Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы Қазақстан Республикасының 002 жылғы тамыздағы n 345 Заңы



бет1/4
Дата25.11.2022
өлшемі52,23 Kb.
#159858
  1   2   3   4
Байланысты:
Бала құқықтары туралы 08.08.2002


Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы
Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 8 тамыздағы N 345 Заңы.
Осы Заң балаларды қоғамдағы толымды өмiрге даярлау, олардың қоғамдық мәнi бар және шығармашылық белсендiлiгiн дамыту, әлемдiк өркениеттiң жалпы адамзатқа тән құндылықтары негiзiнде оларды жоғары имандылық қасиеттерге, елжандылық пен азаматтыққа тәрбиелеу, олардың бойында ұлттық сана-сезiмдi қалыптастыру принциптерінің басымдығына сүйенiп, баланың Қазақстан Республикасының Конституциясында кепілдiк берiлген негiзгi құқықтары мен заңды мүдделерiн iске асыруға байланысты туындайтын қатынастарды реттейдi.
Ескерту. Кіріспеге өзгеріс енгізілді - ҚР 2010.11.23 № 354-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР


1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынандай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала – ата-ана құқықтарының шектелуіне немесе олардан айрылуына, ата-анасы хабар-ошарсыз кетті деп танылуына, олардың қайтыс болды деп жариялануына, әрекетке қабілетсіз (әрекет қабілеті шектеулі) деп танылуына, ата-анасының бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеуіне, ата-анасының баласын тәрбиелеуден немесе оның құқықтары мен мүдделерін қорғаудан жалтаруына, оның ішінде ата-анасының өз баласын тәрбиелеу немесе емдеу мекемелерінен алудан бас тартуына байланысты, сондай-ақ ата-анасы қамқорлық жасамаған өзге де жағдайларда жалғызбасты ата-анасының немесе екеуінің де қамқорлығынсыз қалған бала;
2) бала – он сегіз жасқа (кәмелетке) толмаған адам;
3) бала құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдар – бұл балаларды әлеуметтік қолдауды, әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық-әлеуметтік, әлеуметтік-педагогикалық, психологиялық-педагогикалық, құқықтық қызметтер көрсету мен материалдық көмек көрсетуді, өмірде қиын ахуалға тап болған балаларды әлеуметтік оңалтуды, мұндай балалар еңбекке қабілетті жасқа жеткенде олардың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етуді жүзеге асыратын ұйымдар;
4) баланы әлеуметтік оңалту – бала жоғалтқан әлеуметтік байланыстар мен функцияларды қалпына келтіру, тұрмыс-тіршілікті қамтамасыз ету ортасын толықтыру, оған қамқорлық жасауды күшейту жөніндегі іс-шаралар;
4-1) баланы жәбірлеу (буллинг) – қорлау сипатындағы жүйелі (екі және одан көп) әрекеттер, қудалау және (немесе) қорқыту, оның ішінде қандай да бір әрекетті жасауға немесе жасаудан бас тартуға мәжбүрлеуге бағытталған әрекеттер, сол сияқты жария түрде немесе бұқаралық ақпарат құралдары және (немесе) телекоммуникация желілері пайдаланыла отырып жасалған дәл сол әрекеттер (кибербуллинг);
5) баланың әлеуметтік бейімделуі – өмірде қиын ахуалға тап болған баланың қоғамдағы құндылықтарды, мінез-құлық қағидалары мен нормаларын игеру және қабылдау арқылы әлеуметтік ортаның жағдайларына белсенді түрде бейімделу процесі, сондай-ақ басынан кешірген психологиялық және (немесе) моральдық зардаптарды еңсеру процесі;
6) баланың заңды өкілдері – ата-ана, бала асырап алушылар, қорғаншы, қамқоршы, патронат тәрбиелеуші, баланы қабылдайтын ата-аналар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес балаға қамқорлық жасауды, білім, тәрбие беруді, оның құқықтары мен мүдделерін қорғауды жүзеге асыратын олардың орнындағы басқа да адамдар;
7) баланы экономикалық жағынан қанау – бұл бала еңбегінің ең нашар нысандары, оның ішінде кәмелетке толмағандармен сауда жасау, оларды қылмыстық әрекетке немесе қоғамға жат іс-әрекеттер жасауға, жезөкшелікпен айналысуға, порнографиялық суреттер шығаруға немесе кәмелетке толмағандарды порнографиялық сипаттағы ойын-сауық іс-шараларына қатысуға тарту, сондай-ақ жұмысқа қабылдау үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген ең төменгі жастан кіші балалардың еңбегі;
8) жетім бала – ата-анасының екеуі де немесе жалғыз басты ата-анасы қайтыс болған бала;
9) қамқоршылық – он төрт жастан он сегіз жасқа дейінгі балалардың құқығы мен заңды мүдделерін қорғаудың құқықтық нысаны;
10) қорғаншылық – он төрт жасқа толмаған балалардың құқығы мен заңды мүдделерін қорғаудың құқықтық нысаны;
11) мемлекеттік ең төменгі әлеуметтік стандарттар – мемлекет белгілеген әлеуметтік қызметтер көрсетудің, нормалар мен нормативтердің ең төменгі көлемін қамтитын, балалар өмірінің сапасын қамтамасыз ететін негізгі көрсеткіштер;
12) мүгедектігі бар бала – тіршілік етуінің шектелуіне және оны әлеуметтік қорғау қажеттігіне әкеп соқтыратын аурулардан, жарақаттардан, олардың салдарынан, кемістіктерден организмінің функциялары тұрақты бұзылып, денсаулығына зақым келген он сегіз жасқа дейінгі адам;
12-1) өмірлік қиын жағдайда жүрген бала (балалар) – "Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген қалыптасқан мән-жайлардың салдарынан тыныс-тіршілігі бұзылған және осы мән-жайларды өз бетінше немесе отбасының көмегімен еңсере алмайтын бала (балалар);
13) патронат – ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланы уәкілетті мемлекеттік орган мен баланы тәрбиелеуге алуға тілек білдірген адам (патронат тәрбиелеуші) жасасатын шарт бойынша азаматтардың отбасына тәрбиелеуге берген кездегі тәрбиенің нысаны;
14) алып тасталды - ҚР 01.04.2019 № 240-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);


15) Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары жөніндегі уәкіл – Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайтын, өзіне балалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің негізгі кепілдіктерін қамтамасыз ету, сондай-ақ мемлекеттік және қоғамдық институттармен өзара іс-қимыл жасай отырып, балалардың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіру жөніндегі функциялар жүктелетін адам.
Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.11.23 № 354-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), өзгерістер енгізілді - ҚР 05.07.2014 № 236-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 09.04.2016 № 501-V (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 01.04.2019 № 240-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.05.2022 № 118-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.06.2022 № 129-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

2-бап. Осы Заңның қолданылуы


1. Осы Заңның күші Қазақстан Республикасының азаматтарына қолданылады. Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын бала, егер Қазақстан Республикасының Конституциясында, Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Республикада азаматтар үшін белгіленген құқықтар мен бостандықтарды пайдаланады, сондай-ақ міндеттерді атқарады.
2. Осы Заңның баланың құқықтары мен міндеттерін белгілейтін нормаларының күші кәмелетке толғанға дейін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес азаматтық әрекетке қабілеттілігін толық көлемінде алған балаларға қолданылады.
Ескерту. 2-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.11.23 № 354-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

3-бап. Қазақстан Республикасының баланың құқықтары туралы заңдары


1. Қазақстан Республикасының баланың құқықтары туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының бала құқықтарын қорғау саласындағы өзге де нормативтiк құқықтық актілерiнен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, халықаралық шарттағы оны қолдану үшiн Қазақстан Республикасының заңын шығару талап етiлетiн жағдайларды қоспағанда, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
4-бап. Балалардың тең құқықтылығы
1. Тегiне, нәсiлiне және қай ұлтқа жататындығына, әлеуметтiк және мүлiктiк жағдайына, жынысына, тiліне, бiлiмiне, дiнге көзқарасына, тұрғылықты жерiне, денсаулық жағдайына, балаға және ата-анасына немесе басқа заңды өкілдерiне қатысты өзге де мән-жайларға қарамастан, барлық бала тең құқыққа ие.
2. Некеден де және некесіз де туған балалар тең әрi жан-жақты қорғауды пайдаланады.
Ескерту. 4-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2010.11.23 № 354-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

5-бап. Баланың құқықтарын шектеуге тыйым салу


Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, баланың құқықтарын шектеуге болмайды.
Ескерту. 5-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.11.23 № 354-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

2-тарау. БАЛАЛАР МҮДДЕСIН КӨЗДЕЙТIН МЕМЛЕКЕТТIК САЯСАТ


6-бап. Балалар мүддесiн көздейтiн мемлекеттiк саясаттың мақсаттары
1. Қазақстан Республикасының балалар мүддесiн көздейтiн мемлекеттiк саясатының мақсаттары:
1) балалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қамтамасыз ету, оларды кемсiтушілікке жол бермеу;
2) балалардың құқықтары мен заңды мүдделерiнің негiзгi кепiлдiктерiн нығайту, сондай-ақ құқықтары бұзылған жағдайларда оларды қалпына келтiру;
3) бала құқықтары кепілдiктерiнiң құқықтық негiздерiн қалыптастыру, баланың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау жөнiндегi тиiстi органдар мен ұйымдар құру;
4) балалардың дене бiтiмi, интеллектуалдық, рухани және имандылық тұрғысынан дамуына, олардың бойында елжандылық, азаматтық және бейбiтшiл сезiмдердi тәрбиелеуге, сондай-ақ баланың жеке адами тұлғасының қоғам мүддесi, мемлекет халықтарының дәстүрлерi, ұлттық және әлемдiк мәдениет жетiстiктерiне қол жеткiзуi үшiн мүмкіндiктерiн ашуға жәрдемдесу;
5) кәмелетке толмағандардың құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетiн қалыптастыру жөніндегi нысаналы жұмысты қамтамасыз ету;
6) балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғауды қамтамасыз ету болып табылады.
2. Балалар мүддесiн көздейтiн мемлекеттiк саясат мемлекеттiк органдар қызметiнiң басым саласы болып табылады және:
1) баланың құқықтарын заң тұрғысынан қамтамасыз етуге;
2) балаларға толымды тәрбие берудi, олардың құқықтарын қорғауды оларды қоғамда толымды өмiр сүруге дайындауды қамтамасыз ету мақсатында отбасын мемлекеттiк қолдауға;
3) аймақтық ерекшелiктердi ескере отырып, балалардың өмiрiн жақсартуға бағытталған мемлекеттiк ең төменгi әлеуметтiк стандарттарды белгiлеуге және сақтауға;
4) баланың құқықтары мен заңды мүдделерiн бұзғаны, оған зиян келтiргенi үшiн лауазымды тұлғалардың, азаматтардың жауаптылығына;
5) баланың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау жөнiндегi функцияларды жүзеге асыратын қоғамдық бiрлестiктер мен өзге де ұйымдарды мемлекеттiк қолдауға негiзделген.
Ескерту. 6-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 02.07.2018 № 170-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі).

7-бап. Қазақстан Республикасы орталық және жергiлiктi атқарушы органдарының мемлекетте баланың құқықтарын қорғау мәселелерi жөніндегi өкiлеттiктерi


1. Орталық атқарушы органдардың баланың құқықтарына кепiлдiктердi қамтамасыз ету жөнiндегi өкiлеттiктерiне:
1) балалар мүддесiн көздейтiн мемлекеттiк саясаттың негiздерiн талдап жасау;
1-1) балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;
2) алынып тасталды - ҚР 13.01.2014 № 159-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);


3) өз құзыретi шегiнде баланың құқықтары мен бостандықтарын реттеу және қорғау жөнiндегi нормативтiк құқықтық актiлердi қабылдау;
4) балалардың өмiрiн жақсартуға бағытталған мемлекеттiк ең төменгi әлеуметтiк стандарттарды белгiлеу;
5) бюджет қаражаты және Қазақстан Республикасының заңдарымен тыйым салынбаған өзге де көздер есебiнен балалар мүдделерiнде мемлекеттiк саясатты iске асыру жөнiндегi iс-шараларды жүзеге асыру;
6) баланың құқықтарын қорғау мәселелерi бойынша мемлекеттің халықаралық мiндеттемелерiн орындау және халықаралық ұйымдарда мемлекет мүддесiн білдiру;
7) алынып тасталды - ҚР 13.01.2014 № 159-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
8) алып тасталды - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен;


9) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру жатады.
2. Алынып тасталды
3. Жергiлiктi атқарушы органдардың бала құқықтары кепiлдiктерiн жүзеге асырудағы өкiлеттiктерiне:
1) алып тасталды - ҚР 03.07.2013 № 124-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);


1-1) балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуын қамтамасыз ету;
2) балаларға арналған әлеуметтiк инфрақұрылымды қалыптастыруға қатысу;
3) баланың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау жөнiндегi консультацияларды хабарлау мен өткiзу, iс-шараларды жүзеге асыру тәртiбiн белгiлеу;
4) тәрбие, бiлiм беру, денсаулық сақтау, ғылым, мәдениет, дене тәрбиесi мен спорт, әлеуметтiк қызмет көрсету және отбасын әлеуметтiк қорғау саласында балалар мүдделерiне орай орталық атқарушы органдар айқындаған мемлекеттiк саясатты iске асыру жөнiндегi iс-шараларды жүзеге асыру;
4-1) жетім балаларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды міндетті түрде жұмысқа орналастыруды және тұрғын үймен қамтамасыз етуді белгіленген тәртіппен жүзеге асыру;
5) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру жатады.
Ескерту. 7-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2004.12.20 № 13, (2005.01.01 бастап қолданысқа енгiзiледi), 2009.07.17 № 188-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2010.03.19 № 258-IV, 2011.01.06 № 378-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2011.07.05 № 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі), 2012.07.10 № 36-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 13.06.2013 № 102-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2013 № 124-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 13.01.2014 № 159-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 02.07.2018 № 170-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

7-1-бап. Баланың құқықтары жөніндегі уәкіл институты


1. Баланың құқықтары жөніндегі уәкіл институтын Қазақстан Республикасының Президенті құрады және ол өз қызметін балалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің кепілдіктерін қамтамасыз ету, сондай-ақ мемлекеттік және қоғамдық институттармен өзара іс-қимыл жасай отырып, балалардың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіру мақсатында қоғамдық негізде жүзеге асырады.
2. Баланың құқықтары жөніндегі уәкілдің қызметі:
1) заңдылық;
2) тәуелсіздік;
3) балалар үшін қолжетімділік;
4) баланың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау басымдығы;
5) объективтілік;
6) жариялылық қағидаттарына негізделеді.
3. Баланың құқықтары жөніндегі уәкіл өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерін және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерін басшылыққа алады.
Ескерту. 2-тарау 7-1-баппен толықтырылды - ҚР 09.04.2016 № 501-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

7-2-бап. Баланың құқықтары жөніндегі уәкіл


Баланың құқықтары жөніндегі уәкіл балалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуын қамтамасыз ету мақсатында:
1) баланың құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына қатысты өтініштерді және баланың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін бұзатын орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар мен ұйымдардың, кәсіпорындардың, олардың лауазымды адамдарының шешімдеріне немесе әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдарды қарайды;
2) баланың бұзылған құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін кедергісіз іске асыруға және қалпына келтіруге жәрдем көрсетеді;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру жөніндегі ұсынымдарды әзірлейді және Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізеді;
4) білім беру, денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау, қорғаныс, мәдениет және спорт жүйелерінің мемлекеттік органдары мен ұйымдарына, сондай-ақ кәмелетке толмағандар ұсталатын қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне баруға кедергісіз қол жеткізеді;
5) баланың құқықтарымен айналысатын мемлекеттік және қоғамдық институттардың құжаттарына кедергісіз қол жеткізеді;
6) өзіне осы Заңмен, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарымен және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен жүктелген өзге де өкілеттіктерді орындайды.
Ескерту. 2-тарау 7-2-баппен толықтырылды - ҚР 09.04.2016 № 501-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

3-тарау. БАЛАНЫҢ НЕГIЗГI ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МIНДЕТТЕРI


8-бап. Баланың денсаулық сақтауға құқығы
1. Әрбiр баланың денсаулық сақтауға бұлжымас құқығы бар.
2. Мемлекет денi сау бала тууды қамтамасыз ету үшiн ананың денсаулығын сақтау жөнiнде жағдайлар жасайды.
3. Баланың денсаулық сақтауға құқығы:
1) баланың денсаулығын сақтау саласында Қазақстан Республикасының заңдарын қабылдау;
2) балалардың салауатты өмiр салтын насихаттау және ынталандыру;
3) балалардың денсаулығын сақтау саласындағы ғылыми зерттеулердi мемлекеттiк қолдау;
4) баланың, оның ата-анасының денсаулық жағдайына бақылау жасау және балалар ауруларының алдын алу;
5) бiлiктi медициналық көмек көрсету;
6) баланың денi сау болып өсiп жетiлуiне қажеттi қолайлы қоршаған орта жасау;
7) балалар үшiн сапасы тиiстi деңгейдегі тағам өнiмдерiнің өндiрiлуiне және сатылуына бақылау жасау арқылы қамтамасыз етiледi.
4. Мемлекет Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес балаларға тегiн медициналық көмектiң көлемiне кепілдiк бередi.
5. Баланың өмiрiне, денсаулығына және дене бітімі мен психикасының қалыпты өсiп-жетілуіне зиян келтiретiн кез келген ғылыми тәжiрибелер немесе өзге де эксперименттерге тыйым салынады.
Ескерту. 8-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2010.11.23 № 354-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

9-бап. Баланың даралық ерекшелiкке және оны сақтауға құқығы


Әрбір бала туылғаннан кейін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тіркелуге тиіс. Туылған кезінен бастап оның аты, әкесінің аты және тегі, ұлты және азаматтығы болуына құқығы, ал Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда оларды сақтауға құқығы бар.
Ескерту. 9-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.11.23 № 354-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

10-бап. Баланың өмiр сүруге, жеке басының бостандығына, қадiр-қасиетiне және жеке өмiрiне қол сұғылмауға құқығы


1. Әрбiр баланың өмiр сүруге, жеке басының бостандығына, қадiр-қасиетiне және жеке өмiрiне қол сұғылмауға құқығы бар.
2. Мемлекет баланың жеке басына ешкiмнiң тиiспеуiн қамтамасыз етедi, оны физикалық және (немесе) психикалық күш көрсетуден, адамның қадір-қасиетіне қатыгездікпен, дөрекілікпен қараудан немесе оны қорлаудан, баланы жәбірлеуден (буллингтен), жыныстық қатынас сипатындағы әрекеттерден, баланы қылмыстық iс-әрекетке және қоғамға жат әрекеттер жасауға тартудан, және оны адам мен азаматтың Қазақстан Республикасының Конституциясында бекiтiлген құқықтары мен бостандығына қысым жасаудың өзге де түрлерiнен қорғауды жүзеге асырады.
Ескерту. 10-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 03.05.2022 № 118-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

11-бап. Баланың сөз және ар-ождан бостандығына, ақпаратқа, қоғамдық өмiрге араласуға құқығы


1. Әрбiр баланың сөз бостандығына және өз пiкiрiн айтуға, ар-ождан бостандығына, өзiнiң қоғамдық белсендiлiгiн дамытуға, жасына сәйкес ақпарат алуға және оны таратуға, қоғамдық бiрлестiктерге, сондай-ақ басқа да коммерциялық емес ұйымдардың нысандарына және Қазақстан Республикасының заңдарымен рұқсат етiлген бейбiт жиналыстарға өз еркiмен қатысуға құқығы бар.
2. Мемлекеттiк органдар балалардың жеке адами тұлғасын, олардың шығармашылық бейiмдiлiгiн, әлеуметтiк белсендiлiгiн, ғылыми, техникалық және көркем шығармашылығын дамытуды, олардың интеллектуалдық меншiгiн қорғауды, балалардың өмiрi мен денсаулығын сақтауды, қоршаған табиғи ортаны, тарих пен мәдениет ескерткiштерiн қорғауды өзiне мақсат тұтатын, қайырымдылықты жүзеге асыратын, мәдени және спорттық өмiрге қатысуға тартатын, демалысты ұйымдастыратын қоғамдық ұйымдарға жәрдемдеседi.
Ескерту. 11-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 16.11.2015 № 403-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

12-бап. Баланың қажеттi тұрмыс деңгейiне құқығы


1. Әрбiр баланың дене бiтiмінің, психикасы мен жан дүниесiнің толымды дамуы үшiн қажеттi тұрмыс деңгейi мен жағдайы болуға құқығы бар.
2. Мемлекет бұл жағдайлардың жасалуын әлеуметтік және экономикалық шаралар жүйесi арқылы қамтамасыз етедi.
13-бап. Баланың мүлiктiк құқықтары
1. Әрбiр баланың заңмен белгiленген тәртiппен және мөлшерде өз ата-анасынан және отбасының басқа да мүшелерiнен қаражат алуға құқығы бар. Балаға алименттер, жәрдемақылар және басқа да әлеуметтiк төлемдер ретiндегi тиесiлi сомалар ата-анасының (олардың орнындағы адамдардың) билiк етуiне келiп түседi және олар баланы күтiп-бағуға, оған бiлiм беруге және оны тәрбиелеуге жұмсалады.
2. Әрбiр баланың заңдарда белгiленген тәртiппен өз бетiнше немесе өзiнiң заңды өкілдері арқылы мәмiлелер жасауға, банктерде салымы болуға және жалақысына, стипендиясына немесе өзге де кiрiстерiне және интеллектуалдық меншiк құқығы объектiлерiне билiк етуге, өзге де мүлiктiк құқықтарды иемденiп алуға және оларды жүзеге асыруға құқығы бар.
Ата-аналар немесе заңды өкілдер баланың жәрдемақысын немесе материалдық көмек ретiнде мемлекет бөлген ақшалай қаражатты баланың атына банкке салуға құқылы.
3. Әрбiр баланың өзi тапқан табысқа, өзi сыйға немесе мұра ретiнде алған мүлiкке, сондай-ақ баланың қаражатына сатып алынған басқа да кез келген мүлiкке меншiк құқығы бар.
Өз еңбегiмен табыс табатын бала, егер ол ата-анасымен бiрге тұратын болса, отбасын асырауға жұмсалатын шығындарды бөлiсуге қатысуға құқылы.
Баланың өзiне меншiк құқығымен тиесілі мүлiкке билiк ету құқығы Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарымен айқындалады.
14-бап. Баланың тұрғын үйге құқығы
1. Әрбiр баланың Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес тұрғын үйге құқығы бар.
2. Білім беру ұйымдарындағы, медициналық және басқа да ұйымдардағы, оның ішінде қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін ұйымдардағы, қорғаншылықтағы немесе қамқоршылықтағы, патронаттық тәрбиедегі жетiм бала, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала тұрғын үйге меншiк құқығын немесе тұрғын үйді пайдалану құқығын caқтайды, ал құқығы болмаған жағдайда олардың Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес тұрғын үй алуға құқығы бар.
Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан берілген тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үй жетiм балаларда, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларда олар білім беру ұйымдарында, медициналық және басқа да ұйымдарда, оның ішінде қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін ұйымдарда, қорғаншылықта немесе қамқоршылықта, патронаттық тәрбиеде болған кезеңде олар кәмелетке толғанға дейін сақталады.
3. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды, оның iшiнде жетiм балаларды оларға басқа тұрғын үй берiлмейiнше, тұрып жатқан тұрғын үйінен шығаруға болмайды.
4. Осы баптың 2-тармағында аталған балалардың тұрғын үйге меншiк құқығын немесе тұрғын үйді пайдалану құқығын сақтауды жергiлiктi атқарушы органдар қамтамасыз етедi.
5. Он төрт жасқа толмаған жетім баланың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланың тұрғын үйін иеліктен шығару, оның ішінде айырбастау немесе сыйға тарту бойынша мәмілелер жасауға немесе олардың атынан кепілгерлік шартын, тұрғын үйді өтеусіз пайдалануға тапсыру немесе кепілге қою бойынша мәмілелер, заң жүзінде, өсиет бойынша оларға тиесілі мұрагерлік құқықтардан бас тартуына, олардың тұрғын үйін бөлуге немесе одан үлес бөліп алуға әкеп соқтыратын мәмілелер жасасуға жол берілмейді.
Ескерту. 14-бап жаңа редакцияда - ҚР 04.07.2013 № 126-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

14-1-бап. Жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үйін сақтауды қамтамасыз ету


1. Жергiлiктi атқарушы органдар:
1) жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үйін есепке алуды жүргізеді және оның сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
2) жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қорғаншылыққа немесе қамқоршылыққа, патронаттық тәрбиелеуге, білім беру ұйымдарына, медициналық және басқа да ұйымдарға орналастырылғанға дейін олардың тұрғын үйін сақтауды қамтамасыз етеді;
3) жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үйіне қорғаншылық белгiлейдi.
2. Баланың заңды өкілдері жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үйін сақтауды қамтамасыз етеді.
Баланың заңды өкілдері қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның келісімімен, жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үйін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін үлгі шарт негізінде жалдауға (қосымша жалдауға) бере алады.
Тұрғын үйді жалдау (жалға алу) шарты бойынша алынған ақша жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың банктік шотына есептелуге жатады.
Жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үйін сақтау қағидаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
Жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үйін сақтау қағидалары:
1) жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үйін есепке алу;
2) жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үйіне қорғаншылық белгілеу;
3) жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үйін жалдауға (жалға) тапсыру;
4) баланың заңды өкілдерінің жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үйін сақтау жөніндегі міндеттерді орындауын бақылауды жүзеге асыру тәртібін қамтиды.
3. Жергілікті атқарушы органдардың лауазымды адамдары және баланың заңды өкілдері жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үйін сақтау жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылықта болады.
Ескерту. Заң 14-1-баппен толықтырылды - ҚР 04.07.2013 № 126-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

15-бап. Баланың бiлiм алуға құқығы


1. Әрбiр баланың бiлiм алуға құқығы бар және Қазақстан Республикасының бiлiм туралы заңдарына сәйкес оған тегiн бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім және конкурстық негiзде тегiн техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары бiлiм алуға кепiлдiк берiледi.
2. Тегiн жалпы орта бiлiм немесе техникалық және кәсіптік бiлiм алғанға дейiн баланы мемлекеттiк бiлiм беру мекемесiнен шығару, шығарудың жалпы тәртiбiн сақтаумен қатар тек қорғаншы және қамқоршы органдарды хабардар ете отырып қана жүргiзiлуi мүмкiн.
3. Ерекше білім беру қажеттіліктерін бағалауға сәйкес арнаулы педагогикалық тәрбиенi қажет ететiн мүмкіндігі шектеулі балаларға мемлекеттiк бюджеттен белгiленген стандарттар деңгейiнде олардың бiлiм алуына кепiлдiк беретiн қосымша қаражат бөлінеді.
4. Мемлекет балалардың бiлiм алу кезеңiнде әлеуметтiк қорғауды қажет ететiндерiнің күтiп-бағу шығынын толық немесе iшiнара көтередi. Олардың бiлiм алу кезеңiнде әлеуметтiк көмектің мөлшерлерi мен көздерiн Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлейдi.
Ескерту. 15-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2007.07.27 № 320 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 26.06.2021 № 56-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

16-бап. Баланың еңбек бостандығына құқығы


1. Әрбiр баланың еңбек бостандығына, қызмет және кәсiп түрлерiн еркiн таңдауға құқығы бар.
2. Балалар он төрт жастан бастап, ата-аналарының рұқсатымен оқудан бос кезiнде денсаулығына және өсіп-жетiлуiне оңтайлы, баланың дене бiтiмiне, имандылығына және психикалық жай-күйiне зиян келтiрмейтiн қоғамдық пайдалы еңбекке қатысуға, сондай-ақ мамандық алуға құқығы бар. Бұл құқықты халықты еңбекпен қамту қызметi мен жергiлiктi мемлекеттiк басқару органдары қамтамасыз етедi.
3. Он сегiз жасқа толмаған қызметкерлермен еңбек шартын жасасу және оны бұзу тәртiбi және олардың еңбегін реттеудің басқа да ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленедi.
4. Баланы оның денсаулығына қауіп төндіруі немесе білім алуына кедергі келтіруі не оның денсаулығына және дене бітімі, ақыл-ойы, рухани, моральдық және әлеуметтік жағынан дамуына нұқсан келтіруі мүмкін кез келген жұмысты орындауға қабылдауға немесе тартуға тыйым салынады.
Ескерту. 16-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2007.05.15 № 253, 2010.11.23 № 354-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

16-1-бап. Баланың экономикалық қанаудан қорғалу құқығы


Әрбір баланың экономикалық қанаудан қорғалуға құқығы бар.
Ескерту. Заң 16-1-баппен толықтырылды - ҚР 2010.11.23 № 354-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

17-бап. Баланың мемлекеттiк көмекке құқығы


1. Мемлекеттiк көмек оны алуға құқығы бар әрбiр балаға тағайындалады. Мемлекеттiк көмектің мөлшерi және оны көрсетудің шарты мен тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.
2. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, оның iшiнде жетiм балалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес толық мемлекеттiк қамсыздандырылуда болады.
3. Мемлекеттiк органдар ата-анасының қамқорлығынсыз қалған әрбiр балаға, қорғаншылық немесе қамқоршылық нысанына қарамастан, бiрдей материалдық және өзге де жағдайларды қамтамасыз етедi.
18-бап. Мемлекеттiк ең төменгi әлеуметтiк стандарттарды белгiлеу
1. Балалардың мүддесiн көздейтiн мемлекеттiк саясат мемлекеттiк ең төменгi әлеуметтiк стандарттар негiзiнде жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттiк ең төменгi әлеуметтiк стандарттар әлеуметтiк қызмет көрсетулер бойынша белгiленген ең төменгi көлемде мыналарды:
1) мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысына сәйкес кепiлдiк берiлген, жалпыға бiрдей қолжетiмдi тегiн бастауыш, негізгі орта және жалпы орта бiлiм мен конкурстық негiзде тегiн техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары бiлiм берудi;
2) балаларға тегiн медициналық қызмет көрсетудi, оларды тамақтандырудың ең төменгi нормаларына сәйкес тамақтандыруды қамтамасыз етудi;
3) он бес жасқа толған балалардың кәсiби бағдарлау, қызмет саласын таңдау, жұмысқа орналасу, еңбегiнің қорғалу, еңбегiне ақы төлену құқығын Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен кепілдi қамтамасыз етудi;
4) балаларға әлеуметтiк қызмет көрсету, оларды әлеуметтiк қорғау, соның iшiнде туылуы мен тәрбиеленуiне байланысты, балалары бар азаматтарға мемлекеттiк жәрдемақы төлеу жолымен кепiлдi материалдық қолдауды қамтамасыз ету, сондай-ақ өмiрлiк қиын ахуалға тап болған балаларды әлеуметтiк бейiмдеу және әлеуметтiк оңалту жөнiндегi шараларды;
5) Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңдарына сәйкес тұрғын үйге құқығын қамтамасыз етудi;
6) балаларды сауықтыру мен олардың демалысын ұйымдастыруды, соның iшiнде төтенше жағдайларда, сондай-ақ экологиялық жағынан қолайсыз және Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен сондай деп танылған аумақтарда тұратын балаларды сауықтыруды ұйымдастыруды;
7) бiлiктi заң көмегiн көрсетудi қамтиды.
3. Мемлекеттiк ең төменгi әлеуметтiк стандарттар олардың өмiр сүру жағдайларындағы аймақтық айырмашылықтар ескерiле отырып айқындалады. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жергiлiктi мемлекеттiк басқарудың органдары қосымша әлеуметтiк стандарттар белгiлей алады.
4. Тиiстi бiлiм беру ұйымдарындағы, арнаулы оқу-тәрбие ұйымдарындағы, денсаулық сақтау, әлеуметтiк қызмет көрсету ұйымдарындағы немесе өзге де мекемелер мен ұйымдардағы балалардың өздерiне ұсынылған қызмет көрсетулердiң мемлекеттiк ең төменгi әлеуметтiк стандарттарға сәйкестiгін мезгiл-мезгiл бағалап отыруға құқығы бар.
Ескерту. 18-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2007.07.27 № 320 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

19-бап. Баланың дем алуға және бос уақытын пайдалануға құқығы


1. Әрбiр бала өзiнiң жасына, денсаулығына және қажеттерiне қарай демалуға және бос уақытын пайдалануға құқылы.
2. Ата-анасы немесе олардың орнындағы адамдар өздерiнiң қабiлеттерi мен мүмкiндiктерiне сәйкес баланың күтiлуi мен жан-жақты дамуына қажеттi өмiрлiк жағдайларды қамтамасыз етедi.
3. Мемлекеттiк органдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес балалардың сауықтыру, спорт, шығармашылық және бос уақытын пайдаланатын өзге де ұйымдарын, лагерьлер мен санаторийлердi құрады және оларды қолдап отырады.
4. Мемлекет балалардың демалуға, сауығуға және бос уақытын пайдалануға құқығын қамтамасыз ету жөнiндегi iс-шараларды жүзеге асырады.
5. Балалардың сауықтыру, спорт, шығармашылық және бос уақытты өткізетін өзге де ұйымдарында, лагерьлері мен санаторийлерінде құдайға құлшылық етуді, дiни жораларды, рәсімдерді және (немесе) жиналыстарды өткізуге, сондай-ақ діни ілімдерді таратуға бағытталған іс-әрекеттерге жол берілмейді.
Ескерту. 19-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.10.11 № 484-ІV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

20-бап. Баланың мiндеттерi


Әрбiр бала Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандығын, ар-ожданы мен қадiр-қасиетiн, Республиканың мемлекеттiк нышандарын құрметтеуге, еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға, тарихи және мәдени мұралардың сақталуына қам-қарекет жасауға, тарих және мәдениет ескерткiштерiн сақтауға, табиғатты сақтауға және табиғи байлықтарға ұқыпты қарауға мiндеттi.
4-тарау. БАЛА ЖӘНЕ ОТБАСЫ
21-бап. Баланың отбасында өмiр сүру және тәрбиелену құқығы
Баланың мүдделерiне қайшы келетiн жағдайларды қоспағанда, әрбiр баланың отбасында өмiр сүруге және тәрбиеленуге құқығы, өзiнiң ата-анасын және басқа да жақын туыстарын бiлуге құқығы, олардың қамқорлығы мен тәрбиесiн алуға құқығы бар.
Ескерту. 21-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2010.11.23 № 354-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

22-бап. Баланың отбасындағы құқықтары


Әрбір бала отбасында Қазақстан Республикасының Конституциясында, осы Заңда және Қазақстан Республикасының басқа да заңдарында белгіленген жеке мүліктік емес және мүліктік құқықтарға ие.
Ескерту. 22-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.11.23 № 354-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

23-бап. Бала тәрбиелеп отырған отбасыларына мемлекеттiк қолдау


Мемлекет бала тәрбиелеп отырған отбасыларына Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен әлеуметтiк көмек беру арқылы қолдау көрсетедi.
Ескерту. 23-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2010.11.23 № 354-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

24-бап. Ата-анасының баланы тәрбиелеу, күтiп-бағу және асырау жөніндегi мiндетi


1. Ата-анасы немесе басқа да заңды өкілдері баланың жан-жақты дамуы үшiн қажеттi өмір сүру жағдайын жасауға мiндеттi.
2. Ата-анасы баланы тәрбиелеуге, оны күтiп-бағуды жүзеге асыруға, материалдық жағынан қолдап, оның әл-ауқатына қамқорлық жасауға, тұрғын үймен қамтамасыз етуге міндеттi.
Ескерту. 24-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 01.04.2019 № 240-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

25-бап. Баланың ата-анасымен бiрге тұру құқығы


1. Баланың өз ата-анасымен немесе басқа да заңды өкілдерiмен бiрге тұруға құқығы бар.
2. Баланың, ата-анасының немесе заңды өкілдерiнiң ықтиярынсыз баланы ата-анасынан немесе заңды өкілдерiнен айыруға тыйым салынады. Оларды айыру туралы шешiмдi ерекше жағдайларда және баланы қорғау мақсатында қандай дәрежеде қажет болуына қарай сот қана қабылдайды.
3. Ата-анасы бiр-бiрiнен бөлек тұрған жағдайда баланың тұратын жерi ата-анасының келiсiмiмен, ал ол болмаған жағдайда, ата-аналар арасындағы дау сот арқылы шешiледi. Бұл орайда сот бала ата-анасының жеке қасиеттерi мен жағдайларын, сондай-ақ баланың мүдделерi мен пiкiрiн ескередi.
26-бап. Баланың өзiнен бөлек тұратын ата-анасымен қарым-қатынас жасау құқығы
1. Баланың өмiрi мен денсаулығына қатер төндiретiн жағдайлардың болуын қоспағанда, баланың өзiнен бөлек тұратын ата-анасы туралы ақпарат алуға, олармен кездесiп, араласып тұруға құқығы бар.
2. Бала құқығын шектеуге байланысты туындаған, осы бапта көзделген даулар сот тәртiбiмен шешiледi.
5-тарау. АТА-АНАСЫНЫҢ ҚАМҚОРЛЫҒЫНСЫЗ ҚАЛҒАН БАЛАНЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ


Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет