Тромбофлебит — көк тамырдың тромбпен бітелуімен қоса қабынып жалпы және жеке көріністер беруі. Тромбофлебит деген сөздің ақырғы буыны көк тамырдың қабынуын көрсетеді. Қабынған тамырда тромб жеңіл пайда болады. Тромбофлебитпен ауыратындардың 50%—де варикоз бар.
В.С.Савельевтің мәліметі бойынша жыл сайын әр-бір 100мың тұрғындардың 160 да терең көк тамырлар тромбозы және 50-де өкпе қан тамырының тромбэмболиясы анықталады (1990). Тромбэмболия көбінесе белгісіз, анық көріністерсіз (80%-де) басталады, әсіресе операциялардан кейінгі кезеңде. Барлық венозды тромбоздардың 95% аяқтардың тамырында байқалады. Тромбтар – саяз көк тамыр жүйесінде, жалғастырғыш және терең көк тамырларда пайда бола алады.
Саяз көк тамыр тромбозын консервативті емдеу аурудың қайталануынан немесе көк тамырдың созылмалы кемістігі басталуынан сақтандырмайды. Сондықтан оларды операциямен емдеу тек аурудың қайталануынан, өкпе тромбэмболиясынан сақтандырмайды, операция тромбофлебиттен және варикозды аурудан айықтырады.
Терең көк тамыр тромбозы ауруды жедел түрде емханаға жатқызып қажетті диагностикалық және емдік шараларды орындауды қажет етеді.
Тромбэмболия қауіпі туғанда – антикоагулянтты терапия және тромбты жою операциясы немесе дәрі комегімен күрделі көк тамырдың өзегін "ашу" орындалады.
Сүйектері сынуынан 10 тәуліктен астам уақыт қозғалыссыз төсекте жатқызылатын аурулардың 60-%-де (тілерсек сүйегі сынғандардың 59%, ал. ортан жілігі сынғандардың 67%де) терең көк тамырының тромбозы анықталады, және оларда өкпе қан тамырының тромбэмболиясының даму қатері күшті.
Сынған сүйекті қаңқа арқылы ұзақ уақыт қозғалысыз ұстау, науқастың жасы (40-асқан), қан айналысының нашарлауы, тыныс алудың бұзылуы т.б. жалпы себептер тромбэмболия қауіпін күшейтеді (Лазаренко В.А., 2005 ж.)
Флеботромбоз - көк тамырдың тромбпен бітелуі. Тамырдың қабынуы жеңіл және ол кейіннен, тромбоз әсерінен басталады.
Тромбофлебиттердің себебі толық анық емес. Әрине инфекцияньң әсері зор.
Флеботромбоз — сау көк тамырда басталса, тромбофлебит — қабынған тамырда басталады.
Көк тамырдың қабыну ауруларын 3 топқа бөледі:
1. Іріңді-септикалы флебиттер - іріңді сепсисті.
2. Тромбофлебиттер - қабынумен бітелудің қоса байқалуы.
3. Эндоваскулиттер - аллергиялы әсерден қан тамырының кабынуы.
Бұдан сыртқы көріністері бірдей аурулардың өз ара ерекшеліктері анықталып түр.
Сонымен, флеботромбоз сау көк тамырда орналасады. Тамырдың ішкі қапшығы сау болғандықтан онда пайда болған тромбтар тамырға жеңіл жабысады да одан эмбол үзілуі қауіпі күшейеді.
Тромбофлебитте мұндай қатер шамалы. Өйткені қабынып өзгерген тамырдың ішкі қабырғасына күшті жабыскан тромбтар эмбол бермейді.
Тромбофлебиттің патогенезіне өте маңызды 3 өзгеріс әсер етеді: 1.Канағыныңың бәсеңдеуі. Бұған сәйкес лейкоциттер және тромбоциттердің тамырдың ішкі қабырғасына жабысуына жағдай туады.
2. Көк тамырдың кабынуы.
3.Қанның физико - химиялық қасиетінің бұзылуы. Мәселен қатерлі ісік ауруларында тромбофлебит немесе флеботромбоз қатерлі ісіктің алғашқы көрінісі болуы мүмкін.
Никотин, инфекциялы аурулар (сүзектер), тамыр иннервациясының нашарлауы да тромбозға ұшыратады.
Тромбофлебиттің басталуының себептерін анықтауға көптеген теориялар ұсынылған:
1. Көк тамырдың кабырғасының ауруға шалдығуы,
2. Қанның ұюының бұзылуы,
3. Венозды стаз теориясы.
Сонымен, үш түрлі әсер — венозды қан айналымының бәсеңдеуі, тамыр қабынуы және қанның физико - химиялық құрамының өзгеруі тромбофлебитке үшырататын себептері болады.