Қазақстан республикасы мәдениет және ақпарат



бет4/14
Дата23.10.2016
өлшемі3,8 Mb.
#60
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14
КОМИССАР ҒАББАСОВ
4 актілі, 8 картиналы тарихи драма

Қатысушылар:

Сабыржан Ғаббасов – 29 жаста

Мәкіш - әйелі – 25 жаста

Самат Ғаббасов – інісі – 24 жаста

Мұқаметша – ағасы – 45 жаста

Асхат Жетекеев – қызыл командир

Шалтай Ыбраев – қызыл жауынгерлер

Антон Шляпин

Айғыз – жесір әйел

Әлімқан – қазақ кедейі, Сабыржанның серігі

Лиза – телеграфистка

Кирилл Литванов – ақтың офицері

Апошка

Рақымбай – қала байы



Жаролла – болыс

Ғинаш – полковник

Дмитрий Лебервароф – атаман

Сидиров – ақтар штабының бастығы, есаул

Виноградов – капитан

Хамит Тоқтамышев – подполковник

Партизан

Олжабай – қайықшы

Шаруа – ауыл адамы, кедей шаруа

Гүлжанат – татар байының қызы

Қалипа – үй шаруасындағы әйел

Фазылжан – Алашорда офицері

Құмар – болыс

Мықтыбай – атқамінер

Адьютант

Жылқышы, қайықшылар, медсестра, солдаттар.


Оқиға 1918 жылғы июль айларында өтеді


ПРОЛОГ


Сахнада: Сабыржан, Айғыз, Олжабай, Шляпин, Мәкіш, Лиза, Мұқаметша, Шалтай, Әлімхан, Партизан, Шаруа, Жетекеев. Бәрі де қару-жарақтарымен.

Сабыржан. Осыдан 60 жыл бұрын, қарабастың қамы үшін шықпадық біз қан майданға! Езілген еңбек елін азаптан құтқарып, азаттыққа жеткізу – мұрат - Мақсатымыз еді біздің.

Келер ұрпақтың бақыты үшін, басымызды құрбандыққа байладық! Қидық жас жанымызды! Мен ол шақта 28 жаста едім.

Әлімхан. Аякөз алқабына, Ғаббасов бастаған, большевиктер тіккен қызыл ту шұғыласын шашты. Көңілімізді оятты, көзімізді ашты! Қара -шаруа, кедей - жалшы: «Ежелгі жау ел болмас» деп, қол ұстасып, бел байлап, қару сайлап, бай - шонжарларға қарсы күреске шықтық!

Шляпин. Иван, Антон Шляпин - ағайынды екеу ек. Жатып ішер паразиттердің қорлығымен зорлығы, қазақ, татар бауырларымызбен табыстырды. Айнымас, айырылмастай достық жүрекпен табыстық! Революция жауларымен кескілескен күресте қанымыз бірге төгілді. Айқасқан достық құшақты өлім де айыра алмады. Айқасып жатты денеміз! Сол достық бізден соң да, достыққа достық ұласып, ұрпақтан-ұрпаққа мәңгі-бақи кетсе игі еді!

Шалтай. Кешегі 16 жылы бай мен болыс мені майданға айдады. Өз балаларының орнына өлімге байлады! Ақ патша, зұлым патша сенбеді бізге. Қолымызға қару орнына күрек берді. Сол күрекпен патшаға көр қаздық. Өз үкіметім, халық үкіметі – совет үкіметі қару берді қолыма. Кек ал деп жауыңнан. Ант еттім. Сертке жеттім! Бірақ, жас кеттім. Бостандықтың жолында шыбын жанды пида еттім! 22 жасымда қош айттым жас өмірге!

Лиза. Мен онда 18-де едім. Еркіндік еді арманым! Өнер-білім еді күткен сыбағам өмірден! Жалынды жас жүрек, бала көңіл, адал досқа ынтық еді. Көктемнің нұрлы күні еді күткенім... Апат қара дауыл, қызыл гүлімді қыршынынан қиып кетті! Жауға жалбарынбай, жағаласып, жанып өтті жас өмір!
Музыка. Перде түседі.

БІРІНШІ АКТ


Бірінші картина.
Сергиополь. Рақымбай байдың үйі. Ортада үлкен стол, жұмсақ орындықтар. Жасау - жабдықты қала байының үйі. Бір қабырғада екінші үйге кіретін есік. Жаз күні. Күн бұлт, найзағай жарқылдап, күн күркіреп тұр. Қала сыртында соғыс. Мылтық дауысы да алыстан естіліп тұрады. Перде ашылғанда сахна бос. Екінші бөлмеден сыртқы киімін шешініп Рақымбай шығады. Ол жолдан келген. Терезеден жай отының жарқылдағаны көрінеді.

Рақымбай. /терезе алдына барып/. Астағифиралла, астағифиралла! /Терезелердің пердесін түсіреді/. Иә, алла тағалам, бере гөр тілекті! Айттым ақсарбас! /дауыстап/ Қалипа, ау Қалипа!

Қалипа кіреді.

Қалипа. Не дейсіз, бай.

Рақымбай. Ана соғыс құрғыр әлі жүріп жатыр ма?

Қалипа. Естімейсіз бе, атысып жатқан жоқ па.

Рақымбай. Иә, атыссын, атыссын. Арты қайырлы болсын де тек. Тілей бер алладан. Ақыры қайырлы болар, иншалла.

Қалипа. Қай ақырын тілейміз, бай-ау...

Рақымбай. Аллаға шек келтірме. Берем десе, береді алла. /қалта сағатына қарап/ Қалипа, сен бір ас әзірлеші. Бәйбішенің ыңғайлап кеткені бар шығар. Бір сый қонақтар келуші еді.

Қалипа. Бәйбіше жоқта мен қонақ күте алам ба, бай-ау.

Рақымбай. Бұндай уақытта қонақ сынамайды. Аса бер асыңды. /Алыстан мылтық дауысы естіледі/. Апырай, мұндайда ұзақ соғысады екен, ә! Сен сол ас үй жақта боларсың. Керек болсаң өзім айтармын, еншалла. Сыртты байқайыншы. Кетеді.

Қалипа. Бұл неғып ауызын ашса алла деп, бір жақсылық сезгендей боп жүр. Қызылдар келгелі жүні жығылып, ері мойнына кетіп жүр еді. Ақтардың мылтығының дауысын естігелі құлағын тігіп, елеңдей қалыпты. /ойланып/ Қонағы кім екен бұның. Кетеді. Рақымбай кіреді.

Рақымбай. Япырмай, атаман неғып кешікті. Құдай атып қызылдардың қолына түсіп қалмаса игі еді, ә... тіпті түссе, түссе еді. /Сағатына қарап/ Келетін кезі болып қалды. Не айттым енді, не айттым... Апошка кіреді.

Апошка. Ассалаумағалейкум, мырза. Тура судан шыққан тышқандай болдым.

Рақымбай. Аман келдің бе, жарқыным. Иә?

Апошка. Как же мырза, керқасқамен кесілтіп отырып, прямо ел орнына отыра жетіп бардым...

Рақымбай /шыдамсызданып/. Иә, иә, мырза ауылында ма екен, аманшылық па?

Апошка. Жетіп барғанымда Жароллаңыз жаман састы. Какой трус адам өзі...

Рақымбай. Сәлемімді дұрыстап айттың ба, өзің. Соны айтшы, Апошка жарқыным.

Апошка. Жаролланың үйінде қарағаның кароліндей кәукиіп Құмар болыс та отыр екен...

Рақымбай. Жарқыным жалдам айтшы /алыстан мылтық дауысы естіледі/, ананы көрмеймісің... Құданың құдіреті...

Апошка. Мырза-ай, сіз де қорқақ па едіңіз... Зечем қорқу. Ақ, қызыл атысады ... бірі келеді, бірі кетеді, что же...

Рақымбай. Жарқыным-ау, не деп тұрсың...

Апошка. Нешеуа, біз жеңеміз.

Рақымбай. Жеңу үшін бір жағадан бас, бір жағадан қол, бір ауыздан сөз шығаруымыз керек. Сол үшін кешегі жақсы атаның баласы деп ауылға сені аттандырмадым ба.

Апошка. Мырза, саспаңыз! /қалтасынан хат алып береді/. Міне болыстардың письмосы, айтқан уақытта жетеміз деді.

Рақымбай. Е, бәсе, міне бәрекелді!

Апошка. Ақтардың Семпалаттан келіп, қызылдарды қырып жатқанын айтқанымда, шорт возми, Жаролла жаман қуанды...

Рақымбай. Енді қайтсін, байғұс-ау...

Апошка. Конешно, қарасақал болып ақсарбас айтып, ауылына кісі шаптырды. Вот, міне, мырза..

Рақымбай. Міне, бәрекелді, жарқыным. Алла оңғарып, ертең дүние-мүлкіміз өз қолымызға тиіп, мына пәлелерден құтылсақ, айтқаным, айтқан, өзіңді дәбернуй етіп алам. Тек арағаң мен картаңды қойсаң, әлі-ақ байпатшаның өзі болып шыға келесің.

Апошка. Сіз қызықсыз, мырза, өмірдің өзі картаның ойыны сияқты емес пе! Мені аман сақтап қалған арақ пен картаға мен көп-көп спасибо айтам, мырза.

Рақымбай. Шырағым-ай, сол құрғырлардан тапқан пайдаң жоқ еді ғой.

Апошка. Жо... жо... как же, што ты, мырза. Ақтардың қол-шоқпары болған деп, қызылдарға бір дурашоктар шағыстырып, түрмеге кеткелі тұрғанымда, Керала байғұс «бұл картожник, пианшік» деп босаттырып жіберді емес пе. Вот мырза, ала өгіздің терісі мен ақмағамбет Апошка осылай помогайт еткен.

Рақымбай. Құдай сақтаған шығар шырағым, ақыры қайырлы болсын.

Апошка. Құдай біледі деп жан бергенімде сенбесе де, пианшік, картожник дегенге сөз айта алған жоқ.

Рақымбай. Олар құдайды біле ме. Ал, қарағым енді... енді былай болсын...

Шкафтан арақ алып жатады.

Апошка. /қуанып/. Мырза біледі ғой.

Рақымбай. /арақты алдына қойып/. Апошка, сен енді мына тақил шарабынан аз ғана жұт та... әзірше қанағат ете тұр. Үлкен той кейін, жарқыным, кейін.

Апошка. Болды, мырза, болды. Маған көп керек емес. /арақ ішіп жатады/.

Рақымбай. Ең сенімді өзің ғанасың. Даланы өзіңе, бір жаққа тапсырдым. /Ақша береді/. Мә жарқыным, құтты қолымнан ал. Мықтап салып ал. Бұл, иншалла, әзірге тырнақ алдың.

Апошка. /ақшаны алып қуанып, бір түкіріп/. Құтты қолың парт болсын. Сеніңіз, мырза, сеніңіз. Көрсетерміз картожникті. Қол шыға бастаса карта ақ, қызылыңа қарамайды.

Рақымбай. Көшеге шығып, көзге шалына көрме. Қора ішінен баспалдақтан байқарсың. Сауысқаннан да сақ бол, жарқыным!

Апошка. Сауысқан, қарға... сөз бе екен Апошкаға

Рақымбай. Қазір бәрі ана қызыл қырғынның ішінде. Қалада қалғандарды бірлі-жарым ғана. Сонда да сақтықта қорлық жоқ.

Апошка. Қорлық, какой қорлық, мырза. Мен тұрғанда қорқу-морқу, зашем, зря пошом... Кеттім.

Рақымбай. Сүйт жарқыным, сүйт.

Апошка кетеді.

Рақымбай. Бұл да болса ақыр заманның нышаны. Кешегі байеке, мырзеке деп жүретін құзғындар, ана бір жер дүниені құртқан әзәзіл Сабыржанның жел сөзіне желігіп, соның соңына еріп кетті. Дәм-тұз атқырлар! Табалдырығымды аттатпайтын азғын, Апошкаға ісің түскені заманның азғаны да. Көрермін ертең күнім туғанда. /Терезеден қарап үрейленіп/. Алыс алыстан бара ма, құдай-ау. Қызылдар қырсықпай неғып берілсін. Жаннан безгендер ғой, жаннан безгендер...

Апошка кіреді.

Апошка. Ойбай мырза, сенген ана Сарқытбегің ит қуған тайыншадай сасқалақтап келіп, прямо ат қораға сүңгіп кетті.

Рақымбай. Не дейсің, апошка-ау. Сарқытбек... Иә, иә... Қару-жарақты жеткізіп пе?

Апошка. Какой қару - жарақ, қу басын қоярға жер таппай, иттің ұясына кіріп кете жаздады.

Рақымбай. Ойпырм-ай, Апошка-ай, Сарқытбек ендеше өшірсін қарасын. Сыртқы есіктен шығарып жібер құрғырды. Қақпаны бекіт... жарқыныма, тездет, шырағым.

Апошка кетеді.

Рақымбай. Я алла тағалам, жар бола көр. Мал да қайғы, жан да қайғы... Екі оттың ортасында күйдім-ау, құдайым-ай! /Ойланып/. Атаманға не айттым. Былай тартсаң өгіз өледі, былай тартсаң арба сынады. Не деймін енді... Бәсе, не деймін. Қару-жарағын жеткізе алмапты... әкеле алмапты, не деймін енді...

Айғыз кіреді.

Рақымбай. Астағифралла... астағифралла...

Айғыз. Ә... бай, тілеу тілеп, ақсарбасыңды айтып жатырсың ба.

Рақымбай. Астағифралла, Айғызбысың, жаным-ау.

Айғыз. Танымай тұрмысың. Кім келді үйіңе? Қайда жасырдың?

Рақымбай. Астағифралла, астағифралла, олай деме, Айғыз, күнәға батасың. Мұндай уақытта қалжыңның орны бар ма, - Айғыз-ау. Келген кісі көрсем, көзім шықсын.

Айғыз. Күнә дегеннің не екенін, сен біліп пе едің, кеше. Бүгін бейкүнә сопы болып қалдың ба. Сенің өмір бойы істеген күнәңнан ат аяғын алып жүре алар ма. Басқа түскен соң баспақшыл болып, монтансуын қарашы.

Екінші бөлмеге кетеді. Апошка келеді.

Рақымбай. Апошка, ана албасты келіп, алқымдап жатыр.

Апошка. Айғыз ба? Срочно айдап шығайын!

Рақымбай. Жап аузыңды, тез қақпаны аш, атаман келсе, тасалата тұр. Бар қарағым, бар.

Апошка. Саспаңыз, мырза, орындаймын.

Апошка кетеді. Айғыз екінші бөлмеден шығады.

Айғыз /өзіне-өзі/. Осы үйге қарай кеткен сияқты ғой ...

Рақымбай. Айғыз-ау, саған не болған... қара... қарай бер. /өзіне-өзі/ тәңірдің сақтауы-ай.

Айғыз. Білем сенің өтірік бұғып жатып, кімнің тілеуін тілеп отырғаныңды. Кеше ақтар қалаға кіргенде әкең Сасықбай қайта тірілгендей болып, төбең көкке екі елі жетпей жетісіп қалған шығарсың. Өшкенім жанды, өлгенім тірілді деп алла деп, айттың-ау ақсарбасыңды, ә жауыз!

Рақымбай. Айғыз-ау... Сабыр етші өзің...

Айғыз. Бар әне ақтарыңның артынан. Тұмсыққа ұрған иттей болып кетіп барады. Бар, бар!

Рақымбай. Не айтып тұрсың, Айғыз-ау... Ақтарың не...

Айғыз. Монтансыма! Ақтарың не дейді... Кеше ақ патшаң қан тағында отырғанда не істемеп едің сен жауыз. Тәж тағы талқан болған ақ патшаңды қайта тірілтіп, сенің өткен дәуреніңді қайта орнатам деп келген ақтарды білмегенсисің, ә. Білдірейін мен саған!

Мылтығын суырып алады.

Рақымбай. /үрейленіп/. Жаным-ау, есің дұрыс па сенің. Ақылыңа келші, Айғыз...

Айғыз. Бәрі есімде. Кешегі пәберкеде балаңның орнына жалғызымды жіберіп, жалмағаның да есімде. Мені жесір қатын деп еркегімсіп емеурегенің де есімде. /Мылтығын көздеп/ ұмыттың ба?

Рақымбай. /Жалбарынып/. Айғыз, Айғыз... пендешілік болса, болған шығар... Құлдық, құлдық. Аяғыңа бас ұрайын, кеш Айғыз, құдай үшін кеш!

Айғыз. Арамнан жиған малға мас, дүние қоңыз. Шын еркек болсаң, ер болсаң, бүйтер ме едің. Осы да сенің өлгенің. Ез күнде өледі. Жыланша аяғыңды қанша жасырғаныңмен ертең бізге деген қастығың сезілсе, бізден жақсылық күтпе!

Кетеді.

Рақымбай. Уһ, аллам-ай, көрсетпегенің көп екен ғой. Төбеңе қатын ойнақтаған соң көрген күнің құрысын. Тәуба, тәуба. Ойпырм-ай, мына сұмдықты тірі пенде білмесін. Өлсем ішімде кетсін. /Есікті ішінен іліп/. Албастыдай басты ғой әлгі қатын. Шырайына қызықтым-ау осы қардың. Қол артам деп нем бар еді сорлы басым. /Есін жиып/ Бәсе, атын неге алыстап барады деймін... Басынан келіп жүр ғой әлгі жүзі қара...



Есік қағылады.

Рақымбай. /үрейленіп/. Кім болды екен...

Есік ашады. Атаман кіреді.

Келіңіз, тақсыр, жоғары шығыңыз, Метрей атаман.

Атаман. /кекеп/ «Жоғары шығыңыз...», мен қонаққа келгенім жоқ. Уақыт жоқ... сөйле, мырза.

Рақымбай. Әйтеуір, қатын-баланы аман апардым... әйтеуір аман оралдым.

Атаман. Сіз мырза, қазір қатын-баланы естен шығарыңыз! Мен олардың амандығын сұрап тұрғаным жоқ. Көрмеймісің не болып жатқанын!

Рақымбай. Көріп отырмын, атаман. Бір сенгенім Сарқытбек еді, ол да бас сауғалап қашты... Аман кетті әйтеуір... Қатынға дейін басынып төбеме әңгір таяқ ойнатты.

Атаман. Әңгір таяқтық әкесін осы жолы қызылдар жеңсе көрерсің... Ұрыс қаланың сыртында жүріп жатыр, әлі де кеш емес. Отанға, маған берілген қазақтар дайын отыр. Тылдан внезапно жасаған шабуыл – қазір бар тағдырды шешетін сол. Қару-жарақ жеткізудің орнына, өз басын сауғалаған қоян жүрек, қорқақ Сарқытбегің жалғыз оғымның садағасы... Ата-бабасы барған жеріне аттандырдым.

Рақымбай. Астафиралла! /бетін сипайды/.

Атаман. Енді екінің бірі. Жаудың қанын судай ағызып жеңеміз. Жермен жексен етеміз. Болмаса бізге өмір жоқ, жағаласып өлеміз. Тақ, өз міндетіңе алған екі пулемет, винтовкалар оқ-жәрісімен айтқан жерге түгел жеткізіледі ғой, мырза?

Рақымбай. Тақсыр ...

Атаман. Ия, немене?

Рақымбай. Ғафу етіңіз, тақсыр. Ұяттымын.

Атаман. Не дейді, не деп тұрсың?!

Рақымбай. Болыс, билерге, ел жақсыларына хабар жеткіздірттім... қару-жарақты жеткізе алмадым.

Атаман. /қатты ашулы/. Масқара, не деп тұрсың! Құрысын сенің болыс, биің. Бір винтовкадан садаға кетсін. Қорқақ қоян... екі аяқты қоян.

Рақымбай. Тақсыр, кешіңіз, кешіңіз! Ауылдың елең алып қалған кедейлері...

Атаман. /кекеп/. Кедейлері, кедейлері.

Рақымбай. Иә, сол кедейлер басқан ізіңді аңдуда, қайтейін.

Атаман. Бүйтіп көзге көрінгенше із-тозыңмен неге құрып кетпедің. Дүние қоңыз, трус, ах азғын! Сендер сияқты сұмдарды атып өлтіру аз.

Рақымбай. /бойын жиып/. Менен не азғындық көріп едіңіз.

Атаман. Көрмей тұрмын ба?

Рақымбай. Кешегі күні қызылдар қаланы алғанда, сіздерден немді аяп едім. Жасырған қару-жарақтарыңызды арбалап апарып ауылға тықпадым ба.

Атаман. Тыққаныңды қайтейін. Керегінде қолға тимеген қарудан не пайда. Құрттың бізді, сасық саудагер...

Рақымбай. Тақсыр, атаман... алжаспаңыз, /сасып қалып/ астағифралла...

Атаман. Ах, предатель, тілің шығайын деді ме!

Рақымбай. Аллам сақтасын...

Атаман. Сен сияқты қорқақты аллаң да сақтамайды /қолын кабурына салып/. Көрейін аллаңның сақтағанын...

Рақымбай. Сабыр, тақсыр, сабыр... /Есік қағылады/. Төр үйге тақсыр! Төр үйге.

Атаман. /ызалы/. Жоқ! Жасырынбаймын, жау болса жастығымды ала өлем. Сенің де қаныңды ішем. Аша бер. Аянарым қалған жоқ.

Атаман мылтығын даярлап тұрады.

Рақымбай. /есікке барып/. Кімсіз?

Есік ашады. Атаман екінші бөлмеге кетеді. Ғинаш кіреді.

Ғинаш. Ассалаумағалейкум, Рақымбай мырза.

Рақымбай. /таңырқап/. Аллам-ау, Ғинашбысың!

Ғинаш. Шуламаңыз. Сақтық керек.

Рақымбай. Мына қып-қызыл өрттің ішіне неге келдіңіз.

Ғинаш. Келуге тура келді.

Рақымбай. Атаман осында.

Ғинаш. Осында болғаны жақсы болды.

Рақымбай. /қуанып екінші бөлменің есігін ашып/. Тақсыр, Ғинаш келді.

Атаман шығады.

Атаман. Ғинаш!

Ғинаш. Дмитрий Иванович! Сіздер немене үйде жасырынбақ ойнап жүрсіздер. Соғыс анау...

Амандасады.

Атаман. Семейден бе? Бізді мына Рақымбай мырза жер етті. Құр қол қалдырды.

Ғинаш. Семейден. Штабтан. Ия, ия, Дмитрий Иванович.

Атаман. Біз масқара болдық. Барлық план бұзылды. Түрмедегілерді босатып, тылдан бүлік шығару... жаудың желкесін қию... Эх, Рақымбай...

Рақымбай. Тақсыр, аяғам жоқ. Қайтейін.

Ғинаш. Өткен іс өтті. Мәселе былай енді. Бұл передовой отряд Сергиополды алуға тура келмейтін болған соң, оларға шегінуге... Семейге қайтуға бұйрық етілді. Сіздерден ештеңе шықпады, госпада...

Атаман. Менің қолымды байлаған міне, мына /Рақымбайды нұсқап/ мырзалар.

Рақымбай. Олай демеңіз, тақсыр...

Атаман. Жап аузыңды ...

Ғинаш. Атаман сабыр етіңіз! Орынсыз ашудан пайда жоқ.

Атаман. Жоқ, менің адал казактарым өлімге баруға дайын. Бұйрығымнан шықпайды.

Ғинаш. Адал казактарыңыз аз қалған, атаман. Көпшілігі Сабыржанның, большевиктердің соңынан еріп кеткен.

Атаман. Олар предательдер...

Ғинаш. Солай, атаман, предатель тым көбейіп кеткен. Сондықтан да большевиктер бұл жерде күшті.

Атаман. Күшті екенін білсеңдер...

Ғинаш. Сөз бәсекесін қояйық, атаман.

Рақымбай. Иә, иә сүйтіңіздер.

Ғинаш. Мені сіздерге аса жауапты тапсырмамен жіберді. Тез арада большевиктерге қарсы әскер шығады /Атаман, Рақымбай Ғинаштың сөзін ынтыға тыңдауда. Осы кезде есіктен ақырын кіріп Қалипа да тыңдап тұрады/. Әскер келгенше қызылдар әскерін ыдырату керек. Ол үшін алдымен Сабыржан сияқты аса қауіпті большевик, қызыл комиссардың көзін жою... басты міндет осы, тапсырма осылай. Олардың ішінде сенімді адам бар ғой, господин атаман.

Атаман. Ең сенімді, ең тәжірибелі офицеріміз орталарында жүр. Біз тылдан бүлік бастағанда ол да іске кіріспек еді... не керек...

Рақымбай. Әлгі... кім ғой...

Атаман. Атын атамаңыз!

Ғинаш. Дұрыс айтады, атаман.

Рақымбай Қалипаны байқап қалады.

Рақымбай /Қалипаға/. Мен саған кісі барда үйге кірме дегенім қайда.

Атаман, Ғинаш жалт қарап, теріс айналады.

Қалипа. Ас дайын болды. Езіліп кетеді ғой.

Рақымбай. Бар, бар! Ас үйде бол! Өзім айтам.

Қалипа кетеді.

Атаман. /Рақымбайға/. Бұл қай қатын?

Рақымбай. От басы, ошақ бұтының адамы емес пе, тәйірі.

Атаман. Сақтық керек. Біз осы үйден кеткенше үйден шығармаңыз ол қатынды.

Ғинаш. Ия, ия. Есікте жүрген адамға сенбеңіз, бай.

Рақымбай. Ешқайда да шықпайды. Сыртта бақылап отырған сенімді адам бар.

Атаман. /Ғинашқа/. Е... большевиктермен тағы жасырынбақ ойнайтын болдық де... Бұқпантайлап көрген күнің құрсын.

Ғинаш. Ақыл, айла, тәсіл керек, атаман. Бұл азамат соғысы ғой, Дмитрий Иванович. Бұл үйде көп отыруға болмайды. Байланысты Рақымбай мырза арқылы жасармыз.

Есік қағылады. Даладан дауыс: «Қашты, қашты!»

Рақымбай. Не дейді, не дейді...

Есік ашады. Апошка кіреді.

Атаман. Не айғай?

Ғинаш. Бұл кім?

Апошка. Алдияр атаман, ойбай господин... Сабыржандар поштабай конторға келді... Ана қатын үкідей ұшып барады. Прямо бежит.

Атаман. Кім? Кім?

Ғинаш. Кім дейсің?

Рақымбай. Қай қатын?

Апошка. /терезені нұсқап/. Әне, әне Қалипа, прямо поштаға қарай айдап барады...

Рақымбай. /терезеге барып/. Ойбай, құрыдық. Ұшып барады ана қарабет... Сені не құдай атты, Апошка-ау... ұмтыл, тоқтат!

Апошка. Байқамай қалдым, бай. Қазір жалпасынан түсірейін.

Апошка шыға жөнеледі.

Атаман. Айттым ғой... Осы ма еді сенімді кісің?! /Рақымбайға/ Әне саған ошақ бұты, от басы. Ойран өз отыңның басынан шықты ма.

Ғинаш. Ісің оңбайын десе, оңбағанға тап боласың...

Далада мылтық атылады.

Рақымбай /терезе алдында/. Қалипа құлады... Қатын өлді... я алла, я алла... Апошка атты.

Бәрі терезеден қарайды.

Ғинаш. Осы үйді табады олар. Бірақ, қатын өлсе құпия сыр ашылмайды. Ал, енді із жасыру керек...

Атаман. Ол қатын өлсе сыр ашылмас. Бірақ өзімізді өзіміз ұстап бердік...

Рақымбай. Ойбай-ау, өлген қатынға қарай қаптап келеді. Әне Айғыз...

Атаман. Ат үстіндегілер кім... Комиссар...

Ғинаш. Сабыржан...

Атаман. Мен біреудің отының басында өле алмаймын. Өлсем атысып өлем. /мылтығын даярлап/. Аузыңа берік бол, бай! Кеттім.

Атаман кетеді. Рақымбай қатты үрейленіп төр үйіне бір кіріп, бір шығып, әбігер болып құдайға сиынып жүреді. Ғинаш тұнжыраған, ауыр ойға батқан күйде.

Рақымбай. Ғинаш бәйбатша, бір жерге барып бас сауғалаңыз. Тапсырдым аллаға... сақтар құдайым.

Ғинаш. Саспаңыз...

Рақымбай. Қалай саспайын, құдай састырып тұрғанда...

Ғинаш. /жауап бермей өз-өзіне/. Сабыржанды осы арадан күтіп... бір жолата... /ойланып/. Жоқ... айла, тәсілмен арбасу керек. Жанды да қорғау... жауды да жеңу... /Рақымбайға/ Сіз ана үйіңізде ауырған болып жата беріңіз. Мынаны жасырыңыз.

Мылтығын береді.

Рақымбай. Тілеуіңізді берсін... сүйтіңіз. Тапсырдым аллаға, сүйтіңіз, сүйтіңіз.

Рақымбай екінші бөлмеге кетеді. Ғинаш есіктен шыға бергенде қолында маузер Сабыржан қарсы кездеседі. Қасында Шалтай. Ғинаш кейін шегінеді.

Сабыржан. Сіз де мұнда екенсіз ғой, Ғинаш бәйбатша!

Ғинаш. Сабыржан, мен мұнда өзім келдім... Әдейі келдім. Сенімен сөйлесуге келдім.

Сабыржан. Өзің келгеніңді, кім жібергенін, неге келгеніңді мен жақсы түсінем. Көтер қолыңды!

Ғинаш қолын көтереді.

Шалтай. Мақұл, жолдас комиссар.

Шалтай Ғинашты тінтеді. Шалтай еш нәрсе таба алмай, аң-таң болады.

Сабыржан. Жасырынып келген жау тіс, тырнағын көрсетпей, зұлымдық айласын асырып, қапысын аңдыйды. Бірақ, халыққа қастық ойлаған – халық қаһарына тап болады.

Ғинаш. Мен халыққа қас емеспін, миллатқа жау емеспін. Миллатым үшін жаным пида болсын деп жүрген адаммын. Сен мені жақсы білесің, Сабыржан.

Шалтай екінші бөлмеге кетеді.

Сабыржан. Мен сені жақсы білем. Сен кешегі Ғинаш бәйбәтшасың, ақ патшаның офицерісің, тәж-тағы талқан болған патшаны қайта тірілтіп, халық басына қара түнекті қайта төндіруге жан тәніңді салып, алас ұрып жүрген революцияның жауысың, яғни халықтың қас дұшпанысың. Ия, Ғинаш мырза, мен сені жақсы білем...

Шалтай төргі бөлмеден Рақымбайды алып шығады.

Шалтай. Жолдас комиссар, байды қырсық шалып, сырқаттанып қалыпты.

Сабыржан. Солай ма? Революция дауылы бұлардың денсаулығына жайсыз тиетін болар.

Рақымбай. Сабыржан мырза, /сасып қалып/ астағифиралла... Сабыржан қарағым, тырнақтай кінәм жоқ... /Ғинашты нұсқап/ Мына кісілер өздері келді, құданың құдіреті.

Шалтай /кекеп/. Құданың құдіреті-ай десеңші.

Сабыржан. Әбден білем, Рақымбай мырза. Бәрі бірін-бірі ұлып табады. /Ғинашқа/. Сенің халқым, милләтім, ұлтым дейтінің /Рақымбайларды нұсқап/ осылар ғой.

Ғинаш. Ғафу етіңіз, мен милләт мәселесін кеңірек түсінемін...

Сабыржан. Ия, кеңірек түсінесің. Барлық байларды, көпестерді, капиталистерді милләтім деп түсінесің. Солардың үстемдігін көкейсің. Сондықтан да бүгін Колчактың итаршысына айналып, революцияны тұншықтыру үшін әрекет жасап жүрсің...

Ғинаш. Менің Колчакпен ешқандай байланысым жоқ...

Сабыржан. Мүмкін, Колчактан қашып, большевиктерге қосылғалы келген шығарсың... /кенеттен/. Әйел ататын мерген кім? Кім атты Қалипаны?!

Рақымбай /сасқалақтап/. Қалипаны ма... Қалипаны... /бойын жиып алып/ Қарағым-ау, есі бар адам қатын атушы ма еді...

Сабыржан. Сендер сияқты ардан безгендер атады.

Кирилл кіреді.

Кирилл. Жолдас комиссар, атаман Леберварф ауыр жараланып, қолға түсті. Бізден бір солдат шығын болды.

Сабыржан. Атаманды лазаретке салыңдар, мықты күзет қойыңдар!

Кирилл. Жақсы, жолдас комиссар.

Сабыржан. /Шалтайға/. Апарыңдар мыналарды!

Шалтай Ғинаш пен Рақымбайды әкетеді.

Кирилл. Сіздің бұйрығыңыз бойынша штабты лазаретке босаттырдық.

Сабыржан. Жақсы. Штаб осы үйде болады. Ғинаш ақтар штабының арнайы тапсырмасымен келген адам. Ол алаяқтың сырын ашу оп-оңай емес. Өзін жеке ұстаңдар, сақ болыңдар.

Кирилл. Ұқтым, жолдас комиссар.

Честь беріп шығып кетеді.

Сабыржан. Зор майдан әлі алда.

Ш ы м ы л д ы қ.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет