Мәдени айырмашылықтар
2.1 Мәдениетаралық коммуникацияда қиындықтардың туу себептері
Әрқайсысымыз белгілі бір ортада тәрбиелендік, сол ортаның аса маңызды компоненттері барлық қоғам мүшелерінің дүниетанымына құрамдас бөлік болып еніп, белгілі бір мәдениетті танытады. Мәдениетаралық қатынас кезінде коммуникативтік қиыншылықтар қатысушы мәдениетті құрастырушылардың әртүрлігінен туады, айырмашылық неғұрлым көп болса, қатынасу үрдісі де соғұрлым күрделірек болмақ. Өзге мәдениет өкілімен араласқанда оның мінез-құлқын өзіміздің мәдени нормаларымызбен ережелердің негізінде болжай алмаймыз. Бұл түсініспеушілікке соқтырады. Қатынас ойдағыдай болуын қаласақ, болжам мен болжау жасау үшін басқа мәдениет туралы білімімізді пайдаланамыз. Мұндай білім болмаса, дұрыс болжау жасауымыз кәдік. Мәдениетаралық қатынаста туындайтын барлық проблемаларды социолингвистер үш негізгі себепке тоғыстырған:
түрлі мәдениеттердегі мәдени құндылықтардың жиынтығының дифференцияналды сипаты - мәдени құндылықтардың әрбір жеке алынған жүйесі белгілі бір әлеуметтік топқа тән. Мысалы, бір жатақханада тұратын студенттер әр түрлі дінді ұстанса, мінез-құлықтары да әртүрлі болады.
әлеуметтік қатынастар шекарасының айқынсыздығы (нақты шектің болмауы) – жалғыз адам әр түрлі әлеуметтік топтардың мүшесі болып табылады, әр жеке алынған қос индивидиумның қатынастары олардың әлеуметтік мәртебесі тұрғысынан нақты бір мәнді анықтамайды. Мысалы, бастық пен бағынышты адамның қатынасы өндірістік фактормен қоса бір-бірін ұнату – ұнатпаумен, балаларының бір мектепке баруымен, ортақ таныстарының немесе туысқандарының болуымен, не бір спорт клубына мүше болуымен күрделенеді.
мәдени топтарда үстем идеологияның болуы.
Американдық социолингвистердің пікірінше, дәп осы себептер қатынас сипатын анықтап, оған тиісінше мәдени реңк береді. Әлеуметтік топ мүшелерінің бір – біріне алғыс айтуы, кешірім сұрауы, мақтап-мадақтауы – осының бәрі сол әлеуметтік топтың мәдени құндылықтарын көрсетеді, өйткені сол сөздерді айтқанда адамдар жанама түрде бір-бірінің мінез-құлқын, жетістігін, мінезі мен сырт бейнесін бағалайды [30, б.92-95].
Орта тапты американдықтардың (достардың, қызметкерлердің, таныстардың) арасында жиі айтылатын қошемет сөздерді мысалға келтірейік. Американдықтар мынандай сөзді жиі айтады: „It’s a lovely dress you’re wearing!“ - „Oh, no, I’ve got it for years!“- „Сенің көйлегің қандай әдемі!“ - „Қайдағы, бұл көйлекке жүз жыл болған шығар!“. Дж.Чиктің түсіндіруінше „американдықтар эталитарлы қоғамның мүшесі ретінде қатынаста өзін ашық, еркін және тең ұстайды, және қошамет сөз әлеуметтік шектеулерді теріске шығарудың құралы болып табылады“ [17,б.34-36]. Яғни, американдықтың сұхбаттасушының қошаметін қабыл алмау себебі мынада: қабыл алса, онда өзін одан жоғары көрсеткендей болады. Ал, мысалы, ақ нәсілді орта тапты оңтүстік африкандықтар бір-біріне қошамет сөзді сирек айтады, айтылғандардың көбін қабылдаумен өзін сұхбаттасушыдан жоғары ұстап, әлеуметтік ара-қатынасын белгілеп алады. Мұны да әлеуметтік теңсіздік (әсіресе билікпен байланысты) заңмен анықталып, бекітілген қоғамның мәдени құндылықтарымен түсіндіруге болады.
Егер біреу мәдени айырмашылықты білмегендіктен ренжітіп алса, оны кешіруге болады. Ал ол менмендік пен арсыздықтан туса, жағдай шиелініседі. „Қабылдау қатыстылығы“ теориясы адамдардың болып жатқанды қалай қабылдайтынын түсіндіреді. Біз басқаның мінез-құлқын өз түсінігіміздегі мәдени нормаға, тиісті бір әлеуметтік рольге сиымдылығана қарай түсінеміз. Өзара түсіністіктің қиыншылығының себептерін қарастыра отырып, мынадай қорытындыға келеміз:
1) субъектің көз қарасымен алғанда барлық мінез-құлық жарасымды да қисынды;
2) әр түрлі мәдениет өкілдері өз ортасын әр түрлі қабылдап, жасайды, белгілі бір мәдени мұраға қарай белгілі бір мағынаға ие болады.
3) басқа мәдениет өкілдерімен тіл табысу үшін өзімізді солардың орнына қойып, жағдайды солайша түсінуге тырысуымыз керек.
Басқа мәдениет өкілімен коммуникацияға енгенімізде сол мәдениет туралы сол мәдениеттің өзі „үйреткен“ жаттанды түсінікті басшылыққа аламыз. Бір мәдениет өкілінің басқа мәдениет өкілінің мінез-құлқын дұрыс түсінуі, ерекшеліктерін білуі жат мәдениет пен оның басқа мәдениеттен айырмашылығын түсінуіне және өзіңнің дербестігіңді сезіну үшін өз мәдениетіңмен салыстыруға көмектеседі.
2.2 Түрлі мәдениеттер стереотипі
Адамдардың әлем туралы түсінігі қандай мәдениетте туып, тәрбиеленгеніне қарай әртүрлі. Басқа мәдениет өкілінің мінез-құлқын түсіндіргенде ойға олардың өмір салты, әдет-ғұрпы, яғни этномәдени қасиеттерінің жүйесі оралады. Мысалы, американдық студенттерге көрсетілген фильмнің кейіпкерлері – ерлі-зайыптылар арасында мынандай әңгіме болады:
Неге ұйықтамайсың?
Ұйқым келмейді.
Американдықтар соңғы сөйлемді қайталау ретінде қабылдап, бұл коммуникативтік жағдай дөрекілік және әңгімені жалғастырудан бас тарту ретінде бағалаған. (Салыстырыңыз:
Не істеп жатырсың? – Не істесем, соны істеп жатырмын.
Мұның қалай? – Солай).
Мұндай түсініктердің негізін өз араларындағы ұқсас қасиетті өсіріп көрсететін, айырмашылыққа мән бермейтін адамдардың түрлі категорияларының қарапайымдалған ментальды таныстыру құрайды. „Стереотип“ феноменінің өзі лингвистермен қатар социологтардың, когнитологтардың, психологтардың, этнопсихолингвистердің (У. Липпман, И.С.Кон, Ж.Коллен, Ю.Д.Апресян, Ю.А.Сорокин, В.А.Рыжков, Ю.Е.Прохоров, В.В.Красных, П.Н.Шихирев, А.В.Михеев, С.М.Толстая, Е.Бартминский, А.К.Байбурин, Г.С.Батыгин, С.В.Силинский т.б.) еңбектерінде қарастырады. Аталған ғылымдардың әрқайсысының өкілі стереотиптен өз зерттеу саласының тұрғысынан байқалған қасиеттерін алған, сондықтан әлеуметтік стереотиптер, қатынас стереотипі, ментальды стереотип, мәдени стереотип, этномәдени стереотип және тағы басқаларына бөлінеді. Мысалы, этно-мәдени стереотип - әлдебір халықты сипаттайтын мінездер туралы қалыптасқан түсінік. Немістің ұқыптылығы, орыстың тәуекелшілдігі, қытайдың рәсімшілдігі, африкандық темперамент, италияндықтардың қызбалығы, финдердің бірбеткейлігі, эстондықтардың жайбарақаттылығы, поляктың сыпайылығы – тұтас халық туралы стереотипті түсінік, ол сол ұлттың әр адамына телінеді.
Мысалға немістердің басқа халықтарға көзқарасын алалық. Немістердің көпшілігі ежелден ағылшындарды әс тұтады. Англия саяси, әлеуметтік, өнеркәсіп және технология салаларындағы тамаша жетістіктермен Германия тұрғындары үшін бұзылмас бедел, үлгі. Немістер ағылшындарды тамаша, ешкімге зияны жоқ адамдар санайды. Американдықтардың бейқам мінезін ұнатып, неміске мүлде тән емес жеңілтектігін жаратпайды. Құрама Штаттар немістерге ұлт мектебінің директоры іспетті көрінеді, бұл елді сүймегенмен сөзсіз сыйлайды. Немістер билікті ұнатады. Олардың сүйікті мақалы: „Бағына білген бағындыра да біледі“.
Италияндықтармен немістер толық түсіністікте, бұл екі халықтың тарихында ортақ жайттар көп. Достықтары соғыстармен, шапқыншылықпен және туризмнің сан алуан түрлерімен беки түскен. Немістер италиян өнерінің қазынасын, италиян тағамын және жағажайларды лайықты бағалайды. Францияға келер болсақ, немістер оның талғамшыл өркениетіне таңырқап, плебейлік мәдениеті туралы өкінішпен айтады. Француздар, мүмкін, немістерге қарағанда өмірге құштарлырақ шығар, алайда немістер рухани бай. Ештеңеге қарамастан франкофилия немістердің, әсіресе Франциямен шектесетін аудандарда кең тараған. Тевтондық қайырымдылығының даусыз үстемдігін немістер жан-тәнімен мойындаған жалғыз ұлт – шведтер. Әңгіме тәртіп, ұқыптылық, ынта, тазалық пен ұқыптылық туралы болса, ешбір неміс олардың артықшылығына дауласпайды.
Стереотипті түсінікті ескеріп, ұлттық мінез туралы шығарылған анекдоттар жетерлік.
Мысал келтірейік. Түрлі ұлт өкілдеріне мынандай мазмұнды фильм жіберіпті: шөл дала, күн күйіп тұр. Еркек пен әйел әзер жүріп келеді. Кенет еркек шырынды апельсин алып, әйелге береді.
Көрермендерге сұрақ: еркектің ұлты кім?
Француз-көрермен: „Тек француз ғана бикешке мұндай сыпайлылық көрсете алады.“ Орыс: „Жоқ, ол орыс. Ақымақтығын көрмеймейсің? Одан да өзі жеп алса ғой.“ Еврей: „Жоқ, бұл еврей, одан басқа кім шөлде апельсин таба алады?“ Бұл жерде стереотиптер – француздардың сыпайгершілігі, орыстың алаңғасырлығы, еврейдің тапқырлығы.
Адамдардың өзі жайлы пікірін білдіретін автостереотип болады, мысалы, тәуекелшілдік. Тәуекелшілдік бейтараптықтың, енжарлықтың кенет ақылға сыймайтын мінезге айналуынан танылады - „пока гром не грянет, мужик не перекрестится.“ Басқа халыққа қатысты гетеростереотипте сын басымдырақ.
Мысалы, бір халық үнемшілдік санайтынды басқа халық сараңдыққа балайды.
Орыс әйелі өзінің неміс отбасында қонақта болғанын есіне алып отыр: „Білесіз бе, - дейді ол, - үй иесі әйел салқындатылған тағам берді. Қазанында жалғыз салат. Ыстық тамаққа сосиска дайындапты. Сосискиге қоса картошка берейін бе, әлде нан жейсіз бе?- деп сұрайды. Бұл неткен сараңдық!“ Бұл әңгіме қонақжайлық түсінігінде мәдениеттің сәйкеспейтінін көрсетеді (үй иесі әйелдің сараңдығы).
Ұқсас мысалдырды қарстыралық.
Германияда тіске басардың (закуска) бірнеше түрін бірден ұсынбайды.
Біздің мәдениетте тіске басардың көп болуы бақуаттылықтың, меймандостықтың, сараңдық емес, қайта мырзалықтың нышаны.
Нан мен картоптың бірін таңдау. Европада екеуін қосып жемейді. Әдетте нанды бутерброд түрінде таңғы тамақта береді де, ал сосискиді картоппен не басқа гарнирмен түскі тамақта жейді. Үй иесі әйел, сірә, орыстардың нан қосып жей беретінін естіген болу керек, сондықтан қонағы қалағанын жесін деп нан ұсынған ғой.
Шығыс мәдениеті мен бұрынғы кеңес кеңістігінде сараңдық ұғымы батыс мәдениетімен ұшырасқанда берісі түсінбестік, әрісі мәдени шиеленіс немесе ұғынбаушылық тудырады. Отандық мәдениет өкілдері (қазақ, орыс) батыстық мәдениет өкілдерінің қонақжайлықты бір кесе кофе немесе бір бокал шырынмен шектейтінін ұят санайды, ал олар үшін кездесу тамақ жеу емес, әңгімелесіп араласу. Біздің мәдениетте адамдар дастархан басында араласады. Қазақ мәдениетінде қонақжайлылық бірінші орында, оған тарихи және географиялық факторлар себеп: Қазақстанның кең байтақ жері, ауылдардың арасының алыстығы, ауа-райының қатаңдығы. Алыстан келген қонаққа алдына алдымен ас қойып, содан соң барып жай-жапсарын сұраған. Осы стереотиптер адамдардың бойында тиісінше мінездердің қалыптасуына ықпал етеді. Мысалы, немістер әзілдеуді білмейді деп есептеледі. Отто фон Бисмарк: „Өзімен өзі болу үшін неміске жарты шөлмек шампан ішу жетіп жатыр“, - деген. Ал неміс философы Хельмут Плеснер кірпияз отандастарын былайша сақтандырған: „Күлу деген - өзіңді өз бақылауыңнан шығарып алу“. Немістердің әзілге көзқарасы сандаған ғылыми зерттеулерге тақырып болды да, бола бермек те. Зигмунд Фрейд неміс ұлтына „анальды мінез“ деген диагноз қойған. Оның дәлелдеуінше немістер ұлт ретінде дамудың „анальды фаза“ аталатын сатысында тоқтап қалған, олардың бір жағынан тазалық пен тәртіпке, екінші жағынан дөрекі әзілге құмарлығы осыдан. Немістер неменеге күледі? Анекдоттар мен әзіл-оспақты ұлттық әзілдің айнасы деп есептесек, онда оның шеңберіне ағылшындардан көшкен қара дүрсін әзіл мен сөз ойнатуға негізделген түрлі аударуға келмейтін қалжыңдар ең алдымен кіреді [31, б.2].
Этномәдени стереотиптерді зерделейтін этникалық психология мамандары экономикалық дамуы жоғары деңгейде тұрған ұлтқа ақыл, іскерлік, ал экономикасы кешеуілдеу ұлтқа қайырымдылық, жанашырлық, қонақжайлылық сияқты мінездердің тән екенін атап көрсетеді С.Г. Тер-Минасованың зерттеулері соған дәлел, осыған сәйкес ағылшын қоғамында кәсіби шеберлік, еңбек сүйгіштік, жауапкершілік, т.б., ал орыс қоғамында қонақжайлылық, ашық көңілділік, әділеттілік жоғары бағаланады [23, б. 125-128].
Стереотип ұғымын тұңғыш рет 1922 жылы У.Липпман қолданды, ол адамның басында мәдениет реттеген, нобайлы детермендеген „әлем суреті“ оның әлемнің күрделі объектілерін қабылдау күшін жеңілдетеді деп есептеген. Стереотипті бұлай түсінгенде екі маңызды сипаты – мәдениет детерминдегені және еңбек күштерін, яғни тілдік құралдарды үнемдеу құралдары болу бөлініп шығады. Математикалық есептерді шешу алгоритмдері адамның ойлануын үнемдесе, стереотип тұлғаның өзін „үнемдейді“ [32, б.68-69]. Бельгияда болғанда немістердің бельгиялықтар туралы стереотипін аңдадық. Олар бұларды өте салақ санайды. Солтүстік теңізге келгенде оларды бельгиялықтардың мәдениеті емес, теңіз ғана қызықтырады.
Когнитивтік лингвистика мен этнолингвистикада стереотип термині тіл мен мәдениеттің мазмұн жағына жатқызылады, „яғни ментальды (ой) стереотипі“ ретінде түсіндіріледі. Стереотиптің мұндай түсінігін Е.Бартминский мен оның мектебінің еңбектерінде кездестіреміз: онда әлемнің тілдік суреті мен тілдік стереотип бөлік пен тұтас ретінде қатынаста тұрады, сипаттау және бағалау нышандары қоса жүретін заттың субъективті детерминделген көрінісі және әлеуметті өңделген танымдық модельдер шегінде ақиқатты түсіндіру нәтижесі болып табылатын тілдік емес әлемнің белгілі бір объектісіне қатысты пікір немесе бірнеше пікір ретінде түсіндіріледі [33, б. 36-38].
Пікір мен бірнеше пікірді ғана емес, бірнеше сөзден құралған кез келген тұрақты сөйлемшені де тілдік стереотип деп есептейміз, мысалы, тұрақты салыстыру, таптауырын сөз және т.б. кавказдық ұлттардың бет-бейнесі, айдай толықсыған, жаңа орыс. Мұндай стереотиптерді қолдану коммуниканттардың күшін үнемдеп, қатынасын жеңілдетіп, оңайландырады.
Ю.А.Сорокин стереотипке кейбір социумда қабылданған әлдебір семиотикалық-технологиялық ұстанымдардың әсерінен тізімі жабық белгілі бір семиотикалық модельдерге сәйкес әлдебір үрдіс және қатынастық (мінез-құлықтың) нәтижесі ретінде анықтама береді [34, б. 22-24].
В.В Красных стереотипті екі түрге бөледі – стереотип-бейнелеу және стереотип-жағдай [35, б.45-48]. Стереотип-бейнелеу мысалдары: ара-еңбекқор, қой-момын; стереотип-жағдайлар: билет-компостер.
Стереотиптер әрдайым ұлттық, егер басқа мәдениеттерде ұқсастары кездессе, онда ол-квазистереотиптер, өйкені жалпы сәйкес келгенімен айтарлықтай мәнге ие айырмашылықтары болады. Мысалы, түрлі мәдениеттерде кезек феномендері мен жағдайы түрліше, демек стереотиптік мінез-құлық та әртүрлі: Ресейде „Кто последний?“- „Соңғы кім?“- деп сұрайды, бірқатар европалық елдерде арнайы аппаратта түбіртек жыртып алып, содан соң терезенің үстінде жанып тұратын цифрларды қарап отырады немесе кезекке жай тұра салады, ал кезектің тізбегі қатаң сақталады.
Сөйтіп, стереотип – концептуальды әлем суретінің кейбір үзіндісі, ментальды, „сурет“, зат немесе жағдай туралы тұрақты мәдени ұлттық түсінік. Ол зат, құбылыс, жағдай туралы кейбір мәдени –детерминделген түсінікті білдіреді. Бірақ бұл ментальды бейне ғана емес, оның вербальды қабықшасы да. Нақты мәдениетке қатыстылығы сол қоғамда тұлғаны әлеуметтендіру үрдісінде қайталанатын білімнің базалық стереотиптік ядросының болуымен анықталады, стереотиптер мәдениетте прецедентті (маңызды, өкілетті) атаулар болып саналады. Стереотип – бір жағынан сол мәдениеттің кейбір доминантты құрамаларын сақтауға және трансформациялауға, екінші жағынан „өзіміздікін“ тануға мүмкіндік беретін тұрақтандарушы фактор, тіл мен сөз құбылысы.
Көптеген когнитивтік үрдістер стереотиптерді жасақтау механизмі болып табылады, себебі стереотиптер бірқатар когнитивтік функцияларды нобайлау мен қарапайымдандыру функциясын, топтық идеологияны жасақтау мен сақтау функциясын және тағы басқаларын атқарады.
Этностық ментальды стереотиптерінің жиынтығы оның әрбір мүшесіне таныс. Ауыл, шаруа өкілінің жарық ай туралы сөздері, мысалы, стереотиптер болып табылады: жатқан ине көрінетіндей жарық, ал қала тұрғыны бұл жағдайды басқаша суреттейді: кітап оқуға болады. Тіл иелері мұндай стереотиптерді қатынастық стандартты жағдайларында қолданады. Стереотипте басты қисынды нышан ғана емес, кез келген нышанның үстем болуы мүмкін.
Мәдениеттің беріктігі, өміршеңдігі оның бірлігін, тұтастығын анықтайтын құрылымдардың қаншалықты дамығанына байланысты. Мәдениеттің тұтастығы мәдениет стереотиптерінің – мінез-құлық, қабылдау, түсіну, қатынасу және басқа стереотиптердің, әлемнің жалпы суретінің, стереотиптерінің жасалуын қажет етеді. Стереотиптердің жасақталуында белгілі объектілердің, құбылыстардың адам өмірінде ұшырасу жиілігі, адамдардың басқалармен салыстырғанда жиі қолданатын объектілерінің сипаты маңызды роль атқарады.
Мінез-құлық стереотипі – стереотиптердің ішінде аса маңыздысы, оның рәсімге айналуы мүмкін. Жалпы стереотиптің салт-дәстүрлермен, аңыздармен, рәсімдермен ортағы көп, тек салт- дәстүрлерді олардың объективтік мәні, басқаларға ашықтығы сипаттаса, стереотип „өз“ ортасында ғана болатын ой қорытындысы деңгейінде қалады. Мысалы, ТМД-дан Германияға көшіп барғандар үйлену тойы кезінде сигнал береді. Немістер мұны ашықтық, батылдық, алаңғасарлық деп бағалайды. Сөйтіп, стереотип мәдениет өкілінің санасы мен тіліне тән, өзінше мәдениеттің діңі, айқын өкілі, сондықтан мәдениеттер диалогында тұлғаның тірегі. Алайда басқа мәдениет өкілімен қатынасқанда көбіне стереотиптерге сүйеніп, олардың дүниетанымына тереңдемейміз, сөйтіп, өзара түсінбеушілік жағдайын тудырамыз.
Достарыңызбен бөлісу: |