Эмпириокритицизм – (гр. empeirio – тәжiрибе, сынау) бiлiмнiң объективтiк маңызын жоққа шығаратын Мах пен Авенариустiң идеалистiк, субъективтiк философиясы. “Ойлау жүйесiнiң экономиясы” пiкiрлерiнде, “ойды үнемдеу” үшiн танымның негiзгi заты - санада берiлген бейненi ғана зерттейiк, оның артында нақты зат бар ма, жоқ па оны бiлудiң еш қажетi жоқ деп есептедi. Екiншiден, ойлап түбiне жете алмайтын “материя” деген ұғымнан бас тарту керек. Оны сезiм элементтерiне бөлшектеу қажет, сонда бәрi де өз орнына келедi.
Қазіргі замандағы позитивизм Юм, Мах, Авенариустің философиялық жолын жалғастырып отыр. Философ Рассел «Мен тікелей столды танымаймын, менің танитыным – тек қана маған әсер ететін бір белгілі әрекеттері ғана» – дейді. Ағаш, стол, үй менiң денемнен тыс, өздiгiнен өмiр сүредi, бiрақ бұл құбылыстар маған әсер еткен жоқ, оны сезiмдерiм тудырды. Олар менiң ғана емес, барлық адамдардың сезiмiне байланысты.
Маркстiк философия – практика танымның мақсаты – негiзгi қозғаушы күшi және ақиқаттың өлшемi. Бiлуге ұмтылу, практикалық қажеттiлiктен туады. Геометрия – жер өңдеу үшiн, астрономия – теңiзде жүзу үшiн керек болады. Бiлiмдi болу – бiлiм үшiн емес, оны практикада пайдалану үшiн керек.
Таным мен практика қашанда бірлікте. Ең бастысы шындық, оны практика ғана көрсетедi. Шындық дегеніміз – біздің санамызда қалыптасқан ойдың объективтік нақтылығы. Дүниенi ұғыну алдымен: эмоция, сезiну, сезiм (адамдар мен жануарлардың өз айналасындағы ортамен қарым-қатынасы негiзiнде пайда болатын шағын ситуациялар, көңiл-күйлер), ес-жад, нану, сенуге байланысты. Адам – тану арқылы білімін кеңейтеді. Таным дегенiмiз – өмiр шындығын жай селқос аңғарып қана қою емес, оны қызу түрде мақсатқа сай бейнелеу, iс-әрекетке араластыру. Білім ақпаратқа байланысты, ал адам білімі ақпараттан алынады. Ақпаратты білімге айналдыратын, адамның сезімі мен ақыл-ойы. Біздің танымымыз үшін субъект қана қажет емес, сондай-ақ объект қажет. Олар бір-бірімен өзара әрекетке түседі:
Субъект – адамның биологиялық емес, әлеуметтік мәнін білдіреді. Ол практикалық іс-әрекет пен білім иесі. Индивид, әлеуметтік топтар, таптар және тарихи нақтылы қоғам – объектіні өзгертудің белсенді көзі.
Объект – табиғат, қоғам, қоғамдық қатынастар, яғни, объект дегенiмiз – материалдық ақиқатты дүниенi практикалық және теориялық тұрғыдан нақты тарихи іс-әрекет барысында субъекті игерген бөлігі. Мысалы, электрон Демокрит заманында да нақты бар болғанымен, адамның ол кезде электронды өз ойы мен әрекетінің объектісі ретінде айтуға қабілеті болмады.
Қоғамның тарихи өзгеруi объектiнiң де, субъектiнiң де өзгеруiне алып келедi. Екеуiнiң жетiлу дәрежесi де, сәйкес: зерттеудiң танитын объектiсiне қарап субъектiнiң кiм екенiн айтуға болады: “досың қандай болса, өзiң де сондайсың” деген осыдан шығады. Метафизикалық материализм, идеализм олардың диалектикалық байланысын, тарихи қосарлана дамуын ескермейтіндіктен, субъектiнi жай қабылдаушы не ешбiр шектеуi жоқ белсендi таным иесi деп көп қателерге ұрынады. Субъектінің әсер ететін объектісі де қоғамдық сипатқа ие болу үшін, адамның практикалық қызметінде көрінуі керек. Осы қызметтің арқасында мәдениет жасалады, ал білім – сол мәдениеттің элементі болып табылады.
Сана танымның нәтижесі ретінде екі дәрежеде қаралады:
● Сезімдік таным (тікелей аңғару).
● Рационалдық таным (абстрактылық ойлау).
Философия тарихына үңілсек, бiлiмдi сезімдік дәрежемен шектеу немесе сенсуализм (лат. sensus – сезім, түйсік) жаңа заман философы Джон Локктан басталады. Ол: «Ақылда ештеңе жоқ, білім тек сезім арқылы өткенде пайда болады» – деген ілімін ұсынған. Локк: “Әуел баста сезiмдерде болмаған нәрсе парасатта болмайды”, – дедi. Локктың бұл ілімін өзінен гөрі, оның жолын жалғастырушылар терең зерттеді. Олар XVIII ғ. материалистері Дидро, Гольбах, Гельвеций болды.
Достарыңызбен бөлісу: |