1 Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің Индер аудандық бөлімшесінің қоры
ТАЛАНТТЫ ДАРЫН ИЕСІ - ИЛЬЯ ЖАҚАНОВ
А.А. Жауынбаева- тарих пәні мұғалімі Атырау облыстық ұлттық гимназиясы
А.Ғ. Бағытжан Атырау облыстық ұлттық гимназияның 11 сынып оқушысы
Қазақ халқының сан ғасырлық тарихы бар музыкалық қазынасының терең бір арнасы – ән өнері. Бұл өнер заманалардың қатал сын-дауылдарынан мүдірместен өтіп, өзінің сан қырлы көркемдік сипатымен сақталынып, көшпелілердің биік руханияты мен мәдениетінің сарқылмас бұлағына айналды. Қазақ әндері о баста ауызекі түрде шығып, тарап, өз тыңдаушыларының жүрегіне биік орнығып, әр заманда сұрыпталып, сан түрлі реңі-бояуларымен, міне XXI ғасырға да жетіп отыр. Халқымыздың рухани тынысының кеңеюі мен эстетикалық сана-түсінігінің терең қалыптасуына бұл әндердің әсер-ықпалы орасан зор болды. Ән өнері халықтық тұрмыс-тіршілікке, әдет-ғұрыпқа деген талғамын ғана өсіріп қойған жоқ, сонымен бірге біздің жан-дүниемізді сұлулық пен мейірімге, ізденіс пен махаббатқа түбегейлі іңкәр етті.
Ұрпақ тәрбиесіне айрықша мән берген қазақ халқы небір әдемі әуенге өрілген, асыл сөздің мөлдіреген моншақ-кестесімен сәби жүрегін тербеп, ой- санасын ізгілік пен адамгершілікке жетеледі. Осылайша буыннан-буынға жалғасып келеді.
Кейбір кер заманда қоғамда болып жатқан саяси-әлеуметтік оқиғалар халық әндерінің тағдырына да кері әсер еткені анық. Мәселен, кешегі қызыл империяның ызғары қазақтың ән өнеріне өзінің сұсты көлеңкесін түсіріп кетті. Өйткені, қаншама әндер авторларының аты-жөнін ашық айтуға болмағандықтан, олардың көшпелі халық әндері қатарына барып қосылған болса, енді біразы әлі де иесін таппай жүр. Сондай-ақ, кейбір әндердің әуендері ұқсас болып келгенімен, ән мәтінінде алшақтық байқалады. Енді бірсыпыра әндер қоғамдық-әлеуметтік игі өзгерістердің әсерінен заңды иелерін тауып та жатыр.Осындай қиын, қытымыр заманда өмір сүрген күміс көмей, жез таңдай әншілер мен замана бұлбұлдарынның, халық композиторларының өнерін зерттеуші, сұлу сазды әндер мен сиқырлы әуендер әлемінің падишаһы, танымал сазгер талай буын тамылжыта шарқаған алға қарай да айтыла беретін әндерді дүниеге әкелген композитор - Илья Жақанов еді.
Илья Жақановтың шығармашылық әлемі аса кең: Ол – тамаша қаламгер жазушы, шебер драматург, ел ішін ерінбей - жалықпай шарлап халық әндері мен әншілер туралы дерек іздеуші фольклоршы, саяхатшы - ғалым, қазақ радио пьесасы атты өнер саласының негізін салушы, халық композиторлары мен халық әншілері туралы телехабарлар жүргізудің майталман шебері.
Илья Жақанов – романс жанрына терең бойлайтын композитор. Романс көбіне лирикалық поэзия мәтініне құрылып, аспаптық музыкада вокалдық негізде жазылады. Бұл ретте композитордың табысы аса қомақты. Мәселен:
«Бір жым-жырт жолға шықтым түнде жалғыз» (Хор-капелла орындайды. Хорға түсірген – атақты дирижер Анатолий Молодов), «Есіңде бар ма жас күнің?», «Нұрланып менің-дағы туар айым», «Өткен қайтіп оралмас»,
«Өмірім менің», «Жан жолдас», «Жан сәулем», «Аңсадым сені», «Түнгі зефир», «Қартайдық, қайғы ойладық...». Осы романстарды Ришад Абдуллин, Ермек Серкебаев, Суат Әбусейітов, Қанат Құлымжанов, Ғалым Сүлейменов, Ғафиз Есімов, Кенжеғали Мыржықбаев, Ұлан Кенжебаев тағыы басқа тенорлар мен баритондар орындаған. Бұл романстар ойға, сезімге от тастар, кісі қиялын шартарапқа жетелер керемет көтеріңкі ғажайып әуендер әлемі.
Илья – лирик ақын. Алғашқы кезде оның бірқатар әндері өзінің сөзімен шықты, ілгеріректе мүмкін композитор әніне лайық сөз таба алмаған болар. Сондықтан өзінің ақындық талантын іске қосқан. Әуелі туған мелодиясының мінезіне сай сөзді өз көкірегінен туындатты. Мысалы, мына әндер Ильяның өз сөзімен үндестік тапты: «Ақ қайың», «Асылым», «Әсел», «Бозкөл»,
«Бұлбұл еді», «Даниярдың әні», «Жайлаукөл кештері», «Көгілдір көлме»,
«Қыземшек», «Сырымбет», «Толағай», «Шолпан жұлдыз». Олар мелодияның дәл пернесін басқан поэтикалық жолдармен қиындасса, кейіннен Батыс Қазақстанда туған «Доссор вальсі», «Мақаттың ерке бұлбұлы», «Құлсары»,
«Ағады Жайық, ағады», «Маңғыстау» әндері де өз жан-жүйесін баураған сөздермен дүние есігін ашты.
Илья Жақанов шебер жазушы. Оның «Қайта оралған ән» (1968), «Қош бол, вальс» (1969) повестері шықты. Қазақтың ұлы қобызшысы Ықылас жайлы «Кертолғау» (1989) романы алғаш қырғыз тілінде, кейін қазақ тілінде
«Ықылас» (1990) деген атпен жарық көрді. «Екі жирен» (1976), «Бірінші концерт» (1979), «Махаббат вальсі» (1983), «Аққулар қонған айдын көл» (1988), «Үзілген ән», «Бұлбұл әуезі» (2006), «Сырлы жүрек пернесі» (2008) [1], «Зәуреш» (2012) [2], атты деректі әңгімелер, лирикалық эсселер және новеллалар жинағы, сондай-ақ «Қарабура» (1977) тарихи танымдық шығармасы, «Сынған қылыш» (1981) атты қырғыз тілінен аударылған (Төлеген Қасымбековтың дилогиясы) тарихи романдары шықты.
Илья Жақанов Жақанұлы «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» (1990); «Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері» (1994); Халықаралық әлеуметтік ғылымдар академиясының құрметті академигі (1997), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (1998), Ұлттық музыка академиясының, Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе педагогикалық инститиутының, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің құрметті профессоры. Жамбыл Жабаев (1993) және Шыңғыс Айтматов (1999) атындағы халықаралық сыйлықтардың лауреаты. Қазақстанның «Парасат» (2004), Қырғызстанның «Дәнекер» (2004) ордендерімен марапатталған.
«Дарқандығы даладай» дейтін ұғым аясында ойлана қалсақ, Ильяның шығармашылығында қадау-қадау ұстын діңгектей өз орыны бар «Толағай»,
«Сырымбет», «Бозқараған», «Балқантау», «Кеңгірдің қоңыр кештері», «Еділ- Жайық», «Есіл бойы», «Ойыл толқыны», «Жайлаукөл кештері» әндерінің бойына сол даласынан дарыған дарқан дарындылықтың нұрлы сипаттары мол сіңген.
Илья Жақанов – халықының сүйікті ұлы, оның ыстық ықыласы мен ілтипатына бөленген алаштың ардақты азаматы. Осындай сәтте қазақтың атақты ақыны Мұхтар Шахановтың мына бір өлең шумағы еріксіз еске оралады:
Төбелер көп өмірде, ал биіктер санаулы, Ұнатады ел сондықтан, биікке көп қарауды. Шымшықтар көп өмірде ал сұңқарлар санаулы, Санаулы олар сондықтан жалпы жұртқа қалаулы!
Композитордың терең мағыналы, ұлттық нақыштағы жібектей жұмсақ әндері мен қалың оқырманның жүрегінен орын тапқан шығармалары кейінгі ұрпақ біздерге үлгі боларлықтай.
Достарыңызбен бөлісу: |