Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым министрлігі
№13 Жезқазған орта мектебі
Жаратылыстану-математикалық бағыт
«Дарын» секциясы
Орындаған: Абақанова Гүлім,
Абақанова Гүлден
Ғылыми жетекшісі:Серкебаева Маржан
Қарынбайқызы
Жезқазған, 2009
|
Кіріспе
Бұл ғылыми жобаны мақсаты - өзіміздің білімдерімізді арттыру үшін, математика жайлы білгенімізбен шектелмей, математик ғалымдар, олардың өмірбаяны, осы жолға қалай түскендігі жайлы білгіміз келді. Ол үшін біз қазақтың ұлы математик академигі жайлы мәлімет іздедік. Айтарымыз, біз қазақ халқына еңбегін сіңірген ғалымдарды білуіміз керек сол себепті нақты Мұхтарбай Өтелбаевтің өмір жолына тоқталдық. Оның шәкірттері туралы, жасаған еңбектері жайлы айтатын боламыз. Әрі қарай осы ғылыми жобаны оқи отырып танитын боласыздар.
Жоспар:
Кіріспе.
Ғұлама ғалымның ізденістері.
Ғылыми еңбектері.
Өмір жолы-ғылымға бастар жол.
Жетістіктері.
Қазақтың аса көрнекті ғұлама ғалымы Мұхтарбай Өтелбаев есімін жұртшылық жақсы біледі. Өйткені, М. Өтелбаев “математика” деген қасиетті ғылымның шетсіз де шексіз әлемінің көгінде қазақтың туын тігіп, есімін төрткүл дүниеге паш етті. Сол әлемде оның өз биігі, өз отауы бар. Сол Мұхтарбай Өтелбаев әлемінің рухани тірегі, ұстаныны мынадай бүкіләлемдік қағидалардың шешімдерінен, негіздемелерінен тұрады:
- Дифференциал операторлардың спектрлік қасиеттерін зерттеудің жаңа әдістері негізделді. Ол - қарастырылмақ есептерді локализациялау туралы жалпы идеяны біртіндеп және тапқырлықпен іске асырудың нәтижесі. Бұл жерде ол коэффициенттерді орташаландыру конструкциясын ойлап тапты. Ол бүгінде мамандарға “q*- Өтелбаев функциясы” деген атпен белгілі. Оны бүкіл әлем математиктері мойындаған.
- Спектрлік анализде мынадай әлемдік мәселе шешімін тапты: классикалық Штурм-Лиувилль операторы меншікті мәндерінің үлестірімі үшін әмбебап асимптотикалық формула табылмайды. Ал, Дирак операторы үшін эквивалент болмаған жағдайда алғаш рет екі жақты асимптотикасы табылды;
- Іштесу теоремаларын алудың жаңа әдісі табылды. Оған “q* - Өтелбаев функциясын” тиімді қолдану арқылы қол жеткізілді;
- Тұңғыш рет Банах кеңістігіндегі сызықты операторлардың әдепті кеңеюлері мен сығылуларының теориясы жасалды, атап айтқанда, “паталогиялық” (ультрагиперболалық және жалғанпараболалық) дифференциал теңдеулер үшін әдепті есептер туралы И.Г. Петровскийдің (1948ж.) әлемдік мәселесі шешілді;
- Көпөлшемді және жартылай шенелген емес операторлардың кеңейтілген кластарының бөлінгіштігі мен апроксимативтік қасиеттерін орнықтыратын әдіс табылды, ол бейсызық теңдеулер шешімдерінің сыптығырлығын да қалыптастырады;
- Бейсызық эволюциялық теңдеулер теориясында, есептеу математикасында және жалпылама аналитикалық функциялар теориясында өзінің енгізген v-кластарының көмегімен іргелі нәтижелер алынды;
- Әлді де үзіліссіз жартылай топтардың инфинитезималды операторлары тудыратын кеңістіктердің кеңейтілген кластары үшін қомақылық туралы Арчел-Колмогоров теоремасының орын алатындығы көрсетілді;
- Навье-Стокс теңдеуінің қатаң шешімділігінің мәселесі (ҚШМ) “бөліктеуіш функциясы” ұғымын енгізу арқылы барынша айқын мәселеге айналдырылды. М. Өтелбаевтың бұл нәтижесі ҚШМ қатысты қиындықтарды дәл бейнелейді және эволюциялық теңдеулерге кеңінен жалпыланады;
- Шеттік есептерді сандық есептеудің жаңа әдісі ұсынылды. Онда іштесу теориясы, дифференциал теңдеулердің коэрцитивті шешімділігі және жалғасу теориясы сияқты қазіргі математика бағыттарының соңғы жетістіктері пайдаланылған. Бұл әдіс әмбебап, есептеу экспериментін орнықты да тез жүргізеді, ал “жанама” нәтиже есебінде ең бір қиыннан саналатын базис таңдау мәселесін шешеді. Сонымен қатар бұл әдіс ақырөлшемді матрицалардың меншікті сандары мен меншікті векторларын да тиімді есептейді.
Ғылым тілімен айтылған осынау сөздер қарапайым оқырманға түсініксіздеу көрінер. Оның ар жағында бейнетті еңбек жатыр, еліміздің абыройын көтерер, оны әлемге танытар жаңалықтар жатыр. Мұхтарбай Өтелбаевтың қолы жеткен нәтижелері математиканың әр саласында жаңа перспективалы бағыттарға жол ашты. Академик М. Өтелбаевтың шәкірттерінің арасынан сексеннен астамы кандидаттық диссертация, он екісі докторлық диссертация қорғады. Ол 200-ге жуық ғылыми мақалалар жариялады. Олардың 80 пайызға жуығы шетелдік басылымдарда жарық көрді, олардың 100-ге жуығы ағылшын тілінде жарияланды. 3 монографиясы, оның екеуі Мәскеудің “Ғылым” баспасынан жарық көрді. Академиктің кейбір ғылыми нәтижелері маңызды жетістік ретінде Б. Левитан мен И. Саргсян, сондай-ақ А. Костюченко мен Н. Саргсян монографияларына жеке тарау болып енгізілді. Ғалым жұмыстарының ішінде оның маңызды қолданбалы мәселелерді шешкендігі туралы 4 авторлық куәлігі бар.
Сонымен, біз аса көрнекті ғұлама ғалымның шыққан биігін, ғылыми шыңын оның еңбектері арқылы көрсеткен болдық. Енді оның сол биікке шығу жолдарын, оның болмысын, адами қалпын сөз етсек дейміз. Ол үшін біз қазақтың тағы бір үлкен математик ғалымы, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі Тынысбек Кәлменовке, оның орыс тілінде жарық көрген “Мухтарбай Утелбаев. Взлед самоучки к вершинам науки” атты еңбегіне жүгінеміз. Сонымен, Тынысбектің ол туралы еңбегі “Тракторшыдан ғылым докторына дейін” деген тақырыппен басталады. Бар-жоғы бір бетке автор кейіпкеріміздің өмір жолын сыйғызып, адами, кісілік кейпін жарқыратып көрсете білген. Бұл еңбектен оның ғылымға деген адалдығын, оған деген сүйіспеншілігін, шынайы махаббатын байқауға болады. Екінші тақырып “Жеті кластан ғылым кандидатына дейін” деп аталады. Соғыстан кейінгі ауыртпалықтың салдарынан ол 10 жаста ғана мектеп есігін ашады. 7-сыныпқа дейін ғана оқып, отбасы жағдайына байланысты, одан әрі оқуын жалғастыруға мүмкіндік болмай, мектепті тастап кетуге мәжбүр болады. Колхозда тракторшы болып жұмыс істейді, бірақ қолынан кітабы түспейді. Соның арқасында сырттай-ақ емтихан тапсырып, аттестат алады. Сөйтіп, 20 жасында университетке түседі. Алайда арада екі ай уақыт өтпей-ақ әскерге шақырылады. Әскерлік борышын өтеп жүріп те оқуын өз бетінше жалғастыра береді. Әскерден келісімен университет басшылығымен келісіп, үш курстың емтиханын түгелдей тапсырып шығады. Басшылықтың ұсынысы бойынша сырттай оқудың 4-курсына қабылданады. Одан сәті түсіп М. Ломоносов атындағы ММУ-дің 4-курсына ауыстырылады. Осылай, еш жерде жарытып оқымаған М.Өтелбаев айды аспанға бір-ақ шығарады. Мұндай тірлік біздің түсінігімізде, тек ірі тұлғаның ғана қолынан келетін харекет. Ол 1972 жылдың аяғында ҚазКСР ҒА Математика институтына кіші ғылыми қызметкер болып орналасады да, лабораториялық семинарларға, олардың жұмыстарына қызу араласады. Өзінің шенелген аймақтардағы эллипстік есептері бойынша зерттеулерін дамыта отырып, Мұхтарбай Өтелбаев математика институтында жүргізіліп жатқан барлық зерттеу бағыттарымен бір уақытта бірдей айналысты. Математикалық эрудициясының жоғары болғандығынан ол тез арада-ақ бұл бағыттардың проблемалардың түп мәніне бойлай алды. Т. Кәлменовтің пайымдауынша, “Мұхаң кез келген талқыланатын проблеманы таза сол сала маманынан әлдеқайда терең түсінетін, математиканың кез келген бағыттарында ол кімді болса да ауыстыра алатын да, ал оны ешкім ауыстыра алмайтын”. Осылайша, Мұхаңның асыл қасиеттерін, өзгеден артықшылығын айта келіп, академик өз ойын “талантты һәм жалпы өзіңнен күштіні мойындау оңай іс емес және әркімге өз уақытында бола бермейді. Өкінішті-ақ! Күштіні сыйлау міндетті емес, бірақ мойындау парыз”, - деп түйіндейді. «Егер сырттан Қазақстанға үлкен математик ғалымдар келсе, пікірлесуге біздің докторлар мен академиктерімізді емес, ғылым кандидаты М. Өтелбаевты іздейтін», - дейді Тынысбек мырза. Сөйтіп, әріптесінің мәртебесін аспандата түседі де: “Шынайы ғалымға дәреже де, атақ та, жайғасқан басшылық орын да ешқандай маңызды емес”- деп қорытындылайды. Ал Мұхтарбай Өтелбаев, өзінің жеке басының беделіне сүйеніп, ҚазМУ-дің үздік студенттерін ММУ-ге жіберіп жатты. Оларды қабылдаушы профессорлардың бірі - Мұхаңның оқытушысы, бірі досы болып, бәрі бірдей Қазақстан жастарының білімін шұғыл арттыруға, зерттеулер аясын кеңейтуге сүбелі үлес қосты. Мінеки, нағыз ғалымдар жеке бастың қамынан ел қамын жоғары қояды, ел қамы үшін аянбай еңбек етіп, алдымен өз ғылыми дәрежесін өз ізбасарларын көтеру арқылы одан әрі асқақтата түседі. 1978 жылы 6 қаңтарда Мұхтарбай Өтелбаев әйгілі ММУ қабырғасында математикадан Қазақстаннан бірінші болып докторлық диссертациясын тамаша қорғап шықты деп шынайы ризашылық сезімін білдіреді Тынысбек. Содан кейін-ақ Мұхаң Қазақстан математика ғылымын өркендетуге бел шешіп кіріседі. Оны ұйымдастыру жұмыстары қарқынды түрде жүргізілді. Ол ғылыми кадрлар даярлаудың қалыптасқан жүйесін бұзып: “микрошефтер” жүйесін енгізді. Өзінің оқушыларына қабылетті аспиранттар мен ізденушілерді, жас ғылым кандидаттарын жетекшілікке бекітіп берді. Тақырыпты өзі қойып, жұмыс барысын тексеруді “микрошефтерге” жүктеді. Бұл жүйе “микрошефтердің” әлеуетін аша түсуге көмектесті. Және біреуді оқыту арқылы өзің де оқисың. Енді семинарлардың да саны артты. Басты семинар М. Өтелбаев пен Т. Кәлменов жетекшілігімен өткізілді. Аспиранттардың білім деңгейін арттыру үшін дифференциал теңдеулер, математикалық анализ, функциялар мен функциялық анализ теорияларының негізгі мәселелері бойынша курстар ұйымдастырылды. Аспирантураға, студенттерге, ізденушілерге және т.б. барлық тілек білдірушілерге арнайы курстар оқылатын болды. Арнайы курстарды М. Өтелбаевтың өзі немесе материалды жақсы меңгерген шәкірттерінің бірі жүргізді.Ол өзі жүргізуші шәкіртінен емтихан алса, олар басқаларынан емтихан алатын. Автор кейіпкерін (Мұхаңды) оқытушы емес, өзі де қосыла ойнайтын жаттықтырушыға теңестіреді. Ол оқушыларының әрқайсысымен жеке жұмыс істейтін. Білмегенді айыптамайтын, ал жалқауларды, ынжықтарды, енжарларды жаны сүймейтін. Академик Тынысбек Кәлменов өз кітабында М. Өтелбаевпен ғана шектеліп қоймайды, оның бірқатар шәкірттерінің де атын атап, түсін түстеп отырады: “Міне, алғашқы “күшті микрошеф” шәкірттер пайда болды. Олар: Қ. Мыңбаев, Р. Ойнаров, М. Мұратбеков, Л. Хусаинова, Қ. Оспанов және басқалар еді. Олардың арасынан ерекше талантты Р. Ойнаровты атап өту орынды, себебі, 32 жасында ғылымға араласып, бар-жоғы бір жыл ішінде “КСРО ҒА баяндамаларында” екі бірдей мақала жариялап үлгерді,”- деп өзгелердің ісіне масаттана отырып, өз ойын “Математика ғылымында талант қуаты білім тәжірибесіне қарағанда үлкен рөл атқарады” - деп түйіндейді. Тағы да мынадай құнды пікір айтады: “Ғылымда міндетті түрде өз алған нәтижелеріңмен бөлісу керек, кері жағдайда шәкірттер өспейді. Ғылымға неғұрлым көп берсең, соғұрлым көп ұтасың, ал заттай байлықта керісінше”.Сонымен, 1984 жылы 24 желтоқсанда М. Өтелбаев Жамбыл педагогикалық институтының ректоры болып тағайындалады.
Ол ректор қалыбына сыймайтын еді. Оның мінез-құлығында ғылымдағыдай демократиялық мәнер басым жатты. Сөйтіп, ол көп ұзамай-ақ өзінің сүйікті ғылымына қайта оралды. М. Өтелбаев ашқан аса маңызды жаңа бағыттардың бірі: “Сызықты (бейсызық) операторлардың кеңуі мен тарылу теориясы” десек, дербес жағдайда, бұл берілген теңдеулер класы үшін әдепті шеттік есептердің түсініктемесі болатын. Ол бұл нәтижеге Н. Вишик пен А. Дезиннен тәуелсіз, өз бетімен қол жеткізді. М. Өтелбаевтың мектебі осы бағыттың негізін қалаушы болып табылады. 1990 жылы ол Қарағандыға ауысады. Ондағы қиындықтарға қарамастан, 1991 жылы өзінің зор ынта-жігерінің арқасында Қолданбалы математика институты ашылады. Директор - өзі. Қарағандыда болған тәжік профессоры К. Байматов былай дейді: “Үйреншікті жағдай. Мәскеудегі ММУ-де Мұхтарбайдың соңында 15-20 қазақ жүретін. Мұнда да сондай жағдай”. Зор белсенділік қызметі арқасында онда, Қарағандыда Л. Құсайынова мен Қ. Оспанов бастаған өз шәкірттерінің қуатты ұжымы қалыптасты. М. Өтелбаев мұнда да айқын ізін қалдырды. 1993-1999 жылдар ол үшін қиын жылдар болды. Қарағандыдан келген соң өз шәкірттері істейтін Математика және механика институтына жұмысқа тұра алмады. Әртүрлі себептермен оны шығарып салып отырды. Ол ҚР Космос агенттігіне жұмысқа тұрды. Күрделі уақыт болатын. Бірақ, ол ештеңеге қарамастан, Навье-Стокс проблемасымен айналысты. Ол агенттіктен кейін үш жыл АлМУ-да кафедра меңгерушісі болып қызмет етті. 1999 жылы ҚазМУ-ге қайта оралды. Шалтай Смағұловпен бірге ғылыми семинар ұйымдастырды. 2002 жылдан бастап ММУ ректоры В. Садовничийдің ұсынысы бойынша Еуразия ұлттық университетіне ММУ филиалының теңдиректоры болып ауысты және онда жарыса ғылыми орталықты басқарады. Міне, осылай Тынысбек мырза Мұхтарбай Өтелбаевтың өмір жолындағы, ғылым жолындағы небір қалтарыстарды қалт жібермей, одан қажетті ой қорытады. “Біздің Отанымыздың табиғи-шикізат байлығы - шегі бар байлық. Ол уақыт өткен сайын көбеймейді, азая береді. Дамыған елдердің байлығы - ғылым мен техника, ең алдымен, ғалымдар мен инженерлердің жетістіктеріне негізделген байлық”. Осындай қорытынды жасап, М.Өтелбаевтың еңбегіне бағаны содан іздейді. Академик өз әріптесі туралы “Мұхтарбай Өтелбаев - Қазақстан математиктері пір тұтатын адам”,- деп анықтама береді. Оның қоғамдағы орнын айтады. Мұхаң сынды ғалымдар жасаған ғылымды елдің байлығы санайды. Осы ғылыми жұмысымызда академик Тынысбек Кәлменовке көбірек жүгінуіміздің өз себебі бар. Аталы сөзді құл да айтады, бірақ дананың аузынан шықса, сөз дуалы демекші, бір ғұлама туралы екінші бір ғұлама ғалымның аузымен айтқанды жөн көргенбіз. Ғылымда өзінше жол салып, оған әлемді мойындатқандар көп емес. Сондай санаулы тұлғалардың бірі - Мұхтарбай Өтелбаев.
Қарап отырсаңыз қазақ даласында әлемдік деңгейде өткен ғылыми жарыстар саусақпен санарлық күйде ғана, қазақ елін бүкіл әлемге тек мұнай не саясатпен емес, ғылым патшасы атанған математикамен де таныстырудың бір орайы келіп ақ тұр! 2010 жылы бүкіл әлемдік математика жарысы осы қазақ елінде өтетін болып шешілді! Қазір осы аталымыш жарысқа дайындық жұмыстары ақырындап жүріп жатыр! Тарихы жарты ғасырдан астам уақытты құрайтын әлемдік математика жарысына қазақ елі 1992 жылдан бастап қатысып жүр! Осы жылдар аралығындағы қазақ өрендерінің көрсеткен нәтижесі де төмен емес әлемнің жүзге тарта елінен кілең сайдың тасындай іріктелініп алынған жастары құдай бұйырса 2010 жылы қазақ даласының тұмса табиғаты мен талантты ұл- қыздарын басқа бір қырынан көріп қайтатын болады. Енді осы кезде айтпасқа болмайтын бір мәселе тұр, біз әлі күнге, бүкіл ұлт болып бар ынта-пейіліміз бен математикаға дұрыс мән бермей жүрміз! Ұлттың болашағы ғылым мен білімде екенін, тек ғылым ғана қазақ ұлтын ұшпаққа шығыратынын айтып жүрген бірнеше ғалымнан басқамыз әлі сол баяғы аяңмен келеміз! «Балам өскенде ғалым болсын деп емес, бастық болсын» дейтін біздің ұлттық менталитетіміз солай ма?
Егер қазіргі қазақ математикасының қандай дәрежеде екенін біздегі математиктер санатын құрайтын азғантай топпен өлшеуге болатын болса, немесе, біздегі жалпы ұлттық менталитеттің математикаға жақындығын “шығып жатқан” (математикаға арналған ғылыми жұрнал бар ма?) ғылыми жұрналдың санымен, оның оқырманымен өлшейтін болсақ, біздің қайда жүргенімізді өздеріңіз ақ бағалай беріңіз! Көрші алып Қытайда 42 миллион адам тек қана осы математикамен айналысып, күнін көріп отыр! Бұл елде тек қана математикаға арналған 2000-нан астам ғылыми және ғылыми-көпшілік газет-жұрнал бар! Көрші Ресейде де содан көп болмаса аз емес!
Қазақ талантты халық! Бірақ, талантты кеш бағалайтын халық! Қазақты алып шығар жалғыз жол ғылым екенін ұрпағымыз білу керек.
Достарыңызбен бөлісу: |