Эмпиризм (гр. empeiria – тәжірибе деген сөз) – бiздiң бiлiмiмiздiң қайнар көзi – сезiмдiк тәжiрибе, адамның түйсiктерi мен қабылдауларынан пайда болған деректердi ретке келтiредi. Эмпиризм қазiргi кезде неопозитивизм формасында өмiр сүредi. Неопозитивизмде ойды сезiмдiк тәжiрибелермен салыстыру арқылы тексередi. Егер тәжiрибе, бiлiм немесе логикалық сараптау арқылы дәлелденсе немесе терiстелсе (верификацияланса), онда ол ғылымға жатады да, қалғандары жалған болып шығады. Неопозитивизмді Беркли мен Юм – соңғы субъективтік идеализмде, ақыл-ой білімді түйсіктен, жай сезiнуден алады деген пікір айтып, түйсіктен ары бара алған жоқ.
Сезімдік дәрежеде болатын құбылыс үш түрлі болады: түйсік, қабылдау, елестету. Дүниені бейнелеудің алғашқы түрі – түйсік ол объективтік заттардың, құбылыстардың сезім мүшелеріне тікелей әсер еткен кездегi жеке қасиеттерінiң (ыстық-суық, дәмді-қышқыл, т.б.) бейнесі. Объективтік дүниенің біздің санамыздағы субъективтік бейнесі. Түйсіктер біздің барлық білімдеріміздің қайнар көзі. Олар сезім мүшелері арқылы – көру, есту, дәм, иіс, терімен сезіну ретінде пайда болады: көру - әртүрлі түр мен реңін, жарықтың күштілігін, т. б. толып жатқан қасиеттерін айырады. Есту – серпінді ортаның дыбыс тербелістерін ажыратады. Дәм мен иіс – құбылыстардың химиялық қасиеттерін бейнелейді. Тері арқылы әртүрлі механикалық және температуралық қасиеттердi ажыратамыз.
Түйсік (сезіну) өзінің түрі жағынан субъективтік, оның себебі – пайда болуы, субъектінің сезім мүшелерінің қызметімен байланысты. Түйсіктің мазмұны – объективтік, себебі ол заттардың объективтік, бізден тәуелсіз қасиеттерін бейнелейді. Сезімдік танымның күрделі түрі – қабылдау. Ол жеке заттар мен құбылыстардың сыртқы көрінісін, бағытын толық бейнелейді. Қабылдау жеке адам білімінің дамуында, танып-білу барысында ерекше саты болып табылады.
Елестету – қазіргі сәтте сезім мүшелеріне тікелей әсер етпейтін, бірақ бұрын болған оқиғалар мен заттардың сезімдік бейнесі. Елестеу: бiрiншiден, қабылдауға қарағанда бұлдырлау, тиянақсыз болып келеді. Екiншiден, қабылдауға қарағанда неғұрлым жалпылама сипатта болады, заттың негізгі және негiзгi емес, қосалқы қасиеттерін ажыратады; үшiншiден, бейнелердің түрін өзгертуге, оларды қайта құруға, жаңадан көрнекті бейнелер жасауға мүмкіндік туғызады. Елес – еске байланысты, есте сақтау – ми ерешелiктерiне байланысты. Ес-жад жатқа айту, еске түсiру қабiлетi – таным барысында өте қажет, әрi дүниенi дұрыс тануға мүмкiндiк жасайды, ұмытшақтық адам өмiрiнде көптеген ыңғайсыз жағдайға алып келедi.
Сезімдік танымның қатесі неде, олар неге байланысты? Негізінен сезім мүшелерінің әрқилылығына және адамның көңіл-күйіне: қуанышқа, ғашықтыққа, қызғаншақтыққа, т. б. байланысты болады. Сонымен бiрге адамдарда түйсiк, қабылдау және елестету әртүрлi дәрежеде болады. Олай болса, таным объектiсiне таным барысында оның субъективтiк интерпретациясы (түсiндiру, талдауы) сәйкес келмейдi. Егер танымдағы субъективизм ойлаумен түзетiлмесе, онда практикада волюнтаризмге алып келедi.
Ойлауға, сананың рационалдық дәрежесіне ерекше мән беретіндер – рационалистер (Декарт, Спиноза, Кант, Лейбниц, Гегель). Олар идея сезiмде берiлген түйсiк, қабыладаулардың жай қосындысы бола алмайтындығына сүйенедi. Тарихи-диалектикалық әдiстердiң қалыптаспаған кезiнде, ерiксiзден “туа бiткен идея”, “ойлаудың” тәжiрибеге дейiн берiлген априорлық “формалары” деген iлiмдер жасап, сананың белсендiгiн қорғап, идеалистiк философияны дамытты.
Сезімдік таным секілді ойлаудың да формалары бар - ұғым, пікір, ой қорыту.
Ұғым – түйсік, қабылдау мен елес негізінде пайда болады. Ұғым – тіл арқылы құбылыстарды ажырату, сапасын түсіну. Ұғым сезімдік бейнелеудің жай жиынтығы емес. Ұғым жеке құбылыстарды, фактілерді, т.б. зерттеу ісін қамтитын күрделі және ұзаққа созылатын таным барысының нәтижесі, тарихи өзгеріп, жетіліп отырады.
Пікір немесе пікірлесу. Бір зат туралы бір нәрсені мақұлдайтын немесе теріске шығаратын ойлар - бейне, ұғымдарды салыстыру.
Ой қорыту – пікірлердi жинақтап, топтастыру нәтижесiнде жаңадан туатын ойлардың тиянақты жоғарғы формасы. Бұлар абстракциялық ойлау (заттың бейнесімен ойда алдын ала әртүрлі іс-әрекет жасау) дәрежесінде iске асады. Бұл көрген, қабылдаған заттың мәнін, мағынасын терең талдауға, дамуын болжауға, мақсат құруға жеткізеді.
Түсіну және түсiндiру. Жетілген сананың болуы үшін оны түсіну керек.
Білім мен жүйелердің арасында терең әрі тығыз байланысты орнату. Бұл бізге жаңа заңдылық пен кейбір белгiсiз құбылыстарды ашуға көмектеседі;
Келешекті болжауға не болатынын айтуға мүмкіндік жасайды.
Түсіндіру – ұзақ және көп қиындығы бар процесс. Түсіндіру білімнiң бір мөлшерiнен екіншіге ретпен көшіп отыруын талап етеді. Ғылыми ойлау мен түсiндiруде мынадай кезеңдер (қандай да болса бiр iстi атқару тәртiбi, орындау түрi) болып отырады.
Интерпретация – ақпараттың негiзiнде жасалған алғашқы топшалау;
Реинтерпретация – алғашқы топшалауды өзгерту;
Конвергенция – алғашқы қабылданған мән мен мазмұнды жөнге келтiру;
Дивергенция – алғашқы қабылданған мазмұнды бөлiп тастау;
Конверция – алғашқы мән мен мазмұнды өзгертiп, қайтадан, жаңадан құру.
Танымның негізгі бiр мақсаты – шығармашылық, ол iс-әрекет рухани дүниенi дамытады: музыка шығару, кiтап жазу, әңгiме, өлең айту, сурет салу, т. б. шығармашылық қалыптасқан санаға тән құбылыс жаңа ой жасау, идея айту, ол интуициямен тікелей байланысты. Интуиция – адамның есінде толып жатқан құбылыстар, санасыз қатынастар мен бейнелер. Бұл құбылыстарды жүйеге келтіру арқасында үлкен ғылыми, мәдени жаңалықтар ашылады.
Ақиқат – алған білімнің шындыққа сәйкестігі. Егер сәйкес болмаса, білім жалған. Материализмде, идеализмде де осыны мойындайды, бiрақ шындық дегендi әртүрлi түсiнедi. Материализм үшiн, ол – бiзден тәуелсiз өмiр сүретiн объективтiк дүние болса, идеализм – оны идеялар дүниесiнiң жай көмескi көлеңкесi, жалған дүние деп есептейдi.
Философия тарихында ақиқаттың бiрнеше теориясы жасалынған.
Корреспонденттiк (тiршiлiк немесе классикалық) ақиқат бiлiм ретiнде шындыққа сәйкес түсiндiрiледi.
Прагматикалық ақиқат. Қандай ой-пiкiр немесе әрекет болса да, егер ол пайда әкелсе ғана – ақиқат (У. Джеймс).
Когеренттiк (лат. cohaerentia – тiркесу, байланыс) ақиқат дегенiмiз – ойлаудың өзiмен өзiнiң келiсуi, ондағы қайшылықтың жоқтығы (Кант, Гегель). Ең көп тараған, Аристотельден басталатын бiлiмдi затпен сәйкестiретiн беделдi ақиқат теориясы –корреспонденттiк болып есептеледi. Аристотель: “ажыратылғанды –ажыратылған, байланысқанды – байланысқан деп есептейтiн адам шын сөйлейдi, ал жалған сөйлейтiн адам – заттардың нақтылығы туралы керi ойлайтын адам”– дейді.
Философиядағы ақиқат туралы ұшқыр ойлар: Бэкон:» Ақиқаттың атасы бедел емес, уақыт» (истина – дочь времени, а не авторитета);1 Гегель: «Ақиқат - ұлы сөз, одан да жоғары ұлы зат, олай болса сау адамның бұл сөзді естігенде көкірегі көкке көтерілуі тиіс»2 – дейді. Ақиқат ешнәрсеге байланысты емес. Сондықтан ақиқат әртүрлі – объективтік, абсолюттік, салыстырмалы (относительдік), нақты:
Объективтік ақиқат деп – біздің білімімiздің субъектiге тәуелсіз өмір сүретін мазмұнын айтамыз. Мысалы, металдың бәрі электр тогын өткізеді деген тұжырымды келтiруге болады. Сонымен бiрге тану – субъектiге тәуелдi, яғни ақиқат субъективтiк. Объективтiк пен субъективтiк – бұл екi бөлек ақиқат емес, ғылыми теорияда, бiлiмде бiрiккен, екi қарама-қарсы сипаты бар, бiр ақиқат.
Абсолюттік ақиқат – шындықтың дәл және түгел бейнеленуі, ол объективтік ақиқаттың мызғымайтын беріктігі. Бұл білімнің болашақта теріске шығарылуы немесе анықталуы мүмкін емес, ол сөзсіз айқын нәрсе. Мысалы «Қайнаған су буға айналады».
Салыстырмалы (относильдік) ақиқат – ол біршама дұрыс, негізінен алғанда дәл білім, бірақ толық емес, танып-білу үстінде толықтырыла анықтала түседі, түзетіліп отырылады. Мысалы, Антика кезiнде Левкипп, Демокрит, Эпикур атом туралы бiлiмдi – материяның бөлiнбейтiн ұсақ бөлшегi деген, кейiннен атом күрделi құрылым болып шықты. Бұл салыстырмалы ақиқат. ХIХ ғасырда электронның бар екенiн, оның атомға кiретiнi белгілі болды, ал қазiргi кезеңде оның жүзден аса элементарлық бөлшектерi бар екендігі мәлiм болды, бiрақ бұл әлi де оның шегi емес.
Ақиқаттың нақтылығы дегеніміз – абсолюттік пен относительдік ақиқаттың диалектикасының бірлігі. Таным объектiсiне, фактілерге, оның жағдайына тарихи қарастырылу деңгейінде нақты тәсіл қолдану барысында нақты ақиқат принципі пайда болады.
Ақиқат критерийі (дәйегi) не? Практика танып – білудің негізі, оның стимулы ғана емес, сонымен бірге білімдеріміздің ақиқаттылығының өлшеушісi де болады. Практика барысында бiздiң ұғымдарымыз тексерiледi, олардың ақиқаттылығы немесе жалғандығы анықталады да, дұрыс емес теориялар шығарылып тасталады. Практика ұғымы өте кең түрде қолданылады, қазiргi ғана емес, келешектегi өмiрдi де қамтитындықтан, ол ең негiзгi, бiрақ өте жалпы ақиқат өлшемi болып келедi. Жаңа теория, iлiм, идеялардың ақиқаттылығын бүгiнгi күнде анықтау қажеттiлiгi ғылыми-техникалық прогресс кезеңiнде арта түседi. Сондықтан ақиқат өлшемі ретінде ғылыми тәжiрибеде бақылау, эксперимент жасау тәжiрибелерiн де қарастырамыз. Көп жағдайда, әсiресе қоғам өміріне байланысты мәселелерді шешуде, тәжірибелер жасау мүмкіндігі болмайтындықтан, жаңа білімнiң ескі ақиқатқа логикалық сәйкестігін де ақиқат өлшемі ретінде пайдаланамыз. Оның да өз дәлелдемесі бар, Ленин айтқандай: “Логика – өткен ұрпақтардың миллион рет қайталанған тәжірибесінің қорытындысы», сондықтан оған да сенім білдіруіміз орынды.
Достарыңызбен бөлісу: |