АИВ/ЖИТС- ИНФЕКЦИЯСЫ Адамның иммунитет тапшылық вирустық инфекциясы - адам организмінің иммундық жүйесін зақымдайтын вирустың енуі нәтижесінде дамитын ауру. ЖИТС - жүре пайда болған иммунитет тапшылық синдромы.
Иммундық жүйенің тапшылығы салдарынан организм әртүрлі инфекциялар мен ісіктерге қарсы тұра алмай, түрлі асқынуларға ұшырап, өлімге алып келуі мүмкiн.
Этиологиясы. Адам иммунитет тапшылығын шақыратын вирус «баяу» инфекциялар қатарына жатады. Адам иммунитет тапшылығын шақыратын вирус гендік аппараты рибонуклеин қышқылынан тұратын ретровирустар қатарына жатады. Вирус сыртқы қабықтан, оған бекіген арнайы белоктар-Gр120, Gр41-ден тұрады. Вирустың ортасындағы геном рибонуклеин қышқылымен қоса 3 ферменттер бар - кері транскриптаза (ревертаза), интеграза және протеаза. Адамның иммунитет тапшылығын шақыратын вирус көлемі жағынан орташа вирустарға жатады. 1 сантиметрлік сызыққа 70-100 мың вирустық бөлшектер сияды.
Соңғы кездерде адамның иммундытапшылық вирусының биологиялық ерекшелігі анықталған, ол - вирустың өте тез өзгергіштік қасиеті. Вирус бөлшектерінiң қабығынан сыртқа шығып тұратын ерекше белоктар өзінің антигендік құрылымын жылдам өзгертеді.
АИВ- инфекция қоздырғышының 2 түрі бар: АИВ-1 және АИВ-2.
АИВ-1 - Солтүстік Америка және Европа елдерінде кең тараған вирус. АИВ-2 – Батыс Африкада.
Адамда иммунитет тапшылығын шақыратын вирус сыртқы орта әсерлеріне тұрақсыз. Вирус 54ºС температураға қыздырғанда 30 минутта, қайнатқанда 1-5 мин аралығында және де қышқылдық-сілтілік РН орта кенеттен өзгергенде өз қасиетін жояды. Күнделікті жағдайда қолданылып жүрген дезинфектанттар әсерінен тез арада тіршілігін жояды. Осыған қарамай вирус ультрасәулелер мен йонды радиация әсеріне тұрақты келеді.
Эпидемиологиясы.АИВ-инфекция көзі - науқас немесе вирустасымалдаушы адам. Вирус науқас адам мен вирустасымалдаушы адамның қанында, шәуетінде, емшек сүтінде, көз жасында, кынап және жатыр мойны шырышында, әртүрлі тіндерінде, жұлын сұйықтығында кездеседі. Вирус қан мен шәуетте көп мөлшерде кездесетіндіктен оның осы биологиялық сұйықтықтар арқылы жұғу қаупі жоғары. Ал сілекейде, емшек сүтінде, жұлын сұйығында, көз жасында және тағы да басқа биологиялық сұйықтықтар мен тіндерде вирус мөлшері төмен болғандықтан жұғу қаупі де төмен.
АИВ-инфекция науқас адам немесе вирустасымалдаушыдан 3 жолмен жұғады: жыныстық қатынас арқылы, қан және қан препараттары арқылы, анасынан баласына (плацента тосқауылы арқылы өтіп босанғанға дейінгі кезеңде, босану кезінде және босанғаннан кейінгі кезеңде – емшек сүтiмен). Кейбір жағдайда вирус нәрестеден анасына емшек ұшының жарықтары арқылы сау әйел организміне енуі мүмкін.
Вирустың жыныстық жолмен берілуі гомосексуалдық және гетеросексуалдық қатынастар арқылы жүзеге асады. АИВ- инфекцияның осы жолмен таралуы «қауіп-қатер топтарында» жиі кездеседі.
«Қауіп-қатер» тобының 1-ші тобына гомосексуалисттер жатады.
2-ші топта - жезөкшелер;
3-ші топта - шетел азаматтарымен жыныстық қатынаста болатын әйелдер;
4-ші топта - ретсіз жыныстық қатынаста болатын, жыныстық жолдасын жиі ауыстыратындар;
5-ші топта - нашақорлар;
6-шы топта - қан реципиенттері
Ал парентеральді жұғу жолына келетін болсақ, ол қан және қан препараттары арқылы жүзеге асады. Нашақорлар арасында бір-біріне жұқтыру қаупі жоғары. Бір нашақор қолданған шприцті екіншісінің қолдануы нәтижесінде шприцтегі қалып қалған қан қалдықтарындағы вирус екінші организмге көктамыр арқылы өтеді де ауру тудырады.
Залалданған қанды құю АИВ - инфекцияның парентеральді жолмен таралуында ең қауіпті болып есептеледі. Адамның иммунитет тапшылығын шақыратын вируспен залалданған қанды сау адамға құйған кезде инфекцияның жұғу қаупі 100 %-ға жетеді, яғни тікелей қанға түскен вирус аз уақыттың ішінде организмнің иммундық жүйесінің қызметін төмендетеді де, аурудың тез дамуына мүмкіндік береді.
Сонымен бірге қанның клеткалық компоненттерін, плазманы және қан ұю факторларының компоненттерін де құйған кезде вирустың жұғу қаупі жоғары. АИВ- инфекция дене мүшелерінің трансплантациясы кезінде организмнің әртүрлі биологиялық сұйықтары арқылы берілуі мүмкін.
Донор қан тапсырған кезде адамның иммунитет тапшылығын шақыратын вирусымен залалдануы мүмкін емес. Донордан қан алғанда көктамырдан қанды арнайы, бір рет қолданатын құралдар көмегімен немесе сапалы стерилизациядан өткен құралдарды қолданады. Дүние жүзінде донорлардың иммунитет тапшылығын шақыратын вируспен залалдануы осы уақытқа дейін кездеспеген. Басқа адамдар тәрізді донор вирусты жыныстық жолмен немесе нашақордың шприці арқылы жұқтыруы мүмкін. Осыған байланысты әрбір қан тапсырушы адам тапсырған қанын құятын адам үшін қауіп туғызатынын есіне сақтауы керек. Дүние жүзінде әрбір тапсырылған қан үш инфекцияға мұқият түрде тексеріледі: вирусты гепатит, мерез, АИВ- инфекция (1985 жылдан бастап).
Кей жағдайда АИВ-инфекцияға зерттеу нәтижесі «жалған теріс» болуы мүмкін. Ол АИВ-инфекцияның бастапқы кезінде вирусқа қарсы адам организмінде арнайы антиденелердің түзіліп үлгермеуімен түсіндіріледі.