Қазақстан республикасы мәдениет және ақпарат



бет5/14
Дата23.10.2016
өлшемі3,8 Mb.
#60
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14

ЕКІНШІ КАРТИНА



Сергиополь. Телеграф. Аппаратта Лиза. Перде ашылғанда Лиза телеграмма қабылдап отыр. Шаршаған.

Лиза. Эх, бұл қантөгіс қашан тиылар екен десеңші... Телеграмма ылғи бір суық хабар әкеп жатыр. Көктем келді ме деп ек. Сибирьден сақылдаған сары аяздың ызғары келе бастады ғой тағы. /Ойланып қалып/ Кирилл... Кирилл кетейік дейді. Жас өмір, бақытқа құштар бала көңіл алысқа, аспан көкке талпынады. Құлаш ұрады. Құлшынады. Жалынды жас жүрек жар іздейді. Бірақ, ыстық сезімге қарсы түсі суық зұлымдық бар, адал махаббатқа қарсы қара жүрек, қастық, мылқау тағдыр, аяу-ашуы жоқ жауыздық бар. Атылған оқ тоқталмай, төгілген қан тиылмай жас жаның табар ма сая өмірден. Әділдік жеңіп, жауыздық жер мен жексен болғанда, бақыт күні туғанда аңсаған арманға қол жетіп, еркін өмірде алаңсыз көңілмен табысқан махаббат... Үміт зор, тілек сол. /ойланып/ Сабыржан өмірін не үшін сарп етіп жүр. Ия... Не деуші еді Сабыржан.

/Сабыржанның өлеңін айтады/

Сен қаһарман, сен қаһарман,

Сен халықтың ұлысың.

Соқ залымды, соқ залымды,

Құлдық, күңдік құрысын.

Шық майданға, ал тізгінді,

Жауыздардың қолынан.

Жеңе алмайды ешкім бізді,

Тайма Ленин жолынан...

Сабыржан, Кирилл келеді.

Сабыржан. Міне, біздің жауынгер қызымыз.

Лиза. Сәлеметсіз бе, жолдас комиссар!

Сабыржан. Бәрекелді, Сабыржан аға қайда.

Лиза. Бізге сізді бұдан былай комиссар деп айтыңдар деді.

Сабыржан. Кім? /Кириллге қарап/ Сендер-ау Кирилл?

Кирилл. Иә, біз жолдас комиссар. Ал, бұл сияқты қыздарды қалай жауынгер дейміз, жолдас комиссар?

Сабыржан. Нағыз жауынгер осылар. Бірақ, Лиза, сен мені бұрынғыша Сабыржан аға дей бер. Солай айтқан ұнасымды болады.

Лиза. Жақсы онда, рахмет Сабыржан аға.

Сабыржан. Телеграф, байланыс біздің соғып тұрған қан тамырымыз. Ендеше Лизаның революция үшін атқарып отырған қызметі қай жауынгерден кем. Қан майданда оққа ұшып, қансырап жатқан қасыңнан табылып, басыңды сүйеп, аузыңа су тамызатын, сені қызғыштай қорғап, ет бауыры елжірейтін кім? Міне, мына Лизалар. Міне, жолдас Литвинов, бұлар бүгін жауынгерлер. Ертең ел тізгінін еркін қолына алған күнде, Лизалар инженер, ғалым, дәрігер болуына мен кәміл сенемін. Әзірше сендердің жұмыстарың да көбейіп тұр, ауырлап тұр...

Лиза. Сабыржан аға, біз бәріне де шыдаймыз.

Сабыржан. Рахмет, Лиза.

Лиза. Ғафу етіңіз. Сабыржан аға, міне телеграмма. Осы жаңа ғана қабылдадым.

Сабыржан. /оқиды/ «... Қазақ өлкесінде жұмысшы, шаруа Қызыл Армиясын құру жөнінде осы жылы январь айындағы Ленин қол қойған декретті және 1918 жылы 28 майдағы декретті жүзеге асыруға шұғыл кірісіңіз. Большевиктік сәлеммен Жетісу облысының әскер қолбасшысы Емелев».

Кирилл. Біз қан майданның ортасында жүрміз. Жоғарыда отырып үсті-үстіне бұйрық бере беру оңай-ау, жолдас комиссар.

Сабыржан. Қате айтасың. Бұл бұйрық қана емес, партияның бысшылығы деп түсін.

Кирилл. Ғафу етіңіз, жолдас комиссар.

Сабыржан. Лиза, командующего войсками Семиреченской области Лука Потапыч Емелевті шақыршы.

Телеграф лентасын Сабыржан оқып жатады. Литвинов сырттан бағып қарап тұрады. Алматыға Сабыржанның сөзі беріліп жатады.

Сабыржан. Рахмет, Лука Потапыч. Мен Алматыдан мұнда келгелі, мұндағы жолдастармен ауылдық Советтер сайлауын өткізу, жер-су комитетттерін құру ісіне кіріскен едік точка. Ол жұмыстар аяқталмай тоқтап қалды точка 1918 жылы он бірінші июнь күні жау Семей қаласын басып алған хабарды ала сала отряд құруға шұғыл кірістік точка Совдеп пен уездік РКП/б/ комитетінің шақыруын еңбекші бұқара мақұл алды точка Он тоғызыншы июнь күні менің ұсынысым бойынша совдеп пен РКП/б/ комитеті уақытша военревком құрды точка Уездегі саяси һәм соғыс ісінің билігі түгелдей военревкомға берілді точка. Жаудың алдыңғы отрядымен екі күн қатты ұрыс болды точка Жау қашты точка Ішімізден бүлік шығармақ болған бұрынғы атаман бастаған жасырын ұйымы әшкерленді точка Арнаулы тапсырмамен келген полковник Ғинаш Ғайсин қолға түсті точка Жаудың негізгі күшіне қарсы соғысқа әзірлік жасаудамыз точка Қасық қанымыз қалғанша күреске әзірміз точка Коммунистік сәлеммен Сабыржан Ғаббасов.

Лиза Емелевтің телеграммасын қабылдайды. Сабыржан оқып тұрады.

Сабыржан. Момонтовтың отряды Үржарға аттанды. Ташкенттен шыққан әскер Жаркент уезіне келе жатыр. Менің бұйрығым бойынша сіздерге көмекке Верный горнизонынан арнаулы отряд жіберілді. Сергиопльға тез жетпек. Алдынан кісі жіберіңіз. Жетісу облысының әскер қолбасшысы Емелев.

Кирилл. Келетін қанша адам екен? Артиллерия бар ма екен? Мәселе сонда ғой, жолдас комиссар.

Сабыржан. Мәселе онда емес. Мәселе ұйымшылдықта, мәселе санда емес, санада. Партия – топтың алдыңғы қатарлы авангарды, авангардтың күші оның санынан әлде неше жүз есе зор. Жүз адам ұйымдасқанда оның күші мың адамнан артық, - дейді Владимир Ильич.

Асқат Жетекеев келеді. Сабыржанға честь беріп:

Жетекеев. Жолдас комиссар, әзірше есеп бойынша: ақтардан ұрыста өлгендердің саны 62 адам. Олардың ішінде Иосиф Власов, прапорщик Василий Попов, Яков Жуков сияқты офицерлері бар. Жаралылар – 15, ауыр жаралылар – 8, олардың ішінде офицері төртеу...

Сабыржан. Лазаретке орналастырыңдар, жараланып қолға түскендер жәбірленбесін. Емдесін. Дәрігерге тапсырыңыз.

Жетекеев. Мақұл, жолдас комиссар.

Сабыржан. Верныйдан көмекке арнаулы отряд келе жатыр. Алдынан қарсы алуға кісі жіберіңіз. Бүгін Шыңғожа бекетіне жетсін. Сол арада тоссын.

Жетекеев /қуанып/. Өте жақсы! Қазір қолма-қол аттандырам. Рұқсат етіңіз.

Сабыржан. Рұқсат.

Жетекеев честь беріп, шығып кетеді.

Сабыржан. Жолдас Литвинов, қан майданда қарсы кездескен жаудан, ішімізде жасырынып жүрген дұшпан қауіптірек. Патрульдерді күшейту керек, қарауылды ең сенімді жауынгерлерден қою қажет. Телеграфқа, қару-жарақ қоймасына, түрмеге сенімді сақшылар қойылсын. Осы жұмысты өз міндетіңе ал, өзің бақыла.

Кирилл. Дұрыс айтасыз, жолдас комиссар. Рұқсат етіңіз.

Сабыржан. Рұқсат.

Кирилл честь беріп, шығып кетеді.

Лиза. Сабыржан аға, осы менің папам марқұм: үлкен өзгеріс болады, жаңарған, жаңарған заманның бақытты ұрпақтары сендер боласыңдар... Тоқтай тұр қызым, келешекте, қызықты өмір де сендердікі деуші еді. Сіз менің папамды жақсы білесіз ғой...

Сабыржан. Ризамын саған, Лиза. Халықтың келешегіне сеніп, келер заманды арман етіп айтқан әкеңнің ақылды сөзін көңіліңде сақтапсың. Мен сенің әкеңді, Илья Захаровичті ес білгеннен бері білем. Ол кісі менің ұстазым. Тұңғыш рет менің орысша сауатымды ашқан, ал кейін есейіп ер жеткенде орыс халқын, орыс мәдениетін дұрыс түсінуге жөн сілтеген Илья Захарович еді. Ол көз алдымызда болып жатқан сұмдық әділетсіздікті, қазақ ру басшыларымен патша әкімдерінің еңбекші қазақ қауымын қорлап, езіп, жаншып отырғанына күйінгенде орыстың кеменгер жазушыларының, революцияшыл-бұқарашыл қайраткерлерінің сөзін үнемі айтып отырушы еді. Әлі есімде. Патша үкіметінен қорлық, зорлық көріп отырған орыс шаруаларының, бұратана атанған халықтарының халін бізге әңгіме еткенде, Илья Захарович, Белинскийдің Гогольге жазған хатын жатқа айтатын еді. Белинскийдің сөзін айтып отырып басын шайқап: «Әй, Сабыржан, бұл сұмдық патша үкіметі құрымай жойылмас» - деуші еді, Илья Захарович. Біздің Ленин жолын дұрыс түсініпті, большевиктер париясының қатарына келуімізге, революцияның солдаты болуымызға Илья Захаровичтің берген тәлім-тәрбиесінің мәні зор. Лиза, Илья Захарович қазір тірі болса өзі де большевиктер қатарында болар еді... /Лизаны арқасынан қағып/. Міне енді папаң арман еткен бақытты өмір үшін өзің күресіп жатырсың. Солай Лиза, мен өзімді сенің әкеңе борышты адаммын деп санаймын.

Лиза. Рахмет, Сабыржан аға, рахмет сізге!

Сабыржан. Лиза, сенің қызметің ауыр екенін білем. Саған көмекші табу оңай болмай тұр. Әзірше ауыртпалықты көтере тұруға, төзе тұруға тура келеді.

Лиза. Сабыржан аға, мені қажиды екен деп ойламаңыз. Бәрін де түсінемін, қандай қиыншылық болса да шыдаймын.

Сабыржан. Жақсы Лиза, аса құпия хабар келсе, алдымен менің өзіме айтуды есіңе сақта.

Сабьржын. /ойланып тұрып/. Лиза, мен саған, көмекшіге Саматты жіберем. Ол саған жақсы жәрдемші болады. Қарсы емессің бе?

Лиза. Саматқа кім қарсы болушы еді, Сабыржан аға.

Сабыржан. Жақсы ендеше.

Сабыржан кетеді.

Лиза. Көңілі ақ, жүрегі таза, жүзі жарқын... қандай қайырымды жан!

Лиза кітап оқып отырып қалғиды, аздан соң ұйықтап кетеді. Кирилл келеді. Есік алдындағы сақшыға бұйрық береді.

Кирилл /солдатқа/. Сен ана окоп қазуға бар! Дені сау адамдардың бәрі де қорғаныс шебін әзірлеуге барсын деген бұйрық бар. Мұндағы күзетте жеңіл жараланған солдаттар тұрады. Бар тез!

Солдат честь беріп, кетеді.

Кирилл. Эх, Лиза... Орыстың аяулы аруы. Тобырға еріп, адасқан ару. Сен байғұс не білесің... Ұлы Россия империясы не боп барасың... /кенеттен өзгеріп/ Енді кешігуге болмайды. Атаман жауына жалбарынбай, жалғыз ауыз жауап қатпай қаза тапты. Ғинашты құтқарып келіп тұрмын... Рақымбай пасық жаны үшін бәрімізді сатады. Сырды ашады. Тапсырма орындалған жоқ. Әрбір сағат, әрбір минут санаулы. Комиссар... комиссар... Ғаббасов! /Лизаға қарап/ Сенің махаббатың байлайды ғой қолымды... әйтпесе әлде қашан Ғаббасовты... Эх, /Аз ойланып/. Ашам сырымды... мені шын сүйсең түсінерсің. Жоқ әлде сен де бір шіріген жұмыртқа болармысың... Онда...

Лиза шошып оянады.

Лиза. Ах, Кирилл сен екенсің ғой. Қалай ұйықтап кеткенмін.

Кирилл. Шаршағансың, қажығансың, Лиза.

Лиза. Рас, Кирилл, шаршадым, қатты шаршадым. Бірақ, қажығаным жоқ. Қажымаймын, шыдаймын. Мені жасиды екен деп ойлама, Кирилл.

Кирилл. Лиза мені ойландыратын да, толғандыратын да екеуіміздің ертеңгі өміріміз, келешек тағдырымыз. Ертең бақытты өмір сүретінімізге көзім жетсе – бүгінгі көрген қиыншылық адамды қажыта да алмайды, жасыта да алмайды. Рас, айтасың, Лиза, адамның махаббат сезіміне салқын ақыл ие бола алмақ емес. Екеуіміз біреудің ақылымен, кеңесімен табысқан жоқпыз. Шын адал жүрекпен сүйісіп, алдағы өмірді бірге өткіземіз деп сеніскен жандармыз. Екеуіміздің бір-бірімізден жасыратын сырымыз жоқ деп білем, Лиза.

Лиза. Кирилл, мен бар шынымды айттым емес пе. Менде басқа қандай сыр болушы еді. Мен айтқан сөзімде тұра алам, Кирилл. Бәріне де өмірдің өзі сыншы емес пе. Ертең өмір көрсетер... әлде мен туралы көңіліңе...

Кирилл /сөзін аяқтатпай/. Жо... жоқ Лиза, менің сенен өзге сенерім де, досым да жоқ. Бәрін де ертең өмір көрсетер дейсің. Ол да дұрыс. Бірақ, ертеңгі өмірдің кімге не көрсететінін де ойлауымыз керек. Өмірдің талай тарам жолдары бар. Дұрыс жолына түссең - өмір туған анаңдай болмақ. Ал, адасып барып, бұрыс жолына түссең - өмір саған өгей анадай болады, бақытсыз боласың.

Лиза /ойланып/. Иә, өмірдің дұрыс жолын таба алмасаң бақытсыз болғаның... Ал, біз осы не үшін соғысып жатырмыз. Ертеңгі бақытты өмір үшін емес пе?

Кирилл. /ойланыңқырап қалып/. Әрине... ия...

Лиза. Ендеше біз өмірдің дұрыс жолында емеспіз бе, Кирилл?

Кирилл. Қазір, әрине, бәрі де дұрыс... дұрыс сияқты... Бірақ, адам адасқанда бәрінде дұрыс деп жүріп адасады екен.

Лиза. /таңырқап/. Кирилл, сенде бір кейіс бар ғой. Комиссар бірдеңе деді ме? Бір нәрседен қателестің бе әлде?

Кирилл. Қателесіппін, Лиза...

Лиза. /түсінбей/. Қателесіппін... Сонша ауыр қылмыс па? Әйтпесе, комиссар, Сабыржан ағай кешірер, Кирилл.

Кирилл. Менің қатемді түзей комиссардың қолынан келмейді, Лиза.

Лиза. Қойшы, Кирилл. Комиссардың қолынан бәрі де келеді... Сабыржан ағай менің папамнан сабақ оқығанын айтып, папам марқұмды есіне алып: «Мен сенің әкеңе қарыздармын, сені туған қарындасымдай көрем, Лиза», - деді емес пе маған... Қателесесің несі бар. Адам қателеседі. Қателескеніңді өзің де мойындап тұрсың. Сабыржан кешіреді, Кирилл. Сабыржан ағайға мен де айта алам, Кирилл.

Кирилл. Біздің адасуымыздың өзі де осындай ақ көңіл, сенгіштігімізден-ау, Лиза. Сен түсінбей тұрсың... Эх, Лиза, Лиза.

Лиза /таңырқап/. Сен не айтып тұрсың, Кирилл. Рас түсінгенім жоқ.

Кирилл. Лиза, мен қателесіп Сабыржан комиссардың алдында кінәлі болсам, ол маған әлде қайда жеңіл болар еді. Тіпті елеп, ескеріп қатты қынжылмас та едім...

Лиза. Иә!

Кирилл. Мен орыс халқының алдында, Отанымның алдында, Ұлы Россияның алдында қылмыстымын, Лиза. Адасыппын, қателесіппін. Әділет үшін күресіп жүрміз бе десем, жаңылыппын. Ақ қараны айырмай жазықсыз жандарға оқ атып, жендет болыппын...

Лиза /үрейленіп/. Не дейсің, Кирилл...

Кирилл. Солай, Лиза. Қателескеніме әбден көзім жетіп, көңілім сеніп шын сырымды саған айтып тұрмын. Сенен басқа кімім бар менің. Адасқанымды айтып, алдына бас ұрсам, ауыр қылмысымды қасық қаныммен жууға ант етемін, кешірер ме Отаным!

Лиза. Кирилл, ақылың орнында ма сенің! Әлде...

Кирилл. Әзір ақылымнан адасқам жоқ, Лиза. Бірақ, енді бұдан былай шыдар халым қалған жоқ. Қан төгіп келіп тұрмын.

Лиза ./шошынып/. Не дейді...

Кирилл. Жаңа ғана Ғинашты атқыздық...

Лиза. Ғинашқа жаның ауыра ма? Жаудың жіберген жансызы, патшаның офицері, революцияның жауы.

Кирилл. Оның бәрі Сабыржанның сөзі. Лиза, сен қазір түсінбей тұрсың. Менің көзім әбден жетті. Сабыржан революция үшін күресіп жүрген жоқ. Революционер атын жамылып, надан елді алдап, тобырды соңынан ерітіп, көзі ашық азаматтарды, офицерлерді құртып жатыр. Ол бізді де уақытша ғана пайдаланып жүр. Маған да, саған да сенбейді. Інісін сенің қасыңа неге жіберіп отыр. Ертең Россияның тағдыры шешіледі. Сабыржанның күні санаулы. Революцияны шын қорғаушылар ертең келеді. Уақыт жоқ. Мен болдым, Лиза. Мені өмірлік досым десең кетейік. Менің сөзімнің шындығына ертең көзің жетеді. Кетейік!

Лиза. Мынау сөзің революция солдатының сөзі емес. Келе жатқан жаудан зәресі кеткен қорқақтың сөзі, болмаса өзінен-өзі үрейленген қылмысты адамның сөзі. Сабыржанды революционер емес деуге қайтып ауызың барады, Кирилл сенің. Мен сені халық үшін күресіп жүрген ер ғой деп силаушы едім. Жолымыз, Мақсатымыз бір дос адамдармыз деуші ем. Жасырмаймын, сүйетін едім сені...

Кирилл. /абыржып/. Лиза, Лиза...

Лиза. Сен шын адал азамат болсаң, Сабыржанның інісінің қисықтығына көзің жетсе елдің алдында, солдаттардың алдында неге айтпайсың, болмаса өзіне айтуға неге аузың бармайды! Революцияны шын қорғаушылар дегенің кімдер ол. Мен саған кім деп ермекпін... Кирилл, мен көңіліме келген сөзді жасыра алмаймын, сен маған қазір жақын дос емес, түсі суық жат сияқты көрініп тұрсың ...

Кирилл. Лиза, мен сенің сөзіңді кек көрмеймін. Менің саған деген махаббатымды, шын жүрегімді білсең етті. Сенің осындай тура айтатын адалдығыңды ардақтаймын. Бірақ, сен шолақ ойлап, асығыс сөйлеп тұрсың. Сабыржанға деген сенімің ...

Осы кезде Шляпин кіріп келеді.

Шляпин. /Кириллға/. Мен сізді іздеп келдім жолдас Литванов.

Кирилл. /зекіріп/. Күзетті тастап кетуге қандай қақың бар.

Шляпин. Сіз маған қашып кеткен адамның бос орнын күзеттіріп кетіпсіз.

Кирилл. Не деп тұр мына сайтан!

Шляпин. Мен сайтан емес, қашып кеткен Ғинаш сайтан, жауды кім қашырып жіберсе – сол сайтан.

Кирилл. Қашырған сен. Сен предатель.

Шляпин. Жоқ, мен предатель емеспін...

Кирилл. Өшір үніңді!

Лиза. Кирилл, сен жаңа Ғинашты...

Кирилл. /сөзін бөліп/. Араласпа, Лиза.

Лиза. /Кириллге/. Ғинаш атылды дегенің қайда...

Кирилл. Лиза, сенің жұмысың емес.

Шляпин. Бұл сұмдық.... Ә... солай ма... Кеттім мен комиссарға.

Кете береді.

Кирилл. Тоқта! Сен арестован.

Шляпин. Мені Ғаббасовтың алдында арестовать ет.

Кете береді.

Кирилл. Тоқта!

Кирилл мылтығын суырып алып, Шляпинді ата бергенде Лиза: тарт қолыңды, - деп Кириллдің мылтық ұстаған қолына жармасады. Мылтық жоғары атылып кетеді. Кириллдің мылтығына жармасып жүрген Лизаға көмекке Шляпин ұмтылады. Шляпин Кириллдің мылтығын тартып алады. Терезе сыртынан аңдып жүрген Апошка көрінеді.

Шляпин. Сен арестован, офицер Литванов! Жасырып жүрген улы азуыңды көрсеттің бе!

Кирилл. Тоқтай тұр, бассыз... көресің әлі...

Шляпин. Көрерміз. Көрдік қой. Лиза, бұл жау. Жасырынған дұшпан, көзім жетті енді.

Лиза. Солай болды ма! Ғинаш атылды дегенің қайда?

Кирилл. Асықпа, Лиза, артын ойла!

Лиза. Ойланатыным қалған жоқ!

Шляпин. Бар, Лиза, комиссарға хабарла! Ғинаш қашқан. Қаштырған мынау...

Кирилл. Комиссармен өзім сөйлесем.

Шляпин. Сөйлестіреміз, асықпа. Бар, Лиза!

Лиза кете береді.

Кирилл. Лиза!

Лиза. Жоқ!

Лиза есіктен шыға сала қауіп-қатерсіз тұрған Шляпинді терезеден Апошка атып жібереді. Шляпин құлайды. Лиза мылтық дауысын естіп қайта кіреді. Өліп жатқан Антонды көреді.

Лиза /Кириллге/. Ах, жауыз! Шын жауыз екенсің ғой. Антон! Антон!

Кирилл. Лиза! Менен басқа дос таба алмайсың, Лиза.

Лиза. Тарт, жауыз!

Кете береді.

Кирилл. Лиза! Лиза!

Лиза қайырылмай жөнеле бергенде Кирилл атып жібереді. Лиза есік алдына құлайды.

Кирилл. Бітті! Бәрі бітті енді! Кеш, Лиза, кеш! Бізді айырған махаббат емес – Мақсат. Сенің адасқан санаңды, адал махаббат жеңер деуші ем. Болмады. Күнәңді құдай кешірсін. Енді мұнда орын жоқ. Ендігі кезек Ғаббасов. Соның қанын шашу. Қашу.

Кирилл ойланып тұрып, телеграмма жазылған лентаны алады. Терезеден Апошка басын сұғады.

Апошка. Керала, Керала!

Кирилл. Апошка!

Апошка. Келе жатыр. Ғаббасов. Зыт, зыт!

Кирилл. Іздегенім сол. Жалғыз ба?

Апошка. Самат. Самат Ғаббасов. Жалғыз. Зыт енді!!

Кирилл. Ендеше кеттім. Апошка, жүгір Сабыржанға! Мына екеуін Самат атты деп жар сал. Дүрліктір.

Апошка. Қарауылды салайын бір. Кеп қалды, кеп қалды. Пригай терезеден!

Апошка кетеді. Кирилл да терезеден секіріп түсіп, терезені жауып кетеді. Самат кіріп келеді.

Самат. Бұл не сұмдық... Лиза... /өліп жатқан Антонды көреді/ Антон ғой... Лиза! Лиза! Өңім бе, түсім бе... Лиза!

Лизаны құшақтап жылайды.

Ш ы м ы л д ы қ.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет