9-тарау. БАЛА ЖАУАПКЕРШIЛIГIНIҢ ЖӘНЕ ОНЫҢ МIНЕЗ-ҚҰЛҚЫНА ӘСЕР ЕТУДЕН ЕРЕКШЕЛIКТЕРI
48-бап. Бала жауапкершiлiгiнiң ерекшелiктерi
1. Құқыққа қарсы әрекет жасаған бала Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
2. Мемлекеттiк органдар мен лауазымды адамдар жаза түрiн белгiлеу кезiнде баланың өмiр сүру мен тәрбиелену жағдайын, психикалық даму деңгейiн, жеке басының өзге де ерекшелiктерiн, сондай-ақ оған жасы үлкен адамдардың ықпалын ескеруге тиiс.
49-бап. Баланың мiнез-құлқына әсер етудiң ерекшелiктерi
Ата-анасы және басқа да заңды өкiлдерi ата-аналық құқықтарын жүзеге асырған кезде баланың дене және психикалық денсаулығына, оның имандылық дамуына зиян келтiруге құқылы емес. Баланы тәрбиелеу тәсiлдерiнде баланың адамдық қадiр-қасиетiне менсiнбей, қатал, дөрекi қарау, оны қорлау немесе қанау болмауға тиiс.
10-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
50-бап. Қазақстан Республикасының бала құқықтары туралы заңдарын бұзғаны үшiн жауапкершiлiк
1. Қазақстан Республикасының бала құқықтары туралы заңдарының бұзылуына кiнәлi адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
2. Ата-аналардың (олардың орнындағы адамдардың) мiндеттерiн орындаудан жалтаруы, сондай-ақ мiндеттерiн тиiсiнше орындамауы, ата-ананың перзентханадағы (оның бөлiмшесiндегi) немесе балаларды емдеу мекемесiндегi баласынан бас тартуы, балаларды қадағалаусыз қалдыруы, оларға қатыгездiкпен қарауы, оларды қанауы ата-аналық құқықтарынан айыруға немесе оларды ата-аналардың орнындағы адамдардан шектеуге әкеп соғады.
Баланы алып қойған кезден бастап балаға арналған жәрдемақы төлеу, сондай-ақ өзге де төлемдер соттың шешiмi бойынша тоқтатылады.
3. Ата-ана (олардың орнындағы адамдар) балаларға арналған жәрдемақыларды және өзге де төлемдердi мақсатсыз пайдаланған жағдайда, егер бұл баланың мүдделерiне елеулi нұқсан келтiрсе, әлеуметтiк қорғау органдары, қорғаншы және қамқоршы органдар, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөнiндегi комиссиялар немесе прокурор бала мүдделерiне орай оған негiзсiз жұмсалған қаражатты өтеу туралы талап қояды. Сот арқылы өндiрiлген қаражат баланың банк шотына аударылады.
4. Ата-аналық құқықтарынан айырылған ата-ана ата-аналық құқықтарынан айырылуына қатысты балаларға алименттер төлеу жөнiндегi мiндеттерден босатылмайды.
Ескерту. 50-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2009.07.11. N 185-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз), 2010.11.23 N 354-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.
Достарыңызбен бөлісу: |