АНЫҚТАДЫ:
Конституциялық Кеңеске 2001 жылғы 10 сәуірде Қызылорда облыстық сотының «Байқоңыр» кешенін жалға беру туралы шарттың 6-бабы 6.12-тармағының екінші бөлігін және «Байқоңыр» кешені аумағында құқық тәртібін қамтамасыз етудегі қүқық қорғау органдарының өзара іс қимылы туралы келісімнің 5-бабын конституциялық емес деп тану жөніндегі ұсынымы келіп түсті.
Өтініш жасауға, А.Т. Қияшев пен А.К. Қоңырбаевтың Қазақстан Республикасының Конституциясымен баянды етілген құқықтары мен бостандықтарының бұзылғандығы туралы талап арыздары бойынша Қызылорда облыстық сотының іс жүргізуінде жатқан азаматтық іс себеп болған. Талап-арыздардың мағынасы бойынша, Қазақстан азаматтары бола тұрып және оның аумағында тұрып, «Байқоңыр» кешені аумағында құқық бүзушылық жасағаны үшін оларды ресейлік құқық қорғау және сот органдары қылмыстық қудалауға ұшыратып, Ресей Федерациясының заңдары
бойынша соттаған.
Ұсынымнан келіп шығатыны, А.Т. Қияшев жасаған құқық бұзушылық қылмыстық жазалауға жататын әрекет (бөтен біреудің мүлкін үрлау) ретінде сараланған, ал Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша ол бөтен біреудің мүлкін ұсақ-түйек ұрлағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылуы керек еді. Шет ел мемлекетінің сот үкімдеріне қылмыстық іс жүргізу тәртібімен Қазақстан соттарына шағымдануға құқықтық негіздемесі болмағандықтан, талапкерлер, Қазақстан Республикасы Азаматтық іс жүргізу кодексінде белгіленген тәртіппен, құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына конституциялық құқығын пайдаланған.
Талап арызды қабылдап алып, Қызылорда облыстық соты іс жүргізудІ тоқтата тұрған, себебІ, оның пікірінше, «Байқоңыр» кешенін жалға беру туралы шарттың 6-бабы 6.12-тармағының екінші бөлігі және «Байқоңыр» кешені аумағында құқық тәртібін қамтамасыз етудегі құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылы туралы келісімнің 5-бабы соттың істі бұдан әрі қарауына тосқауыл жасайды. Шарт пен Келісімнің аталған нормаларынан, соттың өтінішінде көрсетілгеніндей, кейбір жағдайларда Қазақстан аумағында адамдардың белгілі бір санаттарына, соның ішінде Қазақстан азаматтарына да қатысты, Ресей Федерациясының юрисдикциясы тарайтындығы келіп шығады. Бұл орайда құқық бұзушылық туралы материалдарды ресейлік құқық қорғау органдары Ресей Федерациясының заңдары бойынша қарайды.
Халықаралық құжаттардың бұл аталған нормаларынан Республика Конституциясының 11-бабы 1-тармағымен және
14-бабымен көзделген адам құқықтарын, сондай-ақ Республика Конституциясының 2-бабы 2-тармағының, 39-бабы 3-тармағының, 75 және 76-баптарының талаптарын бұзушылықты тауып, облыстық сот «Байқоңыр» кешенін жалға беру туралы шарттың 6-бабы
6.12-тармағының екінші бөлігін және «Байқоңыр» кешені аумағында құқық тәртібін қамтамасыз етудегі құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылы туралы келісімнің 5-бабын конституциялық емес деп тану жөніндегі ұсыныммен Конституциялық Кеңеске жүгінген.
Одан тыс, өтініш субъектісі - Қызылорда облыстық сотының төрағасы Б.З. Сақалов, Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы» конституциялық заң күші бар Жарлығының 21-бабы 3-тармағының
1) тармақшасына сәйкес, өтініштің көлемін ұлғайту – «Байқоңыр» кешені аумағында құқық тәртібін қамтамасыз етудегі құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылы туралы келісімнің сондай-ақ
11-бабында Республика Конституциясына сәйкес емес деп тану жөнінде өтініш жасаған.
Қызылорда облыстық сотының ұсынымында көрсетілген халықаралық актілер нормаларының конституциялылығын тексеру кезінде Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі мынаны ескерді.
1. Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының Үкіметтері 1994 жылғы 10 желтоқсанда жасасып, тараптардың екеуі де бекіткен «Байқоңыр» кешенін жалға беру туралы шарттың 6-бабы 6.12-тармағының екінші бөлігі, мына жағдайларда Қазақстан аумағында Ресей Федерациясының юрисдикциясы жүзеге асырылуын көзде тұтады:
«Байқоңыр» ғарыш айлағының қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелері Ресей Федерациясына және оның азаматтарына қарсы құқыққа қайшы әрекеттер жасаған кезде; әскери қылмыстар мен құқық бұзушылықтар әскери қызмет міндетін «Байқоңыр» кешенінен тыс жерлерде атқаруға байланысты жасалған кезде.
Ресей Федерациясы әскери жасақтарының әскери қызметшілері, ғарыш айлағы объектілерінде ғана емес, «Байқоңыр» ғарыш айлағы мен Ленинск қаласының жүмыс істеуі үшін қажетті жағдай жасаушы, кешенді қамтамасыз етуші объектілерде де тұрақты және уақытша негізде жұмыс істейтін азаматтық ортаның адамдары, Ресей және Қазақстанның кәсіпорындары, үйымдары, мекемелері, мемлекеттік билік және басқару органдары осы объектілерге іссапарға жіберген адамдар, сондай-ақ Ленинск қаласында, Төретам және Ақай ауылдарында тұрып жатқан ғарыш айлағы зейнеткерлері ғарыш айлағының қызметкерлері болып табылады. Ғарыш айлағы қызметкерлерінің отбасы мүшелеріне олардың жұбайлары, балалары, ата-аналары және солармен бірге тұратын, солардың асырауындағы адамдар жатқызылған (Шарттың 1-бабының І.6 және 1.7-тармақтары).
Тараптар 1997 жылғы 4 қазанда қол қойған, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» кешені аумағында құқық тәртібін қамтамасыз етудегі құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылы туралы келісімнің 5-бабына сәйкес, «Байқоңыр» кешені аумағында жасалған құқық бұзушылықтар туралы істер мен материалдарды, «Байқоңыр» кешенінің аумағында Қазақстан Республикасының азаматтары Қазақстан Республикасына, оның жеке және занды тұлғаларына қарсы жасаған қылмыстарды қоспағанда, Ресей Федерациясының құқық қорғау органдары қарайды. Бұл жағдайларда Ресей Федерациясының құқық қорғау органдары күттірмейтін әрекеттер жүргізгеннен кейін материалдар мен тиісті адамдарды Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына береді. Келісіммен ресейлік органдардың қарауына жатқызылған құқық бұзушылықтар туралы істер мен материалдар Ресей Федерациясының заңнамасы негізінде қаралады.
Аталған Шарт пен Келісімнің нормаларынан, Ресей юрисдикциясы оның азаматтарын да, басқа елдердің, соның ішінде Қазақстанның аза маттарын да қамтуы мүмкін екендігі келіп шығады. Ресей юрисдикциясының қолданылу ауқымы, өзі жалдап отырған «Байқоңыр» кешенінің аумағын ғана емес, белгілі бір жағдайларда Қазақстан Республикасының қалған аумағын да қамтиды. Бүл орайда Келісімнің 11-бабына сәйкес әкімшілік құқық бүзушылық жасағаны үшін жазаны өтеу Ресей заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады, ал «Байқоңыр» кешені аумағында ресей соты бас бостандығынан айыруға соттаған адамдар, олардың арасында Қазақстан Рсспубликасының азаматтары да болуы мүмкін, жазаны Ресей Федерациясының аумағында өтейді.
2. «Байқоңыр» кешенін жалға беру туралы шарттың 6-бабы 6.12-тармағы екінші бөлігінің және «Байқоңыр» кешені аумағында құқықтәртібін қамтамасыз етудегі құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылы туралы келісімнің 5 және 11-баптарының конституциялылығын тексеру үшін Қазақстан Республикасы Конституциясының мына қағидаларын ескеру қажет.
Қазақстан азаматтары Республика Конституциясымен көзделген және кепілдік берілетін барлық құқықтар мен бостандықтарға ие (Конституцияның 12-бабы). Құқықтар мен бостандықтар тек заңмен ғана шектелуі мүмкін. Олардың кейбірі, атап айтқанда, Конституцияның 11, 13-15-баптарында, 16-бабының 1-тармағында, 17-бабында аталғандары ешбір жағдайда да шектелмеуге тиіс (Республика Конституциясының 39-бабы). Азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруді қамтамасыз ету механизмі Республика Конституциясының норма-ларымен көзделген. Мемлекет бұл механизмді жүзеге асырушы негізгі субъект болып табылады.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 2-бабы
2-тармағына сәйкес, Республиканың егемендігі оның бүкіл аумағын қамтиды. Бұл принцип Қазақстанның ішкі және сыртқы саясат мәселелерінде тәуелсіздігі мен дербестігін, өзіне қарасты аумақ шегінде мемлекет пен оның билігінің жоғары тұруын білдіреді. Конституцияның 3-бабының 3-тармағынан, Республика Конституциясына негізделген билік заңды-құқықты болып табылатындығы келіп шығады.
Конституцияның 3-бабының 4-тармағында былай делінген: «Республикада мемлекеттік билік біртұтас, ол Конституция мен заңдар негізінде заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөліну ... принципіне сәйкес жүзеге асырылады». Сот төрелігі мәселелері Қазақстан Жоғарғы Соты мен жергілікті соттарының (Конституцияның 75 және 76-баптары), ал қылмыстық қудалау мәселелері – Республиканың арнаулы органдары мен прокуратурасының ерекше құзыреті болып табылады. Прокуратура органдары сондай-ақ заңдардың дәлме-дәл әрі біркелкі қолданылуын жоғары қадағалау функциясына ие (83 және
84-баптар). Конституцияның Республика азаматтарының шет мемлекетке берілмейтіндігі, Қазақстаннан тыс жерлерде жүрген азаматтарға қамқорлық жасалатындығы туралы 11-бабының талаптары, олардың құқықтары мен бостандықтарына берілетін елеулі кепілдіктің бірі болып табылады.
Қолданылып жүрген құқық мемлекеттің және құқық қатынастарының басқа субъектілері қызметінің құқықтық негізі болып табылады. Конституцияның 4-бабының 1-тармағына сай, Қазақстан Республикасында қолданылатын құқық деп, Конституцияның, соған сәйкес заңдардың, өзге де нормативтік қүқықтық актілердің, Республиканың халықаралық шарттық және өзге де міндеттемелерінің, сондай-ақ Республика Конституциялық Кеңесінің және Жоғарғы Соты нормативтік қаулыларының нормаларын түсіну керек. Республиканың бүкіл аумағында ең жоғары заңдық күші бар Республика Конституциясы барлық құқық субъектілерінің іс-әрекетін регламенттеуші негізгі құқықтық құжат болып табылады (4-баптың 2-тармағы).
Жоғарыда аталған конституциялық қағидалардан, азамат өз Республикасының аумағында оның қолданылып жүрген құқығының субъектісі екендігі келіп шығады. Оның құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері бұзылған немесе ол құқыққа қайшы әрекет жасаған жағдайда оған Қазақстанның мемлекеттік билІгі юрисдикциясы тарайды, оны жүзеге асыру Республиканың тиісті мемлекеттік органдарына жүктелген.
3. Конституциялық іс жүргізу материалдарын талдау, Шарттың 6-бабының 6.12-тармағы екінші бөлігінің, Келісімнің 5 және 11-баптарының нормалары оған қатысушылардың мүдделерінің тепе-теңдігін қамтамасыз етпейтіндігін, Қазақстан Республикасы Конституциясының жоғарыда аталған қағидаларымен үйлеспейтінін және Республика азаматтарының конституциялық құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретінін көрсетті.
Ресей Федерациясының юрисдикциясы Казақстанның аумағы мен оның азаматтарын қамтуы Республика Конституциясының
2-бабы 2-тармағының, 3-бабы 3 және 4-тармақтарының қағидаларын бұзады, өйткені Қазақстанның егемендігіне нұқсан келтіреді. Республика Конституциялық Кеңесі өзінің «Қазақстан Республикасы Конституциясы 4-бабының 3-тармағын ресми түсіндіру туралы» 2000 жылғы 11 қазандағы № 18/2 қаулысында, шарттың орындалу тәртібін белгілеу мемлекеттердің конституциялық және заң шығарушылық төтенше құзырына жатады және халықаралық құқықтың жалпыға бірдей тән алынған принципі – мсмлекеттердің егемендік теңдігінен келіп шығады, деп түсіндірген болатын.
«Байқоңыр» кешені Қазақстан аумағының ажырамас бөлігі болып табылады. Осы кешеннің аумағы мен одан тыс жерлерде Ресей Федерациясының заңнамасын орындамағаны немесе бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының азаматтарына қатысты қылмыстық қудалау мен сот төрелігін Ресейдің құқық қорғау және сот органдарының жүзеге асыруы, құқық бұзушылықтар туралы материалдарды қарауы Қазақстан соттарының, сондай-ақ арнаулы анықтама жүргізу мен тергеу органдарының және прокуратурасының конституциялық өкілеттіктерін кемітеді.
Қазақстан аумағында Ресей заңнамасын Республика азаматтарына қатысты қолдану Республика Конституциясы
4-бабының 1 және 2-тармақтарына қайшы келеді. Конституциялық Кеңестің 1996 жылғы 28 қазандағы № 6, 1997 жылғы 6 наурыздағы № 3, 2000 жылғы 15 маусымдағы № 8/2 және 2000 жылғы
11 қазандагы № 18/2 қаулыларында Конституцияның Республика аумағында жоғары тұру принципі атап көрсетіліп, халықаралық шарттардың оған сәйкес болуының міндеттілігі айтылған. Одан тыс, Конституциялық Кеңестің 1998 жылғы 27 наурыздағы № 1/2 қаулысында, шетел құқығының нормалары Қазақстанның қолданылып жүрген құқығы жүйесіне кірмейді және оның аумағында оларды жария-құқықтық қатынастарда қолдану мемлекеттік егемендікке нұқсан келтіруге әкеп соқтырады делінген.
Шарттың 6-бабының 6.12-тармағы екінші бөлігінің, Келісімнің 5 және 11-баптарының нормалары Республика азаматтарының, Республика Конституциясының 10-18-баптарымен көзделген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіреді, ал Республика Конституциясының 39-бабына сәйкес оған жол берілмейді. Халықаралық құжаттардың аталған нормалары Қазақстан азаматтарын Республиканын мемлекеттік билік юрисдикциясынан шығарады, соған байланысты, құқықтары мен бостандықтарына конституциялық кепілдік беру оларды қамтымайды, оларды қорғаудың Қазақстан заңнамасында белгіленген механизмі әрекет ете алмайды. Соның салдарынан, Республика аумағында басқа мемлекет органдарының конституциялық емес қызметі үшін жағдай жасалады. Олардың қызметі, азаматтардың негізгі құқықтарына, бостандықтары мен заңды мүдделеріне қол сұғатын, қылмыстық және әкімшілік сипаттағы мәжбүрлеу шаралары кешенін қолдануға байланысты (бұлтартпау шараларын қолдану, тінту, алу және өзге де тергеу іс-қимылдарын жүргізу, жаза тағайындау және
оны орындау).
Осылайша, Конституциялық Кеңес, Шарттың 6-бабының
6.12-тармағы екінші бөлігінің, Келісімнің 5 және 11-баптарының нормалары Қазақстан азаматтарының құқықтарына, бостандықтары мен заңды мүдделеріне қатысты бөлігінде Республика Конституциясына сәйкес емес, сол себептен Қазақстан аумағында қолдануға жатпайды деп есептейді. Аталған халықаралық құжаттардың нормалары қалған бөлігінде өзінің заңдық күшін сақтайды және орындалуға тиіс.
Баяндалғанның негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабы 2-тармағын және Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы» конституциялық заң күші бар Жарлығының 17-бабы 4-тармағының 1) тармақшасын, 31, 32, 33, 37 және 41-баптарын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі
Достарыңызбен бөлісу: |