35-бап. Бала және дiн
1. Мемлекет баланың ата-анасының немесе олардың орнындағы адамдардың дiни дүниетанымына негiзделген тәрбиеге араласпауға, бiлiм беру, тәрбиелеу, емдеу ұйымдарының және өзге де сол сияқты мекемелердiң шегiнен тыс жерлерде баланың қатысуымен дiни жоралардың жасалуына, аталған әрекеттер баланың өмiрi мен денсаулығына қатер төндiретiн, оның құқығын бұзатын және жауапкершiлiгiн шектейтiн жағдайларды қоспағанда, кепiлдiк бередi.
2. Кәмелеттiк жасқа толмаған балаларға қатысты дiни жоралар ата-анасының немесе олардың орнындағы адамдардың келiсiмiмен жасалады. Балаларды дiнге тарту жөнiндегi мәжбүрлеу шараларына жол берiлмейдi.
36-бап. Баланы әлеуметтiк ортаның терiс ықпалынан қорғау
1. Мемлекеттiк органдар, жеке және заңды тұлғалар баланы оның денсаулығына, имандылық жағынан және рухани дамуына зиян келтiретiн әлеуметтiк ортаның, ақпараттың, насихат пен үгiттiң терiс ықпалынан қорғауға мiндеттi.
2. Салауатты өмiр салтын насихаттау мен балаға құқықтық бiлiм берудi мемлекет өз саясатының басым бағыттарының бiрi деп таниды.
3. Қылмыстың, зорлық-зомбылықтың немесе өзге де заңсыз әрекеттiң салдарынан тән немесе жан жарақатын алған балаға денсаулығын қалпына келтiру және әлеуметтiк бейiмделу үшiн қажеттi көмек көрсетiлуге тиiс.
4. Баланың заңды өкiлдерiнiң ертiп жүруiнсiз түнгi уақытта (сағат 22-ден таңғы 6-ға дейiн) ойын-сауық мекемелерiнде болуына, сол сияқты онда жiберiлуiне тыйым салынады.
5. Заңды өкiлдерi ерiп жүрмеген баланың тұрғын жайынан тыс жерлерде сағат 23-тен таңғы 6-ға дейiн болуына тыйым салынады.
Ескерту. 36-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2009.07.10 N 176-IV, 2010.12.29 N 372-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
37-бап. Баланы алкогольдi өнiмдер мен темекi бұйымдарының зиянды әсерiнен қорғау
1. Баланың ата-анасы, басқа да заңды өкiлдерi, мемлекеттiк органдар, сондай-ақ баланы тәрбиелеу мен оған бiлiм беру функциясын жүзеге асыратын ұйымдар салауатты өмiр салтын және алкогольдi өнiмдер мен темекi бұйымдарының зиянды екенiн насихаттауға мiндеттi.
2. Балаға алкогольдi iшiмдiктердi, темекiнi және темекi бұйымдарын сатуға тыйым салынады.
3. Алкогольдi өнiмдер мен темекi бұйымдарын өндiруде немесе сатуда бала еңбегiн пайдалануға тыйым салынады.
4. Балалар тауарларын сататын сауда ұйымдарында және мәдениет мекемелерiнде, сондай-ақ балаларға арналған iс-шараларды жүргiзу кезiнде шылым шегуге, темекi бұйымдарын сатуға тыйым салынады.
5. Балалар мекемелерiнде, бiлiм беру ұйымдарында және оларға iргелес жүз метр радиустегi аумақта алкоголь өнiмдерiн сатуға тыйым салынады.
Достарыңызбен бөлісу: |