337-бап. Кепiлпұл ұғымы. Кепiлпұл туралы келiсiм нысаны
1. Уағдаласушы тараптардың бiреуiнiң шарт бойынша өзiнен алынатын төлемнiң есебiнен екiншi тарапқа және шарт жасау мен орындауды не өзге мiндеттеменi орындауды қамтамасыз етуге берiлетiн ақшалай сома кепiлпұл деп танылады.
2. Кепiлпұл туралы келiсiм кепiлпұлдың сомасына қарамастан жазбаша нысанда жасалуға тиiс. Бұл қағида негiзгi мiндеттемені нотариат куәландыруға тиiс болатын жағдайда да қолданылады. Жазбаша нысанды сақтамау кепiлпұл туралы келiсiмнің маңызсыздығына алып келеді.
Ескерту. 337-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2007.01.12. N 225; 27.02.2017 № 49-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
338-бап. Кепiлпұлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi тоқтатудың және орындамаудың салдары
1. Мiндеттеменiң орындалуы басталғанға дейiн тараптардың келiсiмi бойынша не олардың кiнәсiнсiз-ақ оны орындаудың мүмкiндiгi болмауы салдарынан тоқтатылған жағдайда, кепiлпұл қайтарылуға тиiс.
2. Егер мiндеттеменiң орындалмауына кепiлпұл берген тарап жауапты болса, ол екiншi тарапта қалады, ал егер кепiлпұл алған тарап жауапты болса, ол екiншi тарапқа кепiлпұлдың екi еселенген сомасын төлеуге мiндеттi. Оның үстiне, шартта өзгеше көзделмегендiктен, мiндеттеменiң орындалмауына жауапты тарап екiншi тарапқа кепiлпұл сомасын ескере отырып, шеккен залалдың орнын толтыруға мiндеттi.
Достарыңызбен бөлісу: |