс қабылданған ұғымдардың талдауы мен танылуынан түсіндіріледі. Қазақ философиясының хандық дәуіріндегі халықтық мұң-мұқтажын жеткізе білген, ұлт тоқырауын тоқтата алған, өзінің экзистенцияналды философиясындағы өмірдің мәнін болашақтың жарқын үлгісі арқылы утопиялық идеяны ұлт санасына сіңістіре алған жырау болды. Асан қайңы- елдің ертеңінің жарқын, еркіндігі мен бақытының баянды болғанын армандап, қазақ жерінің түкпір-түкпірін аралап, жайлы қоныс табудың жолын іздеген данышпан. Ойшылдың идеясында елді орнықтыратын жайлы мекен тауып, елдің мәңгілігін жаңғырту болды. Асан қайғы- елдің ертеңінің тәуелсіз идеясын таныта отырып, күш пен энергия сол жолдың бар екенін, іздеуден адамдар үміт үзбей, утопиялық әлемге сенді. Мәңгілік Ел идеясы —қазақ ұлтының мақсат-мүддесіне және елімізді ортақ Отан еткен жүз отыздан астам ұлттар мен ұлыстардың ұлттық идеясына негізделген идеология болатынына сенуге болады. Қазіргі кезде, Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен жүргізілген түркі тілдес мемлекеттерді жақындастыру саясаты, елімізді Орталық Азияның көшбасшысына айналдыру идеясы өз жемісін берді. Елбасының түркі әлемін біріктіру, экономикалық және мәдени салаларды тығыз байланыстыру тарихи түркі интеграциясы жолындағы қызметінің, мақсаттарының бірі — экономикалық ынтымақтастыққа негізделген.
Еуразиялық кеңістікті пассионарлық қасиет қайта оянуда. Түркі мәдениетінсіз, түркілік санасыз, түркі тарихынсыз Еуразия кеңістігін елестету мүмкін емес. Ежелгі түркілер, сақтар мен скифтер, ғұндар мен қыпшақтар Еуразияның ен даласын еркін қоныстанған. Бүгінгі түсінікпен алғанда, Алтын Орданы да Еуразиялық мемлекет деп атауға болады. Біздіңше, Шыңғысхан идеялық тұрғыда ұлы түркілік идеяны көтеріп, қос мұхиттың арасын мекендеген халықтың жадындағы тарихи сананы қайта жаңғыртқан. Көне түркілердің «Мәңгілік Ел» идеясы үш негізден тұрады: оның біріншісі — көне түркі жазба ескерткіштеріндегі «Мәңгілік Ел» идеясы, екіншісі — Әл-Фарабидің «Қайырымды қалада» философиялық шығармасында, әсіресе, бұл идеяның теориялық-методологиялық тұрғыдан тиянақталуы және үшіншісі — Жүсіп Баласағұнның осы идеяны негіздеген «Құтты Білік» дастаны. Тоныкөк ескерткішінде мемлекеттің тұрақты болуы үшін билікті ұстап отырған қаған мен ақылгөй дана бірауыздылығы, сөз бен істің ажырамауы, елдің тұтастығы үшін ынтымақтың, барлық күштердің ұйытқысы болу қажеттігі түп нысана ретінде айтылады. Түркі халқының елдігінен айырылып, қағансыз қалып, тағы да басқаларға бағынып, одан қайта көтеріле бастағаны, жаңа қаған отырғаннан кейін елдің басын біріктіру шаралары, яғни «түнде ұйықтамай, күндіз отырмай, түркі елі үшін қызыл қанын ағызып, қара терін төккені, күш-қуатын бергені» жария етіледі. Осының бәрі кейінгі ұрпаққа да үндеу ретінде айтылғаны көрінеді. Сонымен қатар, бұл жерде «Мәңгілік Ел» ұғымы, тәуелсіздік рухы, азаттық идеясы бір-бірімен үндесіп тұр. «Мәңгілік Ел» концепциясын тек тарихи ұғым емес, сонымен бірге әлеуметтік-саяси маңыздылығы жоғары прогностикалық бағдарлама десекте болады. Себебі бұл концепцияның негізінде адамзат өміріне маңызды құндылықтарды көруге болады. Құндылықтарды тарих философиясы тұрғысынан қарастыру халықтың тарихи санасының құныдылықтық мәнін ашуға мүмкіндік береді. Яғни, тарихи санадағы құндылықтық бағдарлануды түсіну оның қайта жаңғыруына мүмкіндік береді. Себебі, әрбір тарихи кезең өзіндік құндылықтар жүйесін жинақтаумен ерекшеленеді және ол қоғамның тарихи дамуында ұрпақтан ұрпаққа трансформацияланып қалыптасады. Құндылық жөніндегі мазмұндаулар осы проблемалардың қазіргі мәнін түсінуге, зерттеу нысанасы мен практикалық мәнділігін білуге мүмкіндік береді. Әлеуметтанушылар үшін құндылық - әлеуметтік субъект, қажеттілігі бар, маңыздылығы айқындалған норма дейтін болсақ, әлеуметтанушы Б.Ерасов зерттеуінде құндылықтар былайша топтастырылады:- өмірлік құндылықтарға: өмір, денсаулық, тән, қауіпсіздік, жақсы жұмыс, адамның денелік хал-ахуалы, тоқтық, тыныштық, сергектік, күш қуат, төзімділік, өмір сапасы, қоршаған орта т.б.;- әлеуметтік құндылықтарға: статус, әлеуметтік орта, бедел, еңбек, байлық, кәсіп, тәртіп, отбасы, бейбітшілік, еркіндік, т.б.;- саяси құндылықтарға: сөз еркіндігі, азаматтылық,
Ата заң, т.б.;- моральдық құндылықтарға: жақсылық, игілік, махаббат, борыш, намыс, шыншылдық, ақ ниеттілік, парасаттылық, ізеттілік, ар-ұят, мейрімділік, бақыттылық, т.б.;- діни құндылықтарға: сенім, дін, иман, құтқару, тозақ, жұмақ, періште, әулие, т.б.;- эстетикалық құндылықтарға: әсемдік, әдемілік, мұрат, стиль, үйлесімділік, өнер, әдебиет, поэзия, дәстүршілдік, мода, мәдениет, т.б
Құндылықтар адамның сезімін оятып, іс- әрекеттің себеп-салдарын анықтап, адам мен қоршаған ортаны байланыстыратын буын, рухани болмыс. Берілген құндылық түрлерін зерттеушілер өздерінің зерттеу объектісі тұрғысынан ұсынғандығын көруге болады. Кез келген қоғам мен мәдениет өзіндік құндылықтар жүйесіне ие және ол жүйе қоғамның, мемлекеттің бірегейлігін, тұрақтылығын, өзіндік даму жолын көрсетеді. Құндылықтар жүйесі белгілі бір тәртіпке негізделіп қорғалатындығын және қоғам мен мемлекет тарапынан қуатталатындығын көрініс береді. Кешегі қазақтың ежелгі мекені Ұлы Дала, қазіргі Мәңгілік ел - Қазақстан шетсіз де шексіз. Алтайдан Каспийге дейін созыла сұлап, Батысы Сібір ойпаты, Шығысы Тянь-Шань тауларының теріскейін ала көсіліп жатқан осынау Ұлы даланың жері де Ұлы, тылсым терең тарихы да Ұлы, өскелең ұрпаққа деген Ұлағаты да Ұлы. Түп-тамыры түркіден тарайтын ортақ Дала өркениетінің ұланғайыр кеңістігінде ежелден бастап-ақ гүлдене қанат жайған бұл мәдени үрдіс Қазақстанның қазіргі шекарасымен ғана шектелмесе керек. Өмір мен өлімнің өзегін жалғап, қуаласаң сағымдай созыла жеткізбей діңкеңді құртатын Уақыт, Кеңістік атты шексіз ұғымдардың философиялық маңыздылығын арта түседі. Еуразияның Ұлы даласында қым-қиғаш із тастап, оны арлы да берлі тынымсыз шарлаған, үш мың жыл бойы көші-қон күн кешкен көшпелілер сол өмір, салт-дәстүр, тұрмыс-тіршілігіне орай төлтума өнер мен мәдениет қалыптастырған. Олардың көне тарихы бірде аттың жалында, жойқын қақтығыстар барысында қалыптасса, енді бірде түйенің қомында, мамыражай тірлік жағдайында өмірге келген. Оның қай-қайсысы болса да, сол көшпелілердің соңғы тұяғы, ұштығы көз алдында тұрған ХХI-ғасырдың басына дейін жеткен қазақ халқының тарихына өшпес белгі қалдырған. Қазақ елі, қазақтың ұлттық мемлекеттілігі – алдымен тілге, соңыра ділге, ақырында елге, түбінде ерге негізделген. Шын мәнінде, қазақ сөзге ұстамдығы мен беріктігінен бұрын, Сөз патшалығына бас ұрып, сыйлай да тыңдай да бiлген, сөзге тоқтай да алған халық! Сол арқылы ел мен ердің ойы мен бойында сан ғасырлап сұрыпталып, сомдалып, шыбын жанындай еніп, қасық қанындай сіңген құндылықтар жүйесі қалыптасып шыққан. Атақты Асан-қайғы абызға құлақ ассақ, хандардың алды Шыңғыс, соңы да Шыңғыс. 1224 жыл мен 1459 жыл аралығында Алтын орда мен оның қиынды ұрпақтарында Ноғай, Құтлық Темір, Едіге сынды мырза, әмірлерді қоспағанда 60-қа жуық хан билік еткен екен.
Мұны бір деп белгілейік. Екіншіден, Қазақ хандығында кейіннен шашау кеткен ұлыстарды қоса алғанда, 35-тей хан болған. Оның 22-сі тек қазақтың өз хандары (бірқатар зерттеушілер қазақ хандарының саны 17 деп есептейді). Жалпы, Керейден бастап соңғы Бөкей сұлтанға дейін қазақтың үш жүзінде 97 хан болғанға саяды (7-нің аты-жөні белгісіз). Айта кетейік, күні бүгін Қазақстан территория көлемінен түркі тілдес елдердің арасында ең алдыңғы орынға ие. Мәлімет үшін б.д. 552–603 жж. астанасы Орда-Балық болған Түркі қағанатының территория көлемі шамамен 9 млн шаршы км. құраған, қазіргі Қазақстанның жер көлемі бойыншы әлемде 9 орынды иеленіп отыр. Ең қызығы, көрсетілген аралықта Ұлы Түркі қағанатында тоғыз қаған билік еткен: Бумын, Қара Еске, Мұқан, Төбе, Әмрек, Баға-Ышбар, Жағбу-Баға, Үн-Ұлуқ, Қара-Шорын қағандар. Көптеген тарихшылар Қазақстан территориясында шамамен 20 шақты мемлекеттік құрылымдар немесе мемлекеттілік сипатындағы тайпалық одақтар болған дейді. Алайда, бұл қатарға түрлі себептермен кірмей қалған мемлекеттік құрылымдар жетерлік. Мысалы, сарматтар, аландар, хазарлар... Біздің есебімізше, сонау сақ дәурінен бері Ұлы дала 24 мемлекеттілікті бастан өткеріпті. Соңғысы - Қазақ хандығы. Оның тікелей тарихи мұрагері - Қазақстан Республикасы – жиырма бесінші. Ал биыл оның Тәуелсіздігіне жиырма бес жыл. Әлбетте, қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы мәңгі күресі тек хан-сұлтандармен шектелмек емес. Әйтпесе – тарихқа қауіп, халыққа қиянат. Қазақ хандығы мен бүгінгі қазақ мемлекеттігінің кіндігін жалғап жатқан не нағыз құбылыс десеңіз, ол - көне көмбелер, жазба жәдігерлер, «Алтын адам» және Жалаулыдан табылған қолөнерінің асқан үлгілері, көк түркінің оймақ жазуы, Күлтегін-Білге, Бумын және Істемі қағандардың Алтайдан Қарақорымнан Каспийге дейінгі қиым-қуыт соғыстары, Қорқыттың күйік күйлері, Аристотельдің шығыс шәкірті атанған Фарабидің («Ұстаз ас-сани») туындалары, Қашғаридің «Түркі сөздігі», Баласағұнның «Құтты білігі», Яссауидің сопылық ілімі, Жошы мен Алашаханның көркем мазарлары, Асан-қайғының ақылгөйлігі, Қазтуған мен Ақтамбердінің жорық жырлары, Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің өздері, Сырым батырдың сөздері, Махамбеттің отты өлеңдері, тарихымызды танытамыз, ұлтымыздың ұлылығын ұрпаққа ұлағат етеміз деп жүріп, кеңестік саясаттың құрбаны болған арыстарымыз Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіппек Аймауытов, Міржақып Дулатов, Халел Досмұхамедұлы, Санжар Асфендияров, Мухамеджан Тынышпаев, Ермұхан Бекмахановтардың «қалың қазақ» пен «қара баланың қамы» үшін елім деп етегі толып еңіреп жүріп атқарған саяси еңбектері... Бұл тізімді әрі де соза беруге болады. Алдыңғы арыстарымыздың асыл өнегесін жалғастыру үшін алтын көпірлік қызмет атқаруға коммунистік өктемдік тұсында да ақиқатты ашып айтқан ақберен кемеңгерлеріміз табылмай қалған жоқ.
Мұхтар, Қаныш, Әлкей сияқты ағаларымыздың әрқайсысы бір-бір академия арқалайтын жүкті ғасыр соқпағынан сүрінбей алып шықты десек, тіпті де асыра сілтегендігіміз емес. Есімдердің әр әрпі алтынмен жазуға тұрарлық сондай асылдарымыздың арқасында тарихымыздың тамыры суалған жоқ деп білген ләзім. Ықылым заманнан бері қай елдің елдігін, халықтың халықтығын танытатын белгілерінің бірі – хан болсын, қара болсын, маңдайына біткен тума дарынды перзенттерін бағалай алу, қадірлей де қастерлей білу. Оның көбісі - Сырдария, Талас, Шу өзендері бойындағы ежелгі қалалардың, Тараз, Сайран, Сауран, Сығынақ, Орда, Сарайшық сияқты көшпелі елдің отырықшы орталықтары қол жеткізген мәдени жетістіктер. Бұл тек белгілісі, белгісіз қаншама? Егер орта ғасырлық Қазақстан территориясында қыруар қала болғанын есте ұстар болсақ, бүгінгі мұражайқорымыз бәлкім он есе, жүз есе көп болар... Отырарды айтсаңшы! Қазаққа құдай бұйырған кең байтақ сахара сары дала Батыс пен Шығыстың арасын өзімен де, сөзімен де жалғап жатырған болса - Ұлы Жібек жолымен Ұлы далаға ұлы ілім де келген. Бір заманда күллі мұсылман әлемін тәмсандырып, арғы-бергі аты белгілі батыс ойшыл-оқымыстыларының ілкі Александрия кітап қоймасындай таңдайын қақтырған Отырар кітапханасы.
2 Қоғамдық сананы жаңартудың негізгі бағыттары. Рухани жаңғыру. XXI ғасырда ұлттық сананы қалыптастыру. «Рухани Жаңғыру» - мазмұны терең, ауқымы кең, ұлт руханиятын ғасырлар биігіне көтеретін өте маңызды бағдарлама. Елбасы ХХІ ғасырдағы жаңа ұлттың, жаңа қазақтың феноменін анықтап берді. Жаңа дәуірдегі ұлттың рухани жаңғыру жолының алты бағдарын атады.
Бүгінгі мақсатымыз – Ұлы Дала елінің бойында белгілі тарихи себептермен қалғып кеткен прагматизмді ояту арқылы ұлттық, қоғамдық ойға, іске сілкініс әкелу, тәуелсіз елдің санасы мен ағзасын отаршылдық, кембағалдық, бойкүйездік комплекстерінен арылту. Мемлекет басшысы қазақтың ежелгі «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» қағидасын мықтап ұстануға шақырды.
«Ұлттық код» және «Ұлттық мәдениет»: осы екі маңызды мәселеге ерекше ден қойды. Халықтан соларды сақтауды талап етті. «Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын. Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек» деп нақтылап айтты.
Ең бастысы, сананың ашықтығын, яғни әлемдік озық жаңалықтарға, ғылым-білімге құшақты айқара ашу керектігін нақтылады.
Тарихқа арқа сүйемесе, болашақ бұлдыр. Планетада мән-мағына мен құндылықтардың мылтықсыз майданы күн сайын жүріп жатқан қазіргі күнде тарихи жадыны сақтап қалу – жалпы өзіңді өзің сақтап қалудың жалғыз жолы. Ұлттық тарихқа стратегиялық тұрғыдағы өзінің көзқарасын Мемлекет басшысы 1999 жылы шыққан «Тарих толқынында» кітабында баян етіп берді. 2003 жылы Қазақстан халқына Жолдауында Н.Ә.Назарбаев бұрын-соңды болып көрмеген «Мәдени мұра» бағдарламасын бастайтынын жариялады. Бағдарлама жүзеге асырылған жеті жылда – 2004-2011 жылдар аралығында Қазақстанның тарихы, археологиясы мен этнографиясы бойынша 26 арнаулы зерттеу жүргізілді. Дегенмен мұның бәрі – тарихи жады мен тарихи әділеттілікті қалпына келтіру жолындағы ауқымды жұмыстың басы ғана. Қазақстанның қазіргі аумағы негізінен қазақ этносын қалыптастырған тайпалардың таралу аумағына сәйкес келеді. Ол тайпалардың XV ғасырда аяқ астынан қалыптаса қалмағаны айдан анық. Қазақ этносының қалыптасуы талай мыңжылдықтарға созылған үдеріс, өкінішке орай, ол жеткілікті деңгейде зерттелмеген. Ғалымдарымыз әлі күнге дейін көне түркілік Дешті Қыпшақ даласындағы ертедегі мемлекеттік құрылымдардың құрылуы мен ыдырауы, түркі-қыпшақ жұртының таралу аймағы, Еуразия топономи­касының тарихы сияқты тағы басқа да аса күрделі әрі ауқымды тақырыптарды жаңа әдіснамалық тұрғыдан қарастырған жоқ.
3 Еуразияшылдық және Қазақстан дамуы. Еуразияшылдықтың әлеуметтік-мәдени, идеологиялық, геосаяси негіздері. Жаһандық әлемдегі Қазақстанның өркениеттік идентификациясы.
Қазақ халқының тарихы мен мәдениеті әлем­дік өркениет пен мәдениеттің құрамдас бөлігі ретінде өзіндік табиғи-ландшафттық жағдайларда – ерте кезден Батыс пен Шығыс мәде­ниеттерін байланыстырып келген Еуразияның орталық территориясындағы Ұлы Дала аума­ғында қалыптасты.
Алтай, Алатау және Орал тауларының арасындағы кең даланы мекен еткен Орталық Азия халықтары мен ертедегі тайпаларының палеолит, қола дәуірлерінен басталған мәдени дәстүрлері жаһандық жалпыадамзаттық заңдылықтардың динамикасы ағымындағы әлеуметтік-мәдени үдерістерді бастан кешіріп, номадизмге тән көшпелі мал шаруашылығының ықпалымен орнықты.
Үш мың жылға жуық тарихы бар көшпелі өркениет барысында қазақ халқы сыннан өткен теңдессіз бай рухани және мәдени мұраны артындағы ұрпаққа мирас етіп қалдырды. Сондықтан қазақ халқы мәдениетінің терең еуразиялық тамыр­ларын есте сақтаған жөн.
«Еуразия», «еуразиялық кеңістік» термин­дері­нің тек құрлықтың ұғымын ғана білдірмейтіні белгілі. «Еуразияшылдықтың» географиялық және семантикалық шеңберлерін анықтар болсақ, бұл түсінік ұзына бойы жеті жарым мың шақырым болатын Алтай тауынан бастап Карпат тауына дейін созылып жатқан Ұлы даланы білдіреді. Ол өзіне үш аймақты енгізеді: Жоғарғы Азия (Алтай тауы, Тува, Моңғолия), Орталық Азия және Шығыс еуропалық жазықтық. Сондықтан Еуразия ауқымына ену мен енбеу өзіндік тарихи қисынға сәйкес келетін мүдделерге байланысты. Сонымен қатар ол халықтардың діліндегі сұх­баттық қатынастарға бейімділікке де көп байланысты құбылыс болып табылады.
Еуразия – бұл тек географиялық ұғым емес, ол мәдени-өркениеттік бірегейлікке деген ұмтылысты да білдіреді. Еуразиялық кеңістікті баяғыдан осы жердің табиғи ландшафтына бейімделіп, шаруашылықтарын жүргізген халықтар – түркілер, моңғолдар, финугорлар және славяндар мекендеді.
Соған сәйкес бұл жерде өзге өркениеттік бітімдерден өзгеше еуразиялық өркениет пен еуразиялық мәдениет, еуразиялық бірегейлік пен еуразиялық философия қалыптасты. Бұл мәдени-тарихи сабақтастық тарих ырғағының бойында қалыптасқан құдіретті империялардың құрылуынан аңғарылады. Олардың құрған Ғұн империясы, Түркі қағанаты, Оғыз қағанаты, Қыпшақ қағанаты, Алтын Орда сияқты мемлекеттері әлемдік тарихтың дамуына орасан зор ықпал етті. Кейінірек оларды Ресей империясы мен социалистік қағидаттарға негізделген Кеңес Одағы алмастырды.
Еуразияның тұтастығы, оның мәдени-тарихи бірлігі туралы айтқанда, бұл мәдени-өркениеттік типтің көшпенділік тамыры туралы міндетті түрде сөз қозғалуы керек. Оның үстіне «Ұлы даланың көшпенділері адамзаттың тарихы мен мәдениетінде еуропалықтар мен қытайлардан, мысырлықтардан, ацтектер мен инктерден бір де кем емес рөл ойнады. Тек олардың бұл рөлі, басқа да әрбір этностың немесе, суперэтностың рөлі сияқты, ерекше, төлтума болды және ұзақ уақыт бойы оның құпиясы танылмай келді» (Л.Н.Гумилев. «Еуразия ырғақтары»).
Көшпенділік қазақ халқының этномәдениетінің де негізін құрайды және күні кешеге дейін, өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы жаппай ұжым­дастыруға дейін қазақтар осы өмір сүру тәртібі мен мал шаруашылығы дәстүрін берік ұстанып келді. Бұл тұрғыдан алғанда, қазақтар – ұлы көшпелі өркениеттің заңды мұрагерлері екені сөзсіз және еуразияшылдық идеяның қазақстандық қоғамда кеңінен сөз болуы да осы тамырға байланысты.
Еуразиялық идеяны практикалық түрде іске асыру барысында Еуразиялық экономикалық қоғамдастық, Еуразиялық даму банкі, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университет, Еуразия университеттерінің ассоциациясы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Ортаазиялық одақ, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, Кеден одағы сияқты жаңа құрылымдар өмірге келіп, өздерінің өміршеңдігін баршаға көрсетіп отыр. Болашақта еуразиялық аймақтың, еуразиялық аймақтық интеграцияның, еуразиялық идеяның рөлі арта түспек. Әсіресе, қазіргі ұзаққа созылатын әлемдік қаржылық-экономикалық дағдарыстан еліміз жүйелі түрде жаңарып барып, орнықты даму жолына түсуі үшін біздерге әлеуметтік тұрақтылық, халықтардың бірлігі ауадай қажет. Еуразия аймағындағы елдер арасындағы экономикалық интеграцияны өрістету арқылы ғана өзіміздің ұлттық тәуелсіздігімізді одан әрі нығайтып, дағдарысты тезірек еңсере түсеміз. Дағдарыс дамудың бір сәті. Сондықтан оны жеңе білу, алға қарай ұмтылу негізгі парызымыз.
Бүгінгі күнгі жаһандану зама­нында тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысынан Шығыс пен Батыстың жақындасуы Еуразия құрлығы мемлекеттерінің дүниеге деген қатынасы мен интеграциясы іспетті аса тарихи қажеттілікке айналуда. Жаһандану заманында адам мен табиғат, техника мен адамгершілік, ислам мен христиандық, ұлттық пен жалпыадамзаттық құндылықтар арасындағы теңсіздік аса зор әлемдік күйреуге, барлық адамзаттың жойылуына апарып соқтыруы ықтимал. Еуразияшылдықты дүниеге айрықша қатынас түріндегі мәдени-философиялық доктрина ретінде жүзеге асыру осы теңсіздікті жоюдың басты жолы, адам тіршілігінің әр түрлі тараптарын үйлестірудің бірден-бір тәсілі болар еді. ХХІ ғасырда еуразиялық идеяның кең де терең мәнге ие болуы да сондықтан. Ендеше Еуразиялық идея Еуразия құрлығындағы мемлекеттер арасындағы күрделі қайшылықтарды шешудің бірден-бір үйлесімді формасы, сонымен қатар көп деңгейлі интеграциялық үдерістердің қайнар көзі, ендеше, аймақтық қауіпсіздік пен бейбітшілікті қамтамасыз етудің бірден-бір құралы болып табылады.
Аймақтық еуразиялық интеграция, Еуразия кеңістігіндегі мемлекеттердің өзара интеграциялық қауымдастығы олардың әрқайсысының ұлттық егеменділігі мен тәуел­сіздігін, тұрақтылығы мен қауіпсіздігін одан әрі қамтамасыз ету үшін өте қажет.
Президент Н.Ә.Назарбаев ұсынған еуразиялық идея мен әлемдік дағдарыстан шығудың көрсеткен қазақстандық жолы арасында тығыз байланыс бар. Сондықтан еуразияшылдықтың, еуразиялық экономикалық интеграцияның болашағы өте зор. ХХІ ғасыр – оны Еуразия кеңістігіндегі халықтардың көпшілігі мойындап, болашақта еуразиялық идея үлкен материалдық күшке айналып, Еуразияда, бүкіл дүние жүзінде өзара түсіністік пен рухани келісім салтанат құрған ғасыры болмақ.
4 «Мәңгілік ел» идеясы. «Рухани жаңғыру» жобасы – ХХІ ғ Қазақстан дамуы болашағын айқындайтын маңызды құжат.
Қазақстанның бірінші жаңғыруы 25 жыл бұрын КСРО-ның қирандысынан шығып, өз жолымызды дербес мемлекет ретінде бастағанымыздан басталған болатын.
Екінші жаңғыру «Қазақстан-2030» стратегиясының қабылдануымен және жаңа елорда – Астананың салынуымен басталды. Үшінші жаңғыру Елбасының»Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласымен жалғасын табуда. Ұлт санасының жаңғыруын мақсат еткен бұл еңбек-бағдарламалық құжат. Үлкен екі бөлімнен тұратын мақаланың екінші жартысында Елбасы кез келген жаңғырудың ең алдымен Ұлттық болмысқа, дәстүрдің замана сынынан сүрінбей өткен озығына негізделуін қадап айтып отыр.
Бұл іргелі мақаланы халық Мәңгілік Ел мұратын жүзеге асырудың түп негіздерін көрсетіп берген тұжырымдамалық бағдарлама ретінде қабылдауда.
Бұл халқымызға рухани жол көрсететін нақты бағдар екеніне күмән жоқ. Нағыз ұлттық жаңғыру тек Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгенде ғана, Елбасының ұзақ мерзімді стратегиясының негізінде басталды деп айтуға болады.
Қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталып отырған бұл идеяның ұсынылуы уақыт талабы мен ел дамуының тарихи кезеңіне сай, маңызы зор шешім болып отыр. Бұл идеяның үшінші жаңғырудың өзегіне айналуы, елімізге мүлдем жаңаша сипат, тың серпін әкелері анық.
Сананы рухани жаңғыртуға бәсекеге қабілетті, білімді елдің ғана шамасы жетеді. Сол себептен Елбасы рухани жаңғырудағы ұлттық сананың рөліне баса назар аударып, бірнеше міндеттерді айқындап берді. Елбасы аталған мақаладан жаңаша бастау алатын «Туған елге» ұласатын «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынып отыр. Әрбір азаматтың өзінің туған жерінің гүлденуі үшін нақты үлес қосуға үндейді.
Жас буын өкілдері халықтың игі дәстүрінен тәлім алып, елжандылық, патриоттық қасиеттерді бойына сіңіріп өсу үшін нақ осындай бағдардың маңыздылығы зор.
Еліміздің ұлттық білім беру жүйесінде «Қазақстандық патриотизм» ұғымы қолданылып келеді. «Қазақстандық патриотизм» арқылы Отан, туған жер, ел, атамекен, туған өлке туралы түсініктер оқу- тәрбие үрдісінде, сабақтан тыс іс- шараларда Отансүйгіштік сезімді дамытуға, ұлттық салт- дәстүрді сақтау, мемлекеттік рәміздерді құрметтеу сияқты сезімдерді оқушылар бойында қалыптастыру жүзеге асырылуда.
Ең бастысы – жас ұрпақ бойында Отанға, туған еліне деген сүйіспеншілік сезімін қалыптастыру. Жастар тәрбиесіндегі басты ұстаным- өзін-өзі басқаруға мүмкіндік беріп, еркіндікті, сөз бостандығын, пікір бостандығын сездірту, олардың ұстанымдарымен санасу.
Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті мен «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынамын»,- дегені жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу ісінде баға жетпес ұсыныс.
Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы- қоғам дамуына тың серпін беріп, барша қазақстандықтардың жаппай қолдауына ие болар тарихи бастама. Бұл игі бастаманы ел ішінде насихаттап, лайықты жүзеге асыру – баршамыздың міндетіміз.
Елбасы рухани жаңғырудағы ұлттық сананың рөліне баса назар аударып, бірнеше міндеттерді айқындап берді. Оның ең негізгісі ұлттың терең тарихынан бастау алатын рухани ұстанымды сақтап қалу. Құндылықтарымыз бен озық дәстүрімізді табысты жаңғырудың алғышартына айналдыра білу. Бұл ретте, Елбасы «Жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерімізді қайта түлетуіміз керек»,- екенін атап көрсетті.
«Президент рухани жаңғырудағы ұлттық сана-сезім көкжиегін кеңейтуде екі нәрсенің басын нақты ашып беріп отыр. Оның бірі ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғырудың болмайтындығы. Екіншісі, алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту. Мұндағы басты идея болашақ пен өткенді үйлесімді сабақтастыра білу. Озығын алып, тозығын тастау», - деді ол.
Елбасының идеясы тарихқа деген көзқарасты түзету мен ұлттық бірегейлікті сақтап, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту жайлы болып отыр. Елбасының «Бізге тарих туралы өздерінің субьективті пайымдарын тықпалауға ешкімнің қақысы жоқ»,- деуі шешімді пікір.
Рухани жаңғыруда қойылып отырған маңызды мәселенің бірі «сананың ашықтығы». Жаһандану үрдісіндегі басты талап әлемдік тілдерді игеруге ұмтылу. Бұл біздің ғаламдық үрдіске толыққанды араласуымызға жол ашады. Әлемдік озық тәжірибе мен жетістіктерге қол жеткізуімізге мүмкіндік туғызатыны анық.
Өткенге көбірек үңілсек, бүгінгіні неғұрлым тереңірек түсінетініміз анық. Тарих өткенмен ғана емес, бүгінгі және ертеңгі өмірмен де байланысты. Біз ешқашан, ата-бабамыз бен өткен даналарымыздың не жайында пікір таластырғанына, ізденістеріне, еңбектеріне, тіпті азды-көпті қателіктерінің өзіне деген қызығушылығымызды жоғалтпаймыз. Тарихымыздағы философиялық ойлар мен еңбектер – қазынамызға құт әкелген, гумандылық пен үгіт-кеңестің асыл да биік сапасын өзінен көрсете білген еңбектер. Сондықтан, бүгінде философиямен танысуды – жоғарыда қарастырған жалпыадамзаттық құндылықтардың философия мен гумандылық контексіндегі көзқарасы мен орнын анықтап, қазақ философиясы арнасында «Рухани Жаңғыруды» болашақта жүзеге асыру ісіндегі қадамымыз ретінде қабылдауымызға болады.
Тақырыпты пысықтау сұрақтары:
1 «Мәңгілік Ел» және «Ұлы Дала» категорияларының мәні?
2 Қазіргі Қазақстандағы жаңғырудың әлеуметтік-саяси, экономикалық, мәдени қырларының бүгінгі жағдайын сипатттаңыз?
3 «Рухани жаңғыру» ұғымының философиялық мәні неде?
4 «Ұлттық сана» үғымының мәні неде?
3 Жаһандық әлемдегі Қазақстанның өркениеттік жағдайы туралы айта аласыз ба?
4 «Рухани жаңғыру» жобасының нәтижелерінің бірі – «Санасы ашық» жастарды тәрбиелеу деген тұжырымды қалай түсінесіз?


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   52   53   54   55   56   57   58   59   ...   82




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет