Ж.К.Диярова- магистр,
«Сарайшық мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығы» РМҚК ғалым хатшысы
«Сарайшық» музей-қорығының құрылған сәтінен атқарған жұмыстар аз емес. Жасалған жұмыстар арқасында қазір музей «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы болып қайта құрылып, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігіне тікелей бағынышты статусқа ие болды. Осының бәрі «Хан Ордалы Сарайшық» музей-қорығы болып ашылған сәттен бастап, басшылық қызметті абыройлы атқарған Бердімұратов Молдаш ағамыздың ерен еңбегі десек қателеспейміз.
М. Бердімұратовтың өнегелі өмір жолына тоқталсақ, Бердімұратов Молдаш 1936 жылдың 2 сәуірде Махамбет ауданы, Алға селосында дүниеге келген. Содан кейін Сарайшық ауылына келіп білімін жалғастырады. Өз әңгімесінде: «Мектепте ұлағатты ұстаздар сабақ берді. Сүйікті ұстазымның бірі – тарих пәнінің мұғалімі Бисенғалиев Жаролла ағайымның сабақ түсіндіруі, әрбір тақырыпқа жасалған талдауы, әсіресе, қазақ тарихына байланысты түсінік беруі тым бөлек-тұғын. Кейде ортағасырлық қалаларды атап, оның ішінде, Сарайшық Қасым ханның кезінде астана болған қала деп
түсіндіргенде біз таң қалатынбыз. Көне Сарайшықтың тарихын зерттеу мақсатында, Жайықтың жағасында қазба жұмысы жүріп жатыр, оның басшысы атақты ғалым Әлкей Марғұлан деген ағаларың. Барып көрулеріңе болады, бірақ, бір заттарын шашып, бүлдіріп жүрмеңдер» – деп ескертетін ол кісі.Сол күннен бастап мен Жайық жағасында қазба жүргізіп жатқандардың қасына жиі барып, қолымнан келгенінше көмектесіп жүретінмін. Әрбір қазбадан табылған көне тарихи жәдігерлерді көріп, таңырқайтынбыз.Ауыл іргесінде қазба жұмыстарын жүргізуге келген ғалым Әлкей Марғұлан бірде маған келіп: — «Әй, бұйрабас, күндердің күнінде Сарайшықтың тарихына сен жауап беретін боласың» – деп, басымнан сыйпағаны есімде» деп »- деп жиі өткен өмірінде тарихқа деген қызығушылығын осылай сабақтайды [1, б.8].
Міне, сол кезден бастап Сарайшық тарихына деген құмарлығы арта түскен Молдаш ағамыз 1953 жылы осындағы орта мектепті бітіріп, әр салада жұмыс жасап, кейін Гурьевтің пединститутын 1962 жылы бітіріп, Ембі ауданындағы Гагарин атындағы орта мектепте мұғалім, кейін мектеп директоры қызметіне келеді. Мектептегі жұмысы, халық арасындағы беделі елеулі бола тұрса да, Сарайшық тарихы үнемі есінен шықпай қояды. Сондай бір сәті түскен кезде 1970 жылы Сарайшық мектебіне мектеп директоры болып жұмыс тағайындалып, тарихи мекенге табан тірейді.
1999 жылы 18 ақпанда Атырау облысы әкімі болып тағайындалған И.Тасмағамбетов Сарайшық қалашығына айырықша назар аударады. Облыс әкімі ел үкіметінің 1997 жылғы 11 желтоқсандағы «Қазақстан мұнай өнеркәсібінің 100 жылдығын өткізу туралы» қаулысын орындау мақсатында жасалған жұмыстарға жаңа қарқын беріп, Сарайшықты дамытуға күш салады.
1999 жылы 7 сәуірде оның тапсыруымен әкім орынбасары Н.Мақашев облыстағы ірі өндірістік мекемелермен кездесу өткізеді. Кездесуге
«Ембімұнайгаз» АҚ, «АМӨЗ» АҚ, «АКИОК» АҚ, «Каспийшельф ККШ,
«АТМА» АҚ, «АНАКО» АҚ, «Теңізшевройл» АҚ тағы өзге алпауыттар қатысып, бір ауыздан «Сарайшық» мемориалдық кешен құрылысын бүкілхалықтық құрылыс етіп жариялауға келіседі. Нәтижесінде 1999 жылы
23 сәуірде Атырау облысы әкімінің №79 шешімі жарияланады. И.Тасмағамбетов шешімінде: «Тарихи-археологиялық «Сарайшық» қорығын құру қажеттілігі еліміздің өткен тарихын жаңғырту және зор маңызы бар ескеркіштің болашақ тағдырына үлкен қамқорлық қажеттілігінен туындап отыр. Ескерткіштің антропогендік және табиғи факторлардың әсерінен күн санап бұзылуына қарсы шаралар қабылдау және оның орналасқан жерін
«бірегей тарихи-археологиялық аймақ» ретінде белгілеу арқылы ғана
«Сарайшықты» мүлде жойылып кетуден, сондай-ақ халықтың ғажайып тарихи естелігінен таусылмас қазынасын сақтап қалуға болады.
Қазақстан Республикасының «Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану туралы» заңын орындауға, жалпыұлттық маңызы бар тарихи-
археологиялық ескерткіші болып табылатын «Сарайшық» мемориалдық кешенін құру мақсатында ШЕШІМ ЕТЕМІН:
«Сарайшық» мемориалдық кешен құрылысы бүкіл халық құрылысы деп жариялансын.
Облыстық мәдениет және туризм басқармасы (К.Қосыбаев):
1) мәдениетті қолдау ұлттық қорының Атырау облыстық бөлімшесінің есебіне азаматтар мен кәсіпорындардан құрылысқа ерікті жәрдем жинау жұмысын ұйымдастырсын және бұқаралық ақпарат құралдарында мемориалдық кешен құрылысына арналған материалдары жариялансын.
Құрылыс, сәулет және тұрғын үй саясаты басқармасы (И.Әміров)
мемориалдық кешен эскизін бекітуге ұсынсын;
орнын белгілеп, мемориалдық кешен құрылысына жер бөлу және құрылыс жұмыстарына қажетті жобалар-сметалық құжаттарын жасақтасын;
1999 жылғы 1 қыркүйегіне дейін бітіру мерзімімен мемориалдық кешен құрылысын сақтау бойынша құрылыс жұмыстар кестесін бекітісін.
Кәсіпорындар, ұйымдар мен мекемелер басшылары кешен құрылысының жұмыстарын орындау үшін қаржылық және материалдық көмек көрсетсін.
Осы шешімінің орындалысын бақылау облыс әкімінің орынбасары Н.Мақашевқа жүктелсін»» деп анық жазылады [2, 403-404, 412-413 п.].
Кешен құрылысы 2 мамырда басталады. 1999 жылы 25 мамырдағы
«Атырау» газеті: «Ортағасырлық Сарайшық қалашығының орнына
«Сарайшық» мемориалдық кешенін тұрғызу жөнінде облыс әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың соңғы 3-4 жылдағы идеясы, сәтін салса, биыл-ақ жүзеге аспақ. Осы кешен құрылысы жөнінде облыс әкімінің арнайы шешім алғанына бір ай да болған жоқ. Енді, міне, «ұрыста тұрыс жоқ» дегендей, кешен құрылысы басталып та кетті. Өткен жексенбі күні Сарайшық селосының оңтүстік шетінде бой көтермек осы кешеннің іргетасын қалаудың ресми салтанаты болып өтті. Жиналғандардың құрмет-қошаметі үстінде Республика Парламенті Мәжілісінің депутаты, атақты ақынымыз Фариза Оңғарсынова мен облыс әкімі Иманғали Тасмағамбетов мемориалдың іргетасына алғашқы тасты қалау рәсімін атқарып, сөз сөйледі. Одан кейін Атырау мешітінің наиб имамы Жалел Гезер құран оқыды, ал бас имам Серғазы Ибадулла құрылысы басталған осы бір игі іске сәттілік тілеп, бата берді» деп облыс жұршылығын ақпараттандырады [3].
1999 жылы 3 қыркүйек «Сарайшық» музей қорығы үшін тарихи күн болды. Өйткені көптен күткен музей-қорық ашылып, оған Н.Назарбаевтың өзі қатысады. Ел Президенті кешенді ашарда «Ол Қасымхан билік құрған тұста Қазақ хандығының астанасы болды. Сарайшық топырағы қасиетті, өйткені, иісі бүкіл түркі әлеміне ортақ Алтын Орда хандары – Тоқта, Жәнібек, Бердібек, ноғайлының билеушісі – Оқас, одан бергі Қасымхан сияқты атақты хандарымыз бен батырларымыздың жаны осында мәңгілік жай тапқан жер, оны еліміздің алғашқы пантеоны десек те болады» деп қала тарихына ерекше маңыз бере сөз сөйледі [4, б.7]. Бұл күн расында да
Сарайшық қалашығына, оның тарихына деген жасалған ерекше құрметке толы болатын.
1999 жылы 2 тамызда Атырау облыстық мәдениет және туризм басқармасы бұйрығымен кешен директоры болып М.Бердімұратов тағайындалады. Тарихи сәтке куә болған М.Бердімұратов: «Иә, сол кезде облысты басқарған Иманғали Тасмағамбетовтың ұйғарымымен «Хан Ордалы Сарайшық» мұражайының басшысы болып тағайындалдым. Музейдің ашылу салтанатына Мемлекет басшысының өзі қатынасуы – біз үшін үлкен абырой еді. Ұшақтан түскен бойда халықпен амандасып, бірден Хандар кесенесіне келді. Аруақтарға тағзым етіп, жерленген хандар жөнінде түсініктеме берілгеннен кейін атақты әулие ағашқа орамал байлады. Ашылған музей жәдігерлерімен танысу барысында жиі-жиі сұрақтар қойып, көне ұлттық тарихымызға үлкен мән берді. Музей жәдігерлерімен танысып болғасын Елбасына: «Мына естелік кітапқа қолтаңба қалдырыңызшы» – деп кітапты ұсындым» деп еске алады [5].
М.Бердімұратов уақыт созбай жаңа музей-қорығын жасақтап, оны жәдігерлермен толықтыруға кіріседі. Ол Махамбет аудандық өлкетану музейінен, облыстан көмек сұрайды. Кейін облыстық мәдениет басқармасы басшысы Б.Иманғалиевке жолдаған хатында «Хан Ордалы – Сарайшық музей-қорығы» ашылу қарсаңында, Махамбет аудандық өлкетану мұражайынан бірнеше жәдігерлер алынып, уақытша қойылған еді. Енді осы жәдігерлерді мұражай әкімшілігі қайтаруды сұрап отыр. Бұл заттар кейін қайтарылса, Сарайшықтағы мұражайдың жартысы бос қалады» деп мойындайды [6].
Бұл кезеңдегі басты мәселе музей қорын толықтыру болды. Осы арқылы біраз жәдігерлер Сарайшыққа әкелінеді. Кейін 2003 жылғы археологиялық қазбалар нәтижесінде З.Самашев 1341 жәдігерді тапсырады [6].
Қалыптаса бастаған жаңа музей-қорық алдында өзге де шешімі табылмаған мәселелер тұрды. «Хан ордалы Сарайшық» мемориалдық кешені пайдалануға беріліп, халық игілігіне айналғанымен кейбір мәселелер, әсіресе
1. Келушілер аялдайтын, сусын, жеңіл тамақ ішетін орын, 2. Мұражайды көгалдандыру, 3.Мұражайға жазғы су тарту сияқты мәселелер нақты жұмыстар шешілмейді. Алайда, бұл жұмыстардың барлығы реттеліп, музей ауласына жазғы су тартылып, абаттандырылады.
2012 жылы 14 наурызда М.Бердімұратов Атырау облыстық Мәдениет басқармасының бастығы Н.М.Ерғалиевке хат жолдайды. Хатта: «Хан Ордалы Сарайшық» музей қорығының ашылып, жұмыс жасағанына биыл 12 жыл толады. Осы уақыт ішінде көне қала, өлке тарихымен танысушылар легі толастаған емес, жылына 10-12 мыңға жуық көрермені бар. Қазіргі уақытқа дейін табылған жәдігерлер музейдің көлемі 5,37х 17,4 =94 м 2 көрме залына қойылған. Көрермен сұранысына сай музейге экспозициялық көрініс залын жасақтау қажет-ақ. Сонымен қатар, көне Сарайшық қаласының орнына жүргізіліп келе жатқан қазба жұмысының тоқтағанына биыл 4 жыл болды.
Себебі су тасыған сайын қазба жүріп жатқан жағаны шайып, су астына кетуде. Осыған орай 2-3 жылдан бері су шайып жатқан жағаны бетонмен бекіту туралы сөз қозғалып келеді. Осыған орай, музей басшылығы Сізге қазіргі таңда шешімін табуға тиіс төмендегідей мәселелер ұсынып отыр:
Музейге қосымша көрме залын салып,жасақтауға көмектесу;
Қазба жүріп жатқан көне қала орнының тазалығын, қоршауының бүтіндігін қадағалау мақсатында күзетші қою, яғни бір штат бөлдіру» деп жазылады [6]. Музей қорық басшысының хаты мекеменің жайын толық сипаттайды.
Нәтижесінде, Сарайшыққа ел зиялыларының назары ауады. Ол турасында, 2013 жылы 11 қыркүйекте министр М.Құл – Мұхаммед Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Б.Сағынтаевқа арнайы хат жолдайды. Хатта: «Құрметті Бақытжан Әбдірұлы! Мәдениет және ақпарат министрлігі Сіздің республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші – Сарайшық қалашығын сақтап қалу мәселесіне қатысты тапсырмаңызды мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе қарап, төмендегіні хабарлайды. ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігі Су ресурстары комитетінің мамандарынан арнайы жұмыс тобын құрып, мәселені Сарайшық қалашығының басында қарады. Нәтижесінде екі нұсқада ұсыныс жасады. Атап айтқанда:
Жайық өзенінің ағысын апатсыз өткізу үшін жер жұмыстарын жүргізу арқылы өзеннің қазіргі арнасын Сарайшық ауылының жоғарғы және төменгі бөліктерін бөгей отырып, ағысты ескі арнаға өзгерту;
Жайық өзенінің қазіргі арнасын өзгертпей Сарайшық қалашығының орналасқан жерінде ұзындығы 1500 текше метр құрайтын жағалауға бекіту жұмыстарын жүргізу.
Ал Атырау облысының әкімдігі ортағасырлық Сарайшық қалашығын сақтап қалу бойынша жүргізілетін жұмыстардың бағытын анықтау үшін республикалық деңгейдегі комиссия құруды ұсынады. Мәдениет және ақпарат, Өңірлік даму және Ауыл шаруашылығы министрліктері Атырау облысының ұсынысына қолдау білдіреді. Ал Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі өз құзыретіндегі мәселелерді қарауға дайын екенін жеткізеді. Осы ұсыныстарды саралай келе түпкілікті шешім қабылдау мақсатында ведомствоаралық арнайы комиссия құрып, оның отырысын объектіде ұйымдастыруды жөн деп санаймыз. Тапсырманы орындау тәртібінде енгізіледі» делінеді [6]. Көп ұзамай министрлік облыспен бірлесе арнайы жұмыс тобын құрады.
Осы жұмыстардың қорытындысы бойынша, 2017 жылы Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың бастамасымен көне Сарайшық шаһарының орнын сақтап қалу жұмыстары басталады [7]. Нәтижесінде Жайық суының ескі қала орнын басуына жол бермейтін биіктігі 3,6 м, ұзындығы 1,5 км бөгет тұрғызылады [8].
М.Бердімұратовтың басшылығымен «Хан ордалы Сарайшық» музей- қорығын дамыту оны өркендету мақсатында көптеген жұмыстар атқарылып
келді. Музейдің негізгі міндеті халыққа қызмет ету болып табылады. Бұл міндетті орындау мақсатында 2000-2018 жылдар аралығында жасалынатын жұмыс жоспарларын беріп отырды. Атқарылған жұмыстардың бір ғана мақсаты Ортағасырлық Сарайшық қаласы тарихын толық зерттелуіне негіз жарату және оның халық арасында кеңінен таралуы үшін жағдай жасайды. Көпшілік Сарайшық қаласы жайлы есіткен бірақ оны өз көзімен көрмегендер көптеп кездеседі. Музейге қажет болған жөндеу жұмыстары жасалынып, терезелер заман талабына сай ауыстырылды. Музей облыстағы басқа да музейлер мен қатынаста болып, бірге жұмыс жасап отырды. Музейде ғылыми қызметкер тақырыптық лекциялар, конференциялар әр түрлі ғылыми жұмыстар және көрмелер ұйымдастырылады. Бұл жұмыстар музейді кеңіен насихаттап, музейге келушілерді арттырады. Оған мысал ретінде, соңғы 3 жылды алып көрсетсек 2016 жылы 9365, 2017
жылы 12802, 2018 жылы 12468 көрермен келді [6].
«Хан Ордалы Сарайшық» музей-қорығының ашылуы және оған басшы болып М.Бердімұратовтың отыруы ортағасырлық Сарайшық қаласының ғылыми тұрғыдан зерттелуіне және оны әлемге шынайы насихаттауға, қала орнын сақтау жұмыстарының жандануына жаңа жол ашты.
1999 жылдан 2018 жылға дейін үздіксіз музей-қорықты басқарған М.Бердімұратовтың ел арасындағы еңбегі еленіп, «Лениннің 100 жылдығы»,
«Ел ардақтысы», «Егеменді Қазақстанның 20 жылдығы», «Халық ағарту ісінің үздігі» медалдарымен марапатталып, «Қазақстан Республикасында туризмді дамытудың құрметті қызметкері», «Махамбет ауданының құрметті азаматы» атағы беріледі.
Зейнеткерлікке шықса да, Сарайшық туралы жаңалықтар естісе, селт етіп, музей-қорық басшысына телефон соғып жағдайды біліп отырады. Келген көрермендерде ол кісіні қадір тұтып, сол кісінің әңгімесін тыңдағысы келіп тұратыны да жасырын емес.
Өмірлік жары Жұмағыз апай екеуі 4 ұл 3қыз тәрбиелеп, солардан немере шөбере сүйіп отыр.
Саналы ғұмыры осынау киелі де қасиетті өңірде өткен ерен еңбек иесі шежіре толы абыз қартымызға Алла әлі ғұмыр берсін деп тілейміз!