Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметi туралы
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) "aд хoк" дипломатиялық курьері − курьерлік парақ ресімделген, дипломатиялық поштаны жеткізуді жүзеге асыратын жеке тұлға;
2) вализа − дипломатиялық поштаны тасымалдауға арналған пакет, конверт, қап, чемодан, өзге де ыдыс;
3) дипломатиялық курьер – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен дипломатиялық қызмет органдарында республикалық бюджеттен ақы төленетін мемлекеттік лауазымды атқаратын, курьерлік парақ ресімделген, дипломатиялық поштаны жоспарлауды, жиынтықтауды, ресімдеуді, жөнелтуді, жеткізуді және қабылдауды жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің персоналы;
4) дипломатиялық өкілдіктермен жұмыс жөніндегі ұйым − Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын, Қазақстан Республикасында аккредиттелген дипломатиялық өкілдіктерге, халықаралық ұйымдарға және (немесе) олардың өкілдіктеріне, консулдық мекемелерге және дипломатиялық өкілдіктердің, халықаралық ұйымдардың және (немесе) олардың өкілдіктерінің басшыларына, персоналы мүшелеріне, Қазақстан Республикасындағы консулдық мекемелердің жұмыскерлеріне қызмет көрсету жүктелген заңды тұлға.
Осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында дипломатиялық өкілдіктермен жұмыс жөніндегі ұйымға өзге де функциялар жүктелуі мүмкін;
5) дипломатиялық пошта – дипломатиялық поштаға жататындығы курьерлік парақпен расталатын, ресми құпия емес немесе құпия хат-хабар, заттар немесе техника;
6) курьерлік парақ − Сыртқы істер министрлігінің немесе шет елдегі мекеменің дипломатиялық пошта, дипломатиялық курьер мен "ад хок" дипломатиялық курьері мәртебесін растайтын ресми құжаты;
7) Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің ардагері (бұдан әрі − дипломатиялық қызмет ардагері) − бұрын Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметі персоналының лауазымын атқарған, жиырма бес жылдан кем емес жалпы еңбек өтілі бар, оның он жылын дипломатиялық қызмет органдарында жұмыс істеген және Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасына сәйкес зейнеткерлік жасқа толған адам;
8) Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің жұмыскерлері (бұдан әрі − дипломатиялық қызмет жұмыскерлері) – дипломатиялық қызмет органдарында штаттық әкімшілік-техникалық лауазымдарды атқаратын мемлекеттік қызметшілер;
9) Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің қызметкерлерi (бұдан әрі − дипломатиялық қызмет қызметкерлерi) – дипломатиялық қызмет органдарында штаттық дипломатиялық лауазымдарды атқаратын, әдетте, дипломаттық дәрежесi бар және құқықтары мен мiндеттерiн дипломатиялық қызмет органдарына жүктелген мiндеттер мен функцияларды iске асыру мақсатында жүзеге асыратын мемлекеттiк қызметшілер;
10) Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің персоналы (бұдан әрі – дипломатиялық қызмет персоналы) – дипломатиялық қызмет қызметкерлері мен дипломатиялық қызмет жұмыскерлері;
11) Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметі персоналының бірге жүретін отбасы мүшелері (бұдан әрі − дипломатиялық қызмет персоналының бірге жүретін отбасы мүшелері) – дипломатиялық қызмет персоналының жұбайы (зайыбы), кәмелетке толмаған балалары, кәмелетке толмаған асырап алған балалары, сондай-ақ медициналық ұйымның Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен берілген қорытындысына сәйкес күтіп-бағуға мұқтаж еңбекке жарамсыз кәмелетке толған балалары және (немесе) ата-аналары.
Дипломатиялық қызмет персоналының бірге жүретін отбасы мүшелерінің қатарына осы тармақшаның бірінші бөлігінде аталған адамдарды қосу тәртібі, сондай-ақ еңбекке жарамсыз ата-аналарын қосудың айрықша жағдайлары Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің персоналын ротациялау қағидаларында айқындалады;
12) Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметі персоналының отбасы мүшелері (бұдан әрі − дипломатиялық қызмет персоналының отбасы мүшесі) – дипломатиялық қызмет персоналының жұбайы (зайыбы), балалары, асырап алған балалары, сондай-ақ ата-аналары;
13) Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі (бұдан әрі − дипломатиялық қызмет) – Қазақстан Республикасы азаматтарының дипломатиялық қызмет органдарындағы Қазақстан Республикасының Конституциясына, осы Заңға, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерi мен халықаралық шарттарына сәйкес жүзеге асырылатын кәсiптік қызметi;
14) Қазақстан Республикасының консулдық қызметі – дипломатиялық қызметтің халықаралық құқық жол беретiн шекте қызметі мемлекеттің, Қазақстан Республикасы азаматтарының және заңды тұлғаларының құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының басқа мемлекеттермен достық қатынастарын дамытуға және экономикалық, сауда, ғылыми-техникалық, гуманитарлық-мәдени байланыстарды және туризм саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге жәрдем көрсетуге бағытталған бір бөлігі.
Қазақстан Республикасының консулдық қызметі өз жұмысын Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін Қазақстан Республикасының Консулдық жарғысына сәйкес жүзеге асырады;
15) Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі – бір немесе бірнеше шет мемлекетпен қатынастарда Қазақстан Республикасын білдіруге Қазақстан Республикасының Президенті уәкілеттік берген мемлекеттік саяси қызметші;
16) Қазақстан Республикасының халықаралық ұйым жанындағы Тұрақты (Өкілетті) өкілі – бір немесе бірнеше халықаралық ұйыммен қатынастарда Қазақстан Республикасын білдіруге Қазақстан Республикасының Президенті уәкілеттік берген мемлекеттік саяси қызметші;
17) Сыртқы істер министрлігінің кадр резерві – бұрын дипломатиялық қызмет персоналы лауазымдарын атқарған, дипломатиялық қызмет органдарындағы бос немесе уақытша бос лауазымдарға орналасуға үміткер адамдардың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қалыптастырылған, жүйеленген тізімі;
18) шет елдердегi мекемелер – Қазақстан Республикасының шет елдегі дипломатиялық және оларға теңестiрiлген өкілдiктерi, сондай-ақ консулдық мекемелерi.
Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда – ҚР 03.03.2021 № 13-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
2-бап. Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызмет туралы заңдары
1. Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызмет туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заңнан, осы Заңмен реттелмеген бөлігінде мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамадан, өзге де нормативтік құқықтық актілерден және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарынан тұрады.
2. Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттарда осы Заңда көзделгеннен өзге ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттардың ережелері қолданылады.
3-бап. Дипломатиялық қызмет органдарының мәртебесі
Қазақстан Республикасының сыртқы саяси қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік органдар дипломатиялық қызмет органдары болып табылады.
4-бап. Дипломатиялық қызметтiң бiрыңғай жүйесi
Дипломатиялық қызметтiң бiрыңғай жүйесiн Сыртқы iстер министрлiгi, оның ведомстволары, Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласындағы Өкілдігі, шет елдердегi мекемелер, сондай-ақ Сыртқы iстер министрлiгiнiң қарамағындағы ведомстволық бағынысты ұйымдар, ғылыми-зерттеу және оқу орындары құрайды.
Дипломатиялық қызметтiң бiрыңғай жүйесiн Сыртқы iстер министрлiгi басқарады.
Ескерту. 4-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 03.03.2021 № 13-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
5-бап. Дипломатиялық қызмет органдарының мiндеттерi
Дипломатиялық қызмет органдарына мынадай мiндеттер жүктеледi:
1) Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының тұжырымдамасы мен негізгi бағыттарын әзiрлеу және Қазақстан Республикасының Президентi мен Yкiметiне тиiстi ұсыныстар беру;
2) Қазақстан Республикасының сыртқы саяси және сыртқы экономикалық стратегиясы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi үшiн ұсыныстар әзiрлеу және Президенттiң халықаралық бастамаларын iске асыру;
3) Қазақстан Республикасының сыртқы саяси бағытын iске асыру, Қазақстан Республикасының сыртқы экономикалық саясатын жүзеге асыруға және халықаралық беделiн нығайтуға жәрдемдесу;
4) Қазақстан Республикасының егемендiгiн, қауiпсiздiгiн, аумақтық тұтастығын және шекараларының мызғымастығын, оның басқа мемлекеттермен өзара қарым-қатынастардағы және халықаралық аренадағы саяси, сауда-экономикалық және өзге де мүдделерiн дипломатиялық құралдар мен әдiстер арқылы қорғауды қамтамасыз ету;
5) шет елде Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғаларының құқықтары мен мүдделерiн қорғау;
6) Қазақстан Республикасының халықаралық бейбiтшiлiктi, ғаламдық және аймақтық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi күш-жiгерiн дипломатиялық құралдар мен әдiстер арқылы iске асыру;
7) Қазақстан Республикасының шет мемлекеттермен, халықаралық ұйымдармен дипломатиялық және консулдық қарым-қатынастарын жүзеге асыру;
8) Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін тәртіппен шет мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен қатынастарда Қазақстан Республикасының бірыңғай сыртқы саяси, сыртқы экономикалық бағытын және инвестициялық саясатын жүргізуді қамтамасыз ету мақсатында басқа да мемлекеттік органдардың халықаралық қызметін үйлестіру;
8-1) мемлекеттік органдардың және өзге де ұйымдардың дамуға ресми көмек саласындағы қызметін үйлестіру;
8-2) Қазақстан Республикасында аккредиттелген дипломатиялық өкілдіктермен, халықаралық ұйымдармен және (немесе) олардың өкілдіктерімен, сондай-ақ консулдық мекемелермен барлық ресми істерді жүргізу;
9) әлемдегi саяси және әлеуметтiк-экономикалық жағдайға, шет мемлекеттердiң сыртқы және iшкi саясатына, халықаралық ұйымдардың қызметiне талдау жасау және орталық мемлекеттiк органдарды қажеттi ақпаратпен қамтамасыз ету.
Ескерту. 5-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 10.12.2014 № 264-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 23.11.2015 № 417-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.03.2021 № 13-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
6-бап. Дипломатиялық қызмет органдарының негiзгi функциялары
Дипломатиялық қызмет органдарына мыналар жүктеледi:
1) шет мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен қатынастарда Қазақстан Республикасының атынан өкiлдiк ету;
2) Қазақстан Республикасының сыртқы саясатын iске асыру;
3) келiссөздер жүргiзудi және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын жасасуды ұйымдастыру;
4) халықаралық шарттарды жасасу, орындау, қолданылуын тоқтата тұру және күшiн жою туралы ұсыныстар дайындау, оларды Қазақстан Республикасы Президентiнiң немесе Yкiметiнiң қарауына белгiленген тәртiппен енгiзу;
5) Қазақстан Республикасының шет мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен қарым-қатынастары мәселелерi бойынша Қазақстан Республикасының Президентiне, Парламентiне және Yкiметiне белгiленген тәртiппен ұсыныстар мен ұсынымдар жасау;
6) Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдардың, конференциялардың, кеңестердiң, форумдардың қызметiне қатысуын қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасының халықаралық қоғамдастық мүшесi ретiнде ғаламдық және аймақтық проблемаларды шешудегi рөлiн арттыруға жәрдемдесу;
7) Қазақстан Республикасының су ресурстары мен қоршаған ортаны халықаралық қорғау және ұтымды пайдалану, Дүниежүзiлiк мұхит ресурстарын игеру, ғарыш кеңiстiгiн зерттеу саласындағы мүдделерiн қамтамасыз етуге қатысу;
8) Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын, оның қорғанысы мен ұлттық қауiпсiздiгiн, құқық тәртiбiн қорғауды қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасының шет мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен сауда-экономикалық, қаржы, ғылыми және ғылыми-техникалық, мәдени, сондай-ақ өзге де байланыстарын дамыту мен кеңейту жөнiндегi iс-шараларды әзiрлеуге қатысу;
9) Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың орындалуын жалпы қадағалау мен бақылауды жүзеге асыру;
10) Қазақстан Республикасының халықаралық қатынастар саласындағы заңдарын жетiлдiру, оны Қазақстан Республикасының халықаралық құқықтық мiндеттемелерiне сай келтiру жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу;
11) Қазақстан Республикасының мемлекетiшiлiк және халықаралық iс-шараларын протоколдық-ұйымдастыру тұрғысынан қамтамасыз ету;
12) Қазақстан Республикасының аумағында мемлекетiшiлiк және халықаралық iс-шараларды өткiзу кезiнде Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының Мемлекеттiк протоколды сақтауын бақылауды жүзеге асыру;
13) дипломатиялық және консулдық артықшылықтар мен иммунитеттердiң сақталуын бақылауды жүзеге асыру;
14) Қазақстан Республикасының басқа елдермен парламентаралық байланыстарын жүзеге асыруға жәрдемдесу;
15) Қазақстан Республикасының аумағында және шет елде халықаралық-құқықтық нормалармен және Қазақстан Республикасының заңдарымен регламенттелетiн консулдық функцияларды жүзеге асыру;
16) шет елде тұратын отандастармен байланыстарды және қарым-қатынастарды дамытуға жәрдемдесу;
17) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын тiркеудiң, есепке алудың және сақтаудың бiрыңғай мемлекеттiк жүйесiнiң жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету;
18) Қазақстан Республикасының аумағындағы дипломатиялық өкiлдiктердiң және консулдық мекемелердiң жұмыс iстеуiне жәрдемдесу, өз құзыретi шегiнде оларға қызмет көрсететiн ұйымдардың қызметiн бақылауды жүзеге асыру;
19) аштыққа және артта қалушылыққа, терроризмге, экстремизмге, ұйымдасқан қылмысқа және есiрткi құралдарының, психотроптық заттардың, оларға ұқсас заттардың, прекурсорлардың және қару-жарақтың заңсыз айналымына қарсы күрес жөнiндегi, сондай-ақ табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар зардаптарын жою жөніндегі халықаралық акцияларға өз құзыреті шегiнде қатысу;
20) шет елде Қазақстан Республикасының сыртқы және iшкi саясаты, елдiң әлеуметтiк-экономикалық, мәдени және рухани өмiрi туралы ақпарат таратуға жәрдемдесу;
21) Қазақстан Республикасы жасасқан халықаралық шарттардың депозитарийi функцияларын жүзеге асыру;
22) өз құзыретi шегiнде Қазақстан Республикасының транзиттiк-көлiктiк әлеуетiн тиiмдi пайдалануға жәрдемдесу және энергетика мен мұнай-газ салаларында Қазақстан Республикасының әлемдiк қауымдастықпен ынтымақтастығы жөнiндегi бiрыңғай мемлекеттiк саясатты қалыптастыруға және жүргiзуге қатысу;
23) өз құзыретiндегi мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдарымен және өзге де ұйымдармен өзара iс-қимыл жасау;
24) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдарын, бұқаралық ақпарат құралдарын Қазақстан Республикасының халықаралық жағдайы мен сыртқы саясаты туралы хабардар ету;
25) инвестициялық ахуалдың жақсаруына жәрдемдесу және халықаралық нарықта Қазақстан Республикасының жағымды бейнесiн қалыптастыру;
26) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын, басым жобаларды iске асыру үшiн инвестицияларды, сондай-ақ халықаралық экономикалық және қаржылық ұйымдар беретiн қарыздар мен гранттарды тартуға жәрдемдесу;
27) қазақстандық тауарлар мен көрсетiлетiн қызметтердiң халықаралық нарыққа шығуына жәрдемдесу;
27-1) Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын тәртіппен Қазақстан Республикасының дипломаттық және қызметтік паспорттарын беру, есепке алу, сақтау және жою;
27-2) Қазақстан Республикасының дамуға ресми көмек саласындағы мемлекеттік саясатының негізгі бағыттарын іске асыру;
27-3) дамуға ресми көмек іс-шараларының жоспарын әзірлеу және бекіту;
27-4) дамуға ресми көмекті есепке алуды және талдауды жүзеге асыру;
27-5) Қазақстан Республикасының дамуға ресми көмек саласындағы қызметін ақпараттық қолдауды қамтамасыз ету;
27-6) Қазақстан Республикасының Үкіметіне дамуға ресми көмектің іске асырылу барысы туралы жыл сайынғы есепті ұсыну;
27-7) дамуға ресми көмек жобаларының іске асырылу тиімділігін бағалауды жүзеге асыру;
27-8) мыналарды:
дипломатиялық өкілдікті, халықаралық ұйымды және (немесе) оның өкілдігін, консулдық мекемені тіркеуді;
Қазақстан Республикасындағы дипломатиялық өкілдіктердің, халықаралық ұйымдардың және (немесе) олардың өкілдіктерінің басшыларын, персоналы мүшелерін, консулдық мекемелердің жұмыскерлерін аккредиттеуді жүзеге асыру;
27-9) мыналарды:
дипломатиялық өкілдікті, халықаралық ұйымды және (немесе) оның өкілдігін, консулдық мекемені тіркеу;
Қазақстан Республикасындағы дипломатиялық өкілдіктердің, халықаралық ұйымдардың және (немесе) олардың өкілдіктерінің басшыларын, персоналы мүшелерін, консулдық мекемелердің жұмыскерлерін аккредиттеу тәртібін бекіту;
27-10) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін дипломатиялық поштаны жоспарлау, жиынтықтау, ресімдеу, жөнелту, жеткізу, қабылдау және сақтау тәртібін әзірлеу;
27-11) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін дипломатиялық поштаны пайдалану құқығы бар Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдары мен ұйымдарының тізбесін әзірлеу;
27-12) шет елдердегі мекемелерде бухгалтерлік есепке алу жөніндегі жалпы ережелерді қолдану тәртібі туралы нұсқаулықты бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша әзірлеу және бекіту;
27-13) Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін Қазақстан Республикасының дипломатиялық және оған теңестірілген өкілдігі туралы ережені әзірлеу;
27-14) дипломатиялық қызмет қызметкері немесе дипломатиялық қызмет жұмыскері шет елде қызметтік міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан не шет елде қызметтік міндеттерін орындау кезінде алған жарақаты салдарынан бір жыл ішінде қайтыс болған, оған шет елде қызметтік міндеттерін орындау кезінде ауруы, мертігуі, (жаралануы, жарақаттануы, контузия алуы) салдарынан болған мүгедектік белгіленген жағдайда және шет елде қызметтік міндеттерін орындау кезінде мүгедектікке алып келмеген мертігуі (жаралануы, жарақаттануы, контузия алуы) жағдайында біржолғы өтемақы төлеу тәртібін әзірлеу және бекіту;
28) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыру.
Ескерту. 6-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2010.12.27 № 366-IV (2011.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі); 03.07.2013 № 124-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.11.2014 N 244-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 10.12.2014 № 264-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 20.06.2017 № 77-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.03.2021 № 13-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
7-бап. Байланыс, мұрағат, қауiпсiздiк және баспа басылымдары
1. Дипломатиялық қызмет органдарының дербес байланысы мен мұрағаты болады.
2. Дипломатиялық қызмет органдары өздерiнiң жеке телекоммуникациялар желiсi мен дипломатиялық поштаны пайдаланады.
3. Сыртқы iстер министрлiгiнiң мұрағатында халықаралық шарттардың түпнұсқалары және (немесе) дұрыс көшiрмелерi, сондай-ақ өз қызметiн жүзеге асыру үшiн қажеттi басқа да материалдар сақталады.
4. Дипломатиялық қызмет органдары Қазақстан Республикасының аумағындағы және шет елдегі өзiне қарасты объектiлердiң қауiпсiздiк жүйесiн ұйымдастырады.
Шет елдердегі мекемелердің ақпараттық қауіпсіздігін, инженерлік-техникалық, арнаулы және физикалық қорғалуын қамтамасыз ету жөніндегі талаптарды Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдары әзірлейді және Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
5. Дипломатиялық қызмет органдары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес баспа басылымдарын шығаруға құқылы.
Ескерту. 7-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 03.03.2021 № 13-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Достарыңызбен бөлісу: |