359-бап. Мiндеттеменiң бұзылғандығы үшiн жауапкершiлiк негiздерi
1. Борышқор кiнәлi болған кезде, егер заңдарда немесе шартта өзгеше көзделмесе, мiндеттеменi орындамағаны және (немесе) тиiстi дәрежеде орындамағаны үшiн жауап бередi. Егер борышқор мiндеттеменi тиiстi дәрежеде орындау үшiн өзiне байланысты шаралардың барлығын қолданғанын дәлелдесе, ол кiнәсiз деп танылады.
2. Кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асырған кезде мiндеттеменi орындамаған немесе тиiстi дәрежеде орындамаған адам, егер бой бермейтiн күштiң, яғни осы жағдайлар кезiндегi төтенше және тойтаруға болмайтын мән-жайлардың (дүлей құбылыстар, соғыс қимылдары, төтенше жағдай және т.б.) салдарынан тиiстi дәрежеде орындауға мүмкiндiк болмағандығын дәлелдей алмаса, мүлiктiк жауаптылықты көтередi. Ондай мән-жайларға, атап айтқанда, мiндеттеменi орындау үшiн қажеттi тауарлардың, жұмыстардың немесе қызмет көрсетудiң рынокта болмауы жатпайды.
Заңдарда немесе шартта жауапкершiлiктiң және одан босатылудың өзге негiздерi ескерiлуi мүмкiн.
3. Мiндеттеменi әдейі бұзғаны үшiн жауапкершiлiктi жою немесе шектеу туралы алдын ала жасалған шарт маңызсыз болады.
Ескерту. 359-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 27.02.2017 № 49-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2020 № 359-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
360-бап. Мiндеттемедегi кәсiпкерлiк тәуекел
Егер мiндеттемеде кәсiпкердiң тапсырысы бойынша әлдебiр жұмысты орындау көзделсе, жұмыстың нәтижесiн пайдаланудың мүмкiн еместiгi немесе оны пайдаланудың тиiмсiз болу тәуекелi кәсiпкерге жүктеледi. Жұмысты тиiстi дәрежеде орындаған адам, егер шартта өзге кәсiпкерлiк тәуекелдi бөлу көзделмесе, орындау дәрежесiне сәйкес ақы алуға құқылы.
361-бап. Екiжақты шартты орындамаудың салдары
Егер екiжақты шартта тараптардың бiрде-бiрi жауап бермейтiн мән-жайдың салдарынан тараптардың бiреуi үшiн мiндеттеменi орындауға мүмкiншiлiк болмаса, заң құжатында немесе шартта өзгеше көзделмегендiктен, шарттың орындалуын тараптардың ешқайсысының да талап етуге құқығы жоқ. Мұндай жағдайда тараптардың әрқайсысы өзi орындағанның бәрiн қайтаруды тиiстi қарсы орындауды алмай-ақ талап етуге құқылы.
362-бап. Борышқордың өз қызметкерлерi үшiн жауапкершiлiгi
Борышқордың мiндеттемесiн орындау жөнiндегi лауазымды адамдарының немесе өзге қызметкерлерiнiң әрекеттерi борышқордың әрекеттерi болып есептеледi. Борышқор бұл әрекеттер үшiн, егер олар мiндеттеменi орындамауға немесе тиiстi дәрежеде орындамауға әкелiп соқтырса, жауап бередi.
363-бап. Борышқордың үшiншi жақтардың әрекеттерi үшiн жауапкершiлiгi
1. Үшiншi жақтардың борышқор алдындағы өз мiндеттерiне қатысты әрекетi не әрекетсiздiгi мiндеттеменi бұзудың себебi болғанда да борышқор несие берушiнiң алдында жауап бередi.
Егер заңдарда тiкелей орындаушы жауап бередi деп белгiленбесе, борышқор несие берушi алдындағы өз мiндетiн жүктеген үшiншi жақтардың әрекетi немесе әрекетсiздiгi үшiн де жауап бередi.
2. Борышқор үшiншi жақтардың әрекеттерiнен немесе әрекетсiздiгiнен мiндеттеменi бұзғаны үшiн жауапкершiлiктен олардың кiнәсiздiгi дәлелденгеннен кейiн босатылуы мүмкiн.
Кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асырған кезде борышқор үшiншi жақтардың әрекеттерiнен немесе әрекетсiздiгiнен мiндеттеменi бұзғаны үшiн жауапкершiлiктен, егер оған дүлей күштер себепшi болса, босатылады (осы Кодекстiң 359-бабының 2-тармағы).
3. Үшiншi жақтардың құқықтарымен мiндеттеме нысанасын ауырлатуға байланысты мiндеттеме бұзылғанда, егер ондай ауырлату несие берушiмен шарт жасасқанға дейiн пайда болса және несие берушiге ол туралы шарт жасасу кезiнде ескертiлсе ғана, борышқор жауапкершiлiктен босатылады.
4. Заңдарда немесе шартта үшiншi жақтардың әрекеттерi үшiн борышқор жауапкершiлiгiнiң өзге жағдайлары көзделуi мүмкiн.
Достарыңызбен бөлісу: |