4.2 Әбілқайыр хан (1693 —1748 жж.) Әбілқайыр хан –Кіші жүз ханы. Шыңғыс ханның он бесінші ұрпағы. 1710 жылы Қарақұмдағы халық жиынында жас Әбілқайыр Кіші жүз әскерінің қолбасшысы және хан болып сайланды, ал түмен басы болып атақты батыр Бөгенбай тағайындалды.
XVIII ғасыр қазақ халқы үшін ел басына күн туған кезең болды, жоңғарлар тарапынан болатын шабуылдар халықты көп күйзеліске ұшыратты. Әбілқайыр бұл сұрапыл соғыста жанкештілік танытты. Ол бабаларының иелігінде болған Сайрам, Түркістан және Ташкент қалаларын қорғау жолында ерен ерлігімен көзге түсті.
Бұл қалалар жоңғарлардың қоршауында қалған кезде, тең емес ұрыста анасы мен әйелі тұтқынға түскен соң, Әбілқайыр хан шегінуге мәжбүр болды. 1718 жылы Аякөзде Әбілқайыр мен Қайып ханның 30 мыңдық әскері жоңғарлармен қанды шайқас жүргізді.
Әбілқайыр жастайынан батылдығымен танылып, дарынды әскербасы және білгір саясаткер болды. 1726 жылы үш жүздің қазақтары бас қосқан кұрылтайда билер мен батырлар бірауызданӘбілқайырды Қазақ хандығы әскерінің бас қолбасшысы етіп сайлады.
1728 жылы қазақ әскері жеңіске қол жеткізді. Бұл шайқастар Ұлытау тауларында, Қарасиыр жері мен Бұланты өзенінің бойында болды, мұнда қазақтар қоңтайшының ұлы басқаратын экспедициялық корпусты талқандады. Бұл жеңістен кейін халық көкейінде жеңіске қол жеткізуге болады деген сенім ұялады. Басқыншыларға қарсы халық жұмыла көтерілді. Алайда бұл жеңілістен кейін де жау әлі күшті күйінде қалды.
Әбілқайыр 1748 жылы 1 тамызда өзінің ата жауы Барақ сұлтанның қолынан қаза табады. Әбілқайырдың жүргізген саясаты қазақ мемлекетінің қалыптасуы мен дамуы жолында маңызды рөл атқарды және мәмілеге келе алмаған сәттері де болды.