2.4 Түрлі ұлттық мәдениеттерде шиеленісті шешу стратегиялары Адамдар қатынасының бір қырын - шиеленіс пен оны шешу жолдарын, түрлі мәдениеттер мен мәдениетаралық қатынас кезінде туындау себебін қарастырайық. Шиеленіс, К.Томастың есептеуінше,
“бір тарап өзінің ойын жүзеге асыруға басқа тарап бөгет жасайды, не кедергі жасамақ деп ойлауынан шығатын үрдіс” [41, б.234-236] К.Томастың ізінше шиеленісті шешу кезіндегі мінез-құлықтың бес стилін бөліп алайық.
Жарыс – “күштінікі жөн” - белсенді және келісімге әкелмейтін стиль. Мұндай мінез-құлық тараптардың бірінің өз мақсатына жету үшін оның басқаларға қалай әсер ететініне қарамауынан туады. Шиеленісті шешудің мұндай тәсілі “жеңіс-жеңіліс” (win-lose) жағдайын тудырып, өз мақсатына жету үшін күш тұрғысынан бәсекелестік пен ойынды қолдандырады, ең ақыры екі тараптың бірінің екіншісіне бағынуына соқтырады.
Мысалы, американдықтарда жарысушы рухы жұмыста, отбасында, достықта, демалыста, спортта және тағы басқаларында байқалады. Американдықтар көп жағдайда өмірдегі табысын тапқан ақшасымен бағалайды. Олар әңгімелескенде үндемей қалуды ұнатпайды, көп сұрақ қояды және олары, әдетте, тура және жеке сипатты болады. [42, б.34-38]
Ынтымақтастық – “бірлесіп шешелік” - белсенді және ынтымақтастыққа ұмтылатын стиль. Мінез - құлықтың мұндай мәнері проблеманы шешуге, пікір алшақтығын анықтауға, идея мен ақпарат алмасуға, шиеліністен бір шиеліністі жағдайдың шеңберінен тыс жан-жақты шешімге ынталандыру нышанын көруге ұмтылумен сипатталады. Екі тарапқа да тиімді шешім табу шиеленістен шығу жолы болып есептелетіндіктен, мұндай стратегия көбіне “жеңіс-жеңіс” (win-win) жолы деп аталады.
Шиеленістен кету - “мазамды алмаңыз” - пассивті және ынтымақтастыққа ұмтылмайтын стиль. Тараптардың бірі шиеленістің бар екенін мойындағанмен содан қашқақтайтын немесе тұншықтырып тастайтын мінез-құлық танытады. Шиеленістің өз бетінше шешілетініне дәмеленеді. Проблеманы шешу кейінге ысырылады, ушықтырмау үшін түрлі шала шаралар мен тайталас болдырмау үшін жасырын шаралар қолданылады; шиеленісті шешуге бюрократтық аппарат тартылады.
Көнгіштік –“жол сіздікі” – пассивті және ынтымақтастыққа ұмтылушы стиль. Кейбір жағдайларда тараптардың бірі басқаны сабырландыру үшін оның мүддесін өз мүддесінен жоғары қоюы мүмкін. Отбасында дау-дамай туғанда қатынасты бұзбас үшін біреуі өз көз-қарасын тежеп қалады. Басқаны сабырландыруға мұндай ұмтылыс көнгіштікті, бағыныштылықты, көңілшектікті қажет етеді.
Ымырашылдық- “кел, түсінісейік” – екі параметр бойынша орташа ұстаным: белсенділік - енжарлық, ынтымақтасуға ұмтылу-ұмтылмау. Шиеленісті қалған екі жақ бір-бірімен түсінісіп, ішінара өз талабынан бас тартып, ымыраға келеді. Шиеліністен бұлай шығу келіссөзді, екі жаққа тиімді келісімге жетісу жолдарын іздеуді қажет етеді. Мысал келтірейік. Жапондық шарттарда мынадай тармақ жиі кездеседі: “Шартты орындау барысында тараптардың бірінің шарт міндетін орындауына бөгет болатындай жағдай туындаса, екі тарап осы шартты өзгерту үшін келіссөз столына отырып, туындаған жағдайды талқылайды.” Іскерлік ынтымақтастықтың көптеген түрлері Жапонияда әлдебір шартсыз-ақ жүзеге асырылады, тараптардың ауызша келісімі жетіп жатыр. Американдықтарға өзінің шарттық міндеттемесін орындамайтын серіктеспен жайбарақат әңгіме жүргізу мүлде түсініксіз. [43, б.2]
Британдық және қытайлық менеджерлер арасында шиеленісті шешу әдістерінде елеулі айырмашылықтар бар: қытайлықтар “ымырашылдық” пен “көнгіштік” сияқты мінез-құлықтың пассивті стилін жөн санаса, британдықтарға “ынтымақтастық” немесе, “жарыс” тәрізді белсенді стилдері тән. Мұны қытай қоғамының негізгі идеяларына конформизм, үйлесімдік пен абыройды сақтау этикасы жататын конфуцианстваға бейімділігімен түсіндіруге болады. Қытай қоғамында конформизм адамның оқшау өмір сүрмейтінін, отбасының бір бөлігі екенін сезінуіне негізделген. Адамдар арасындағы қатынастар әдептілік ережелерімен белгіленіп, қоғамдық иерархияны сыйлауды талап етеді. Үлкен құрмет көрсету қажеттілігі қытайлықтардың билікке бағынуға және агрессияны басуға әлеуметтік бағдарын қалыптастырған. Үйлесімділік этикасы қытайлықтарды екі шектің - әрекет пен әрекетсіздіктің – нақ ортасын таңдауға итермелеп, қайғы, қуаныш, ашу сияқты әсерлерді бақылауда ұстау жолымен тепе-теңдік жағдайына жетісуге үйретеді. [44, б.3] Ең соңында, абырой ұғымы қытайлықтарды өз сезіміне ырық бермей салмақтылық сақтауға және басқа адамдардың алдында абыройдан айырылатындай жағдай тудырмауға үйретеді. Ұзақ уақыт жақсы қарым – қатынасты сақтау үшін дау-дамайға бармайды.
Сөйтіп, мәдениетаралық қатынастағы қиындықтар мәдениетті құрастырушы әртүрлі бөлшектерге байланысты: айырмашылық неғұрлым көп болса, қатынас үрдісі де соншалық күрделірек. Өзге мәдениет өкілімен қатынасқа төл мәдениет нормаларымен ережелеріне сүйеніп, оның мінез - құлқын болжай алмаймыз.
Осылайша шиеленістің шешімі шиеленіске қатысушылардың мәдениетінің ерекшеліктерімен айқындалады. Әлдебір халыққа қатысты қате түсініктің жалпыға ортақ емес екенін қоса айту керек. Олар әлеуметтік сипаттағы себептердің әсерімен туындайды, еңбекте келтірілген мысалдар соған дәлел.