Меншік капиталы– бұл ұйымның міндеттемесі шегерілген активі. Бухгалтерлік есепте ол бірнеше классқа бөлінеді: жарғылық капитал, қосымша төленген капитал, резервтік капитал, таратылмаған табыс.Егер де баланс пассивінің құрылымында меншік капиталының үлесі көп болса, онда ол ұйымның қаржылық жағдайының тұрақтылығын көрсетеді.
Қаржылық нәтижесі– бұл есепті жылдағы кәсіпорынның қаржылық – шаруашылық қызметінің нәтижесі (шығыс пен табыстың айырмасы). Қаржылық нәтижесін өлшеу элементі: табыс пен шығыс болып табылады.
Табыс – бұл есепті кезеңдегі активтердің өсуі, не міндеттемелердің азаюы; шығыс – бұл есептік кезеңдегі активтердің азаюы, не міндеттемелердің көбеюі. Бұл жерде иеленушілердің жарғылық капиталына салған салымы ұйымның табысы болып саналмайды, ал ұйым иелеріне меншік капиталын таратып беру – шығыс болып танылады.
Қаржылық есеп беруде шаруашылық жүргізуші субъект қызмет түріне қарап табыс пен шығысты бөліп көрсетуіне болады.
Табыстар – бұл ұйымның негізгі және негізгі емес қызметінің нәтижесі. Негізгі қызметтен алатын табыстардың қатарына: өнімді, жұмысты, қызметті сатқаннан алынған табысы; сондай – ақ тауарлы-материалдық құндылықтардан, жалға беруден, инвестициялық қызметтен түсетін табыстары жатады. Ал негізгі емес қызметтен түскен табыстардың қатарына: негізгі құралды, материалдық емес активтерді, бағалы қағаздарды сатқаннан және бағамдық айырмадан түскен табыстары жатады.
Шығындар - өнімді өндірумен, жұмысты атқарумен, қызметті көрсетумен байланысты шығындар, негізгі және негізгі емес қызметтен шеккен зияндар және төтенше жағдайдан туындаған шығындары. Шығыстар, әдетте, шығыс нысанын қабылдайды немесе активтердің пайдалануын көрсетеді. Зиян экономикалық олжаның азайғанын көрсетеді. Зиян өз табиғаты бойынша, шығыннан айтарлықтай ерекшеленбейді және ол жеке элемент болып та саналмайды.
Қаржылық есеп берудің элементтерін тану – бұл бухгалтерлік балансқа енгізу процесі немесе қаржылық – шаруашылық қызметінің нәтижесі туралы есеп берудің бабы, ал ол элементтерге берілген анықтамаларына сәйкес келеді және мынадай тану тұжырымдамасын қанағаттандырады.
- кез – келген болашақтағы олжаның осы баптарда көрініс табу ықтималдылығы бар, оның түсуі де, шығып кетуі де мүмкін;
- баптың құны бар,ол үлкен дәлдікпен өлшенуі мүмкін.
Қаржылық есеп берудің элементтерін бағалау. Бағалаудың көмегімен олардың құны анықталуы мүмкін, соның нәтижесінде олар (активтер мен міндеттемелер) танылады және қаржылық есеп беруге тіркеледі. Бағалаудың келесі түрлері бар: бастапқы құны, ағымдағы құны, сату құны, дисконтталған құны, баланстық құны.
Ұйым қаржылық есеп беруді жасау кезінде активтер мен міндеттемелерді бағалау үшін бастапқы құнын негізге алады және сонымен қоса басқа да бағалау әдістерін пайдаланады.
Қаржылық есеп беруді жасауға дейін есеп регистрлеріндегі барлық синтетикалық шоттар бойынша қалдық пен ауналым аналитикалық есеп мәліметтерімен салыстырылады. Жылдың басындағы және аяғындағы баланстардың деректерін салыстыру үшін жылдың басындағы бекітілген баланс баптарының номенклатурасы жыл аяғындағы бекітілген баланс номенклатурасы мен және бөлім топтамаларымен , әрбір баптарымен сәйкестендірілуі тиіс.
Сонымен, баланстағы ағымдағы активтер мен міндеттемелерді анықтау және олардың мазмұнын ашудың қаржылық есеп беру үшін маңызы зор, сондай – ақ пайдаланатындар үшін де ол өте қажет және олардың сол көрсеткіштері бойынша талдау жасалынады.
Баланс мәліметтері бойынша кәсіпорынның кәсіпорынның қаржылық жағдайы талданады.