4.5 Қасым хан (1511 —1518 жж. билік құрған) Шамамен 1445 жылы дүниеге келген. Қазақ хандығының негізін салған Әз Жәнібектің ұлы. Анасы Жағанбегім — Мұхаммед Шайбани ханның кенже інісі Махмұд сұлтанның апасының сіңлісі.
Қасым ханның мемлекетті басқару әдістері, ішкі және сыртқы саясаты туралы мәліметтер өте аз. Қасым хан есімі бірінші рет Мұхаммед Шайбани жөніндегі жазбаларда аталады. Ол мәліметтерде Қасым ханды «атақты сұлтандар мен батырлардың бірі», «Бұрындық ханның атты әскерінің басшысы» деп атайды. Бұрындық хан Самарқанға кетуге мәжбүр болып, жат елде қаза болған соң, Қасым хан билікті өз қолына алды.
Қасым хан билік құрған кезеңде де қазақтар мен Шайбани әулеті арасындағы Сырдарияға жақын қалалар үшін қақтығыстар мен шайқастар болып жатты. 1510 жылы қыста Шайбани ханның әскерлері Ұлытау баурайындағы Қасым хан ұлысына шабуыл жасайды. Қасым хан олардың бетін қайтара алмайтынын түсініп, шегінді, біраз уақыттан соң күтпеген жерден шабуыл жасап, өз қарсыласын жеңді.
1511 жылы Қасым хан билікке қол жеткізгеннен кейін, Қазақ хандығы Қасым хандығы деп атала бастады. Қасым хандығының аумағы батыста Сырдарияның оңтүстік жағалауларына дейін, оңтүстік-батысында Түркістан қалаларына дейін, оңтүстік-шығысында Жетісудың солтүстік бөлігінің таулары мен таулы бөктерлеріне дейін созылып жатты. Кейбір мәліметтер бойынша Қасым хан тұсында Қазақ хандығының шекарасы солтүстік-шығыста Ұлытау қыраттары мен Балқаш өзенінің жағалауын қамтып, ал солтүстік-батыста Жайық өзеніне дейін жететін. Қасым тұсында Қазақ хандығы халқының саны 1 миллионнан асатын. Сондықтан да ол халықаралық саясаттан тыс қала алмайтын. Қасым хан тұсында Қазақ хандығы еуропалық аренада әйгілілік пен саяси қуаттылыққа қол жеткізген еді.
Қазақ хандығымен алғашқы болып дипломатиялық байланыс орнатқан көршілес Мәскеу мемлекеті еді. Бұл князь Василий III билік құрған жылдары (1505-1533) жүзеге асқан болатын. Қасым хан тұсындағы қазақ хандығының тағы бір ерекшелігі - бұл кезеңде қазақтар Батыс Еуропада жеке этникалық қауымдастық ретінде таныла бастады. Тарихта бұл ұлы тұлғаның ұстанған бағыты «Қасым салған қасқа жол» атанып қалды. Қасым хан тұсында Казақ хандығы саяси ықпалын күшейтіп, ірі және қуатты хандыққа айналды.
Қасым хан 1518 жылы қайтыс болған.