9.4 Күләш Бәйсейітова (1912-1957 жж.) Күләш Бәйсейітова – қазақтың әйгілі әншісі, қазақ опера өнерінің негізін салушылардың бірі, қоғам қайраткері. К.Бәйсейітова КСРО халық артисі. КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.
К. Бәйсейітова қазіргі Алматы қаласында 1912 ж. 02 мамырда дүниеге келген. Күләштің әншілік өнерге бейімділігі жас кезінен-ақ байқала бастаған. Жеті жылдық мектепті бітірген соң Күләш Қазақтың педагогикалық институтына түсіп, мұндағы көркемөнерпаздар үйірмесіне белсене араласады. Қала жастарының өнер байқауларында әншілік дарынымен көзге түседі.
1930 жылы қазақтың тұңғыш драма театрының труппасына қабылданады. Ол аз уақыттың ішінде сахналық тамаша қабілетімен танылады.
Күләш 1933 жылы жаңадан ашылған музыка студиясына қабылданады. Алғаш рет Қазақ музыка театрының шымылдығы 1934 жылы «Айман-Шолпан» (М.Әуезов, И.В.Коцых) музыкалық комедиясымен ашылғанда, Күләш басты рольді үлкен шеберлікпен ойнап, Айман бейнесі арқылы қазақ қыздарының ар-намыстан жаралғандай парасатты болмысын шабытпен тұлғалайды.
Е. Брусиловскийдің «Жалбыр» , «Ер Тарғын», «Алтын астық», «Гвардия алға», А.А. Зильбердің «Бекет», И.Н. Надировтың «Терең көл», А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай», М. Төлебаевтың «Біржан-Сара», Д.Ж. Пуччинидің «Чио-Чио-Сан», П.И. Чайковскийдің «Евгений Онегин», А.Рубинштейннің «Демон» сияқты операларында басты рольдерде ойнап, басты вокальдық партияларды орындап, қайталанбас хас шеберлігімен танылды.
К. Бәйсейітова 1957 ж. 06 маусымда қайтыс болды.