234-бап. Бiрлескен қызметтiң жекелеген түрлерi туралы ережелер
Бiрлескен қызметтiң жекелеген түрлерi осы Кодекске Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес реттеледi.
235-бап. Меншiк құқығына ие болу негiздерi
1. Егер шартта немесе заңдарда өзгеше көзделмесе, жаңа затқа меншiк құқығы оны дайындаған немесе жасаған тұлғаға тиедi.
Мүлiктi пайдалану нәтижесiнде алынған жемiстерге, өнiмге, табысқа меншiк құқығы осы Кодекстiң 123-бабына сәйкес алынады.
2. Меншiк иесi бар мүлiкке меншiк құқығына басқа адам сатып алу-сату, айырбастау, сыйға тарту немесе осы мүлiктi иелiктен айыру туралы өзге мәмiленiң негiзiнде ие болуы мүмкiн.
Азамат қайтыс болған ретте оған тиесiлi мүлiкке меншiк құқығы өсиетке немесе заңға сәйкес мұрагерлiк бойынша басқа адамдарға көшедi.
Заңды тұлға қайта ұйымдастырылған ретте оған тиесiлi мүлiкке меншiк құқығы қайта құрылған заңды тұлғаның құқықты мирасқорларына - заңды тұлғаларға көшедi (осы Кодекстiң 46-бабы).
Меншiк иесiнiң мүлкiн меншiк иесiнiң еркiнен тыс басқа тұлғаға беруге осы Кодексте көзделгеннен басқа реттерде жол берiлмейдi.
3. Осы Кодексте көзделген реттер мен тәртiп бойынша тұлға меншiк иесi жоқ мүлiкке, меншiк иесi белгiсiз мүлiкке, не меншiк иесi бас тартқан немесе өзге негiздер бойынша ол меншiк құқығын жоғалтқан мүлiкке меншiк құқығын алуы мүмкiн.
3-1. Мемлекет Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда және тәртіппен жер учаскесін реквизициялау, мемлекет меншігіне алу, оның ішінде мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп алып қою кезінде, сондай-ақ жер учаскесін алып қоюға байланысты жылжымайтын мүлікті иеліктен шығару кезінде мүлікке меншік құқығына ие болады.
4. Тұтыну (тұрғын үй, тұрғын үй-құрылыс, саяжай, гараж немесе өзге) кооперативiнiң мүшелерi, жарна жинақтауға құқығы бар, пәтер, саяжай, гараж және кооператив осы адамдардың пайдалануына берген өзге де үй-жай үшiн өзiнiң үлестiк жарнасын толық төлеген басқа да адамдар аталған мүлiктiң меншiк құқығына ие болады.
Ескерту. 235-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2011.03.01 N 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Достарыңызбен бөлісу: |