Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы
Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі N 242 Заңы.
МАЗМҰНЫ
Ескерту. Бүкіл мәтін бойынша "сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттік орган", "сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттік органның", "сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттік органмен", "сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттік органды" деген сөздер тиісінше "сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлеттi орган", "сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлеттi органның", "сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлеттi органмен", "сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлеттi органды" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР 28.10.2015 № 366-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
Осы Заң Қазақстан Республикасында сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін жүзеге асыру барысында мемлекеттік органдардың, жеке және заңды тұлғалардың арасында туындайтын қатынастарды реттейді және адамның мекендейтін және тіршілік ететін толымды ортасын қалыптастыруға, елді мекендер мен қонысаралық аумақтарды тұрақты дамытуға бағытталған.
1-бөлім. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін мемлекеттік реттеу
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) авторлық қадағалау - бұл автордың:
сәулет және қала құрылысы туындысының авторы (авторлары) жүзеге асыратын құрылыс жобасының (құрылыс құжаттамасының) әзiрленуiне;
сәулет немесе қала құрылысы туындысының авторын (авторларын) қоса алғанда, әзiрлеушiлер жүзеге асыратын құрылыс жобасының iске асырылуына бақылау жүргiзудi жүзеге асыру жөнiндегi құқықтылығы;
1-1) агломерация – бір немесе бірнеше ірі қалалар – орталықтардың айналасына орналасқан, күнделікті еңбек, өндірістік, әлеуметтік-мәдени және өзге де байланыстары, сондай-ақ бір-бірімен аумақтық бірігу үрдістері бар урбандалған елді мекендердің жергілікті жүйесі;
2) адам мекендейтiн орта - адам тұратын орта. Мекендеу ортасы мыналарды қамтиды:
қоршаған орта - атмосфералық ауаны, Жердiң озон қабатын, жер бетi мен жер асты суларын, жердi, жер қойнауын, жануарлар мен өсiмдiктер дүниесiн, сондай-ақ олардың өзара әрекетiндегi климатты қоса алғанда, табиғи және жасанды объектiлер жиынтығы;
сәулеттiк-ландшафтық орта - адам шаруашылық қызметтi және басқа да функцияларды жүзеге асыратын, табиғи жағдайлар мен сәулеттiк нысандар ұштастырылған кеңiстiк. Әдетте, бұл елдi мекендер ортасы, ол адамның өмiр сүру жағдайлары мен психикалық-физикалық жай-күйiн айқындайды;
қолжетімді (кедергісіз) орта – орынға кедергісіз жетуге және көрсетілетін қызметті пайдалануға мүмкіндік беретін, сондай-ақ көрсетілетін қызметті пайдалану, затқа жету мүмкіндігін қамтамасыз ететін өлшемдері бар ғимараттың, қызмет көрсету орнының, тұру орнының сипаты;
iшкi орта - тұрғын үй-жайлардағы өмiр сүру жағдайларының және жұмыс (өндiрiс) үй-жайларындағы еңбек жағдайларының кешенi, ол әлеуметтiк, эстетикалық, биологиялық, психологиялық және физикалық-химиялық факторларды, соның iшiнде табиғи радиацияны, сыртқы шуды, биотикалық төңiректi, ауаның ластануын, ылғалдылығын, құрамы мен ауысуын, иiстердi, жанған өнiмдердi, табиғи және жасанды жарықты, судың тазалығын және басқаларды қамтиды;
3) айрықша реттеу және қала құрылысын регламенттеу объектiлерi - аумақтарды, елдi мекеннiң, жылжымайтын мүлiктiң жекелеген объектiсiнiң аумағын пайдаланудың арнаулы ережелерi (тәртiбi) енгiзiлмей, жалпыға бiрдей қабылданған ережелерге (тәртiпке) ерекшелiктер белгiленбей не оларға толықтырулар енгiзiлмей жүзеге асырылуы қиындаған немесе мүмкiн болмайтын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiнiң объектiлерi;
3-1) аккредиттелген сараптама ұйымдарының тізілімі – объектілердің құрылыс жобаларына ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізу құқығы берілген заңды тұлғалардың бірыңғай тізбесі;
3-2) аккредиттелген сараптама ұйымы – сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган белгілеген тәртіппен аккредиттелген, объектілердің құрылыс жобаларына (техникалық-экономикалық негіздемелерге және жобалау-сметалық құжаттамаға) Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасымен мемлекеттік монополияға жатқызылмаған ведомстводан тыс кешенді сараптаманы жүзеге асыратын заңды тұлға;
4) антропогендiк әсер ету - табиғатқа, қоршаған ортаға, елдi мекенге адам қызметiнiң түрлi ықпал ету нәтижесiнде туындаған оң және терiс әсер етулер. Терiс әсер тигiзiлген жағдайда табиғат қорғау шараларын қолдану қажеттiгi туындайды;
4-1) аттестатталған сарапшылардың тізілімі – жергілікті атқарушы органдардың тиісті құрылымдық бөлімшелері аттестаттаған және:
объектілердің құрылыс жобаларына (техникалық-экономикалық негіздемелер және жобалау-сметалық құжаттама), сондай-ақ аумақтардың қала құрылысын жоспарлау жобаларына (әртүрлі деңгейдегі қала құрылысы жобалары) сараптама бойынша жұмыстар жүргізу;
үйлер мен ғимараттардың сенімділігін және орнықтылығын техникалық зерттеп-қарау;
тапсырыс берушінің атынан техникалық қадағалау және жобаны әзірлеушілердің атынан авторлық қадағалау жүргізу жөнінде инжинирингтік қызметтер көрсету құқығы берілген жеке тұлғалардың үнемі жаңартылып отыратын бірыңғай тізімі;
5) аумақтарды аймақтарға бөлу - қала құрылысын жоспарлау кезiнде жекелеген аймақтарды қала құрылысына пайдалану түрлерi мен оларды пайдалану жөнiндегi мүмкiн болатын шектеулердi белгiлей отырып аумақтарды функционалдық аймақтарға бөлу;
5-1) аумақтық көліктік жоспарлау – аумақтың көліктік жүйесін дамытуды жоспарлау, ол көліктің барлық түрлерінің инфрақұрылымын орналастыруды және көліктің маршруттық желісін трассалауды жоспарлауды да қамтиды;
6) аяқталмаған құрылыс - пайдалануға беру үшiн тапсырысшы белгiленген тәртiппен қабылдамаған және мақсатына қарай (тұру, қызмет көрсету, өнiм шығару, пайда алу және пайдаланудың басқа да түрлерi) пайдаланылмайтын құрылыс объeктici;
6-1) бірегей құрылыс объектісі – осы объект үшін арнайы техникалық шарттарды (ерекше нормаларды) әзірлеу, келісу және бекіту қажеттігін айқындайтын, жобалау және салу жөніндегі мемлекеттік немесе мемлекетаралық техникалық регламенттер мен нормативтік-техникалық талаптар белгіленбеген, ерекше, бұрын жекелеп немесе жиынтық түрінде қолданылмаған сәулет, көлемдік-жоспарлау, конструкциялық, инженерлік немесе технологиялық шешімдермен сипатталатын үйлер, ғимараттар және олардың кешендері;
6-2) бірыңғай сәулеттік стиль – құрылыста пайдаланылатын, аумақтың белгілі бір құрылыс салу ауданына, оның ішінде жеке құрылыс салуға тән бірыңғай белгілер жиынтығы. Сыртқы көркі, сәулеттік стилі, түсі бойынша шешімі, қабаттылығы, әрлеу материалдары негізгі өлшемдер болып табылады. Жеке құрылыс салу ауданы үшін сыртқы көркі, сәулеттік стилі, түсі бойынша шешімі, қабаттылығы, әрлеу материалдары, қоршаулары, жабын түрі мен учаске аумағындағы шаруашылық-тұрмыстық құрылыстардың орналасуы негізгі өлшемдер болып табылады;
7) ғимарат - табиғи немесе жасанды кеңiстiк шекаралары бар және өндiрiстiк процестердi орындауға, материалдық құндылықтарды орналастыруға және сақтауға немесе адамдарды, жүктердi уақытша орналастыруға (орын ауыстыруға), сондай-ақ жабдықтарды немесе коммуникацияларды орналастыруға (төсеуге, жүргiзуге) арналған жасанды жасалған ауқымды, тегiстiктi немесе желiлiк объект (жер үстi, су бетi және (немесе) жер асты, су асты). Ғимарат көркемдiк-эстетикалық, әшекей-қолданбалы не мемориалдық мақсатта да болуы мүмкiн;
7-1) егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы – елді мекендер аумақтарының жекелеген бөліктері мен функционалдық аймақтары, сондай-ақ елді мекендердің шегінен тыс жерде орналасқан аумақтар үшін әзірленетін қала құрылысы құжаттамасы;
8) елдi мекеннiң аумағы - қалалық немесе ауылдық елдi мекеннiң белгiленген шекара (iшкi аумағы) шегiндегi кеңiстiк;
9) елдi мекеннiң бас жоспары - аймақтарға бөлудi, оның аумағының жоспарлы құрылымы мен функционалдық ұйымдастыруды, көлiк және инженерлiк коммуникацияларды, көгалдандыру мен абаттандыру жүйелерiн белгiлейтiн, қаланы, кенттi, ауылды не басқа да қонысты дамыту мен салуды кешендi жоспарлаудың қала құрылысы жобасы;
9-1) жалпыға ортақ пайдаланылатын орындар – халық үшін қолжетімді немесе ашық болатын аумақтар, объектілер;
9-2) жергілікті сараптамалық қорытынды – сараптаманы аяқтайтын кезеңді қоспағанда, тиісті жоба бөлімдері (бөліктері) бойынша сараптамалық қолдаудың әрбір кезеңінде ресімделетін және тапсырыс берушіге берілетін, жобалар сараптамасының қорытындысы;
10) алып тасталды - ҚР 2012.01.13 № 542-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
11) жоба – жеке және заңды тұлғалардың түпкі ойының мәнін және оны практикада іске асыру мүмкіндігін ашып көрсететін, сәулет, қала құрылысы және құрылыс құжаттамасы (сызбалар, графикалық және мәтіндік материалдар, инженерлік және сметалық есеп-қисаптар), оның ішінде құрылыстың техникалық-экономикалық негіздемесі және (немесе) жобалау-сметалық құжаттамасы нысанында ұсынылған, адамның мекендеуі мен тыныс-тіршілігіне қажетті жағдайларды қамтамасыз ету жөніндегі түпкі ойы;
12) жобалау алдындағы құжаттама - қала құрылысы, сәулет жобаларын, құрылыс жобасын әзiрлеу алдында жасалатын және бағдарламаларды, есеп берулердi, құрылыстың техникалық-экономикалық негiздемелерiн, техникалық-экономикалық есептердi, ғылыми зерттеулер мен инженерлiк iзденiстер нәтижелерiн, технологиялық және конструкциялық есептердi, нобайларды, макеттердi, өлшемдер мен объектiлердi зерттеу нәтижелерiн, сондай-ақ жобалау құжаттамасын әзiрлеу және жобаларды кейiннен iске асыру туралы шешiмдер қабылдауға қажеттi өзге де бастапқы деректер мен материалдарды қамтитын құжаттама;
13) жобалау құжаттамасы:
аумақты көгалдандыру жобаларын, оны сыртқы безендiрудi, монументтiк немесе әшекей өнер туындыларын орналастыруды және орнатуды (тұрғызуды);
қала құрылысының жобаларын - аумақтар мен елдi мекендердi немесе олардың бөлiктерiн ұйымдастыруды, дамыту мен салуды кешендi қала құрылысын жоспарлау жөнiндегi түпкi ойдан (Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасы, аумақты дамытудың аймақаралық схемалары, аумақтарды қала құрылысына жоспарлаудың кешендi схемалары, елдi мекендердiң бас жоспарлары, нақты жоспарлау жобалары, өнеркәсiп аймақтарын жоспарлау жобалары, құрылыс салу жобалары, объектiлер мен кешендердiң бас жоспарлары, абаттандыру және көгалдандыру жобалары, өзге де жоспарлау жобалары) тұратын жобаларды;
құрылыс жобасын (құрылыстық жобаны) - көлемдiк-жоспарлық, конструкциялық, технологиялық, инженерлiк, табиғат қорғау, экономикалық және өзге де шешiмдердi қамтитын жобалау (жобалау-смета) құжаттамасын, сондай-ақ құрылысты ұйымдастыру мен жүргiзуге, аумақты инженерлiк жағынан дайындауға, абаттандыруға арналған сметалық есептеулердi қамтиды. Құрылыс жобаларына аяқталмаған объектiлер құрылысын консервациялау және өз ресурсын тауысқан объектiлердi кейiннен кәдеге жарату жобалары да жатады;
сәулеттiк түпкi ойы бар сәулет жобасын - жобалауға сәулетшiнiң қатысуы қажет болатын ғимарат (монумент) тұрғызудың жеке жобасын немесе объектiнiң сәулет-көркемдiк, композициялық және көлемдiк-жоспарлау шешiмдерiн қамтитын, әлеуметтiк, экономикалық, функционалдық, технологиялық, инженерлiк-техникалық, өртке қарсы, жарылысқа қарсы, санитарлық-гигиеналық, экологиялық және өзге де талаптарды ескеретiн және құрылыс жобасын немесе құрылыс объектiсiне арналған өзге де құжаттаманы әзiрлеу үшiн қажеттi көлемде орындалған жобалау (жобалау-смета) құжаттамасының бiр бөлiгiн қамтиды;
14) жобалардың мемлекетаралық сараптамасы - объектiнiң құрылысы туралы халықаралық шартқа қатысушы екi және одан да көп мемлекеттiң мүддесiн бiлдiретiн жобаларды сараптаудың мiндеттi нысаны;
15) алып тасталды - ҚР 29.12.2014 № 269-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі);
16) жобалар сараптамасы – Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген, жобалау үшін бастапқы құжаттардың (материалдардың, деректердің) шарттарына жобалық шешімдердің сәйкестігін (сәйкессіздігін) анықтау, сондай-ақ жобалық шешімдер мен есеп-қисаптарда қала құрылысы және техникалық регламенттердің, мемлекеттік және мемлекетаралық нормативтік құжаттар нормалары мен ережелерінің талаптарын сақтау арқылы жобалардың сапасына талдау мен бағалау жүргізуден тұратын сараптамалық қызмет. Сараптама мынадай болып бөлінеді:
үйлер мен ғимараттарды, олардың кешендерін, инженерлік және көлік коммуникацияларын салуға арналған техникалық-экономикалық негіздемелер және жобалау-сметалық құжаттама бойынша "бір терезе" қағидатымен жүргізілетін, объектілердің құрылыс жобаларына ведомстводан тыс кешенді сараптама (салалық және ведомстволық сараптамаларды қамтиды);
қалалық және ауылдық елді мекендерді, қонысаралық аумақтарды, сондай-ақ елді мекендерден тыс орналасатын өндірістік кешендерді дамытудың және оларға құрылыс салудың қала құрылысы жобалары бойынша жүргізілетін, аумақтардың қала құрылысын жоспарлаудың кешенді қала құрылысы сараптамасы;
16-1) жобалау саласындағы сараптама қызметінің субъектілері – сараптама ұйымдары, сондай-ақ сараптама ұйымдарының штаттағы қызметкерлері болып табылатын не жоба құрамында жекелеген бөлім (бөлік) бойынша ведомстводан тыс кешенді сараптаманы орындау үшін немесе кешенді қала құрылысы сараптамасы жөніндегі сараптама комиссияларының (топтарының) жұмысына қатысу үшін штаттан тыс сарапшылар ретінде осы ұйымдар уақытша тартқан сарапшылар;
16-2) жобалау саласындағы сарапшы – жобалардың белгілі бір бөлімдері (бөліктері) бойынша сараптама жұмыстарын жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен аттестатталған, сараптама ұйымдарының бірінің штатында тұрған жеке тұлға;
16-3) жобаны басқару – салынған бюджет пен мерзімдер шеңберінде инвестициялық жобаның мақсаттарына жету үшін тапсырыс берушімен не инвестормен жасалған шарттарға сәйкес объектілерді жобалауды, құрылысын салуды және оларды пайдалануға беруді ұйымдастыру, жоспарлау, үйлестіру, бақылау жөніндегі қызмет;
17) алып тасталды - ҚР 29.12.2014 № 269-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі);
18) инженерлiк инфрақұрылым - адамдардың тiршiлiк етуi, сондай-ақ өндiрiстiң немесе тауарлар мен көрсетiлетiн қызмет айналымының тұрақты жұмыс істеуі үшiн қалыпты жағдай туғызатын кәсiпорындардың (ұйымдардың), объектiлердiң (ғимараттар мен құрылыстардың), инженерлiк және коммуналдық қамтамасыз ету коммуникацияларының және желiлерiнiң жиынтығы;
18-1) алып тасталды - ҚР 29.12.2014 № 269-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі);
18-2) инженер-техник жұмыскер – орташа кәсіптік немесе жоғары білімі бар, сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы өндірістік процесті ұйымдастыруды және оған басшылық жасауды жүзеге асыратын жеке тұлға;
19) көлiк инфрақұрылымы - көпiр, тоннель және өзге де көлiк құрылыстарының, жол тарамдары мен жол өткiзгiштерiнiң, реттеушi белгi беру құрылғыларының, байланыстың, көлiк жұмысының инженерлiк қамтамасыз ету, жүктердi, жолаушыларды тасымалдайтын көлiк құралдарына қызмет көрсету, өндiрiстiк және қызмет көрсетушi адамдардың функционалдық қызметiн қамтамасыз ететiн объектiлердiң, қойма үй-жайлары мен аумақтардың, санитарлық-қорғаныш және күзет алаңдарының, сондай-ақ көрсетiлген бағыттағы жолдарға және жылжымайтын мүлiк объектiлерiн қамтитын объектiлерге заңдарда бекiтiлген жерлердiң кешенi бар жерүстi (автомобиль және (немесе) темiр) жолдарының, су (теңiз және (немесе) өзен) жолдарының жиынтығы;
19-1) көше-жол желісі – қызыл сызықтармен шектелген және көлік құралдарының, велосипедтер мен жаяу жүргіншілердің жүруіне, инженерлік коммуникациялар салуды және төсеуді ретке келтіруге, сондай-ақ елді мекендер аумақтары қатынас жолдарының құрамдас бөлігі ретінде олардың көлік, велосипед және жаяу жүргіншілер байланыстарын қамтамасыз етуге арналған, елді мекендер аумақтарының бір бөлігі болып табылатын көлік инфрақұрылымының объектісі. Көшелер, даңғылдар, тұйық көшелер, өтпелер, жағалаулар, алаңдар, тротуарлар, жаяу жүргіншілер және велосипед жолдары көше-жол желісінің негізгі элементтері болып табылады;
19-2) күзетілетін объектілер - күзетілетін адамдардың болуына арналған үйлер, құрылыстар мен ғимараттар, сондай-ақ оларға іргелес жатқан аумақ пен акватория. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі күзететін объектілердің тізбесін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу бойынша бекітеді;
20) алып тасталды - ҚР 29.12.2014 № 269-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі);
21) қалалық аймақтарға бөлу - елдi мекеннiң аумағын олардың функционалдық мақсатына сәйкес бөлу (тұрғын, қоғамдық, өнеркәсiптiк, рекреациялық және басқа да функционалдық аймақтар);
22) қала құрылысы және сәулет-құрылыс құжаттамасы - аумақтарды ұйымдастыру, аумақтар мен елдi мекендердi дамыту мен салудың қала құрылысын жоспарлау, объектiлердi салу (кеңейту, жаңғырту, техникамен қайта жарақтандыру, реконструкциялау, қалпына келтiру, күрделi жөндеу, консервациялау және кейiннен кәдеге жарату), сондай-ақ құрылысты ұйымдастыру, аумақты инженерлiк жағынан дайындау, абаттандыру, көгалдандыру, сыртқы безендiру үшiн қажеттi (жобалау алдындағы және жобалау құжаттамасын, мемлекеттiк және мемлекетаралық нормативтiк құжаттарды қоса алғанда) өзара байланысты құжаттардың жүйесi;
23) қала құрылысы кадастрының есептеу бiрлiктерi - тұтастай Қазақстан Республикасы, облыстар, аудандар, елдi мекендер аумағының, ауқымды, жайпақ және желiлiк құрылыстардың барлық түрлерiн қоса алғанда, жылжымайтын мүлiк объектiлерiнiң ұйымдастырылған және пайдаланылған элементтерi;
24) қала құрылысының кеңiстiгi - адамның (ел, аймақ, елдi мекен, елдi мекен бөлiгi халқының) мекендейтiн және тiршiлiк ететiн материалдық ортасы қалыптасатын қала құрылысын реттеу аумағы;
25) қала құрылысы қызметi (бұдан әрi – қала құрылысы) – қала құрылысы кеңістігін қалыптастырудың, қала құрылысы жобасын жасаудың шығармашылық процесін, қала құрылысы құжаттамасының барлық сабақтас бөлімдерін үйлестіруді қамтитын, қала құрылысын жоспарлауда аумақтар мен елді мекендерді ұйымдастырудағы және дамытудағы, оларды аумақтық көліктік жоспарлаудағы және жол жүрісін ұйымдастырудағы, аумақтарды қала құрылысына пайдалану түрлерін айқындаудағы, қалалық және ауылдық елдi мекендердi кешендi жоспарлаудағы қызмет;
26) қала құрылысының регламенттерi - аумақтарды (жер учаскелерiн) және басқа да жылжымайтын мүлiк объектiлерiн пайдаланудың, сондай-ақ олардың жай-күйiнiң заңнамада белгiленген тәртiппен жол берiлетiн кез келген өзгерiстерiнiң режимдерi, рұқсаттары, шектеулерi (ауыртпалық салуды, тыйым салу мен сервитуттарды қоса алғанда).
Қала құрылысының регламенттерi мемлекеттiк нормативтерге сәйкес орындалған қала құрылысы және сәулет-құрылыс құжаттамасымен белгiленедi. Қала құрылысы регламенттерiнiң қолданылуы олар үшiн белгiленген мерзiм шегiнде шектеледi;
27) қала құрылысын реттеу аумағы - шегiнде қандай да болсын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi жүзеге асырылатын аумақ;
28) қаупі ықтимал құрылыс объектiлерi – өзінің функционалдық мақсаты және өндiрiстiк процестер салдарынан адамның денсаулығы мен өмiрiне зиян, орны толмас залал келтiретiн техногендiк және (немесе) экологиялық зiлзалалар туындау, жобалануы, салынуы және пайдаланылуы кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі арнайы іс-шаралар талап етілетін басқа да объектiлердiң жұмыс iстеуiн бұзу қатерi бар қауіпті өндірістік объектiлер;
29) қонысаралық аумақтар - елдi мекендердiң шекарасынан (шегiнен) тыс жатқан аумақтар;
30) қоныстану аумағы - тұрғын үй, қоғамдық (қоғамдық-iскерлiк) және рекреациялық аймақтарды, сондай-ақ инженерлiк және көлiк инфрақұрылымдарының жекелеген бөлiктерiн, басқа да объектiлердi орналастыруға арналған, орналастырылуы мен қызметi арнаулы санитарлық-қорғаныш аймақтарын талап ететiндей әсер етпейтiн елдi мекен аумағының бiр бөлiгi;
30-1) құрылысқа салынатын мемлекеттік инвестициялар (бұдан әрі – мемлекеттік инвестициялар) – жаңа үйлер мен ғимараттарды, олардың кешендерін, инженерлік және көлік коммуникацияларын салуға, сондай-ақ бұрыннан бар объектілерді реконструкциялауға (кеңейтуге, жаңғыртуға, техникалық қайта жарақтандыруға) немесе күрделі жөндеуге салынатын инвестициялар, олардың көзі:
республикалық және (немесе) жергілікті бюджеттердің қаражаты, оның ішінде бюджеттік инвестицияларға және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне бюджеттік кредит беруге жіберілетін нысаналы қаражат;
мемлекет кепілдігімен не мемлекет кепілгерлігімен мемлекеттік емес қарыздардың нысаналы қаражаты;
Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражаты;
концессиялық жобаларды іске асыруға жіберілген қаражат болып табылады;
31) құрылыс қызметi (бұдан әрi - құрылыс) - жаңа объектiлер салу және (немесе) бар объектiлердi (үйлердi, ғимараттар мен олардың кешендерiн, коммуникацияларды) өзгерту (кеңейту, жаңғырту, техникамен қайта жарақтандыру, реконструкциялау, қалпына келтiру, күрделi жөндеу), олармен байланысты технологиялық және инженерлiк жабдықтарды монтаждау (бөлшектеу), құрылыс материалдарын, бұйымдар мен конструкцияларын дайындау (өндiру), сондай-ақ аяқталмаған объектiлер құрылысын консервациялау мен өз ресурстарын тауысқан объектiлердi кейiннен кәдеге жарату жұмыстарын жүзеге асыру жолымен өндiрiстiк және өндiрiстiк емес негiзгi қорларды құру жөнiндегi қызмет;
31-1) құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасы туралы қорытынды – техникалық қадағалауды жүзеге асыратын тұлғалар орындалған құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасын растайтын құжат;
32) құрылыс-монтаж жұмыстары - құрылыс қызметi, ол:
жер жұмыстарын және топырақтағы арнаулы жұмыстарды;
қолданыстағы ғимараттар мен құрылыстарды бұзуға, уақытша инженерлік желілер, жолдар, қойма алаңдарын жайластыруға, сондай-ақ аумақты сатылап жоспарлауға байланысты дайындық жұмыстарын;
үйлер мен ғимараттардың (оның iшiнде көпiрлер, көлiк эстакадалары, тоннельдер мен метрополитендер, жол құбырлары, құбыр өткiзгiштер, өзге де жасанды құрылыстар) тiреу және (немесе) қоршау конструкцияларын салуды;
желiлiк құрылыстарды төсеу жөнiндегi арнаулы құрылыс және монтаж жұмыстарын;
сыртқы инженерлiк желiлер мен құрылыстар, сондай-ақ iшкi инженерлiк жүйелер орнатуды;
конструкциялар мен жабдықтарды қорғау және өңдеу жөнiндегi жұмыстарды;
автомобиль және темiр жол құрылысын;
технологиялық жабдықты жинауды және тұрақты пайдаланатын жерде жобалық жағдайға орнатуды, жеке сынауды және жүктемемен сынауды, сондай-ақ бөлшектеуді қоса алғанда, оны монтаждауды қамтиды;
33) құрылыс өнiмi - сәулет, қала құрылысы және (немесе) құрылыс қызметiнiң аралық және (немесе) түпкiлiктi нәтижесi;
34) құрылыс өнiмiнiң сапасы (объектiнiң сапасы) - қызметтiң (пайдалануға берудiң, пайдаланудың, қолданудың) бүкiл мерзiмi бойында меншiк иелерiнiң (пайдаланушылардың) және тұтас алғанда қоғамның мүдделерi мен қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге бағытталған талаптарды бiлдiретiн, тұтынушыларға жеткiзiлген түпкiлiктi құрылыс өнiмi сипаттамаларының (эстетикалық сипаттаманы қоса алғанда) жиынтығы;
35) құрылыс салуды реттейтiн сызық (құрылыс салу сызығы) - қызыл және сары сызықтардан немесе жер учаскесi шекарасынан шегiндiре отырып, үйлердi (ғимараттарды, құрылғыларды) орналастыру кезiнде белгiленетiн құрылыс салу шекарасы;
35-1) құрылыстағы баға белгілеу – құрылыс өнімінің құнын қалыптастыру тетігі;
35-2) Құрылыстағы жаңа технологиялардың бірыңғай мемлекеттік тізілімі – сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен қалыптастырылатын, сметалық-нормативтік базада олар бойынша нормалар жоқ, Қазақстан Республикасында сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі субъектілері енгізген жаңа тиімді құрылыс өндірісі технологияларының тізбесі;
35-3) құрылыстың сметалық құны – сомасы жобалау материалдары мен сметалық-нормативтік база негізінде айқындалатын, объектінің құрылысын жүзеге асыру үшін қажетті ақша;
36) қызыл сызық - елдi мекендердi жоспарлау құрылымындағы кварталдардың, шағын аудандардың, өзге элементтердiң аумағын көшеден (жолдардан, алаңдардан) бөлiп тұратын шекара. Әдетте қызыл сызық құрылыс салу шекарасын реттеу үшiн қолданылады;
36-1) көгалдандыру екпелері – елді мекендердің шекараларында ортақ пайдаланылатын жерлерде орналасқан орманды саябақтар, саябақтар, скверлер, бульварлар, желілік екпелер, үй жанындағы екпелер, көгалдар, гүлзарлар;
37) макет - жоспарланып отырған аумақтардың, жобаланып отырған объектiлердiң, олардың жекелеген элементтерiнiң, сондай-ақ үй-жайлар интерьерлерiнiң кеңiстiктегi өлшемдестiгiн немесе құрылыстардың iшкi кеңiстiгiн белгiлеу мақсатында көлемдi нысандағы (түгелдей көрсете отырып немесе шартты түрде) масштабқа қатаң сәйкес келетiн етiп орындалған иллюстрациялық (көрнекi) материал. Макет ретiнде компьютерлiк кеңiстiктiк модельдеудiң бейнематериалдары пайдаланылуы мүмкін;
38) мемлекеттiк қала құрылысы кадастры - қала құрылысы регламенттерiн, қала құрылысы, сәулет және құрылыс қызметi аумағын оның пайдаланылу режимiнiң әлеуметтiк-құқықтық белгiлерi, инженерлiк-техникалық қамтамасыз етiлу деңгейi, онда орналасқан объектiлердiң параметрлерi мен жай-күйi, сондай-ақ табиғи-климаттық жағдайлары мен экологиялық жай-күйi бойынша сипаттайтын картографиялық, статистикалық және мәтiндiк ақпаратты қамтитын сан және сапа көрсеткiштерiнiң мемлекеттiк жүйесi;
39) мемлекеттiк нормативтер (мемлекеттiк нормативтiк құжаттар) - адамның мекендеуi мен тiршiлiк етуiне қолайлы, қауiпсiз және басқа да қажеттi жағдайларды қамтамасыз ететiн нормативтiк құқықтық актiлер, қала құрылысы және техникалық регламенттері, нормативтiк-техникалық құжаттар, өзге де мiндеттi талаптар, шарттар мен шектеулер жүйесi;
39-1) мемлекеттік сараптама ұйымы – Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған және объектілердің құрылыс жобалары (техникалық-экономикалық негіздемелер және жобалау-сметалық құжаттама) бойынша мемлекеттік монополияға жатқызылған ведомстводан тыс кешенді сараптаманы жүзеге асыратын заңды тұлға;
40) нобай (нобайлық жоба) - жобалық (жоспарлық, кеңiстiктiк, сәулеттiк, технологиялық, конструкциялық, инженерлiк, әшекейлiк немесе басқа) шешiмнiң оңайлатылған, схема, сызба, бастапқы сұлба (сурет) нысанында орындалған және осы шешiмнiң түпкi ойын түсiндiретiн түрi;
40-1) Объектілерді салуға арналған жобалау алдындағы және жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасының бірыңғай мемлекеттік электрондық банкі – мемлекеттік инвестициялар және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаражаты есебінен қаржыландырылатын және Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітілген, объектілердің құрылысын салуға арналған электрондық жеткізгіштердегі жобалау алдындағы және жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасы;
41) объектiнiң бас жоспары - құрылыс объектiсi (үй, ғимарат, кешен) жобасының оны аумаққа (учаскеге) орналастыру, көлiк коммуникацияларын, инженерлiк желiлердi төсеу (жүргiзу), учаскенi инженерлiк жағынан дайындау, абаттандыру мен көгалдандыру, шаруашылық қызметiн көрсетудi ұйымдастыру мәселелерiн және жобаланып отырған объектiнiң орналасатын жерiне байланысты өзге де iс-шараларды кешендi шешу қамтылатын бөлiгi;
42) объектiнi кейiннен кәдеге жарату - күрделi құрылыстың (үйдiң, ғимараттың, кешеннiң) пайдаланылуы (пайдалану, қолдану) тоқтатылғаннан кейiн кәдеге асатын элементтерiн (конструкцияларды, материалдарды, жабдықтарды) бiр мезгiлде қалпына келтiрiп және қайталап пайдаланып, сондай-ақ кәдеге аспайтын элементтер мен қалдықтарды өңдей отырып, бөлшектеп алу және бұзу жөнiндегi жұмыстар кешенi;
43) объектiлер мониторингi - сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi объектiлерiнiң жай-күйi мен өзгерiстерiн байқау жүйесi;
44) объектiнiң техникалық күрделiлiгi - объектiнiң функционалдық қызметiне, оның тiрек және қоршау конструкцияларының ерекшелiктерiне, қабаттар (конструкциялық қатарлар) санына, сейсмикалық қауiптiлiгiне немесе салынатын жерiнiң (ауданының) өзге де айрықша геологиялық, гидрогеологиялық, геотехникалық жағдайларына қарай мемлекеттiк және (немесе) мемлекетаралық (халықаралық) нормативтермен белгiленетiн, табандары мен конструкцияларының сенiмдiлiгi мен берiктiгiне қойылатын техникалық талаптардың дәрежесi бойынша құрылыс объектiсiнiң жауапкершiлiк деңгейi, олар:
жауапкершiлiктiң бiрiншi деңгейi - күшейтiлген;
жауапкершiлiктiң екiншi деңгейi - қалыпты;
жауапкершiлiктiң үшiншi деңгейi - төмендетiлген болып бөлiнедi;
44-1) объектіні пайдалануға қабылдау актісі – объект құрылысының бекітілген жобаға және мемлекеттік (мемлекетаралық) нормативтерге сәйкес аяқталғанын және объектінің пайдалануға толық әзірлігін растайтын құжат;
44-2) алып тасталды - ҚР 28.10.2015 № 366-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі);
44-3) орындалған жұмыстардың жобаға сәйкестігі туралы қорытынды – авторлық қадағалауды жүзеге асыратын тұлғалар орындалған жұмыстардың бекітілген жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасына сәйкестігін растайтын құжат;
45) алып тасталды - ҚР 2012.01.13 № 542-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
46) салынып жатқан объектiлердi консервациялау - құрылысы аяқталмаған объект конструкцияларының, материалдары мен жабдықтарының оны салудың уақытша тоқтатылуы кезеңiнде сақталуы мен сапалық сипаттамаларын қамтамасыз ету жөнiндегi шаралар кешенi;
47) санитарлық-қорғаныш аймағы - арнаулы мақсаттағы аймақтарды, сондай-ақ өнеркәсiп орындары мен елдi мекендегi басқа да өндiрiстiк, коммуналдық және қоймалық объектiлердi жақын маңдағы қоныстану аумақтарынан, тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы үйлер мен ғимараттардан оларға қолайсыз факторлардың әсер етуiн әлсiрету мақсатында бөлiп тұратын аумақ;
47-1) сараптама ұйымдарының палатасы (бұдан әрі – палата) – мемлекеттік сараптама ұйымын қоспағанда, құрылыс объектілерін жобалау саласында сараптама қызметін жүзеге асыратын, аккредиттелген сараптама ұйымдарының кемінде үшеуінен заңды тұлғалар құратын, бірыңғай коммерциялық емес ұйым;
48) сары сызық - жойқын жер сiлкiнiстерi, өзге де табиғи немесе техногендiк сипаттағы зiлзалалардың салдарынан үйлердiң (ғимараттардың, құрылыстардың) үйiндiлерге (қиратындыларға) айналуы барынша мүмкiн болатын аймақтар шекарасы. Әдетте сары сызық үйлер мен ғимараттар арасындағы қашықтықты реттеу үшiн қолданылады;
48-1) сәйкестік туралы декларация – мердігер (бас мердігер) құрылысы аяқталған объектіде орындалған жұмыстардың бекітілген жобаға және мемлекеттік (мемлекетаралық) нормативтердің талаптарына сәйкестігін куәландыратын құжат;
49) сәулет-жоспарлау тапсырмасы - объектiнiң мақсатына, негiзгi өлшемдерiне және оны нақты жер учаскесiне (алаңға, трассаға) орналастыруға қойылатын талаптар кешенi, сондай-ақ осы елдi мекен үшiн қала құрылысының регламенттерiне сәйкес белгiленетiн, жобалау мен құрылысқа қойылатын мiндеттi талаптар, шарттар мен шектеулер. Бұл ретте тапсырыс беруші (құрылыс салушы, инвестор) ұсынатын нобайларға (нобайлық жобаларға) сәйкес түсi жөнiндегi шешiм мен ғимараттардың (құрылыстардың) қасбеттерiн әрлеу материалдарын пайдалану, көлемдiк-кеңiстiктегi шешiм бойынша талаптар белгiлеуге жол берiледi;
50) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi саласындағы инжинирингтiк қызметтер көрсету - оңтайлы жобалық көрсеткiштерге қол жеткiзу мақсатында құрылыстың дайындығын және жүзеге асырылуын қамтамасыз ететiн қызметтер кешенi (техникалық және авторлық қадағалау), жобаны басқару;
51) сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекетаралық нормативтер (мемлекетаралық нормативтiк құжаттар) - Қазақстан Республикасы мен басқа мемлекеттiң (басқа мемлекеттердiң) аумақтарында Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттар негiзiнде қолданылатын, мемлекетаралық қала құрылысы нормативтерiн, мемлекетаралық құрылыс нормалары мен ережелерiн, құрылыстағы мемлекетаралық стандарттарды қамтитын нормативтiк-техникалық құжаттардың, ережелердiң және басқа да мiндеттi талаптардың, шарттар мен шектеулердiң жүйесi;
51-1) сараптамалық жұмыстар – ғимараттар мен құрылыстардың жобаларына сараптама жасау және олардың сенімділігі мен тұрақтылығына техникалық тексеру жүргізу жөніндегі жұмыстар;
52) сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлеттi орган - сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметiн мемлекеттiк басқару саласындағы басшылықты жүзеге асыратын орталық мемлекеттiк орган;
53) сәулет қызметi (бұдан әрi - сәулет) - объектiнiң сыртқы және iшкi келбетiн жасаудың, құрылысқа арналған (реконструкциялау, қалпына келтiру) жобалау құжаттамасының сәулет бөлiгiнде кеңiстiктi, композициялық, көлемдiк-жоспарлау және функционалдық ұйымдастырудың шығармашылық процесiн, жобаны iске асыру кезiнде авторлық қадағалау жүргiзудi қамтитын сәулет объектiлерiн жасау жөнiндегi қызмет;
54) сәулет объектiлерi - әзiрленуiне сәулетшiнiң қатысуы қажет болатын, сәулет немесе қала құрылысы жобаларының негiзiнде салынған үй, ғимарат, монумент, үйлер мен ғимараттар кешенi, олардың экстерьерлерi және (немесе) интерьерлерi, абаттандыру, ландшафт немесе бақ-саябақ өнерiнiң элементтерi;
55) сәулет (қала құрылысы) туындысы - қандай да бiр сәулет объектiсiн жасауға немесе қала құрылысы кеңiстiгiн қалыптастыруға бағытталған, жобалау құжаттамасы, жекелеген сызба, макет немесе нобай нысанында белгiленген авторлық ойды қоса алғанда, жеке тұлғалардың кәсiби қызметiндегi шығармашылық процестiң нәтижесi болып табылатын авторлық құқық және автордың (авторлардың) зияткерлiк меншiк объектiсi, сондай-ақ нақты iске асырылған жоба (жобаның бөлiгi);
56) сейсмикалық қауiптiлiгi жоғары аймақтар (аудандар) - сейсмикалық әсерiнiң жиiлiгi жетi және одан да көп балл болуы мүмкiн (күтiлетiн) аудандар;
56-1) сметалық нормалар – қабылданған құрылыс, монтаждау және басқа да жұмыстар өлшеміне белгіленген ресурстар (құрылыс жұмыскерлері еңбегінің, құрылыс машиналарының жұмыс уақытының жұмсалуы, материалдарға, бұйымдарға және конструкцияларға қажеттілік) жиынтығы;
56-2) сметалық-нормативтік база – материалдарға, бұйымдарға және жабдықтарға арналған сметалық нормалар мен сметалық бағалар жинағы;
56-3) тапсырыс беруші – қызметін Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға. Жобаның (бағдарламаның) тапсырыс беруші-инвесторы, тапсырыс беруші (меншік иесі), құрылыс салушы не олардың уәкілетті адамдары қызмет мақсаттарына қарай тапсырыс беруші бола алады;
57) техногендiк әсер ету - халыққа, елдi мекендерге не қонысаралық аумақтарға, әдетте, табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың пайда болу қатерiн төндiрмей немесе қатер төндiре отырып, адамның шаруашылық қызметi нәтижесiнде туындаған жағымсыз немесе зиянды (қауiптi) әсер ету;
58) техногендiк зiлзалалар - шаруашылық қызметпен байланысты және:
өнеркәсiп, көлiк аварияларын және басқа да аварияларды;
өрт, жарылыстар немесе жарылыс қатерiн;
биологиялық, химиялық қауiптi немесе радиоактивтi заттардың шығарылуын немесе шығарылу қатерiн;
үйлердiң немесе ғимараттардың, коммуникациялардың кенеттен құлап түсуiн;
гидротехникалық немесе тазарту құрылыстарының опырылуын;
электр энергетикасы және коммуникация жүйелеріндегі аварияларды туғызатын тұтқиыл факторлар;
59) техникалық қадағалау - орындалған жұмыстың сапасын, мерзiмiн, құнын, қабылдап алынуын және объектiнiң пайдалануға берiлуiн қоса алғанда, жобаны iске асырудың барлық сатысында құрылысты қадағалау;
60) үй - адамдардың тұруына немесе iшiнде болуына, өндiрiстiк процестердi орындауға, сондай-ақ материалдық құндылықтарды орналастыруға және сақтауға пайдаланылатын функционалдық мақсатына қарай, мiндеттi түрде жер бетiне салынып, тұйық көлемдi құрайтын, тiреу және қоршау конструкцияларынан тұратын жасанды құрылғы. Yйдiң жер асты бөлiгi болуы мүмкiн;
61) үйлердiң (ғимараттардың) инженерлiк жабдықтары - материалдық құндылықтардың сақталуын қамтамасыз ететiн, сондай-ақ технологиялық жабдықтар мен өндiрiс процестерiн инженерлiк жағынан қамтамасыз ететiн, адамдардың тұруына (тұрмысына), еңбек етуiне (болуына) қалыпты не жайлы жағдайлар жасайтын инженерлiк жүйелер мен техникалық құрылғылар кешенi;
61-1) үйлер мен ғимараттардың сенімділігін және орнықтылығын техникалық зерттеп-қарау – сараптама жұмыстарының нәтижесінде үйлер мен ғимараттардың және олардың элементтерінің нақты жай-күйі, үйлер мен ғимараттардың сенімділігі және орнықтылығы, оларды кейіннен пайдалану мүмкіндігі, объектідегі күрделі жөндеу жұмыстарының құрамы мен көлемін, оларды жаңғырту және реконструкциялауды, сондай-ақ нысаналы мақсатындағы өзгерісті анықтау үшін уақытында болатын өзгерістерді ескере отырып, конструкциялар сапасының нақты көрсеткіштерінің сандық бағалауын алу айқындалатын сараптама жұмыстарының түрі;
61-2) халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары – өз бетімен жүріп-тұру, көрсетілетін қызметтер, ақпарат алу немесе кеңістікте бағдарлану кезінде қиындық көріп жүрген, оның ішінде балаларға арналған арбаларды пайдаланатын адамдар, қарттар, мүгедектер;
62) экологиялық зiлзалалар - табиғи тепе-теңдiк бұзылуының экологиялық тұтқиыл факторлары, олар:
құрлықтың жай-күйiнiң (пайдалы қазбаларды өндiру салдарынан болатын апатты опырылыстар, тектоникалық жарықтар, грифондар, көшкiндер, ойылыстар, топырақта ауыр металдардың немесе басқа да зиянды заттардың жол берiлетiн шектен тыс шоғырлануы, топырақтың тез тозуы, топырақтың эрозиясы, сортаңдануы немесе батпақтануы салдарынан көлемдi аумақтардың шөлге айналуы);
атмосфераның құрамы мен қасиеттерiнiң (антропогендiк әсер ету салдарынан климаттың күрт өзгеруi, зиянды қоспалар жиынтығының жол беруге болатын шектен үнемi артып кетуi және ауа тазалығының нашарлауы, елдi мекендерде оттегiнiң тұрақты жетiспеуi, қышқылды жауындар жауатын көлемдi аймақтың пайда болуы);
гидросфера жай-күйiнiң (су көздерiнiң сарқылуы немесе олардың апатты түрде немесе бiржола ластануы, ауыз судың, сондай-ақ өндiрiс қажеттiлiктерi мен шаруашылық-тұрмыстық қажеттiлiктерiне арналған судың тұрақты жетiспеуi);
биосфера жай-күйiнiң (көлемдi аумақтардағы өсiмдiктердiң құрып бiтуi, хайуанаттар, өсiмдiктер түрлерiнiң жойылуы, биосфераның молықтыру қабiлетiнiң күрт өзгеруi) өзгеруiмен байланысты.
Дүлей зiлзалалар (табиғи апатты құбылыстар) да экологиялық зiлзалаларға жатады.
Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - ҚР 2006.12.11 N 204 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі), өзгерістер енгізілді - 2007.01.09 N 213, 2009.07.10 N 180-IV, 2011.07.05 N 452-IV (2011.10.13 бастап қолданысқа енгізіледі), 2011.07.15 N 461-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.01.13 № 542-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.01.25 № 548-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.02.13 N 553-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.07.10 N 34-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен; 03.07.2013 № 121-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен; 03.12.2013 № 151-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 21.01.2014 N 167-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 17.04.2014 № 195-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.12.2014 № 269-V (қолданысқа енгізілу тәртібін 3-б. қараңыз); 28.10.2015 № 366-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 12.11.2015 № 391-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.12.2015 № 433-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) ; 07.04.2016 № 487-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен; 03.07.2017 № 86-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен; 24.05.2018 № 156-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Достарыңызбен бөлісу: |