1. Мемлекеттік тілді оқыту әдіснамасын жетілдіру мен стандарттау
Қазақ тілін оқыту әдіснамасын жетілдіру үшін, ең алдымен, оқытудың тиісті стандарттарын жетілдіру мен үздіксіз білім беру моделі арқылы мемлекеттік тілді меңгеруді бағалау жүйесін енгізу қарастырылып отыр.
Көп деңгейлі стандартта тілді А1-А2 деңгейлерінде қарапайым пайдалану, тілді В1-В2 деңгейлерінде өз бетінше пайдалану және тілді С1-С2 деңгейлерінде құзыретті пайдалану көзделуге тиіс.
Құрылған стандартты жүйенің негізінде мемлекеттік тілді оқыту әдіснамасының негізін, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін де әзірлеу көзделеді.
Осы шараның нәтижесінде мемлекеттік тілдің А-1 және А-2 деңгейіне мектепке дейінгі мекемелер мен мектептің төменгі сыныптарындағы балалар қол жеткізсе, мемлекеттік тілді меңгерудің В-1, В-2 деңгейіне мектептің орта және жоғарғы буындарында, сондай-ақ орта арнаулы білім алу кезінде оқитындар, ал С-1, С-2 деңгейіне жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі кезеңде білім алатындар қол жеткізетін болады.
Бұған қоса, тілді меңгеру үлгілерін жетілдіру мен жаңғырту да көзделеді. Қазақ тілі толыққанды күнделікті қызметтік және кәсіптік қарым-қатынас тіліне айналуға тиіс. Үздіксіз білім беру моделі арқылы қазақ тілін оқытудың стандарты негізінде оқытудың жаңа әдістемелерін әзірлеуде шығармашылық педагогикалық ізденістің тұрақты үдерісі сөзсіз қажеттілікке айналатын болады. Қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес қазақ тілі оқытушыларын оқыту мен біліктілігін арттыру құрылатын жүйенің қажетті құрамдас бөлігінің біріне жатады.
Достарыңызбен бөлісу: |