Хроматографиялық зерттеулер Флавоноидтарды ұқсастыру және бөлу үшін қағазды хроматография (ҚХ), колонкалы хроматография және сорбенттің жұқа қабатындағы хроматография (ЖҚХ) әдістері қолданылады. Флавоноидтар олардың әртүрлі ерігіштігі, сорбциялық қабілеті, сонымен бірге көрінетін және фильтрленген ультракүлгін сәуледе түрлі хромогенді реагенттермен айқындау алдында және айқындаудан соң заттардың ерекше өзіне тән бояуларының арқасында хроматографиялық талдауға өте ыңғайлы.
Бұл үшін еріткіштердің әртүрлі жүйелерін пайдаланады:
– ҚХ жиі жағдайда БСС (бутанол-сірке қышқылы-су) 4:1:5; 4:1:2;
– ЖҚХ – хлороформ-метанол 8:3; 8:2.
Флавоноидтарды хроматограммадағы УК-сәулесіндегі ерекше сәуле таратуына, жарқырауына және хромогенді реактивтермен анықтағаннан кейін ұқсастырады.
Катехиндер мен лейкоантоцианидиндер флюоресценция бермейді. Флавондар және изофлавондардың гликозидтері көгілдір немесе көк түсті сәуле береді, флавонолдардың гликозидтері – күңгірт қоңыр немесе қара, флавондардың агликондары – қоңыр, флавонолдардың агликондары – сары, халкондар мен аурондар сары немесе қызғылт-сары сәуле береді.
Флавоноидтарды хроматограммада айқындау үшін төмендегілерді пайдаланады:
1. 25%-дық аммиак буы. УК-жарық әсерінен дақтың бояуы күшейе түседі немесе бояу түсі сарыға дейін өзгереді.
2. Алюминий хлоридінің 2-5% спиртті ерітіндісі УК-жарықта сары-жасыл флюоресценция, көрінетін жарықта – сары түсті сәуле береді.
3. Катехиндерді концентрленген хлорсутекті қышқылындағы ванилиннің 1% ерітіндісінде анықтайды, көрінетін сәуледе – қызыл түске боялуы байқалады.
Кейде, сирек жағдайда Вильсон реактивін, цирконий хлорокисінің 2%-дық метанолды ерітіндісін, бесхлорлы сурьманың хлороформдағы ерітіндісін, диазореактивті пайдаланады.
МФ ХІ басылымында (2 том, 1990) ҚХ әдісімен итошаған шөбінің құрамындағы халкондар мен аурондарды, қуаңдәрі тамырындағы изофлавондарды; долана жемістері мен гүлдеріндегі флавоноидтарды “Силуфол”-да ЖҚХ дала қырықбуынының шөбіндегі флавон-5-гликозидтерді зерттеу әдістемелері көрсетілген.