Қазақстан республикасы мәдениет және спорт



бет4/42
Дата06.09.2024
өлшемі2,5 Mb.
#203888
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   42

Әдебиеттер тізімі


  1. Назарбаев.Н. Ұлы даланың жеті қыры. 24 қараша, 2018жыл.

  2. Жәнібеков.Ө. «Әзірет сұлтан» қорығы жөнінде. Тарихи терең Түркістан. А,-2000, 55-59 бб.

  3. Қойгелдиев.М. Ұлттық саяси элита. 204-235 бб.

  4. Қозыбаев М. Дала өркениетінің рухани астанасы – Түркістан. Шығармалары.4-т, А,-2013, 94-95 бб.

  5. Елбасы және мәдениет // Материалдар мен құжаттар жинағы. А,-2012, 65 б.

  6. Қарнақ – орта ғасырдағы ағартушылық пен білім ордасы. К,-2018, 18 б.

  7. Массон М.Е. Түркістандағы Қожа Ахмет мавзолейінің салынуы жайлы // Орта Азия географиялық қоғамының хабарлары // XІХ т , Т,-1929.

  8. Бердібай.Р. Тарихымызды таразыласақ // Тарихы терең Түркістан. А,-2000, 75-76 бб.

  9. Қозыбаев М. Өркениет және ұлт, А,-2001,91 б.

БӨКЕЙ ОРДАСЫНЫҢ ҚАЗІРЕТТЕРІ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ЕЛ ІШІНДЕГІ ҚЫЗМЕТТЕРІ (ХІХ-ХХ Ғ. БАСЫ)


Ә.Қ.Мұқтар - т.ғ.д., профессор,
«Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» РМҚК директоры
Қазақстанның батыс өңірінде Ислам дінінің дамуына зор үлес қосып, халықты имандылық бағытында тәрбиелеген тарихи тұлғалар жетерлік. Олардың арасында қалың елге қадірлі болып, көптің құрметіне бөленген Арал, Байғазы әулеттерінен шыққан діни ғұламалардың орны ерекше. Ата дініміздің кеңінен жайылуына себепші болған олар ХІХ ғасырдың басында Нарын құмында мұсылманша мектеп ашып, оны Жәңгір хан билігімен заңдастырды. Сол кездегі атағы жер жарған Бұхара, Стерлитамақ діни оқу орындарымен байланыс орнатып, білім ошағын қатар дамытты. Кейінгі жылдары Ресейдің отарлау заманы тұсында дін өкілдері өз жұмыстарын Орпа, Тума құмдарында жүргізіп, Бөкей ордасымен шектес Астрахан, Орынбор губерниялары оқу орындарымен, Орынбор діни мәжілісімен реттеді. Олардың әрбір іс-қимылдары, жұмыс нәтижелері Ресейдің архив құжаттарында хатталды.
Бүгінгі күні, сыр тұнған осы архив құжаттарынан оларға қатысты көптеген құнды деректер табылуда. Солардың бірінде, Арал Үдерұлы 1840 жылы 5 қазанда Жәңгір ханның бұйрығымен 12 ата Байұлының Беріш Себек бөліміне молда болып бекітілгені туралы жазылған [1, С.777]. Осы бір дерек Арал Үдерұлының сол заманда ел билігі мойындаған қайраткер деңгейіне көтерілгенін айғақтайды. Өйткені, ол заманда көптің алдында ел ұйытар ақиқат сөзін айтатын сауатты діни мамандар көп емес-ті.
Арал молда діни білімін алдымен Хиуадан білім алған әкесі Үдерден алған. Шежіре бойынша Беріштен – Себек – Бөрібас – Тума – Кемесай –
Байшағыр болып тарайды. Үдер Байшағырдың ұлы. Үдердің туған інісі Қондыбай сөзге шешен, әрі шебер етікші болған екен. Аралдың болашағына зор үміт атқан Қондыбай Байшағырұлы өз іскерлігімен Жәңгір хан қазынасынан оны оқытуға қаржы бөлгізген. Ел ішінде Қондыбайдың
«Қорық» жайылымын шешу мақсатында Жәңгір ханға барып, еш іркілместен:
Оралды орыс бермейді, Бүгілді Қойыс бермейді. Ірге құмды Тана бермейді, Қаратоқай және бермейді.
Аспаннан Құдай жаңбыр бермейді, Жерді Жәңгір бермейді.
Кетпейін десем ен Нарынға симаймын, Кетейін десем, Жәңгір, сені қимаймын,-
деп елінің қажетін жеткізгені туралы шешендік сөздері сақталған. Дуалы сөзден соң Жәңгір хан Беріш Күлкеш бөлімімен шекаралас «Қорық» жайылымын Беріш Себектерге бекітіп берген [2]. Осылайша, Орпа құмында орналасқан Беріш Күлкеш Себектермен төскейде малы қосылған ажырамас ағайынға айналған.
Енді бірде Жәңгір хан Қондыбай шешенге: «Саған мынадай сұрағым бар. Мал не? Әйел не? Ұл не?», – депті. Сонда шешен мүдірместен: «Мал – кірісің емес пе? Қызың – өрісің емес пе? Әйел – ердің тұрағы, Ұл – елдің шырағы. Инабат – ел азығы, Ер – ел қазығы», - деп жауап беріпті. Риза болған хан зерлі шапан жауып, ер-тұрманымен ат мінгізіп сыйлапты [3, 31-32 б.]. Сөз жоқ, Қондыбай шешеннің бұл қамқорлығын Арал Үдерұлы де ақтай білді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей Арал қазірет те ұрпағын білім мен ілімге, ғылымға баулыды. Оларды Стерлитамақта және өзге діни медреселерде оқытты. Аралдан Дәулетәли, Ғұбайдолла, Әдиятолла, Халидолла, Әбубәкір, Хабиболла, Омаш, Хамидолла, Хисметолла, Жамиға, Кабдолла, Қарашаш өрбіді.
1870 жылғы дерек бойынша, Бөкей ордасындағы№1 Теңіз округындағы Беріш Себектерде екі Жұма мешіті, үш медресе болған. Екі мешіттің бірі қырда – «Қырым Қожа» мекенінде болса, екіншісі – теңіз жағасында болған. Оның бірінде - 80 ер адам, екіншісінде - 90 ер адам оқыған. Ал, іргелі білім ошағы саналған үш медреседе 66 оқушы дәріс алған. Бұл медреселер Арал қазірет ұлдарының өз есептерінен ұсталған. Солардың ішінен Дәулетәли және Ғұбайдулла Аралұлдары медреседе балаларды оқытумен жеке айналысқан. Аралұлдары орыс билігінен, яғни қазынадан да, жамағаттан да қаражат алмаған [4].
Арал Үдерұлы ұрпақтары арасынан Астрахан губерниялық басқармасы шешімімен Қисметолла Аралұлы 1891 жылы 24 тамызда указной молда болып «Қырым Қожа» мекеніндегі (№12 старшындық) мешітке, ал Беріш Күлкеш Қабдолла Байғазыұлы 1892 жылы 31 наурызда №11
старшындықтағы мешітке имам болып бекітіледі [5]. Бұдан бөлек, Қисметолла Аралұлына 1894 жылы 12 шілдеде «ахун» атағы берілген. Бұл кезде ол 39 жаста болған [6]. Сол кезде «Қырым Қожа» мекенінде 874 шаңырақта 2535 ер, 1843 әйел тіркелген [6, 386 п.].
Қазіреттер әулетінде өзіндік орны бар тұлға – Ғұбайдолла Аралұлы (1858-1921 жж.). Ол Уфада оқып, елге оралғасын ата жолды жалғастырып медреседе бала оқытқан. Ғұбайдолла қазіреттен Ғабдрахман, Ғабдулфарид, Нұғыман, Нұрмұхамбет, Қатыш тараған. Олардың арасынан Ғабдрахман Ғұбайдуллұлы1908 жылы 18 қазанда №7113 бұйрықпен (д№420/94г) «имам- хатиб» және мұғалім болып бекітілген [6, 386 п.]. Бұлардан бөлек, Ғабдрахманның бауырлары да медреседе оқып, мұсылман ілімін толық меңгерген.
Ғұбайдолла қазірет өз ғұмырында қажылық парызын өтеу мақсатымен қасиетті Меккеге төрт рет барған. Бүгінгі күні оның қажылық сапарындағы жол күнделігі сақталған. Күнделікте Нарын қазақтарының Стамбул, Искандария, Мысыр, Жидда, Мекке, Мадина қалалары мен Құдыс шаһарына барғаны, кейін Яфи шаһарына барған жолы, көрген қызықтары мен қиыншылықтары толық суреттеліп жазылған. Жол күнделігінде осы сапарда оның жанында Беріш Жайық Әйіп Бекенұлының болғаны жазылған. Ал, Әйіп Бекенұлы (1838-1931 жж.) ел ішінде «Көк мешіт» салып, ел балаларын оқытуымен айналысқан танымал тұлға болған. Осымен қоса, мұсылманша білімдарлығымен әйгілі ол 1894 жылы ІІ Николай патшаның таққа отыру рәсіміне, Романовтар династиясының 300 жылдығына қатысқан [7].
Ғұбайдолла қазіреттен қалған құнды күнделік Нұғыман қажы (1875-1928 жж.) ұрпағында сақтаулы. Жәдігер баладан балаға мұра есебінде табысталады. Осы тәбәрікті бізге жеткізген белгілі азамат Нұғыман қажы немересі Смағұл Сүлейменұлы бүгінде Үдер атасының жерленген орнын анықтап, басына белгі орнатты. Оған ақылшы Арал – Қалидолла – Ғабдісәлімнен тараған белгілі партия, кәсіподақ қайраткері Мәдина Ғабдісәлімқызы.
Бұлардан бөлек, Үдер-Арал ұрпақтары Нарын құмында төрт мешіт- медресе тұрғызған. Алғашқы мешітті Арал қазірет Манаштың бер жағынан, әйгілі күйші Дина Нұрпейісова дүниеге келген жерден ашқан. Бұл қазіргі Атырау облысы Исатай ауданына қарасты жер. Сол кезде ол «Көк арна» мешіті деп аталған. Бүгінде бұл мекенді «Қызтуған» деп те атайды. Кейіннен Арал Үдерұлы Тума құмына көшкен кезде аталмыш мешітті Беріш Есенғұл руының жігіттеріне тапсырған. Содан соң Арал қазірет Тумадан төрт шақырым жерден «Көк мешітін» ашқан. Кейін Қисметолла Аралұлы (Ахон хазірет) Тумадан үлкен мешіт, жатақхана және асхана ашып, елдің балаларын сауаттандырады. Төртінші мешітті Қалидолла көпес салдырады. Ол Айжарық жерінде бой көтереді. 1956 жылы түсірілген Тума картасында Қазірет мешіті, Ахон мешіті, Ғұбайдолла моласы, олардың ортасында Тума мешіті, одан әрі Айжарық мекені анық көрінеді.
Шежіреші Қапиз Мұқтарұлының айтуынша, Арал мен Қондыбай «Беріш Себек Кемесайдан шыққан жеті қазіреттің» басында тұр.Ал, қалған бес қазірет тікелей Аралдан өрбіген ұрпақтар. 2017 жылы 18 қарашада Қапиз Мұқтарұлының ұйымдастыруымен Атырау облысы Индер ауданындағы Көптоғай елді мекенінен 90 шақырым жердегі Тума қауымына барып Арал қазірет, Аралұлы Қисметолла (Ахон) қазірет, Аралұлы Ғұбайдолла қазірет, Нұғыман қажы басына тағзым жасалды. Осы арада шежіреші жеті қазірет қатарына Аралұлы Қабиболла, Арал немересі Дәулетәліұлы Сиражиден және Сүндет қазіретті» қосты [8].
Қорыта келгенде бүгінде Арал ұрпақтары жапырағын жайған, еліміздің тәуелсіздігінің бекуіне сүбелі үлесін қосып жүрген тұлғалар. Олар ата-баба аманатына әрдайым адал. Сөз соңында бүгінде Ғұбайдолла қазіреттің күнделігі Түркияда аударылып, менің алғы сөзіммен ағылшынша жарық көрмекші. Осылайша аталарымыздың ерен еңбегі әлемге тарамақ.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   42




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет